"Өз елімізде мұндай қамқорлық көрмегенбіз". Қазақстанға қашқан Ресей азаматтарының әңгімесі

Қазақстан аумағына өту үшін Челябинск қаласынан 400 шақырымдай жердегі "Мариинский" шекара өткелінде кезекте тұрған ресейліктер. Ресей, 27 қыркүйек 2022 жыл.

Шекара алдындағы ұзын-сонар кептеліс, жолаушылармен саудаласқан такси жүргізушілері, болашағы бұлыңғыр, уайымға толы сапар, бейтаныс адамдардан күтпеген көмек: Ресейде билік "ішінара" мобилизация жариялағаннан кейін елден кетуге асыққан ресейліктердің басынан өткен жайттарды осылай сипаттауға болады. Мобилизациядан қашқан азаматтардың басым көпшілігі Қазақстанда жүр. ІІМ 4 қазанда айтқан мәлімет бойынша, 21 қыркүйектен бері елге 200 мың ресейлік келіп, оның 147 мыңы Қазақстаннан шығып кеткен. Осы кезеңде 70 мыңға жуық ресейлік Қазақстаннан жеке салық нөмірін (ЖСН) алған, 68 адам Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берген.

Сибирь.Реалии сайты бірнеше апта бұрын Ресейден кету ойы түгілі түсіне де кірмеген, "ішінара" мобилизация басталғаннан кейін қолына ілінген заттарын ала сала, шекараға бет алған азаматтардың әңгімесін жазып алды.

"РЕСЕЙ ШЕКАРАШЫЛАРЫ КЕЛЕКЕЛЕП, МАЗАҚ ҚЫЛДЫ"

– Астраханьдағы темір жол вокзалында такси жүргізушісі келіп, кісі басына 5 мың рубльден төлесек шекараға дейін жеткізіп салатынын айтты. Көлікте алты адам болдық, Қараөзекке дейін бір сағат жүрдік. Жүргізуші шекарадағы кезектің аяғына қарай тоқтап, полиция қызметкерімен сөйлесуге кетті. Екеуі де – жергілікті қазақ, өзара таныс. 15 минуттан кейін такси жүргізушісі кісі басына 2 мың рубльден төлесек полиция кортежімен бақылау-өткізу пунктіне дейін жеткіземіз деді. Жеткен соң, құрбы қызым екеуіміз екінші күн сарыла кезек күтіп тұрған жігіттердің көлігіне ауысып отырдық. Екі күн күтпеу үшін екі мың рубль төледік, – дейді соғысқа қарсы митингіге қатысқаны үшін полицияға шақырту алған ақын Никита Левитский.

Шекарадан қиындықсыз өттік. Бірақ шекарашылар бізді келекелеп, мазақ қылды. Ресей жағындағы шекарашы әйелмен әңгімемізден үзінді келтірейін:

– Әскерде болдың ба?

– Жоқ.

– Неге?

– Денсаулығым жарамайды.

– Әскерге денсаулығың жарамайтыны туралы анықтамаға қанша төледің?

– Ақша төлеген жоқпын.

[Шекарашы әйел миығынан күлді].

– Қайда барасың?

– Достарыма.

– Достарың сені ЛХР мен ДХР-де күтіп отыр.

Шекарадан өтіп, Атырауға жеттім. Қаланы кезіп жүргенімізде бір кісі келіп, "Тұратын жерлерің бар ма?" деп сұрады. Баспанамыз жоғын біліп, үйіне шақырып, қонақ қылды.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбеде кәсіпкер кеңсесін ресейліктерді паналатуға берген

"АЛҒЫСТАН КӨЗІМЕ ЖАС ҮЙІРІЛДІ!"

– Біз Маштаково шекара бекетінен Оралға өттік. Шекараға 25 қыркүйек кешкі 7-де бардық. Отыз километрге созылған кептеліс болды. Көбі – тауар таситын жүк көлігі. 12 сағат тұрып, бір километрге ғана жылжыдық. Сондықтан ары қарай жаяу барамыз деп ұйғардық, – дейді жігітімен бірге мобилизациядан қашып келген Кира.

Күн суық болды, бүкіл жылы киімдерімізді киіп алдық. Алты сағат жол жүріп, түскі бірдің шамасында шекараға жеттік. Онда жеңіл және жүк көліктерінің кезегі, жаяу адам өтетін қатар бар, автобустар кезексіз өтеді. Біз жолдың жаяулар жүретін бөлігінде қара суықта үш сағат тұрдық. Еріктілер кезекте тұрған адамдарға су, ыстық бәліш, банан таратты. Мұны көріп, жүрегіміз елжіреді. Шекарашылар да жақсы қарады. Олар бақылау-өткізу бекетінің алдында жаяу адамдар жылынсын деп, 20-30 адамнан автобустарға мінгізді. Жеңіл көліктерді тоқтатып, "Жаяу адамдарды ала кетесіңдер ме?" деп сұрады. Жүргізушілер бір адамның орнына 20 мың теңгеден ақша сұрап жатыр деген хабарлардан бөлек, осылай тегін көмектескен адамдар көп болды. Екі бос орын бар дегенді естігенде, жүгіріп шықтым. Осылай өзіміз сияқты Ресейден қашып бара жатқан жігіттердің көлігіне мінгесіп, шекарадан өтіп кеттік.

Қазақстанға өткеннен кейін бірден "Ана жерде еріктілер ыстық тамақ таратып жатыр" деді. Осы жақсылығы үшін сол адамдарға алғысым шексіз!

Жанармай бекетіне барып, жергілікті sim-карта сатып алдық. Кассадағы қыз "sim-картаға қатысты сұрақ болса, хабарласыңыз" деп, телефон нөмерін жазып берді. Жанармай бекетінде кездескен ер адам "Баспана таба алмасаңдар мына нөмерге хабарласыңдар" деді. Баратын жеріміз болмаған соң сол кісіден көмек сұрадық. Бізді азық-түлік дүкеніне жатқызды! Дүкен иесі кереует қойып, жатын орын дайындапты. Қандай қамқор адамдар! Кешке тамақ әкеліп берді. Жолдан кейін жуынғымыз келді, дүкен иесі көрші үйдің моншасын сұрап берді. Дүкен иесінің әйелі киімдерімізді жууға алып кетті. Таңертең есігімізді қағып, дастархан басына шақырды. Бізді халыққа қызмет көрсету орталығына апарып, құжаттарымызды реттеуге көмектесті. Кейін базарға барып, жыртылған жол сөмкеміздің орнына жаңа шабадан сатып алдық. Өте қамқор адамдарға жолықтық.

Осындай мейірімді адамдар көп кездесті: кезекте тұрсақ, бір адамның нөмерін алып қайтамыз. Осылай бейтаныс адам арқылы бір кісіге хабарласып, тіркеуге тұрдық. Алдын-ала ақша да сұраған жоқ, төлқұжатымыздың суретін ғана жібердік.

Әртүрлі пабликтердегі "Қазақтар орыстардың келгеніне наразы, сендерді қорлап, мазақ қылады" деген жазбалар расталған жоқ. Біз жолықтырған адамдардың бәрі жағдайымызды түсініп, қолынан келген көмегін аямады.

Мәскеуде HR қызметінде істедім. Samsung компаниясының техникалық қолдау қызметіне қазақ, қырғыз, өзбек, әзербайжан тілдерінде сөйлейтін қызметкерлерді жұмысқа алғанбыз. Осы жобаға өтініш берген адамдармен көп сөйлестім. Кандидаттардың 80 пайызы Ресейде жұмысқа тұра алмайтынын, қысым көретінін айтатын. Шыны керек, енді Қазақстанда да орыстарға дәл сондай қарым-қатынас болатын шығар, онысы әділ де ғой деп ойлаған едім. Бірақ оның орнына осынша қамқорлық пен қолдау көргенімізді ойласам, алғыс сезімнен көзіме еріксіз жас үйіріледі, – дейді Кира.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде "ішінара" мобилизация жарияланғаннан кейін елге келген ресейліктерге қолдау көрсетуге уәде берген. Мемлекет басшысы бұл туралы Түркістан облысында халықпен кездескенде айтты.
"Кейінгі күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет" деп мәлімдеді президент.

Оралдағы CinemaPark кинотеатрының директоры Диллара Мұхамбетова далада қалған ресейліктерді көрермен залында түнеп шығуға шақырған.

– Таңға қарай ресейліктер "Ресейде жүріп дәл мұндай қамқорлық көрген емеспіз" деп, қонақжайлығымызға таңғалды. Жергілікті тұрғындар шекараға көмектесуге барды. Такси өте қымбат. Жүргізушілердің айтуынша, шекарада жаңбырдың астында тұрып қалған ресейліктер көмек сұрауға батпаған. Еріктілер өздері барып, шай берді. Жақын ауылдардан тамақ әкелді. Мүмкіндігі барлар Ресей азаматтарын үйіне алып кетті. Кинотеатрға қонуға баласымен келген ата-аналарды таныстарымыздың үйіне жібердік. Бізде 18 жасқа толмағандардың бәрі бала саналады, сондықтан балалы отбасылардың бәріне бөлме тауып беруге тырыстық. Қазір жұмысымыз жеңілдеді. Жақында Оралда жүзден астам адамға уақытша баспана ұсынған екі балалар лагері ашылды.

Диллара қазір (қыркүйектің аяғында) 400-ге жуық адамға жатын орын ұсынып отыр. Күндіз кинотеатр қалыпты режимде жұмыс істейді.

– Киносеанстар аяқталғаннан кейін, ресейліктерді залға кіргіземін. Кейде ішіп алған адамдар келеді. Қашанға дейін көмектесесіз деймісіз? Әзірге көмектесіп жатырмыз, өйткені пәтер табу қиын, қонақ үйлерде орын жоқ. Басқа кинотеатрлар осылай көмектесіп жатқанын естімедім. Бірақ мейрамханасы бар кәсіпкерлер түнеп шығатын орын беріп жүргенін білемін, – дейді Диллара.

ОРЫСТАР НЕГЕ СОНША ТӨЗІП, ҮНДЕМЕЙ ОТЫР?

Журналист Антон (аты өзгертілді) Санкт-Петербургтен Оралға жоспарланбаған сапарын эмиграциядағы өмірдің алғашқы сабағы деп атайды.

"31 жасымда келісімшартпен әскерге алмады, жасың асып кеткен деді. Ол кезде келісімшартпен әскери қызмет атқаратындардың жалақысы жоғары болатын, бәрі әскерге барғысы келетін. Енді мен олардың есіне түсе қалыппын, шақыртып жатыр. Кетіңдерші-ей!" дейді минивэн жүргізушісі, сөйлеу мәнері әзілкеш Азамат Мұсағалиевқа ұқсайтын Тахир.

Қазақстанға кіру үшін Озинки шекара өткелінде кезек күтіп тұрған адамдар, Ресей.

Көлікте мен, екі жолдасым және бес жолаушы отырмыз. Бәріміз жүргізушіні тыңдап келе жатырмыз. Жолаушылардың бәрі – 25-40 жас шамасындағы азаматтар. Арамызда жалғыз қыз бар. Бәріміз Саратов әуежайынан таксимен Қазақстанның батысындағы Орал қаласына бара жатырмыз. Кейінгі күндері Озинки деп аталатын бұрын көп адам білмейтін жергілікті бақылау бекеті жұртқа танымал болып кеткен. Бұл жерде 20 км созылған көлік кептелісі түзілген.

"Бұрын бұл жерді жан баласы білмейтін. Ары кетсе екі көлік ғана тұратын" дейді Тахир.

Тахир бізді 5 мың рубльге Оралға дейін жеткізуі керек. Бірақ шекарада ұзын-сонар кезек болса, ары қарай бармаймын деп бірден ескертті. Жолай дүкенге тоқтағанда жүргізуші тағы 5 мың рубльден берсеңдер, кептелістің басына дейін апарып тастаймын деді.

Жолаушылар наразы болып, ұзақ саудаласқаннан кейін бағаны 4 мың рубльге түсірткіздік.

Қазақстанға өту үшін қандай құжаттар керек? Ресей Федерациясының ішкі немесе шетелге шығуға арналған төлқұжаты.

Қазақстанда қанша уақыт визасыз жүруге болады? 30 күн тіркеусіз және 60 күн тіркеумен визасыз жүруге болады.

Қазақстанға (Сібірден) қалай өтуге болады? Есілкөл, Невольное, Одесское, Ольховка, Ертіс, Черлак (Омбы облысы); Локоть, Құлынды, Третьяково, Неверовская, Веселоярск, Топольное, Горняк, Малиновое озеро, Славгород, Михайловка (Алтай өңірі); Қарасуық, Павловка (Новосібір облысы), Казанское (Түмен облысы).

Шекарадағы қалалар: Петропавловск, Көкшетау, Павлодар, Астана, Қарағанды, Семей, Өскемен.

Озинки бекетіне түнде жеттік. Біз ойлағандай қорқынышты кептеліс жоқ екен. Бәрі айтып жүрген 20 километрден үш есе аз. Бірақ Тахир бәрібір бізді тастап кетті. Ары қарай жаяу жүрдік. Бір орнынан жылжымай тұрған көліктер. Жүргізушілер ұйықтап жатыр, кейбірі сыртқа бой жазып алуға шыққан.

– Тұрғандарыңа көп болды ма? – дедім жол шетінде темекі тартып тұрған 25 жастағы жігіттен.

– Бес сағат.

– Дәл осы жерде ме?

– Жоқ, 300 метр жылжыдық.

Шекарада қарбалас көп: жүргізушілер өз қызметін ұсынып жүр. Адам басына 10-15 мың рубль сұрайды. Баяу жүріп, көліктердің ішіне қараймыз. Лық толы. Балалы отбасылар, жолаушы мінгізіп алған адамдар. Минивэндегі жолаушылар жан-жаққа тарап кеттік. Жанымда екі досым мен IT саласында істейтін Женя есімді жігіт ғана қалды. Ол да Санкт-Петербургтен Атырауға келе жатыр. Ары қарай шығыс елдеріне кетпек.

"Комсомольский" шекара бекеті маңында Қазақстанға өту үшін кезекте тұрған адамдар мен көліктер. Ресей, Орынбор облысы, 27 қыркүйек 2022 жыл.

Кісі басы 5 мың рубльге шекарадан алып өтетін кісі таптық. Саудаласып, төрт адамға 15 мың рубль ұсындық. Көнбеді, жүргізушінің бағасына келістік.

Көлікте қыз бен жігіт отыр. Ақтауға бара жатыр екен. Матвей есімді бұл жігіт мамырда ғана әскерден келіпті. Әуе десант әскерінде дәрігер болған. Әскерден кейін оған келісімшарт ұсынған, Матвей бас тартқан. Әскерге жарамдылық санаты – А. Бұл санаттағы адамдарды соғысқа бірінші алып кетеді. Матвей Ресейден жалғыз сөмкемен қашқан.

Жүргізушінің аты – Қадыр, ұлты – күрд. Ол Күрдістан жеке мемлекет болатын күн туар деп үміттенеді. Азаматтары отаны үшін соғысқысы келмейтін Ресейді мүсіркейді. Қадыр үш күннен бері дұрыс ұйықтамай, шекараға адам тасып жүр екен. Жақында шекара жабылуы мүмкін деген сыбыс тараған соң жүргізушілер мүмкіндік барда көбірек ақша тауып қалуға тырысып жатыр.

Баға да күн санап өсіп жатыр. "Шекарадағы бақылау" телеграм-каналындағы дерек бойынша, басында Озинки арқылы шекарадан өту адам басына 4 мың рубль болған. Ертеңіне баға 5 мың рубль болыпты. Жүргізушілер өз арасында Мәскеуден қашқан азаматты Оралға дейін 25 мың рубльге апарып тастағанын айтып, "Төлемей қайда барады дейсің?!" деп мысқылдады.

Ресей мен Қазақстан шекарасындағы "Маштаково" өткізу бекетінде тұрған адамдар. 27 қыркүйек 2022 жыл.

Адамдарды шекарадан өткізетін жүргізушілер болмаса, кептеліс азаяр еді. Олар өз ережесімен жүреді, көлігін жолға басқалар өте алмайтындай етіп қояды, жол шетінде тұрған көліктерді айналып, алдына шығып кетеді. "Қасқырлар" бір-біріне көмектесіп, біреу ашуланса, жанжал шығаруға дайындалып, топтаса қалады. Осының кесірінен кептеліс баяу жылжиды. Шекара маңында жағдайды пайдаланып, ақша табуды көздеген "кәсіпкерлердің" он бес шақты көлігі жүр.

– Орыстарды түсінуге болады. Оларды кінәлаудың қажеті жоқ. Орыстардың қашып жатқанын көріп, жағамды ұстадым. Біздің адамдар олай жасай алмайды. Бәрі тәрбиеден сияқты, – дейді Қадырдың көлігіне келген 20 жастағы жігіт.

Қадыр оның сөзіне қосылып, мемлекет ұлы болып қалу үшін соғысуы керегін айтып, "әйтпегенде Ресей мұндай үлкен болмас еді" деді.

Ресейден Қазақстанға өту үшін шекарадағы "Маштаково" өткізу бекетінде тұрған адамдар, 27 қыркүйек 2022 жыл.

Такси жүргізушісі "қасқырлардың" әрекетін осылай ақтап алуға тырысқан сияқты. Тәрбиесі нашар, туған жерінен қашып бара жатқан адамдардан артық ақша алу да күнә емес деп ойлайтындай.

Сағат 7:45-те шекарадан өттік. Қазақстан тарабы қайда және қанша уақытқа бара жатқанымызды сұрады. Заттарымызды тексерді.

Қазақ жүргізуші 5500 теңгеге Атырауға (шекарадан оңтүстікке Каспий теңізінің жағалауына қарай 500 километр – ред.) апаруға келісті. Ол жақтан поездбен, ұшақпен Ақтауға жетуге болады.

– Уайымдамаңдар, бізде бәрі тыныш. Ешқандай нацизм мен расизм жоқ, – дейді жүргізуші.

Он минуттан кейін ол "Орыстар неге сонша уақыттан бері төзіп, ештеңе істемей отыр?" деп сұрады. Бұл сұрақтың жауабы ұзақ әрі күрделі екенін айттым.

Атырауда шекара жабылғалы жатыр деген хабар алдық. Орал әкімдігі Ресейден келген азаматтарға кинотеатрдан орын, шекарадан қалаға жеткізетін әлеуметтік автобус бөліпті. Бұл жаңалықтың бәрін көшеде кездескен Боря есімді бейтаныс жігіттің үйінде отырып естідік. Ол бізге бір бөлмесін босатып берді, адам басына 500 рубльден алды.

Мобилизация жарияланғанға дейін және одан кейін де Ресейден кетемін деп ойлаған жоқпын. Бірақ адамдарды әскери комиссариатқа алып кетіп жатқанын көріп, бұл бәледен аулақ болайын дедім. Әзірге ешқандай жоспарым жоқ. Қазақстаннан Грузияға кетуді ойлап жүрмін.

Әлеуметтік желіде ресейліктердің Қазақстанға қашуы жөнінде әртүрлі мемдер пайда болды:

– Қайдасыз? – деп сұрайды әскери комиссариат өкілі.
– Қарағандыда!

Ал Ресейдегі Қазақстан елшілігі алдына гүл мен мынадай жазуы бар плакат қойылған: