Иран Израильге жаппай соққы жасады: дрон-камикадзе және қанатты зымырандар жіберілді

"Шахед" дронын ұшыру сәті.

Жексенбіге қараған түні Иран Израильге дрон және қанатты зымырандармен жаппай соққы жасады. Мамандардың бағалауынша, бұл бұрын-соңды болмаған оқиға. Бұған дейін Израильге Сирия мен Ливан, Йемендегі ираншыл топтар соққы жасап келген.

Иран Израильге қарай жүздеген дрон-камикадзелерін жіберді деп мәлімдеді 13 сәуірде кешке Израиль әскері. Дрондар легі бірнеше толқын болып ұшырылған. Ізінше қанатты және баллистикалық ракеталар жіберілгені жөнінде де ақпарат тарады.

Израиль аумағында әуе дабылы іске қосылды. Ираннан жіберілген дрондар мен ракеталар Израильдің әуе кеңістігіне кірді.

"Кан" радиосының хабарлауынша, Иерусалим және өзге де аумақтарда 14 сәуірге қараған түні Израиль әуе қорғаныс жүйесі ондаған қанатты зымыранды атып түсірген.

Израильдің жоғары лауазымды шенеунігіне сүйенген Ynet порталы Израиль Иран жіберген дрондар мен ракеталардың 99% атып түсіргенін хабарлады. Иран жіберген ондаған дронды Израиль шекарасына жақын маңда АҚШ бастаған аймақтық коалиция күштері жойған. Дрондарды атып түсіруге Ұлыбританияның әуе күштері де қатысты деп хабарлады Sky News. Ондаған дронды Иорданияның әскери-әуе күштері атып түсірген.

ИРАН ШАБУЫЛДЫ РАСТАДЫ

Ислам революциясы сақшылар корпусы Иранның Сириядағы консулдығының атқылануына жауап ретінде Израиль аумағына дрон және ракета ұшырғанын растады. Консулдыққа шабуылдың салдарынан сақшылар корпусының жеті өкілі қаза болған. Арасында жоғары лауазымды офицерлер де бар. Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи "зұлым сионистік режим жазаланады" деп мәлімдеді.

Иранның БҰҰ-дағы өкілдігі мәлімдеме таратып, шабуылды Дамаскідегі консулдыққа жасалған соққыға жауап деп атады. (Израиль шабуылды ресми түрде мойнына алмаған). Мәлімдеме авторларының жазуынша, мұны аяқталған әрекет деп атауға болады, алайда Израиль АҚШ-тың қолдауымен жауап берсе, Иран бұдан да пәрменді соққы жасайды.

РАКЕТАЛАР МЕН ДРОНДАР

Бұған дейін америкалық БАҚ дереккөздерге сүйене отырып, Иран шабуылға дрондар (мәселе Ресей қазір Украинада қолданып жатқан дрондар болуы мүмкін) мен ракеталарын қатар қолдануы мүмкін екенін жазған. Соққы әскери нысандарға бағытталуы ықтимал. Оның қуатын әзірге бағалау мүмкін емес, алайда мәселе жүздеген дрон мен ракета жөнінде болып отырған болуы мүмкін. Аты-жөнін атамаған АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілі ABC арнасына берген сұхбатында олардың саны 400-500 болуы мүмкін айтқан.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұған дейін Иранның тікелей шабуылына дайын екенін мәлімдеген.

"Біз қорғанысқа да, шабуылға да дайынбыз. Израиль мемлекеті мықты. Израиль әскері мен қоғамы мықты. Біз АҚШ, Ұлыбритания, Франция және өзге елдердің қолдауын бағалаймыз" деді ол.

ӘУЕ КЕҢІСТІГІН ЖАБУ

Израиль билігі түнде Бен-Гурион әуежайы үш сағатқа жабылатынын мәлімдеді. Иордания мен Египет әуе кеңістігін жапты, сонымен бірге Бағдат әуежайы да уақытша тоқтатты.

Израиль әуеге ондаған әскери ұшағын көтергені хабарланды.

Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшқыны Қазақстандағы жолаушыларға да әсер еткен.

14 сәуірде Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Алматы мен Астанадан Дубайға ұшатын рейстер кешігіп ұшатынын хабарлады. Әзірге толық емес ақпарат бойынша Дубайға рейстер сағат 15-те ұшады.

“Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Air Astana-ның Дубай мен Жиддаға ұшатын рейстері Иранды айналып ұшпақ” деп хабарлады әуе компаниясы.

БАЙДЕН ДЕМАЛЫСЫН ҮЗУГЕ МӘЖБҮР БОЛҒАН

АҚШ президенті Джо Байден Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты сенбі күні демалысын үзіп, Вашингтонға оралды. АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің ресми өкілі Эдриенн Уотсон шабуыл басталғанын растады. Оның сөзінше, президент әкімшілігі Израильдің ресми тұлғаларымен және одақтастарымен тұрақты түрде байланыста отыр.

Пентагонның хабарлауынша, АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлантпен сөйлесіп, Иран мен аймақтағы ираншыл күштердің ықтимал шабуылдарына қарсы Вашингтон қолдау көрсететінін айтқан.

ШАБУЫЛ АЛДЫНДА НЕ БОЛДЫ?

Кейінгі күндері АҚШ үкіметіндегі дереккөздерге сүйенген ақпарат құралдары Иран жуық арада Израильге соққы жасайтыны хабарлаған еді. Бұл Дамаскідегі Иран консулдығына жасалған соққыға жауап болуы мүмкін. Шабуылдан Ислам революциясы сақшылар корпусының жеті өкілі қаза болған.

Сақшылар корпусының өкілдерін жерлеу рәсімі кезінде бұрынғы қолбасшы генерал Мохсен Резаи Израильдің кек алу туралы шешімі қабылданды деп мәлімдеген. Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи де кек алуға уәде берген.

АҚШ мемлекеттік департаменті Израильде жүрген америкалықтарға ескерту таратып, қала аумағынан шықпауға кеңес берді. Дипломатиялық ведомство өкілдеріне жағдайға қарай бұйрықты күту қажеттігі айтылды.

Мұндай ахуал АҚШ пен ЕО террористік ұйым деп таныған ХАМАС қарулы тобының 7 қазанда Израильге жасаған шабуылынан кейін Газа секторында басталған соғыс тұсында қалыптасып отыр.