Тозған "Шаңырақ". Риддердегі жалғыз қазақ мектебі қаусап тұр. Әкімдік мектеп салуға асығар емес

"Шаңырақ" – Риддердегі жалғыз қазақ мектебі. Мектеп бір-бірінен қашық екі ғимараттан тұрады. Суретте соның бірі тұр. Шығыс Қазақстан облысы, 13 қаңтар 2023 жыл.

"Шаңырақ" – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы 16 мектептің ішінде жалғыз қазақ мектебі. Оқушылар бөлек-бөлек орналасқан ескі екі ғимаратта оқиды. Екі ғимараттың да ескіргені сырт көзге бірден байқалады. Ағаш терезелердің жақтауы қопарылып, көгеріп, астыңғы жағы дым тартып кеткен. Қызметкерлер мен ата-аналар ескі ғимараттардың төбесі опырылып түсе ме деп қауіптенеді. Ал облыстық білім басқармасы "Шаңыраққа" жаңа ғимарат салынбайтынын айтады.

"Осы мектептің мұғалімі де, оқушысы да екі ортада сабылып жүретіндей не жазып еді?" деп күйінеді ата-аналар. Олар "қабырғалары қаусай бастаған ғимараттар бір күні балаларды басып қала ма" деп те алаңдайды.

СЫНҒАН ЖАМБАС, СУЫҒАН ТАМАҚ

"Шаңырақ" мектебінің бірінші ғимараты Риддердегі "Жеңіс даңғылы 1" мекенжайындағы бұрынғы орыс лицейінің ғимаратында, екіншісі "Безголосов 16" мекенжайындағы 1936 жылы "Пионерлер үйі" болып салынған ғимаратта орналасқан. Екеуі бір-бірінен тым алыс емес, бірақ жақын деуге де келмейді. Ортасын бөліп екі үлкен көше жатыр. Көліктер ағылып жүріп жатыр. Оқушылар осы екі ғимараттың арасына сабылып жүреді.

"Шаңырақтың" екінші ғимараты. Ол 1936 жылы пионерлер үйі болып салынған. 13 қаңтар 2023 жыл.

– Бұл жер – дәл жолдардың қиылысқан тұсы. Бір оқушымыз күзде машинаның астына түсіп, ауруханадан бір-ақ шықты. Екі жамбасы сынған. Сабаққа әлі келген жоқ... Осындай жағдайлар болып тұрады бізде, – дейді мектеп мұғалімі Гүлмайра Өскенбаева.

Гүлмайра ұстаздың айтуынша, балалар кітапханаға, технология сабағына және тағы да басқа көптеген себеппен екі ортада қатынайды. Балаларды жолдың арғы жағынан бір мұғалім шығарып салады, бергі жағынан екінші мұғалім тосып алады. Асхана иесі де тамақты бір корпустан екіншісіне тасуға мәжбүр.

Сәкен Әбдіғалымов.

– Балаларымыз бізге "алдымызға суыған тамақ келеді" деп шағынады. Ал асхана иесіне бірінші корпус пен екінші корпусқа қызметкерлер алу қиынға соғады, – дейді ата-аналардың бірі Сәкен Әбдіғалымов.

Мектеп қызметкерлері мен ата-аналар екі ғимарат төбесі де, қабырғасы да, едені де тозып тұрғанын айтады.

"Үстінгі үшінші қабаттың төбесі жылда қопарылып құлайды, жылда сылап қоямыз", "Ағаш едендердің түріне қарашы, бассаң ойнап тұрады", "Мынадай қисық-қисық қабырғалар бола ма осы заманда?" дейді олар кезек-кезек сөз алып.

Гүлмайра Өскенбаева.

– Екі спортзалдың бірінің бұрышы құлап қалған. Екеуі бірдей істеп тұрғанда сыныптарға дене шынықтыру сабағы қатар келгенде үлкен көмек еді. Қазір өте қауіпті болған соң оны жауып тастадық. Оны қала әкімі келіп көріп кетті. Жаңа мектеп салып беремін деп те уәде берді. Бірақ ол әлі құрғақ сөз, қашан іске асатыны белгісіз, – дейді Гүлмайра Өскенбаева.

Ол айтқан спорт залдың құлаған бұрышын матамен жауып қойған, матаның үстін қар басып қалған. Ал балалардың киінетін бөлмесі мектептің жертөлесінде орналасқан. Есігі аласа – ересек адамның кеуде тұсынан келетін есікке бойшаң оқушылар еңкейе еніп жатты.

"Шаңырақ" спорт залының киім ауыстыратын бөлмесі.

– Мына отырған ғимарат – қаладағы лицейдің осыдан 10-15 жыл бұрын апаттық хәлде деп шығарып тастаған мектебі ғой. Соны "Шаңыраққа" бере қойды. Ал анау кішкентай ғимарат типтік мектеп емес, кезінде "пионерлер үйі" болған. Оның спорттық алаңы жоқ. Біздің балаларымыз неге дұрыс жерде оқымайды? – дейді Сәкен Әбдіғалымов.

Ата-аналар мектеп ғимараты тозып тұрса да, мұғалімдер балаларға "жанын салып" білім береді деп, "Шаңырақтағы" білім сапасын жоғары бағалайды.

Назар Асаинов.

– Жалғыз көңіліміз толатын жайт – мектептегі білім деңгейі. Гимназия – бұл! Әне, анау бұрыштағы кубок, медальдерді көрдің бе? Балалар республикалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетеді. Осыны да түсіріп алшы", – дейді Назар Асаинов есімді қала тұрғыны.

Азаттық тілшісі ата-аналармен және мұғалімдермен бірге мектептің Жеңіс даңғылындағы бірінші ғимаратына кіріп, жағдайын көрді. Ал Безголосов көшесіндегі екінші мекеме мен жабық спортзал ішіне мектеп директоры үзілді-кесілді кіргізбейтінін айтты. Сөзінше, мұнда кіргізуге білім бөлімінен рұқсат жоқ.

"БІЗ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ СИЯҚТЫМЫЗ"

Риддерде 2022 жылы 600 балаға арналған жаңа мектеп пайдалануға беріліп, ол аралас мектеп болып ашылды. Ата-аналар ақын, әдебиет зерттеуші ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы тұсында дәл 600 орынға шақталып ("Шаңырақ" мектебінде 580 бала оқиды – авт.) салынып жатқан бұл мектеп "Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ мектебі" деп ашылады және оған "Шаңырақты" көшіреді деп үміттенгендерін айтады.

Жарты жыл бұрын ашылған жаңа мектеп, Риддер әкімінің орынбасары Әсем Ағажаеваның айтуынша, әлі толған жоқ. Онда 310 бала оқып жатыр.

Былтыр қалада жаңа мектеп салынып біткен. Бірақ жергілікті билік оны қазақ-орыс мектебі деп ашқан.

Риддердегі халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы қаңтардың басында тұрғындардан қол жинап, сол жаңа мектепті "Шаңыраққа" беру жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімі Даниал Ахметов, Риддер әкімі Дмитрий Горьковой мен облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваға ашық хат жазды.

Қазақ тілі қоғамының хатшысы Құралай Садықова.

– Осы желтоқсанның аяғында баласы "Шаңырақ" мектебінде оқитын ата-аналар проблемаларын айтып келді. Олар қалада былтыр салынған жаңа мектепті "Шаңыраққа" беру мәселесін қозғады. Зерделей келе, олардың бұған дейін де тек отырмағанын білдік. Облыс көлемінде білім басқармасы мен қала әкімдігіне қайта-қайта хат жазыпты. Мектептен де әкімдікке екі рет ресми хат жіберілген. "Шаңырақтың" мәселе 2005 жылдан бастап көтеріліп келеді екен. Қала басшылығы сол кезде жаңа мектеп саламыз деп сендірген. Енді арада осынша уақыт өткенде бір мектеп бой көтеріп еді, ата-аналар қатты үміттенген ғой. Бірақ басшылық аралас мектеп етіп ашуға шешім қабылдады. Неге олай болғанын біз білмейміз. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы ашылуында болды. Жаңа мектеп өте жақсы. Модификацияланған сыныптары, бассейні бар, – дейді Риддер қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы, халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының хатшысы Құралай Садықова.

БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ: "ШАҢЫРАҚ" АПАТТЫҚ ЖАҒДАЙДА ЕМЕС

Риддер әкімінің орынбасары Әсем Ағажаева білім басқармасы ұсыныс бермегендіктен "Шаңыраққа" жаңа мектеп салу жоспары жоқ деп отыр. Әкімдіктің бар жоспары – мектептің тозған спорт залын жөндеп беру. Бірақ жергілікті билік спорт залды жөндеуге де демеуші іздеген.

Риддер әкімінің орынбасары Әсем Ағажаева.

– Мектеп жағдайы жаман. Спорт залында апаттық жағдай туындағаны белгілі. Қала әкімі оны қарап тексерді. Енді оған қаражат бөліп, конкурс өткіземіз, жөндетеміз. Демеушілер іздеп көрдік, "Қазмырыш" кәсіпорынына да байланысқа шықтық, бірақ ешкімнен кері байланыс болмады, – дейді Әсем Ағажаева.

Әкім орынбасары 2022 жылы ашылған жаңа мектепті аралас ету туралы шешімді облыстық білім басқармасы шығарғанын айтады.

– Жаңа мектепке кімді көшіреміз деген сұрақ көп талқыланған. Содан кейін орыс тілінде сөйлейтіндерді де, мемлекеттік тілде сөйлейтіндерді де ренжітпеу үшін аралас тілде білім беретін мектеп қылып ашуға келіскен, – деді Ағажаева.

Ал ШҚО білім басқармасы бастығының орынбасары Нұртуған Маратұлы Азаттыққа "Шаңыраққа" деп жаңа ғимарат салынбайтынын айтады.

– "Шаңыраққа" деп жаңа мектеп салу жоспарда жоқ. Өйткені ол апаттық жағдайда деп танылуы керек. Алайда қазір ол апаттық жағдайда емес. Біз бұл мектептің спорт залын жөндетуге бюджеттік өтінім дайындап отырмыз. Әзірге смета – осы. Жалпы Риддер бойынша айтсақ, мектеп салу жоспарлары бар, - деді білім басқармасының өкілі.

Your browser doesn’t support HTML5

Риддердегі жалғыз қазақ мектебі "Пионерлер үйін" паналап отыр

Қала әкімінің орынбасары Ағажаева Риддердің автобекеті орналасқан ауданында тағы бір мектеп салу жоспарланғанын, ол да аралас мектеп болатынын айтады.

– Қаладағы барлық мектеп дерлік өткен ғасырда салынған. Ғимараттар ескі. Біртіндеп жаңа мектептер сала бастаймыз, – деді ол.

Нұртуған Маратұлы Риддерде аралас мектептерінің ашылуына қатысты

"Енді бала санына қарауымыз керек қой. Қазақ мектебі қылып ашсақ, бала толмай қалады" дейді.

Риддерде, ресми дерек бойынша, 56 мың адам тұрады, оның сегіз мыңы – қазақ.

Ал Азаттық тілдескен қазақтілді тұрғындар "неге тек аралас мектептері ашылып жатқанын" түсінбейтінін айтады. Олар "Риддерде бұдан кейін қазақ мектебі мүлде салынбай қала ма?" деп алаңдай

– Аралас мектеп жөнінде айтар болсақ, біз ата-ана ретінде онда ұлттық тәрбие тиіс деңгейде болмайтынын білеміз. Қазақи мектептегі баланың менталитеті бірден байқалып тұрады. Ал аралас мектеп болғаннан кейін жаһандану дәуірінде ұлт жұтылып кетеді. Жалпы тәуелсіз елде Риддердің қазақтары өзімізді диаспора секілді сезінеміз, – дейді халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының хатшысы Құралай Садықова.

– "Шаңырақ" – Риддердегі тұңғыш әрі жалғыз қазақ мектебі. 1991 жылы жексенбілік мектеп болып ашылған. 1993 жылы орталау мектеп, 2001 жылы орта мектеп, ал 2007 жылы көпсалалы мектеп-гимназия болып құрылды.

Бұл мектептің ашылуы Сәуле Шаяхметова есімді ұстаздың есімімен тығыз байланысты. Ол қалада 1989 жылы "Қазақ тілі" қоғамын құрады. 1991 жылы сол қоғам атынан "Шаңырақты" ашуға бастама көтереді.

1936 жылы салынған ғимараттың қазіргі жағдайы.

Риддер тұрғындарының айтуынша, Сәуле Шаяхметова жексенбілік мектепке алғаш 35 баланы қабылдайды, мекеме бастапқыда тіл үйрету үйірмесі тәрізді жұмыс істейді. Оған қазақ балаларымен қатар өзге ұлт өкілдері де қатысады.

67 жастағы Сәуле Шаяхметова "Шаңырақты" жаңа ғимаратқа көшіру керек деген мәселе жиырма жылдан бері көтеріліп жүргенін айтады.

– Бұл мектеп сол кезде-ақ қаусап тұратын. Мектепке білім бөлімінің басшылығы келіп, "бәрі керемет, бәрі жақсы, сіздер босқа шулап жүрсіздер, бұларыңыз дұрыс емес" деп кеткен. Мектепті бұрын да жөндейміз деп, қаншама ақша шығарып, ана жер, мына жерін жөндейтін еді. Бірақ одан бәрібір пайда болмады, жақсарып кеткен жоқ. Біздің мектепті сол аралас мектептерге араластырып жібермек болды. Оған келісім берген жоқпыз. Солайша жаңа мектеп салдырамыз деп жиырма жыл жүрдік қой... Сол кездегі депутаттарға, министрлікке, президенттің көмекшісіне де хат жазғанмын. Бірақ барлығы жарайды десе де, нәтиже болмады. Негізі жергілікті билік шешеді ғой, - дейді қазір Астанада тұратын Шаяхметова Азаттыққа.

Риддер – Шығыс Қазақстандағы көлемі жөнінен екінші ірі қала. Қалада 56 мыңнан астам халық тұрады. Халықтың басым бөлігі – орыс ұлты. Тұрғындар негізінен қаланы құрушы кәсіпорын "Қазмырыш" зауытында жұмыс істейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Суық үйде қалтырап отырмыз". Жылусыз қалған Риддер тұрғындары Тоқаевтан көмек сұрайды