"ӨМІР ЗАҢДЫЛЫҒЫНА БАҒЫНУЫМЫЗ КЕРЕК"
Бүгін, 23 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өткен "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының төрағасы қызметін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізетінін айтты.
"Бұл партияны құрудың басында мен тұрғанымды, оны 27 жылға жуық басқарғанымды жақсы білесіздер. Сондықтан "Нұр Отан" партиясын саясат пен стратегияны анықтайтын ел президенті басқаруы керек деп санаймын. Бізде үнемі солай болған, біз мұны партиямыздың жарғысын негізге ала отырып шешуіміз керек Мен партияның негізін қалаушы ретінде, оның белді мүшесі ретінде сіздермен қала беремін. Бірақ біз өмір мен болашақтың заңдылығына бағынуымыз керек" деді Нұрсұлтан Назарбаев онлайн өткен басқосуда.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың екі жылдағы "жартылай президенттігі" һәм Назарбаевтың элитаға ықпалыҚазақстанның түрлі қалаларымен қосылған мониторларға қарап отырған Назарбаевтың қасында билік партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек пен экс-президент кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков қана болды. Экс-президент елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы 20 минуттай сөйледі. Бұл – көптен жұрт алдына шықпай кеткен Назарбаевтың соңғы кездегі ең ұзақ сөйлеген сөзі.
"Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің жиыны өтетіні бір апта бұрын хабарланғанымен, жиынның өзіне журналистер қатыстырылған жоқ. Бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың сөзінше, "партия төрағасын сайлау және босату мәселесі "Нұр Отан" партиясының алдағы уақытта өтетін съезінде қаралады, оған дейін Назарбаев партия төрағасы болып қала береді.
2019 жылы наурызда Қазақстан президенті өкілетін тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы лауазымын өз қолында қалдырған және оған Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің өмір бойы басқару құқығы берілген.
Осыдан кейін Қазақстанда "қос билік орнады", "кітапхана" (экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев отыратын кеңсенің атауы – ред.) мен "Ақ орда" арасында қайшылық бар деген болжамдар айтылған. Алайда Тоқаев билігі мен билікшіл саясаттанушылар мұндай болжамды терістеп келген.
Олар биыл 28 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы қызметін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғанын "билік тразиті жүріп жатқанына" дәлел ретінде көрсеткен.
Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жергілікті БАҚ-қа берген сұқбатында "Нұр Отан" төрағалығын беру туралы шешімді де "билік транзитінің жалғасы" деп сипаттады. Шын мәнінде солай ма? Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаев дәуірі аяқталды ма?
"ТОҚАЕВ БИЛІГІ КҮШЕЙДІ"
Бұл сұраққа сарапшылар әрқилы жауап берді. Алайда билік саясатын қолдайтын сарапшылардың да, қолдамайтын сарапшылардың жауабы ұқсас шықты. Кей талдаушылардың сөзінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі күрт күшейеді, Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы бұрынғысынан әлдеқайда азаяды, біржола жойылып та кетпейді.
Парламент мәжілісінің депутаты Айдос Сарымның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясының төрағалығын беру туралы шешімі 2019 жылдан басталған билік транзитінің заңды жалғасы.
- "Ақорда" мен "кітапхана" арасындағы текетірес деген секілді сияқты ойдан шығарылған, кейбіреулердің іске аспаған сценарийлерін виртуал әлемде көбейте берудің керегі жоқтығына бұл да бір дәлел. Бәлкім шығыс халқына тән жеке-дара жолымыз шығар, қиындығы мен құйтырқылығы да бар шығар, бірақ бұл - шынайы транзит, елдің ішіндегі де сыртындағы да бақылаушылар осы мәселені қабылдауға тиіс, - дейді Айдос Сарым.
Айдос Сарымның айтуынша, "Нұр Отан" төрағалығын алған соң Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі күшейеді.
- Партияның төрағасын қызметтен босату, сайлау "Нұр Отан" съезінде қаралғанымен, бүгіннен бастап "Нұр Отан" партиясын басқару президентке өтетіні айқын. Тоқаев осы кезге дейін конституциялық механизмдерді қолына алса, бұл жолы саяси механизмдерді де алып жатыр. Оның үстіне, бұл - алдағы үлкен саяси науқандарға дайындық екені сөзсіз. Элитаға сигнал беретін шешім, - дейді ол.
Қазіргі саяси жүйені, билікті сынап "Демократиялық партия" құруға талпынып жүрген саяси белсенді Жанболат Мамай да Тоқаевтың жеке билігі күшейді деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Хуан Карлос, Путин және майталман сантехник". Назарбаев жайлы кезекті фильм шықты- Тоқаев мұнан былай парламент мәжілісінің де спикерін ауыстыра алады. Вертикал билікте саяси күш ретінде отырған "Нұр Отан" басшыларын түгелдей Назарбаевтың келісімінсіз ауыстыра береді. Бұл - заң жүзінде үлкен мүмкіндік, ал іс жүзінде Тоқаевтың оны қалай қолданатыны белгісіз, - дейді ол.
Жанболат Мамай Тоқаев билігін күшейткенмен елде саяси реформалар жасайтынына күмәнмен қарайды, бұрынғы авторитарлық басқару тәсілін сақтап қала береді деп есептейді.
Бұрын Қазақстан президенті әкімшілігінде қызмет еткен, Алматы қаласы әкімдігінде ішкі саясат бөлімін басқарған, қазір билікті сынап жүрген Санжар Боқаевтың бүгінгі билік транзитіне айтарлықтай үміттенбейтіні байқалады.
Оның сөзінше, Тоқаев "Нұр Отан" партиясы билігін алғанымен, ол партияның Қазақстанда саяси және экономикалық реформа жасайтындай күші жоқ.
"НАЗАРБАЕВТЫҢ БАСТАПҚЫ ЖОСПАРЫ БІРШАМА ӨЗГЕРДІ"
Саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев "Нұр Отан" партиясының төрағалығын берумен Назарбаевтың дәуірі аяқталды деп санайды.
- 2019 жылы президенттіктен кеткенде қызы Дариға Назарбаеваны сенат спикері етіп қалдырған еді. Бұл алдағы уақытта президенттікке алып баратын қадам сияқтанды. Бірақ ол жүзеге аспады. Меніңше, Назарбаевтың билік транзиті туралы бастапқы жоспары біршама өзгерді. Оның әулетінен біреу президент болуы мүмкін деген күдік сейілді. "Нұр Отан" төрағалығын берген соң Назарбаев дәуірі аяқталды деуге толық негіз бар. Оның қолындағы қауіпсіздік кеңесі формалды нәрсе, - дейді ол.
Ал Жанболат Мамайдың сөзінше, Назарбаевтың дәурені аяқталды деп айту әзірге ерте.
- Назарбаевтың ықпалы бәрібір азайып бара жатқаны байқалады. Қалай болғанда бәрі Назарбаевтың денсаулығына байланысты. Кейінгі кезде белсенділігі өте қатты төмендеді. Үлкен жиындарға қатыспайды. Денсаулығы жарап тұрса саяси процестерге үйреншікті әдетімен араласа берер ме еді? - дейді ол.
Оның сөзінше, Назарбаевтың "Нұр Отан" төрағалығын беруіне өз денсаулығы да, Қазақстандағы әлеуметтік жағдай мен ішкі-сыртқы факторлар да әсер етуі мүмкін.
- Президенттіктен кету жөніндегі шешімін ең алдымен Ресей президенті Владимир Путинге айттым дегені есімізде. Бәлкім бұл жолы да Путинмен келісім болған шығар. Оны білмейміз, өйткені Қазақстандағы саяси шешімдердің жұмбағы көп, - дейді Жанболат Мамай.
Айдос Сарым Нұрсұлтан Назарбаев партия басшылығынан кетсе де саяси салмаған жоғалтпайды деп санайды.
- Ол билікте болмаса да саяси элитаны тәрбиелеуші адам рөлінде қала береді, меніңше ол үлкен транзиттің аяқталғанын рәсімдеп, қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметін де табыстайтын шығар, - дейді Сарым.
2006 жылы "Нұр Отан" партиясы болып өзгерген бұл партия 1998 жылы 21 қазанда "Президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаудың қоғамдық штабы" қозғалысы болып тіркелген. Назарбаев мерзімінен бұрын өткен сайлауда президент болып сайланғаннан кейін, 1999 жылы "Отан" партиясы болып өзгеріп, наурыз айында Назарбаев оған төраға болып сайланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұзаққа созылған қоштасу". Постназарбаев дәуірі келе ме? Ол қандай болады?"Нұр Отан" партиясы одан бері Қазақстан халықтар бірлігі партиясын, Қазақстанның демократиялық партиясын, Қазақстанның либералдық қозғалысын, "Қазақстан – 2030" қозғалысын, Қазақстанның халықтық-кооперативтік партиясы мен Республикалық еңбек саяси партиясын, қызы Дариға Назарбаева басқарған "Асар" партиясын, Азаматтық және Аграрлық партияларды өзіне қосып алды.
1993 жылы қабылданған конституцияның 77-бабында "Президенттің Республика өкілді органының депутаты болуға, өзге де мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерге қызмет атқаруға немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ" делінген.
1995 жылы қабылданған конституцияда бұл бап өзгеріп, "Қазақстан Республикасы Президентінің өкілді органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетін қызметтер атқаруға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығы жоқ" деп өзгерді, яғни президенттің саяси партияны басқаруына жол ашылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Miss Kazakhstan, "Астана балет" менеджері. Назарбаевтың "тоқалы" Әсел Құрманбаева кім?Жеке басқа табынатын елдегі "жемқор тиранға" тартуҚазақстандағы "шоғырланған авторитарлық режим". Freedom House есебінде не айтылған?Пол Стронски: Тоқаев пен Назарбаев төңірегі арасында текетірес бары анық