"Қайдан пана табамыз?" Суда қалған мыңдаған үй, жылаған жұрт, ақталған әкім. Петропавлдағы ахуал қандай?

Су басқан Подгора ауылында қайықпен жүзіп жүрген адамдар. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 15 сәуір, 2024 жыл

Солтүстік Қазақстан облысы халқын тасқын әуреге салып жатыр. Аймақта 1700-ден аса үйді су басып, жеті мыңнан аса адам эвакуацияланды. Азаттық тілшілері өңір орталығы Петропавлдың іргесіндегі елді мекендердегі жағдайды көрді.

"ЖАҒДАЙЫМЫЗ МҮШКІЛ, БІРАҚ ТІРІ ҚАЛҒАНЫМЫЗҒА ШҮКІР ДЕП ОТЫРМЫЗ"

– 2017 жылы да тасқын суда қалғанбыз, әйелім екеуіміз шатырға шығып, су қайтқанын күткенбіз, – дейді Петропавлдың іргесіндегі Заречное ауылының тұрғыны, 66 жастағы Валерий Шинкаренко. Қазір ол биылғы тасқыннан зардап шеккен өзге адамдармен бірге эвакуация пунктін паналап отыр.

Шинкаренко үйі қазір қандай күйде екенін білмейді. Бірақ көрші үйдің шатырына дейін суда қалғанын фотодан көрген. Менің де үйім сондай күйде шығар деп топшылайды ол.

Осыдан жеті жыл бұрын болған тасқыннан кейін ерлі-зайыпты Шинкаренколар үйін қалпына келтіруге көп уақыт жұмсаған. Ас үйі кең, ауласында моншасы, ошағы жеке орналасқан үй деп сипаттайды баспанасын. Үйдегі техника атаулыдан құндысы тоңазытқыш пен теледидар дейді өздері. Оларды ерлі-зайыпты екеуі ай сайын алатын зейнетақыдан 5-6 мың теңгеден тірнектеп жинап сатып алыпты. Бірақ биыл үлкен су келіп, бүкіл елді мекенді басып қалған кезде, екеуі бүкіл дүние-мүлкін тастай қашуға мәжбүр болған.

Петропавл қаласы маңындағы Заречное ауылының тұрғыны Валерий Шинкаренко қазір эвакуация пунктінде тұрып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы, 15 сәуір, 2024 жыл.

– Бір шаңырақтың астында бірге тұрып жатқанымызға 45 жыл болды. Тірі қалғанымызға шүкір деп қуандық. Бізге көмектестіп жатқандардың бәріне ризамыз. Әкім де келіп, бізбен сөйлесіп кетті, тура қазір сізбен әңгімелескеніміз сияқты, – деді Шинкаренко Азаттық тілшісіне. – Бәрін қалпына келтіреміз деп айтты. Тоқаев та адамдарға көмектесеміз деді. Сондықтан енді күтіп отырған жайымыз бар.

Валерий Викторович рухы түспегенін білдіріп, сөз арасында әзілдеп қояды. Тек "жасы келіп қалғандықтан, үйді қайта салып шығуға қауқары жоғына" қынжылады.

– Сыз үйде қайтіп тұрады екенбіз деп үнемі ойға шомам. Жағдайымыз мүшкіл. Үйге біреу-міреу келсе шәңкілдеп үріп белгі беретін итіміз бар еді. Үйден кетерімде, қарғысына қалмайын деп байлаудан босатып жібергем, сол не болды екен деп уайымдаймын. Талғажау етер бірдеңе тапқан шығар деп өзімді іштей жұбатып қоям, – дейді қарт зейнеткер.

Үйін тасқын су алған Заречный ауылының тұрғындары мектепте ашылған эвакуация орнын паналап отыр. Петропавл, СҚО, 15 сәуір, 2024 жыл.

Қазір суда қалған елді мекендерде жүрген құтқарушылар мен еріктілер иесіз қалған ит көрсе құрғақ жерге алып шығады. Бірақ әркез олай бола бермейді. Өзін Татьянамын деп таныстырған ерікті су басқан ауылдарда қалған иттерді құтқаруға бармақ болғанында өзін Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері ол жаққа өткізбей қойғанын айтты.

– Бізді өткізбеді, ал өздері [құтқаруға] құлықсыз. Жануарларға ең соңғы нәрсе деп қарайды. Бірақ біз ол жаққа бара аламыз ғой, қайығымыз, арнайы дайындалған адамдарымыз бар, тіпті керек десе, қасымызға ертіп жүретін бір адам қосып берсін, тек бізді сол жаққа өткізсін. Иттің үміт күтетін ешкімі жоқ. Оларға біз қажетпіз, біздің көмегімізге мұқтаж, жасы кіші туыс іспеттес бізге. Суық суда қалып қойған олар ылғи қыңсылап, ұлиды, – дейді иттерге жаны ашыған Татьяна.

ЕРІГЕН ҚАР, СЕРГЕЕВ СУ ТОРАБЫ, АРНАСЫНАН АСҚАН ЕСІЛ

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасындағы бөгет бұзылып, қоймадағы су Есіл өзеніне құйылған. Бұған қоса, Есілдегі мұз бен қар да еріп, жағдайды одан әрмен ушықтырды. Тұрғын халық жергілікті билікті Есілдегі мұзды уақытында жармады деп сөгеді.

Петропавл маңында жатқан Бескөл ауылын және сол ауылға баратын жолды да су алған. Су басқан жолмен жүк көліктерінің жүруі де қиын.

Ал Петропавл қаласындағы Подгора, Заречный, Мичурин, Хромзауыт ықшамаудандары да тасқыннан зардап шеккен.

Тасқыннан қатты зардап шеккен Подгораның тұрғындары Азаттыққа жергілікті халық дамбыны өз күшімен бекітуге тырысқанын, ал әскери адамдар, құтқарушылар ол жерде болмағанын айтты. Егер дамбыны дер кезінде нығайтып, бекіткенде шағын аудандарды тасқыннан аман алып қалуға болар еді деп есептейді. Бірақ ештеңе жасалмады деп ашынады олар.

Your browser doesn’t support HTML5

"Құтқаруға болар еді". Су алған Петропавлдағы ахуал

"Біз қолдан келгеннің бәрін істедік. Су өте көп блоды", – деп ақталды Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев Подгора тұрғындарымен кездескенде.

Петропавлдың тасқын су жетпеген аудандарында қазір 12 эвакуация пункті ашылған. Оларды тасқыннан зардап шеккен Подгора, Заречный, Мичурин, Хромзауыт ықшамаудандарының 400 тұрығыны паналап отыр. Өзгелері туған-туысының үйін сағалап кеткен.

Гүлдарай Құсайынова – Петропавл маңындағы саяжай алабының тұрғыны

Гүлдарай Құсайынова – эвакуация пунктін паналап отырғандардың бірі. Гүлдарай Мерекеқызы басындағы жағдайды баяндағанда көз жасына ерік берді. Су оның үйін түгелдей басып қалған. Ең қиыны – оның үйі қала шетіндегі Заречный ауылындағы саяжай алабында болғандықтан, Гүлдарай ауыл тұрғыны болып есептелмейді. Сондықтан құжат жүзінде үй саяжай алабында тұр деп көрсетілгендіктен, яғни уақытша баспана саналатындықтан билік маған жәрдем бермей қоя ма деп алаңдайды.

– Бізге берілген жер актісі бар, біз сол бойынша тіркелгенбіз. Бірақ үйдің құжаты жоқ, өйткені үй бау-бақша бірлестігінде болғандықтан, оған құжат рәсімдеуге рұқсат етпей қойды, – деп шағынды ол.

Гүлдарай мектепте тазалаушы болып жұмыс істейді. 2017 жылы тасқын болған кезде оның саяжайдағы үйін су басқан. Одан кейін отбасыға үйді толық бұзып тастап, жаңадан қайта салуға тура келген. Сол жолы үйдің іргетасын бір метр биік етіп салған едік, дейді Гүлдарай. Бірақ биылғы тасқында су үйдің шатырына дейін жеткен. Гүлдарайдың бұрынғы үйі шпалдан салынған болса, кейінгі үйді газоблоктан тұрғызған.

– Қазір мүлде тақыр-таза қалдық. Енді қайтып өмір сүреміз, айтыңызшы?! – деп еңірейді әйел. – Қыздар әкімдікке барды. Оларға саяжайда тұратындардың [үйі] қалпына келтірілмейді, өйткені олардың сол жерде тұрақты тұруға құқы жоқ болатын депті. Сонда қайда баруымыз керек? Айлық аз, ештеңені сақтап қала алмадық. Міне, мына жатқан жерден шығарып жіберсе, біз қайдан пана табамыз?

"Біз қолдан келгеннің бәрін істедік. Су өте көп болды" деп ақталды Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев Подгора тұрғындарымен кездескенде.

"СУ ТӨРТІНШІ ҚАБАТТАН ЖОҒАРЫ КӨТЕРІЛМЕЙДІ"

Петропавл іргесіндегі жер үйлер мен бірнеше қабат ғимараттар қазір лай судың ортасында тұр. Аулаға кірген су кейбір жер үйдің терезесіне дейін, кейбірінің шатырына дейін жеткен.

Бұл күндері суда қалған үйіне алыстан, кейбірі дүрбі салып қарап тұрған адамдарды жиі көресіз. Бәрі үйінде қалған мал-мүлкіне алаңдайды.

15 сәуірге қараған түні үлкен су Большая Малышка ауылын да басты. Бүкіл ауыл (мыңнан аса адам) эвакуацияланды. Олардың бір бөлігі Пеньково ауылындағы эвакуация орталығына жеткізілсе, қалғандары туыс-туғанын сағалады. Қазір Большая Малышка ауылына баратын жол да жабылған. Тұрғындар үйдегі малын судан құтқара алмағанын айтады.

10 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Есіл өзенімен Петропавл қаласына "үлкен су келе жатқанын" мәлімдеп, екі күнде су облыс орталығына жететінін айтқан еді.

Петропавлға су 13 сәуірде келіп жетті. Келесі күні біраз аймақты тасқын басып, халық жаппай көшіріле бастады. Петропавлда электр желілеріне зақым келіп, салдарынан ауыз су мен тұрмысқа қажет су болмай, су тарататын көліктердің жанында ұзын-сонар кезек пайда болды. Петропавлға барған Азаттық тілшілері де жексенбіде екі бөтелке ауыз суды әрең тапты. Дүкенде бір литр бөтелке судың бағасы да өсіп, 500 теңгеден сатылды.

Теміржол вокзалы маңында ауызсу алуға кезекте тұрған адамдар. Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 14 сәуір, 2024 жыл.

15 сәуірде Петропавл қаласына ауызсу беріле бастады деген ақпарат тарады. Жұрт су лай екенін, тіпті соның өзі тек төменгі қабаттағы пәтерлерге ғана берілді деп сын айтты.

– Су төртінші қабаттан жоғары көтерілмейді, – деді қазір Петропавлда жүрген Азаттық тілшісі.

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев "бір-екі күнде судың беті қайтады" деп үміттенеді. Облыс әкімдігінің 15 сәуірдегі мәліметі бойынша, Сергеев су қоймасында бір күнде су деңгейі 315 сантиметрден 280 сантиметрге түскен. Есілдің Покровка және Новоникольск ауылдары тұсындағы қойнауында да су азайып келеді.

Ал Петропавлда су 78 сантиметрге көтеріліп, 1303 сантиметрге жеткені айтылды.

16 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сапармен барды. Ақорданың баспасөз қызметі президент эвакуацияланған тұрғындармен кездескенін хабарлады. Бұған қоса президентпен кездесуге алдын ала іріктелінген адамдарды апарған деген де ақпарат тарады.

Тасқыннан зардап шеккендермен әңгімеде президент мемлекет "қажет шараның барлығын" қабылдайтынын айтқан.

"Тұрғындармен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын айтты. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр және комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несиелері мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі" деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Солтүстік Қазақстан облысындағы тасқын кезінде суда қайықпен кетіп бара жатқан адам. 15 сәуір, 2024 жыл

Биыл көктемде Қазақстанның басым бөлігі тасқыннан зардап шекті. Елде 108 200 адам (38 706-сы – бала) эвакуацияланған. Қазіргі мәлімет бойынша, күллі ел аумағында 5,4 мың үйді су алған.