Лондонда Назарбаева мен Әлиевтікі деген үй 11,8 млн долларға сатылымға шығарылды

Лондондағы Denewood Road көшесінде орналасқан Дариға Назараева мен Нұрәли Әлиевтің үйі

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевке тиесілі делінетін Лондон шетіндегі зәулім үй сатылымға шығарылды. Winkworth риелтор компаниясының сайтында жарық көрген хабарландыруда үй туралы жан-жақты мағлұмат берілген. Төрт қабатты үй Лондондағы жасыл желекті ауданда, Highgate гольф-клубының түбінде, адам аяғы баспайтын Denewood Road тұйық жолының түкпірінде орын тепкен.

11 млн 800 мың АҚШ долларына бағаланған үйге ешқандай құқықтық шектеу жоқ екені, еркін саудаға шығарылғаны хабарланған. Үйді сатып алу мақсатында көру үшін арнайы форманы толтырып, байланыс телефоныңызды қалдыруыңыз керек. Сайтта үйді ипотекаға алудың жолдары да қарастырылған.

Хабарландырудан аумағы 765 шаршы метр болатын үйдің әр қабатының 3D көрінісін көріп, әр бөлмесін жеке тамашалауға болады. Жеті жатын бөлмесі, төрт қонақ бөлмесі мен алты ваннасы бар үйдің фотогалереясы да қоса берілген. Үйдің ішінде үлкен бассейн мен бильярд үстелі бар, барлық бөлмесі қымбат жиһазбен жабдықталған.

Сайттан үйдің картадағы орналасқан орнын, спутниктен қарағандағы көрінісін байқауға болады.

Азаттық үйдің қай уақытта сатылымға шыққанын және нақты иесі кім екенін сұрап, Winkworth риелтор компаниясына хабарласқан еді, бірақ автожауапкер барлық сұрақтарды жазбаша түрде жіберуді өтінді.

"ШЫҒУ ТӨРКІНІ БЕЛГІСІЗ БАЙЛЫҚ"

Азаттық "Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім үйлері" атты зерттеуінде экс-президенттің жақындарына тиесілі деген Еуропа мен АҚШ-тағы құны 785 миллион долларлық аста-төк байлықтың тізімін жасады. Онда Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа, құдасы Қайрат Боранбаевқа, інісі Болат Назарбаевқа және Дариға Назарбаева мен оның ұлына тиесілі үйлер туралы мәлімет бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайлары

Сол зерттеуде Лондонның Дэнвуд роуд көшесіндегі осы сарай туралы да жазылған. Осы үймен қоса, Назарбаевтар 2008-2010 жылдары офшор компанияларға сатып алынған Bishops Avenue-дағы (Бишопс-авеню) зәулім сарай мен Manresa Road (Манреса-роуд) көшесіндегі үйге британ құқық қорғаушыларының көзі түскен.

2019 жылы мамырда Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігі (NCA) “бұл үйлерді Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі және Нұрәли Әлиевтің әкесі Рахат Әлиев қылмыс жолымен тапқан ақшаны жасыру мақсатында алған” деп күдіктеніп, "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері негізінде бұғаттаған. NCA шығу төркіні белгісіз байлық ордерін сол жолы екінші рет қолданды. Алғаш рет мекеме бұл ереже аясында әзербайжандық банкир Жаһангир Гаджиевтің әйелінің мүлкі бұғатталған еді.

2020 жылы өткен сот процесі кезінде Назарбаева мен оның Қазақстанда түрлі лауазымды міндеттер атқарған ұлы Нұрәли Әлиев өз мүліктерін қорғап қалды.

Сотта осы істі тергеген тергеуші А. Келли “Әлиев мемлекеттік қызметте істеп жүргенде және одан кейін үлкен қылмыстар жасаған, ал оның отбасы Рахат Әлиев тірі кезінде және өмірден өткеннен кейін бұл ақшаларды өзіне алып отырған” деді. Келлидің сөзінше, “бұл активтердің сатып алынуы және басқарылуы шым-шытырық және құпияға толы, сондықтан күмән тудырады”.

Сот материалдарына сай, Әлиев пен Назарбаева үш үйді қалай алғанын “толығырақ түсіндірген”. Сот құжаттарындағы мәліметте Денвуд-роудтағы зәулім үйді 2008 жылы Twingold Holding компаниясы 9,3 миллион фунт стерлингке алған. Кейін 2013 жылы панамалық Villa Magna компаниясына берілген.

Сот процесі кезінде Денвуд-роудтағы зәулім үйді алған Villa Magna компаниясын Дариға Назарбаеваның өзі құрғаны айтылды. Бұған қоса Назарбаева Қазақстан қор биржасында (KASE) өзін тиесілі “Қант” компаниясының акциясын сатып, соның ақшасына Лондонда үй алғанын көрсетеді. Назарбаева “Қант” компаниясын “Әлиевпен ажырасқан соң алған активтерінің бірі ретінде атаған.

"ЕЛБАСЫНЫҢ АРҚАСЫНДА БАЙЫҒАНДАР"

2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы – Дариға Назарбаева биыл 2 наурызда мәжіліс депутаты өкілетінен айырылды. Бұдан бұрын ол елдегі екінші лауазым - сенат төрайымы қызметін атқарып, кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен қызметінен кеткен еді. Әкесінің тұсында түрлі лауазымды қызметтерде болған Дариға Назарбаева президенттіктен үміткерлердің қатарында да аталатын.

2022 жылғы қаңтар айының басында елдің батысында басталған әлеуметтік наразылық қақтығысқа ұласып, елдің көп қаласында тәртіпсіздік болды, белгісіз адамдар мемлекеттік ғимараттарды басып алып, мүлікті қиратты. Сол оқиға кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымынан айырылды, кейін ол билік партиясының басшылығын да тапсырды. Содан бері Назарбаев әулетінің саяси ықпалы азайды деп саналады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кланның әлсіреуі". Назарбаев туысының ұсталуы нені білдіреді?

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың көп туысы биік лауазымды қызметінен айырылды. Соның ішінде Дариға Назарбаеваның күйеуі саналатын Қайрат Шәріпбаев бар. Ол "Қазақгаз" компаниясы басқарма төрағасы қызметінен кетті.

Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы мен құдасы Қайрат Боранбаев қамауға алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін "елбасының арқасында байығандар", "олигополия" деген сөздерді жиі қолданып, шетелге кеткен байлықты қайтару туралы айтқанымен, Назарбаев әулетінің байлығы туралы нақты әңгіме болған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің Алматыдағы мүліктері