Қырғызстандағы АҚШ елшілігі Баткенде терроризмге қарсы жаттығу орталығын салуды өз үкіметі қаржылай қолдайтынын хабарлаған. Бішкектің мұндай жоспары аймақта әскери база орнатуды ойластырып жүрген Ресейді шамдандыруы мүмкін.
Наурыздың 10-ы күні Бішкекке барған АҚШ генералы Дэвид Петреус қырғыз президенті Құрманбек Бакиевпен кездескенде, Ауғанстандағы жағдай туралы сөйлескен. Олардың кездесуі жабық есік жағдайында өтті, әдеттегі дәстүрлі баспасөз мәслихаты да өтпеді.
Генерал Петреус Қырғызстанға АҚШ-тың Ауғанстандағы операцияларын қолдағаны үшін алғысын айтты деп жазылған Қырғызстан президентінің вебсайтындағы мәлімдемеде.
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының басшысы президент Құрманбек Бакиевке Ауғанстандағы жағдай туралы айта келе, соғыстан кейінгі елді тұрақтандыру мәселесін алға тартқан.
Өз кезегінде Бакиев Орталық Азияға қауіп-қатердің көбі Ауғанстаннан төніп тұр деп атап өткен. Сондықтан, Қырғызстан Ауғанстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз етуге мүдделі екенін айтты. Сөйтіп халықаралық қауымдастықпен бірге Ауғанстанды қайта құруға күш сала береміз деген Қырғызстан жетекшісі.
ӘУЕБАЗАСЫ ЕМЕС, ТАСЫМАЛ ОРТАЛЫҒЫ
Қырғызстандағы Манас әуежайында АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери операцияларын қолдайтын тасымал орталығы орналасқан.
Манастағы АҚШ-тың әуебазасы 2001 жылдың желтоқсанынан бері жұмыс жасап келеді. Бірақ Бішкек пен Вашингтон базаны жалға алу ақысына келісе алмаған соң, Қырғызстан ресмилері 2009 жылы оны жабу жөнінде шешім қабылдаған-ды.
Қырғыз елінің астанасында сонымен қатар Ресейдің де Қант әуебазасы бар, ол Манастан 40 шақырымдай жерде орныққан.
Қырғызстанға АҚШ әуебазасын жабу жөнінде Ресей мен Қытай тарапынан қысымдар жасалған. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Ресей мен Қытай үстемдік құрып отырған аймақтық келісімі де Құрама Штаттарды Орта Азиядағы базаларын жабуға шақырды.
Кейінірек Қырғызстан мен АҚШ ресмилерінің бірқатар келіссөздерінен соң тараптар әуебаза деген атауды «тасымал орталығы» деп өзгерту жөнінде бір шешімге келді. Вашингтон Манасты жалға алғаны үшін Қырғызстанға жылына 60 миллион доллар төлеуге келісті. Бұл жылына төленіп келген бұрынғы бағадан үш есе жоғары.
Манасты жалға алу мерзімі алдағы маусым айында аяқталады. Таяуда Бішкекке барған сапарында АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан бойынша арнайы өкілі Ричард Холбрук Вашингтонның жалға алу келісімшартын ұзартқысы келетінін жеткізді.
Ал АҚШ генералы Дэвид Петреустің Қырғызстанға сапарынан бір күн бұрын Бішкектегі АҚШ елшілігі Қырғызстанның оңтүстігіндегі Баткен облысында салынатын лаңкестікке қарсы жаттығу орталығын Құрама Штаттар қаржыландыратынын растаған еді.
РЕСЕЙГЕ ЖАЙСЫЗ ТИЕТІН ҚАДАМ
Қырғыз елінің бұл жаттығу орталығын құру жоспары Ресейді алаңдатуы мүмкін. Өйткені, Ресейдің бақылауындағы Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымы өткен жылы Қырғызстанның оңтүстігінде әскери база құру ниеттері туралы айтқан.
Бішкектегі саяси сарапшы Александр Князев Қырғызстанның Баткенде мұндай орталық салуға келісуі ең жауапсыз әрекет болды, өйткені Қырғызстан экономикасы Ресей инвестициясына тәуелді болып отыр деген пікір білдіреді.
"2009 жылы экономикасын көтеру үшін Ресей Қырғызстанға 2 миллиард доллар инвестиция салуға уәде берген. Қырғыз тарабының мұндай демонстрациялы түрде келісім беруі немесе бастама көтеруі бір мезгілде Ресей мен Қытайды бәсекеге шақыруы сияқты. Әскери тұрғыдан алғанда, Қырғызстан аймағында қандай да бір американдық әскери базаның болуы Ресейдің мүддесіне қауіп төндірмейді. Бұл аймақта онсыз да Ресей үстемдік құрып отыр. Ол айқын. Бішкектің жоспары тек Ресейді саяси жағынан ашуландыруы мүмкін әрі инвестициялық жобасын қайтарып әкетуіне себеп болуы ықтимал» , - дейді сарапшы Князев.
Бішкектегі АҚШ елшілігінің айтуынша, АҚШ үкіметі терроризмге қарсы орталықты салуға 5,5 миллион доллар бермекші.
Алайда елшілік ақпарат құралдарында жарияланған АҚШ Баткенде әскери база орнатпақшы деген деректерді жоққа шығарады.
Қырғыз ресмилерінің хабарына қарағанда, жаттығу орталығын құру жоспары АҚШ пен Қырғызстанның қауіпсіздік ынтымақтастығы аясында жасалады. Сондай-ақ арнайы күштерге арналған «Беш күнгей» әскери госпиталдің құрылысы мен Токмок қаласында «Скорпион» құрылымын салу жобалары бар дейді ресмилер.
АҚШ елшілігінің әскери ынтымақтастық жөніндегі кеңсесі сонымен қатар бірқатар қайырымдылық жобаларын қолға алған, оның қатарында Бішкектің сыртындағы «Бірдік» мектебін жаңарту мен Чу облысындағы әйелдер орталығының құрылысы бар.
АҚШ генералы Дэвид Петреус бейсенбі күні осы Чу аймағындағы әйелдер орталығының ашылу салтанатына қатысады.