"Өз халқына соғыс ашты". Мьянмада наразылық күшейген тұста көшеде әскери техника көбейді

15 ақпанда елдің бірнеше қаласында мыңнан аса адам көшеге шығып, "Лидерімізді босатыңдар", "Әділдікті кім орнатады?" деп айғайлады. Көшеде әскерилердің де қарасы көп. 
 

14 ақпанда Янгон, Мьичина және Ситтве қаласының көшелеріне әскери техникалар кіргізілді. 

Жексенбіде полицейлер наразыларды тарату үшін оқ атқаны хабарланды. Полиция резеңке оқ әлде шын оқ атты ма, ол жағы белгісіз. Елдің бірнеше қаласында мемлекеттік қызметкерлер де наразылыққа шықты.

Мьянмадағы операторлар әскерилерден интернет пен байланысты бұғаттау туралы бұйрық алғанын хабарлады.

15 ақпанда Янгон қаласының көшелерінде полицияның су шашатын көліктері көбейді. Саяси тұтқындарға көмек қорының есебінше, елде кем дегенде 400 адам ұсталған, олардың арасында студенттер де бар.

14 ақпанда әскерилер қылмыстық кодекске өзгертіп, елде митингіге шыққандарды басып-жаншитын ереже енгізді.

БҰҰ арнайы өкілі Том Эндрюс Twitter парақшасында "Генералдар өз халқына соғыс жариялады" деп жазды. Мьянмадағы батыс елдерінің елшілігі біріккен мәлімдеме жасап, наразыларға қарсы күш қолданбауға шақырды.

1 ақпанда Мьянма әскерилері елде төңкеріс жасап, биліктегі Аунг Сан Су Чжи мен бірнеше саясаткерді үйқамаққа алған. Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген еді. Былтырғы сайлауда Аунг Сан Су Чжи басқаратын Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз деп танылған. Әскерилер сайлау әділ өтпеді деп санайды.

Төңкеріс жасағандар елде бір жыл төтенше жағдай жариялап, билік әскер басшысы Мин Аунг Хлайнның қолына өтті.

75 жастағы Аун Сан Су Чжи 1989-2010 жылдары үйқамақта болған. 1991 жылы, үйқамақта отырған кезде, ол еліндегі адам құқығы мен демократия жолындағы күресі үшін бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленді. Халықаралық қауымдастықтың қысымынан соң 2010 жылы Мьянма әскерилері оны үйқамақтан босатты. 2015 жылы оның партиясы елдегі сайлауда жеңіске жеткен. Бірақ Су Чжи балалары шетел азаматы болғандықтан елдің президенті бола алмады, бірақ ол елдің де-факто лидеріне айналды.

2017 жылы Мьянмадағы әскеи операция кезінде елдің Ракхайн провинциясындағы мыңдаған мұсылман рохинжа қаза тапқан соң Су Чжидің халықаралық беделі түсе бастады. Мьянма әскері операцияның мақсаты экстремистермен күрес деп атағанымен, құқық қорғау ұйымдары Мьянма билігін рохинжалардың көзін құртпақ болды деп айыптады. Аунг Сан Су Чжидің халықаралық беделіне нұқсан келгенімен, ел ішінде беделі жоғары.