"Медаль алуы тиіс" Рейхерд неге жүлдесіз қалды?

Дмитрий Рейхерд жарыс жолында. Пхенчхан. 12 ақпан 2018 жыл.

Қазақстандық фристайлшы Дмитрий Рейхердтен шенеуніктер, жанкүйерлер және әлемдік сарапшылар медаль күткен. Бірақ ол шешуші финалға шыға алмады.

Олимпиада алдында америкалық Gracenote зерттеу орталығы және халықаралық Associated Press агенттігі қазақстандық Дмитрий Рейхерд қола медаль алады деп болжаған. АР мен Пхенчхан да Қазақстанға осы бір қола медальды "беріп қойған". Ал Азаттыққа олимпиада алдында пікір білдірген қазақстандық сарапшылар "Рейхерд пен шаңғышы Алексей Полтораниннің ғана медальға мүмкіндігі бар" деген еді.

Күннің суықтығына қарамастан фристайл жарысы өтіп жатқан "Феникс" базасына Қазақстан өкілдері мен жанкүйерлері көптеп жиналды. Олар да Рейхердтің медаль алатынына сенгендерін айтады.

Рейхерд олимпиадаға дейін әлем кубогының жеті кезеңіне қатысып, бесеуінде медаль алған. Қазір әлемдік рейтингте екінші орында тұр.

"ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІ САҚТАЙ АЛМАЙ ҚАЛДЫМ"

Ақпанның 12-cі күні Рейхердпен бірге қазақстандық Павел Колмаков та медальға таласты. Екеуі де "бірінші финалда" үздік он екілікке еніп, "екінші финалға" шыққан. Ал "екінші финалдан" "супер финалға" өту үшін алтылықа ену тиіс еді. Рейхерд сөреден шыға сала бірінші кедергідегі сальтосын сәтті айналды. Одан кейін төменнен қатты жылдамдықпен ылдилап келе жатып, тепе-теңдікті сақтай алмай қалды. Осының кесірінен екінші кедергідегі секіру жаттығуы ойдағыдай шықпады. Мәреге келген сәтте Рейхерд бетін басып, ұзақ тұрды. Төрешілер 58,64 ұпай берді. "Супер финалға" шығу үшін кем дегенде 78 ұпай керек еді.

Дмитрий Рейхерд жарыс жолында. Пхенчхан. 12 ақпан 2018 жыл.

- Көңілім түсіп кетті. Супер финалға шыға алмадым. Алтылыққа ене алмадым. "Екінші финалда" қателік болды. Трассаның ортасында тепе-теңдікті жоғалтып алдым. Осыдан кейін төмендегі секіру жаттығуына дайын болмадым. Өте жылдам жүріп өткім келді. Бірақ ойлағанымдай болмады, - деді жарыстан кейін Рейхерд.

Сочи олимпиадасында бесінші орын алған Рейхерд бұл жолы сегізінші орынмен шектелді. Оның командаласы Павел Колмаков жетінші орын иеленді.

- Биылғы маусымды дұрыстап аяқтағым келеді. Алда әлем кубогының төрт кезеңі бар. Әлемдік рейтингтегі екінші орнымды сақтап қалу керек. Келесі олимпиадаға қатысамын ба әлде қатыспаймын ба ол туралы айту қиын. Келесі жылы әлем чемпионаты бар, соны көрермін. Ертең не істеймін? Білмеймін. Алдағы бірнеше күн мен үшін ауыр болмақ, - деді ол.

Ал Павел Колмаков "Кем дегенде супер финалға шыққым келген. Сәл жетпей қалды. Не істей алам?" деп қысқа қайырды.

Павел Колмаков жарыс жолында. Пхенчхан. 12 ақпан 2018 жыл.

Ерлер арасындағы могул жарысында канадалық Майкл Кингсбери алтын, австралиялық Мэтт Грэм күміс, жапониялық Даити Хара қола медаль алды.

Ақпанның 12-і күні жарысқа қатысқан қазақстандық биатлоншы Галина Вишневская 20-орын, Роман Еремин 54-орыннан көрінді. Ал конькиші Екатерина Айдова 1500 метрлік жарыста 18-орында қалды.

Оқи отырыңыз: Қазақстан нәтижесін жақсартқысы келеді

Ақпанның 11-і күні әйелдер арасындағы могул жарысында қазақстандық Юлия Галышева қола медаль алған. Қазір Қазақстан бір қоламен жалпы есепте Италиямен 16-орынды бөлісіп тұр. Алғашқы үштікте Германия (4 алтын, 1 күміс, 2 қола), Голландия (3-2-2) және Норвегия (2-4-3) келеді. Пхенчхандағы ойындар ақпанның 25-і күні аяқталады.