Сооронбай Жээнбековтің президенттік билігіне екі жыл толмай-ақ Қырғызстан қоғамына резонанс тудырған күрделі оқиғалар болды. Жемқорлықпен ұранымен бір кездері өзімен бірге жүрген Алмазбек Атамбаев бастаған қарсыластары түрмеге түсті. Соған қарамастан басқа мемлекеттермен екі жыл бұрын ушыққан қарым-қатынасты қалпына келтірудің сәті түсті.
Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың ықпалынан шығып, өз саясатын жүргізуге көшкені Сооронбай Жээнбековтің басты жетістігі ретінде аталып жүр.
Жогорку Кенеш депутаты Исхак Масалиев бұл мәселеге келгенде қазіргі президент өзінің саяси ерік-жігерін көрсете білді деп есептейді.
- «Мені президент қызметіне әкелді» деп бас шұлғымай, одан оқшаулануы маңызды қадам болды. Жээнбеков бұрынғы президентке тәуелді болып қала берсе, абырой жинай алмас еді. Жемқорлықпен күресте бірлі-екілі жетістігі бар. Сот шешімі шыққан соң не болатынын көреміз, - дейді ол.
Жээнбековтың әртүрлі саяси топтармен және азаматтық қоғаммен кездесіп, пікірін тыңдағанын қазіргі президенттің елеулі жетістігі көретіндер де бар.
Президент үкіметтік емес сектор мен бизнес өкілдерімен, бұрынғы премьер-министрлермен, Уақытша үкіметтің мүшелері және спикерлерімен кездескен болатын.
Саясаткер Ахматбек Келдібеков бұл жайтқа оң баға беріп, Жээнбеков «саяси консолидацияға жол ашты» деп мәлімдеді.
- Сооронбай Шәріпұлы президент қызметіне кіріскеннен бері «Қырғызстанның социал-демократиялық партиясынан сайландым, тек осы партияның кадрларын қолдаймын» деген жоқ. Ұлттың әкесі екенін көрсете білді. Ешкімді бөліп-жармады. Бәрін мемлекеттік деңгейдегі шараларға шақырды. «Бұл менің партияласым» немесе «Мені Атамбаев қолдаған» демей, жемқорлық фактілерін әшкерелеп, жауапқа тартып жатыр, - дейді ол.
Президенттің барлық саяси күштерді біріктіруге талпынысынан нәтиже шықпады деп санайтындар да бар. Мәселен, құқық қорғаушы Азиза Абдирасулова осы пікірге қосылады.
- Есіңізде болса, Атамбаев та әртүрлі қоғамдық кеңестер құрып, кейіннен кездесулерін күрт тоқтатты. Жээнбеков те осы қадамдарды қайталап келеді. Үкіметтік емес сектормен бір рет кездесті, бірақ кейін тоқтап қалды. Мен қазір президенттің елді дамытуға арналған негізгі бағдарламасын көріп отырған жоқпын. Біз ағыспен кетіп бара жатқан қайыққа ұқсап қалдық, - дейді Абдирасулова.
Сооронбай Жээнбековке айтылатын негізгі сындар қатарында аяқталмаған сот реформасын, күрделі экономикалық жағдай мен болашаққа арналған ірі жобалар жоғын атауға болады.
Көптеген саясаткерлер «президент өзіне артылған сенімді ақтамады, сөзден іске көшетін кез әлдеқашан жетті» деп санайды.
Бұрынғы премьер-министр Феликс Кулов алғашқы екі жыл президентке түсіністікпен қараған қоғам енді талап қоя бастайтынын ескертеді.
- Біріншіден, Конституция бойынша президент құқығы шектеулі. Екіншіден, Атамбаевпен күрес оған өз жұмысына толық кірісіп, мәселелерді шешуге кедергі болды. Енді Атамбаев пен оның жақтастары күн тәртібінен түскен кезде, президент өзін көрсетуі керек. Шешуші әрекеттер күтетін уақыт өтті, енді ол өзін іспен көрсетуі керек. Мұны президенттің өзі де түсінеді деп ойлаймын, - дейді Кулов.
Жээнбековке бұрынғы серіктесі соңғы екі жылдағы ең маңызды мәселелердің бірі болғаны рас болса, Атамбаевты жауапқа тарту да қиынға соғуы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, сот процестерінің қалай өтетіні, бұрынғы президент пен кезінде билікте болған жоғарғы шенді шенеуніктердің қандай істерге қатысы бары өте маңызды.
Сооронбай Жээнбеков сот реформасын жүргізуге үнемі уәде береді. Бірақ әзір ол бұл бағытта нәтиже жоғын бірнеше рет айтқан.
2019 жылы наурыздың 11-і күні Бішкекте өткен соттың 9 съезінде Сооронбай Жээнбеков «2018 жылдың мамырында сот реформасы бойынша кеңес отырысында сот жүйесінің өкілі «Реформа жүргізуге не керек?» деген сұрағыма «саяси ерік-жігер мен қаржы» деп жауап берді. Саяси ерік-жігер де, қаржы да бар. Елде басқа салаларға қаржы жетпесе де сот жүйесіне жеткілікті бөлінеді. Мұғалімдер, дәрігерлер мен басқа сала өкілдерінің жалақысын көтеру керек. Олардың жалақысы ел экономикасы өскенде, сот билігі әділ болғанда өседі. Бәрі өзара байланысты. Осы жағдайды ескеріп, сот жүйесіне басымдық бердік», деп мәлімдемеген.
Орталық Азиядағы Америка университетінің профессоры Эмиль Жороев президент сот реформасының қалай жүріп жатқанына ерекше назар аударуы қажет деп есептейді. «Президент саяси ерік-жігер мен шешім барын бірнеше рет айтты. Бірақ сот реформасы мұқият дайындалған стратегия талап етеді. Қазір ондай жұмыстарды көріп отырған жоқпыз. Бәрі сөзбен шектеледі», - дейді ол.
Президентке айтылған сынның бір бөлігі үкіметтің кадр саясатына байланысты. Мемлекет басшысы атқарушы биліктің жұмысына қағаз жүзінде араласпайды, бірақ қоғам іс жүзінде президенттің шешуші рөл атқаратынын байқап отыр.
Қырғызстанның қазіргі Конституциясына сәйкес, президент қайта сайлану құқығынсыз 6 жылға сайланады. Жээнбеков президент қызметіне 2017 жылы кірісті.