Зита мен Гита түсінде жүгіріп жүреді

Зита (сол жақта) мен Гита (оң жақта) және аналары Зумрият Резаханова. Қырғызстан, 30 тамыз 2012 жыл.

Қырғызстанның Шүй облысында тұратын сиам егіздері – Зита мен Гита Резаханова 2003 жылы Мәскеудегі Филатов клиникасында операция жасатып, денесін бір-бірінен ажыратқан еді. Азаттық тілшісі 21 жастағы егіздердің бүгінгі өмірімен танысу үшін Жаңажер ауылына барып қайтты.

ЖАРТЫ ҒҰМЫРЫ АУРУХАНАДА ӨТКЕН ЕГІЗДЕР

Бір қуық, екі бүйрек, үш аяқпен туған денені екіге бөлу қайдан оңай болсын? Өте сирек жасалатын операциядан кейін Зитаға төрт рет, Гитаға екі рет ота жасалды. Ағзасы әлсіреген егіздер қазір жиі ауырады, дәрі-дәрмектің арқасында өмір сүріп жатыр.

Гитаның кеуде тұсы ауырады. Ол онкологиялық диспансерде есепте тұрады.

Былтыр Зитаның жатыр жасушалары өсіп кетіп, іріңдепті. Мәскеудегі дәрігерлер сегіз сағат бойы операция жасап, Зитаны аман алып қалды. Биыл шілдеде ішегі іріңдеп кетіп, Тбилисиде тағы бір аса күрделі операция жасатты.

Егіз қыздардың анасы Зумрият Резаханова бұл жолғы емдеу кедей отбасы үшін өте қымбатқа түскенін айтады. Қыздардың ата-анасы грузин клиникасының ақысын әлі төлемепті.

– Денсаулығы әлсіз болғандықтан қыздарым үйден шықпайды. Әбден ішқұса болған соң биыл екеуін Грузияға – Тбилисиде тұратын туыстарыма жібердім. Зита барған бетте ауырып қалып, операцияға жатты. Қыздарым бұрын Мәскеуде тегін емделетін. Біз тек жолақысы мен тұратын орнымызға ғана ақша төлейтінбіз. Бұл жолы Грузия клиникасына 2 мың 550 лари (шамамен 80 мың сом) қарыз болып қалдық. Олар қарызды төлеу үшін бізге бір ай уақыт берді. Тамыздың 27-сінде ақшаны банк арқылы аударуға тиіс едім. Бірақ ақша таппадым. «Көп түкірсе – көл» дегендей, енді қайырымды адамдардан көмек күтемін, – деді Зумрият Резаханова жылап отырып.

«МЕДВЕДЕВ УӘДЕСІН ОРЫНДАМАДЫ»

Биыл тоғызыншы сыныпты бітірген Зита мен Гита ата-анасының қолында тұрады. Көп уақыттарын кітап оқып, тоқыма тоқып өткізетін егіз қыз жоғары білім алуды армандайды.

2010 жылы Резахановтардың атына Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведевтің әкімшілігінен хат келді. Хатта «Зита мен Гита тоғызыншы сыныпты бітірген соң Мәскеу медициналық колледжіне емтихансыз қабылданып, тегін оқиды» деп жазылған.

Бірақ бұл уәде орындалмады. Зумрият Резаханова сәуірден бастап хатта көрсетілген телефондардың барлығына қоңырау соғыпты. Алайда шығарып салма сөзден басқа ештеңе естімепті. Шарасы таусылған ана Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путиннің атына хат жолдапты. «Одан келген жауапты оқып, үмітім үзілді» деп қамығады егіздердің анасы.

– Жауапты Мәскеудің денсаулық сақтау департаменті жазыпты. Онда Зита мен Гита оқуға емтихан тапсырып барып қана қабылданады деп жазылған. Екеуі мектепте оқыған жоқ. Интернатта жатып оқығандарымен, емтиханды тапсыра

Зита (сол жақта) мен Гита бөлмелерінде отыр. Қырғызстан, 30 тамыз 2012 жыл.

алмайды ғой. Департаментке хабарласып едім, «Мүмкіндік болған кезде неге телефон соқпадыңыз?» деді. Бірақ ол кезде қыздар сегізінші сыныпта оқып жүрген, бәрібір қабылдамайтын еді. Мына қылықтары адамды мазақ ету ғой. Ол жақтан ештеңе шығара алмайтынымды түсініп, мына жақтан бір амалын іздедім. Кувейттегі университте мүгедек балалар тегін оқиды дегенді естіп, кеше бәрін сұрап білдім. Ол жақта жылына 43 мың сом төлейді екенсің. Қыздарды оқытып алсақ деп едік, оған шамамыз келмейді. Оларды күнде сабаққа апарып, әкеле алмаймыз. Оның үстіне екеуі әжетханаға да өз күшімен бара алмайды. Олар әжетке іштеріне жапсырылған пакетке бекітілген түтік арқылы барады. Оны жиі ауыстырып тұру керек, әйтпесе жаман иіс шығып кетеді. Егер олар жатаханада тұрса, бір-бірінің пакетін ауыстыруға көмектесер еді. Қыздарымның оқуға қабілеті бар. Қабылдаса, оқып кетер еді. Мұндай балаларды алшақтамай, қоғамға араластыру керек. Әйтпесе тұйықталып кетеді. Соңғы уақытта екеуі тіптен ашушаң болып кетті, – дейді егіздердің анасы.

«БИЛЕГІМІЗ КЕЛЕДІ»

Егіз қыздардың әкесі Рашид Резаханов қала маңындағы Жаңажер деген ауылда тұрады. Қарапайым шаруаның Зита мен Гитадан басқа бір ұлы, екі қызы бар. Бәрі бір үйде тұрады. Зумрият Резаханова «сиам егіздерінің дүниеге келуі отбасындағы басқа жандардың да өміріне әсер етті» дейді.

– Зита мен Гитаның осындай күйде туғаны тағдырдың жазғаны болар. Ауыл адамдарының өз түсінігі бар. Әркім әр саққа жүгіртеді. Биыл кіші қызымды ұзатып едім, жақында ажырасып кетті. Оның алдында күйеуімнің бауырынан цирроз дертін

Зита Резаханова кітап оқып отыр. Қырғызстан, 30 тамыз 2012 жыл.

тапты. Өзімнің жүрегім дімкәс. Егіз қыздарды 25 жасымда босандым, қазір жасым 46-да. Өмірімнің жартысын анда-мұнда шапқылап, жол үстінде өткіздім. Қалған балаларымды мәпелеп, еркелетіп өсіруге мұршам болмады. Зита мен Гитаны интерната қалдыра алмадым. Екеуі екі бөлек адам болсын деп операция жасаттық. Бірақ нәтижесі мынандай болды. Жұрт мені көп шағымданады деп жақтырмайды. «Көмектескенімізді айтып жар салмадың» деп те өкпелейтіндер бар. Қолыңды созып, көмек сұраудан да шаршайды екенсің. Мен шаршадым! – деді Зумрият Резаханова.

Анасының сөзін егіздер бір шетте қабақтары түсіп тыңдап отырды. Бұл әңгіме әсіресе Зитаға тым ауыр тиетіні байқалады. Гитаның бір аяғы – протез, ыңғайлы болсын деп оны денесіне байлап қойыпты. Соған қарамастан ол таяқпен жүреді. Протез қыздың белін қажап тастаған екен.

– Кейде екеумізді екіге бөлгендеріне өкінеміз. Бөлмегенде бұлай қиналмас едік. Басқа қыздар сияқты біз де әдемі көйлек киіп, билегіміз келеді. Басқалардың биік

Гита Резаханова. Қырғызстан, 30 тамыз 2012 жыл.

өкше туфли киіп жүргенін көргенде қатты қызығамыз. Биыл екеуміздің жасымыз 21-ге толады. Мәскеуге барып оқимыз деп, химия мен биологияға зейін қойып едік. Зита – балалар дәрігері, мен – терапевт болам деп дайындалғанбыз, – деді егіз қыз аналары сыртқа шығып кеткен сәтте.

Екеуінің көңіл-күйін көтеру үшін мен әңгіме ауанын өзгертіп, «Қандай түс көріп, қандай кітап оқисыңдар?» деп сұрадым. Зита биологиялық кітаптарды, Гита көркем шығармаларды оқығанды жақсы көреді екен.

– Түсімде ылғи жүгіріп жүремін. Екі аяғым сап-сау екен деймін. Ояна келсем, таң атып қалады. Зитадан сұрасам, тура сондай түс көргенін айтады. Соңғы кездері түсімізге Мәскеуде оқып жүргеніміз кіреді. Түсіміз аян берген шығар деп қуанып жүруші едік, – дейді олар.

Зита мен Гитаның бөлмесі үйдің жоғарғы қабатында екен. Тар баспалдақпен таяққа сүйеніп көтеріліп бара жатқан екеуін көріп әрі таңғалдым, әрі жүрегім ауырып кетті.

«ӨМІР СҮРУДЕН ҚАЖЫДЫҚ»

Зита мен Гитаның бөлмесіндегі сөрелер кітапқа толы. Екеуі де күнделік жазады. Егіз қыздар күнделікке жүрегіндегі сырын ақтарып, жеңілдеп қалады екен.

Күнделік жазбаларынан үзінді:

Гита: «Мектепте бір қыз менен «Қашан өлесің?» деп сұрады. Мен іштей қатты ренжідім, бірақ үндемедім. Осындай болып туғаныма мен кінәлімін бе?»

Зита: «Мамамды қатты жақсы көремін. Бұрын «бізді неге туды» деп оны кінәлаушы едім. Оның кінәлі емес екенін енді түсіндім. Оның жылағанын көрсем, көңілім жабырқайды.

Гита: «Біз өмір сүруден қажыдық. Өзіміздің мына күйімізді көргіміз келмейді.

Зита мен Гитаның 18 жастағы кезі.

Анамыз бізге: «Таңертең күліп оянып, күні бойы қуанып жүріңдер» дейді. Айнадан жалаңаш күйімде көріп қалай қуана аламын?! Жүрегім тас болып қалған сияқты».

Зита: «Екі аяғым да болсыншы!» деп анама айқайладым. Анам мені жұбатты. Бірақ өзі күні бойы жылады, көзі ісіп кетті. Осы қылығым үшін өз-өзімді жазғырдым. Аяқ салып беретін ол сиқыршы емес қой!».

Күнделікті ақырына дейін оқып шығуға шыдамадым. Мұндай тағдырды ешкімге тілемес едім. Қыздармен қоштасып, жолға шықтым. Зумрият Резаханова қайырымды адамдардан көмек күтетінін, мұны мақаламда ерекше атауымды өтінді.

Егіз қыздардың әкесі Рашид мені ауылдың бас жағындағы аялдамаға көлігімен жеткізіп салды. Ол Жаңажер ауылының тұрғындары былтыр өсірген капусталарын өткізе алмай, далаға тастауға мәжбүр болғанын айтты. Биыл ауыл бидай еккен екен, бірақ бұл жолы да еңбектері еш кетіпті.

Мен қалаға қайтқанда күн шыжып тұрды. Ауыл адамдары егістікте жұмыс істеп жүр. Денсаулық үшін бұдан артық не керек? Халық «бірінші байлық – денсаулық» деп тек айтпаған ғой.

Зита мен Гитаны көріп қайтқан соң мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі өте ауыр екеніне, олардың тағдырына қоғам мен мемлекеттың алаңдамайтынына көзім тағы бір жетті.

(Мақаланың авторы - Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің журналисі Санжи Туйтунова).