Моңғолияда қасапханада жұмыс істейтін мұсылман қазақ Күнтуған Әжібай демін ішіне тартып, қайралған өткір пышағымен еті халал болуы үшін қойды қинамай бауыздауға тырысады.
Резеңке етік киіп, қан шашыраған алжапқыш таққан 27 жастағы Күнтуған "малды союды Алланың атымен бастаймыз. Бұл – бауыздамай тұрып істейтін жоралғымыз" дейді.
Күнтуған істейтін қасапхана Моңғолия астанасы Улан-Батордан 160 шақырым жердегі Дархан қаласында орналасқан. Табысқа кенелуге тырысқан моңғолиялықтар жазықта жайылып жүрген отар-отар қойын сойып, экспортқа жіберуді жиілеткен. Олар Иран секілді соңғы кездері халал етке сұранысы артқан елдердің талаптарын қанағаттандырамыз деп үміттенеді.
ЕТ ЭКСПОРТЫ
Шамамен 30 миллион қойы бар Моңғолия мал саны жағынан Жаңа Зеландиядан алда тұрса да, жақында ғана ет экспортын арттыруға мүмкіндік алды.
Елде ет экспортының көлемі жыл сайын артып келеді: 2017 жылы шетелге 2,6 тоннадан асатын қой мен ешкі еті тасымалданған. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 11 есе көп.
Экспортталған өнім құны бар болғаны 8 миллион доллар деп бағаланғанымен осы салаға жауапты билік өкілдері бұл "тек басы ғана" екенін айтады. Олардың айтуынша, биыл жарты жылдың ішінде 775,6 тонна ет экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда төрт есе өскен".
- Әлемде халал етке сұраныс артып келеді. Моңғолияның бұдан үміті зор, - дейді ет қауымдастығы директорының орынбасары Очирбат Бегц.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ет экспортына мұқтаж бола түсті
Қазба байлықтарын сатудан түскен табысты Халықаралық валюта қорының қолқалауымен әртараптандыруға тырысып жатқан Моңғолия ет саудасын экономиканың мол табыс әкелетін саласына айналдыруға тырысып жатыр.
Күнтуған Әжібай жұмыс істейтін зауытты басқаратын "Дархан" ет өнімдері компаниясы - Иранға ет тасымалдайтын өзі секілді "Макс Импех" және "Макс Маркет" секілді компаниялармен бәсекелес.
200 жұмысшысы бар компания өздері тасымалдайтын ет көлемін екі есе арттыруға ниетті.
- Иранмен келісім-шартқа отырмай тұрғанда басқа елдерге сиыр мен жылқы етін ғана экспорттадық, - дейді фирманың бас менеджері Отгон-Эрдене Бавуудордж.
Журналистер зауыт ішін аралап жүрген кезде өндіріс процесі тоқтаған жоқ. Жұмысшылар жаңа сойылған қойдың етін бөлшектеп, қаптауға жіберіп жатты. Ирандық Dana Negah Parsian импорттаушы компаниясы мен ветеринарлық ұйымның өкілдері етті жөнелтуге даярлық процесін жіті бақылап тұрды.
Қапталған ет әбден мұздатылады да, Ресей мен Қазақстанды кесіп өтетін жүк көлігімен Иранға шамамен екі аптадан соң жетеді.
МАМАНДАР ТАПШЫЛЫҒЫ
Ет халал болып саналуы үшін қасапшы мұсылман болуы тиіс. Моңғолияда 100 мың мұсылман қазақ бар. Бұл халықтың небәрі үш пайызын құрайды
Моңғолияның енді дамып келе жатқан ет өндірісін тежеуші факторлар да бар.
Иранның импорттаушы компанияларымен жұмыс істейтін бизнес-менеджер Сейед Эрфан Эсфахани Моңғолияға қасапханалардағы технологияны жетілдіріп, салаға көптеп маман даярлау қажеттігін айтады.
Ет халал болып саналуы үшін қасапшы мұсылман болуы тиіс. Ал буддизм дінінің өкілдері жиі кездесетін Моңғолияда 100 мың мұсылман қазақ бар. Бұл халықтың небәрі үш пайызын құрайды.
Ет өндірісін тежеп тұрған тағы бір фактор - мал ауруының жиілеуі. Биыл наурыз айында малдар аусылға шалдығып, малшылар әбігерге түсті. Үкімет 12 аймақта карантин жариялап, 500 мың вакцина таратты.
Моңғолия экспортталып жатқан "еттің қауіпсіз екеніне басқалардың көзін жеткізу үшін қолынан келгенінің бәрін жасайтынын" мәлімдеп, Иран импорттаушыларымен бірлесіп мал денсаулығына қатысты заң жобасын әзірлеген.
- Мал бауыздалмай тұрып, оның ауру я ауру емесін бақылап тұрамын, - дейді Дархандағы зауытта жүрген Ирандағы Хузестан аймағының ветеринария басқармасының басшысы Хамид Реза Кавош.
Ет өндірісінің белгілі бір маусымға тәуелді болуы – ет экспортына кедергі келтіріп тұрған факторлардың бірі.
- Өрісте жайылған мал шүйгін шөп жеп, таза су ішеді. Жайлауда мал көп емес. Ал импорттаушы елдер ет тұрақты түрде тасымалданғанын қалайды. Сондықтан экспортқа ден қойған фермаларды көбейту керек, - дейді Моңғолияның ет қауымдастығы директорының орынбасары Очирбат Бегц.
АҚШ-тың Иранға салған сауда санкциялары да ет саудасына біраз қолбайлау болуы мүмкін. Вашингтон санкция талаптарын сақтамаған елдерге шара қолдануы ықтимал екенін айтқан.
Бірақ Очирбат Бегц халықаралық жағдай екі ел арасындағы кішігірім ет саудасына әсер ете қоймайды деп санайды.
"Қазіргі қатынас – ауқымды халықаралық келісім емес, кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланыс қана. Мұның ешқандай салдары болмауы керек", - дейді ол.
(Мақала Reuters агенттігіне сілтеме берген Азаттықтың Иран қызметінен тәржімәланды.)