НАЗАРБАЕВ КҮЙЕУ БАЛАСЫ МЕН ҮНДІ МИЛЛИАРДЕРІН НЕ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ?
Әлемнің әр түкпіріндегі журналистер қатысқан "Пандора құжаттары" зерттеу жобасы Қазақстандағы ең ықпалды адамдарға қатысты тағы бір құпия ақпараттың бетін ашты. Indian Express басылымы жазған мақалаға сенсек, тегі үнді Арвинд Тику есімді миллиардер мен Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың арасында жақын байланыс бар.
2,2 миллиард доллар байлығымен 2021 жылы Сингапурдағы ең бай адамдар арасында 18-орын алған 51 жастағы үндістандық Арвинд Тику Sai Charan Investment инвестициялық холдингін құрған, ал оның құрамына кіретін, Британ Виргин аралдарында тіркелген, активі 199,4 миллион доллар болатын Auctus Investments Ltd - инвестициялық холдингтің басты қозғаушысы деп жазады басылым.
Your browser doesn’t support HTML5
Indian Express-тің тұжырымы бойынша Тику Қазақстандағы аса ықпалды адамдармен әріптес болғанының арқасында байлыққа ие болған деген күдік бар.
"Тику қатардағы бизнесмен емес. Оның бизнес әріптестері арасында әлемдегі ең ірі болат және металл өндіруші компания – ArcelorMittal-дың төрағасы Лакшми Миттал және Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев бар" деп жазады үнді газеті.
Басылымның жазуынша, әлемдік деңгейде коропоративтік қызмет көрсететін Trident Trust мекемесі Тикудың Құлыбаевпен және Митталмен жақын екенін ескеріп, оны "жіті назарға алған", себебі бұл екеуі де – "саяси жағынан ықпалды адамдар". Оның үстіне үнді бизнесмені Тику Миттал, Құлыбаев және Goldman Sachs бақылайтын KazStroyService Global BV компаниясының бенефициар қожайыны болып шыққан.
Лакшми Миттал – әлемдегі ең бай адамдардың бірі әрі Қарағанды облысындағы "Арселор Миттал Теміртау" металлургия комбинатының иесі. Комбинат қоршаған ортаға келтірген зияны үшін жиі сыналады, белсенділер ондағы өндірістің халықаралық экология стандарттарына сай емес екенін көп айтады. Тіпті ондағы ахуалды "экоцидқа" балайтындар да бар.
Ал Тимур Құлыбаев – орнынан кетсе де билік тетіктерін қолында ұстап отырған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы – Динара Құлыбаеваның күйеуі. Forbes журналы ерлі-зайыпты Құлыбаевтарды Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингінде 5 және 6-орындарға қойған. Екеуінікін қоса есептегенде 5,8 млрд доллар байлығы бар деп саналады.
Назарбаевтың туыстары мен жақындары офшор құжаттарының әшкере болуына байланысты осыған дейінгі зерттеулерде де аталған. Олардың арасында экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев, немере інісі Қайрат Сатыбалды және өзгелер бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құлыбаевтың вилласы, Қазақстандағы клептократия және Ресейді "қауып алған" ҚытайЖемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) "Пандора құжаттары" зерттеуі аясында шыққан алғашқы мақалада "Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі Әсел Құрманбаева офшордағы құпия келісімнен 30 миллион доллар пайда көрген" деп мәлімдеген. Келісімге экс-президентке жақын саналған екі олигарх - Владимир Ни мен Владимир Кимнің қатысы бар делінеді.
Былтыр желтоқсанда британдық Financial Times газеті Тимур Құлыбаевтың Қытай мен Еуропаны жалғайтын газ құбыры жобасынан жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайда көрді деп жазды.
РЕСЕЙДЕН "ИМПОРТТАЛҒАН" ИНФЛЯЦИЯ
Қыркүйекте Қазақстандағы инфляция бес жылдағы рекорд көрсеткішке жетті. Ресми мәлімет бойынша, өткен айда инфляция жылдық өлшеммен 8,9 пайыз болған. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 2016 жылы тіркеліпті. Былтыр инфляция 7,5 пайыз, ал пандемияның алдындағы жылы 5,4 пайыз болған еді. Соңғы кездері әсіресе азық-түлік ерекше қымбаттаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресей ЕАЭО шартын бұзды". Қырғызстанда жанармай қымбаттап жатырEurasianet-тің жазуынша, Қазақстандағы инфляцияның жеделдеуіне әсер еткен екі фактор бар. Соның бірі – Ресей экономикасымен байланыс. Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының сарапшысы Ғалымжан Айтқазиннің сөзімен айтсақ, Қазақстан Ресейдің "жылдам өсіп жатқан инфляциясын импорттап" отыр. Мәскеу инфляция шегіне тамыз айында жеткен. Басылымның жазуынща, осы жылдың бірінші жартысында Қазақстанның бүкіл импортының 40 пайызы Ресейден келген.
Бағаның аспандауына тағы бір себеп – "Нұр-Сұлтанның дағдарысқа қарсы шаралары" деп жазады Euraisanet. Тіпті халыққа жолдауының өзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиямен күреске бөлінген 14,8 миллиард доллар ақша массасының шектен тыс көбеюіне алып келді дегенді айтқан. "Инфляцияның бақылаусыз өсуі мәселесіне тап болдық. Ұлттық банк пен үкімет әлемдегі тенденцияларға сүйене отырып, бұған қарсы тұра алмады" деді Тоқаев.
Bne Intellinews басылымының жазуынша, Қазақстандағы бағаның артуына пандемияға байланысты шектеулер мен қуаңшылық та себеп болған. Инфляция ұлттық банк көрсеткен меже – 6 пайыздан 2020 жылғы наурызда-ақ асып кеткен, содан бері ол үздіксіз өсіп барады.
ШЫҢЖАҢДА МҰСЫЛМАНДАРЫ ҚАЛАЙ АЗАПТАЙДЫ?
"Көгергенше ұру", "бетіне аяқпен шығу", "төбеге салбыратып ілу", "бірнеше күн ұйықтатпай, аш ұстау", "зорлау"... Шыңжаңдағы мұсылмандарды ұстап, тергеуге қатысқан Цзян есімді Қытай азаматы CNN-ге берген сұхбатында полицияның осындай жантүршігерлік әдістер қолданатынын айтқан. Тергеуші болып жұмыс істеп, кейін Еуропаға қашып кеткен ол Қытайда туыстары қалғандықтан, аты-жөнін жарияламауды, бет-жүзін көрсетпеуді сұраған.
"Барлығын жарым түнде күшпен ұстап әкететінбіз. Сол аудандағы бір округте жүз адам болса, сол жүз адамды ұстауға тура келетін" деп еске алады ол.
Your browser doesn’t support HTML5
"Денесі көгеріп, ісіп кеткенше, ұрып, тепкілейтінбіз" деген ол мұсылмандарды тергеу кезінде әйел, ер, бала демей, барлығын ұрып-соғуға тура келгенін айтады.
"Ол әдістерге куәгерді қозғалтпай тастайтын металл я ағаштан жасалған "жолбарыс орындығына" байлау, кісіні асып қою, сексуалдық зорлық көрсету, электр орындықпен жазалау, суға тұншықтыру кіреді" дейді Цзян.
"Әркім әртүрлі әдіс қолданды. Кейбіреулері тіпті сүймен, кісенделген темір шынжыр пайдаланды. Полицей күдіктінің бетіне шығып, кінәсін мойындауды талап ететін" дейді ол.
Күдіктілерге террормен айналысты деген айып тағылған, бірақ Цзяннің айтуынша, олардың ешқайсысы террористке ұқсамаған.
Айтқан сөзінің растығын дәлелдеу үшін Цзян тілшіге полицей киімін, ресми құжаттарын, фото, видеоларын және Қытайдағы құжаттарын көрсеткен. CNN оның сөзін растайтын нақты дәлелі жоқтығын, бірақ тілші сұхбат алған қамауда болған екі ұйғырдың естеліктері оның айтқанына жақын екенін жазады. Оған қоса, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы маусымда жариялаған 160 беттік баяндама үшін куәлік берген 50 адамның сөзі де осыған ұқсас дейді тілші.
Цзянның айтуынша, "Шыңжаңға көмек" деген бағдарламамен аймақ полициясына жәрдемдесу үшін ішкі Қытайдан 150 мың адам алынған. Мұнда келіп уақытша жұмыс істегендерге екі есе айлық төленгендіктен, бұл қаржылық жағынан тиімді болыпты.
"Алғаш рет келгенде қатты таңқалдым. Барлық жерде қауіпсіздікті тексеріп жатты. Мейрамхана мен мекеменің көбі жабық болды. Ел ішінде ерекше үрей бар еді" дейді Цзян.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Amnesty International Шыңжаңдағы зұлымдықты адамзатқа қарсы қылмысқа теңедіОның айтуынша, бір жылда аймақта 900 мың ұйғыр мен басқа да этностық азшылық өкілдері қамалған.
Халықаралық қауымдастық Қытай билігі Шыңжаң өлкесіндегі мұсылман халықтарға қысым көрсетіп отыр дейді. Пекин Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр секілді діні ислам түркі халықтарын жаппай лагерьге қамап, оларды мәжбүрлі еңбекке салған, әйелдерге ұрықсыздандыру отасын жасаған деп айыпталып отыр. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаң лагерлерінде бір миллионнан астам адам отыр деп мәлімдеген. Қытай бұл айыптарды жоққа шығарады, лагерьлерді "кәсіби баулу орталықтары" деп атайды.
Your browser doesn’t support HTML5
Қытайда туысы қалған қазақтар көп уақыттан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда қарсылық шараларын өткізіп келеді. Сол үшін олар бірнеше рет қамалып, миллиондаған теңге айыппұл да арқалады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Қытайдың Шыңжаң мұсылмандарын қуғындауына ислам әлемі белсене ат салысып отыр"Жүз күнге жалғасқан жанайқай. Шыңжаңдағы туыстарына сұрау салғандарға Қытай билігінен жауап жоқБұл "саяси сигнал" ма? Қытай Қазақстанның жүк вагондарын өткізбей, кәсіпкерлер шығынға батып жатыр