Қырғызстанда тасқыннан сегіз адам опат болды, төртеуі – қазақстандық бала

Абшыр-Сай демалыс аймағында қалып қойған адамдарды қауіпсіз жерге алып шығып жатыр. Қырғызстан, Ош облысы, 29 маусым, 2024 жыл.

Қырғызстанның Ош облысында тасқын салдарынан сегіз адам мерт болған. Оның төртеуі – кәмелетке толмаған қазақстандық балалар.

Қырғызстанның Ош облысы Науқат (қырғызша Ноокат) ауданы Абшыр-Ата ауылында болған тасқын салдарынан кәмелетке толмаған төрт қазақстандық опат болған. Бұл жөнінде 30 маусым күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.

СІМ қазіргі уақытта қазаға ұшыраған балалардың құжаттарын жедел тәртіппен рәсімдеп жатқанын айтты. Қазақстандық дипломаттар апаттан мерт болғандардың туыстарына барынша көмек көрсетуге тырысып жатыр деді министрлік.

"Жақын арада Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағы қазаға ұшыраған балаларды елге жеткізеді", – деп хабарлады Қазақстан СІМ.

Қырғызстанның Ош облысында болған тасқын салдарынан опат болған қазақстандық балалардың саны төртеуге жеткені жексенбі күні түстен кейін белгілі болды. Одан бір күн бұрын Қырғызстанның ТЖМ кәмелетке толмаған екі қазақстандық қаза тауып, тағы екеуі хабар-ошарсыз кеткен деп хабарлаған еді.

Сол күні Қазақстан СІМ Қырғызстанның Ош облысында қазақстандық екі жасөспірім мерт болғанын растаған.

Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, Ош облысында 28 маусым түстен кейін болған тасқын салдарынан барлығы сегіз адам опат болған. Олардың алтауы – 8 бен 19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер. Науқат ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды.

29 маусым күні кешке Абшыр-Ата сарқырамасы маңындағы Абшыр-Сай демалыс аймағынан 1300-ден астам адамды эвакуациялау аяқталды. Сонымен қатар, құтқарушылар Кезарт жайлауынан 40 адамды қауіпсіз жерге алып шықты деп хабарлады Қырғызстан ТЖМ баспасөз қызметі..

"ЖОЛЫНДАҒЫНЫ ЖАПЫРЫП, АДАМДАРДЫ АҒЫЗЫП ӘКЕТТІ"

Ресми ақпаратқа сәйкес, 28 маусым күні сағат 16:10 шамасында Ош облысы Науқат ауданы Құлатов ауыл аймағының Абшыр-Ата ауылында қалың жаңбыр жауып, Шаран-Сай арнасы суға толып кеткен. Салдарынан лай-топырақ аралас көшкін жүріп, жолындағы екі көпірді, ондаған электр бағаналарын бүлдіріп, 10 жеке үйдің аулаларын су басқан.

Алғашқы сағаттарда бес адам қаза тауып, екі адам хабар-ошарсыз кетті деген ақпарат тараған еді.

"Қазіргі сәтке бес адам қайтыс болғаны туралы хабарлар бар. Оларды жергілікті тұрғындар тапты. Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан ішкі істер қызметкерлері қаза тапқандардың кім екенін анықтайды. Су келген бетте 8 жасар қызды ағызып алып кетті деген ақпарат бар", – деді 29 маусым күні таңертең өз аты-жөнін атағысы келмеген ТЖМ қызметкері Азаттықтың Қырғыз қызметіне.

Министрлік кейін 7-8 жас аралығындағы қыз тасқын суды бұруға арналған каналдың жағасынан өлі табылғанын хабарлады. Жергілікті тұрғындар арыны қатты су 13 және 15 жастағы екі баланы ағызып әкеткенін айтты.

29 маусым күні кешке апат салдарынан барлығы жеті адам опат болған деген ақпарат тарады. Ош облыстық ішкі істер басқармасы тасқын мерт қылған төрт адам табылғанын, олардың кім екені анықталғанын хабарлады. Төртеудің біреуі 2005 жылы, екіншісі 2008 жылы туған.

Кейінірек Төтенше жағдайлар министрлігі тағы үш адам өлі табылғанын хабарлады. Қаза тапқандардың алтауы – 8 бен 19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер екені анықталды.

29 маусымда түн ортасына таман тағы бір әйел өлі табылғаны белгілі болды. Тасқын салдарынан опат болғандар саны сегіз адамға жетті.

Сенбінің кешінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ноокат ауданында болған тасқыннан, және де Баткен мен Жалал-Абад облыстарында осыған ұқсас төтенше жағдайлар салдарынан мерт болған адамдардың туған-туыстарына көңіл айтты. Ол зардап шеккендердің барлығына жәрдем берілетінін мәлімдеп, төтенше оқиға кезінде құтқарушыларға көмектескен азаматтарға алғыс білдірді.

ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНАН ЭВАКУАЦИЯ

Қолда бар деректерге қарағанда, Исанов ауылдық округіндегі Тескей-Қожеке ауылында он шақты жеке үй мен білім беру мекемесінің аулаларын су басқан. Қарабұлақ ауылында тасыған су өзен жағасында тұрған автокөлікті ағызып әкеткен. Қош-Шан өзені арқылы өтетін көпірді су бұзып кеткен.

Сенбіге қараған түні ТЖМ баспасөз қызметі Науқат ауданындағы Көк-Жар ауылдық округіндегі Алашан ауылындағы Наймансай арнасынан асқан су Ош-Баткен-Раззаков тасжолының 65-шақырымындағы Найман көпірді бүлдіріп, салдарынан жол жабылып, көпірдің екі жағында жүздеген автокөлік тұрып қалған.

Гүлстан ауылдық округіндегі Тәжік-Қыстақ ауылындағы Шилісайда су арнасынан асып, көпірдің астыңғы жиегіне дейін жеткен, 7-8 үйдің ауласы мен қора-қопсысын басқан.

ТЖМ есебінше, тасқын су Науқат ауданы бойынша 33 үйге жайылып, соның ішінде жетеуі суда қалған.

Последствия схода селей в Ноокатском районе

Ал 29 маусымға қараған түні 1300-ден астам адам Абшыр-Ата сарқырамасының жанындағы Абшыр-Сай демалыс аймағынан шыға алмай отырғаны белгілі болды.

Лай аралас көшкін жалғыз жолды бұзып кеткен соң олар тұйық жерден шығай алмай қалған. Оларды эвакуациялау іс-шарасы сенбінің кешіне дейін жалғасты.

Нәтижесінде демалыс аймағында болғандардың барлығы қауіпсіз жерге шығарылды. Сол жерде оларды дәрігерлер тексерді.

ТЖМ Абшыр-Сай демалыс аймағынан эвакуацияланған адамдардың ешқайсы зардап шеккен жоқ деп хабарлады.

Сонымен қатар, Кезарт жайлауынан 150-ге жуық адам шыға алмай қалған деген хабар түскен. Ол жаққа құтқарушылар жіберіліп, ТЖМ сенбіде 30 адамды, келесі күні тағы 10 адамды (төртеуі – бала) эвакуациялағанын хабарлады.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІ

Адам қазасына себеп болған тасқынға байланысты Науқат ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жергілікті жерлерде 200-ден астам медицина қызметкері, сондай-ақ Ош облысы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталықтары қызметкерлері жұмысқа тартылған.

Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі іздестіру-құтқару және тазарту жұмыстарына 600-ден астам адам, оның ішінде төтенше жағдай мекемесі қызметкерлері, полицейлер, дәрігерлер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды деп хабарлады.

Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі 2 шілдеге дейін қалың жаңбыр болатындықтан тасқын қаупі сейілмегенін ескертті.