Лас бомба деген не және Ресей оны неге қозғап отыр?

Ресей Украинаға басқыншылығын ақтап алу науқаны барысында Киевті "лас бомба" қолданғалы жатыр деп айыптады. Бұл – улы ядролық материал қосып дайындалатын жарылғыш зат.

Киев пен Батыс мұның шындыққа жанаспайтынын, Украина өз жерін улайды деген идеяның ақылға қонбайтынын айтады. Олар Мәскеу басқыншылықты ақтап алу үшін осылай айтып жатыр дейді.

Лас бомба деген не? Оны Украинада қалай қолдануы мүмкін? Бұл қауіп көзі ме, әлде пропаганда құралы ма? Бұл материалда осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

ЛАС БОМБА ҚАНДАЙ ЗАЛАЛ КЕЛТІРУІ МҮМКІН?

Лас бомба атом жарылысын тудырмайды, қаланы қиратпайды. Ол улы қалдықтарды таратуға арналған. Қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар оны шиеленіс кезінде соғысып жатқан екі тарап қолданатын тактикалық құрал ретінде емес, тұрғындар арасында хаос тудыру үшін террористік қару ретінде қарастырады.

Жапа шеккендердің көбі радиацияның өлімге апаруы мүмкін дозасын алғанға дейін қашып үлгеретіндіктен, оның денсаулыққа тікелей әсері шектеулі болады дейді сарапшылар. Бірақ халықты эвакуациялау қажеттілігін оның экономикалық салдары ретінде айтуға болады.

Обама билігі кезінде АҚШ сенатына жауап берген физик, сол кездері ғалымдар федерациясының президенті болған Генри Келли мұндай қаруды қолданудың салдары ядролық материалдың түрі мен мөлшеріне, қаншалық алысқа тарайтынына байланысты әртүрлі болатынын айтқан.

"Лас бомба" жарылатын жағдайға арналған жаттығу. Сиэтл, АҚШ. 2003 жыл.

Жарамсыз немесе ұрланған медициналық материалдан алынған радиоактивті цезий қолданылған бомба бірнеше ауданның халқын эвакуациялауға жеткізуі мүмкін. Бұл – ол жерді ондаған жылға қауіпті етеді.

Азық-түлік өнімдерін сәулелендіру зауытынан шыққан радиоактивті кобальтті де қолдануы мүмкін. Мұндай бомба Нью-Йорк секілді қалада жарылса, мың шаршы шақырым жерді улап, қаладағы Манхэттен аралын өмір сүруге жарамсыз етер еді дейді Келли.

РЕСЕЙ НЕ ДЕЙДІ?

Мәскеу дүйсенбі күні кешке БҰҰ-ға Киевті айыптаған сипатта хат жіберді. Дипломаттар Ресей бұл мәселені сейсенбі күні өтетін қауіпсіздік кеңесінің жабық отырысында көтеруді жоспарлағанын мәлімдеді.

Ресейдің ядролық, биологиялық және химиялық қорғаныс әскерінің қолбасшысы генерал-лейтенат Игорь Кириллов баспасөз құралдарына арналған брифингте Украинаның мұндай шабуыл жасаудағы мақсаты Ресейді айыптау деді.

"Арандату мақсаты – Ресейді Украина жерінде жаппай қирату қаруын қолданды деп айыптау, сол арқылы әлемде Мәскеуге деген сенімді бұзуға бағытталған Ресейге қарсы қуатты науқан жүргізу" деді ол.

УКРАИНА МЕН БАТЫС НЕ ДЕЙДІ?

Киев пен Батыс Украина күштері жерін қайтарып жатқанда, Мәскеудің "Украина өз жерін әдейі адам тұрмайтындай еткелі жатыр" деген айыбы ақылға қонбайтынын айтты.

АҚШ, Ұлыбритания мен Франция бірлескен мәлімдеме жасады. Олар Ресейдің айыбы "жалған екенін" айтып, Мәскеуді мұны эскалация жасауға сылтау ретінде пайдаланбауға шақырды.

Ал сейсенбі күні Кремль Батысты Мәскеудің ұстанымын елемеу қауіпті болады деп ескертті.

Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеу сондай шабуыл жасауды жоспарлап жатқан соң, осылай айыптап отыр дейді. "Ресей Украина дайындап жатыр деп айтса, демек Ресей соның бәрін дайындап қойған" деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пентагонның бұрынғы өкілі: Путин Украинада жеңілмес үшін ядролық қаруға жүгінуі мүмкін