Шодиевтер Өзбекстанның ірі энергетикалық компанияларын тағы да тендерсіз алған

Кабул Шодиев (оң жақта) 8 қыркүйекте қайтыс болған "Узметкомбинат" басқарма төрағасы Сергей Вьюненкомен (ортада) бірге.

Өзбекстан министрлер кабинетінің шенеунігі Азаттықтың Өзбек қызметіне анонимді түрде кейінгі жылдары елдегі кемі алты ірі өндірістік және энергетикалық кәсіпорын SFI Management Group компаниясына сенімді басқаруға берілгенін хабарлады. Өзбекстан мен Ресейдегі интернет басылымдар SFI Management Group өзбек ұлтынан шыққан ресейлік олигарх Әлішер Усмановқа тиесілі екенін жазғаннан кейін, Усманов аталған компанияға шын мәнінде өзбек ұлтынан шыққан белгілі қазақстандық олигарх Фаттах Шодиевтің үлкен ағасы Кабул Шодиев иелік ететінін, ал өзі осы топпен әріптестік байланыста екенін мәлімдеген. 2017-2018 жылдары Өзбекстан президенті мен министрлер кабинетінің қаулысына сәйкес, Өзбек металлургиялық комбинаты, Алмалық тау-металлургиялық комбинаты мен Ташкент металлургиялық зауыты 2017 жылдың басында құрылған SFI Management Group компаниясына сенімді басқаруға берілген. Бірақ қоғам энергетика саласындағы стратегиялық маңызға ие тағы үш кәсіпорынның да дәл осы SFI Management Group компаниясына басқаруға берілгенін білмейді.

Бұл кәсіпорындардың SFI Management Group компаниясына сенімді басқаруға берілгені туралы ақпаратты 14 қыркүйек күні Азаттықтың Өзбек қызметіне аталған компания өкілдерінің бірі растады.

ӨЗБЕК МЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ КОМБИНАТЫНДАҒЫ ЖИЫНДА НЕ АЙТЫЛДЫ?

8 қыркүйекте Өзбек металлургиялық комбинаты – «Узметкомбинаттің» басқарма төрағасы Сергей Вьюненко 42 жасында қайтыс болды. Комбинат таратқан ресми деректе Вьюненконың өліміне «ұзаққа созылмаған ауру» себеп болды деп көрсетілгенімен, «Узметкомбинат» жұмысшылары қант диабетімен ауырған директордың коронавирустан көз жұмғанын айтады.

Вьюненко кәсіпорынды «Узметкомбинат» SFI Management Group компаниясының сенімді басқаруына берілген кезден бастап басқарған.

10 қыркүйекте «Узметкомбинатта» өткен жиналыста SFI Management Group компаниясы иелерінің бірі Кабул Шодиев комбинат ұжымына Сергей Вьюненконың орнына тағайындалған жаңа басшыны таныстырған.

Аталған жиын туралы толық білетін Өзбекстан үкіметіндегі шенеуніктердің бірінің айтуынша, «Узметкомбинат» кәсіпорнының жаңа басқарма төрағасы қызметіне Джахонгир Мустафаев тағайындалған.

Азаттықтың Өзбек қызметінен жеке бас қауіпсіздігі үшін аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген дереккөздің айтуынша, «Узметкомбинатта» өткен жиналыс барысында Кабул Шодиев SFI Management Group басқаруындағы басқа компаниялар туралы да айтқан.

– Шодиев жиналыста «Узметкомбинат», Алмалық тау-металлургиялық комбинаты, «Узвторцветмет» пен Ташкент металлургиялық комбинатынан бөлек, SFI Management Group басқаруында «Узбекуголь», «Ангрен ЖЭС» пен «Жаңа Ангрен ЖЭС» барын айтты, – дейді жиналыстың қыр-сырына қанық үкімет шенеунігі.

«СЕНІМДІ БАСҚАРУҒА» БЕРУ ҚАШАН БАСТАЛДЫ?

Өзбекстанда Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін «тәжірибе үшін» елде бұрын болмаған жаңа басқару түрі енгізіліп, мемлекеттік компаниялар кәсіпкерлік субъектілеріне «сенімді басқаруға» беріле бастады.

Өзбекстан әділет министрлігінің сайтындағы ресми ақпаратқа сәйкес, «сенімді басқару – мемлекет мүддесі үшін кәсіпорынды басқару функциясын кәсіпкерлік субъектісіне беру».

Бұл өз кезегінде кәсіпорын нарықтық қатынастар негізінде мемлекеттік органдардың ықпалына тәуелсіз түрде жұмыс істейтінін білдіреді.

Елде осындай тәжірибе қолданысқа енгеннен кейін 2017-2018 жылдары Өзбекстан президенті мен министрлер кабинетінің қаулысымен Орталық Азиядағы ең ірі металлургиялық зауыт саналатын «Узметкомбинат», Алмалық тау-металлургиялық комбинаты, Ташкент металлургиялық зауыты мен «Узвторцветмет» SFI Management Group компаниясына сенімді басқаруға берілген.

Бірақ бұл қаулыларда елдегі ең ірі өндірістік нысандардағы мемлекет үлесінің жекеменшік компанияға неге берілгені туралы ештеңе жазылмаған.

АҚПАРАТТЫ НЕГЕ ЖАСЫРҒАН?

Өзбекстандағы ең ірі және жоғары табысқа ие металлургиялық кәсіпорындардың SFI Management Group компаниясының басқаруына берілгені туралы ресми мәлімдеме жасалған. Бірақ елдің энергетикалық секторындағы негізгі нысандар «Узбекуголь», «Ангрен ЖЭС» мен «Жаңа Ангрен ЖЭС» сынды кәсіпорындардың да дәл осы компанияға берілгені туралы қоғам әлі білмейді.

Жергілікті баспасөзде аталған үш кәсіпорынның 2019 жылы маусымда тіркелген Central Asia Energy компаниясының басқаруына өткені туралы жазылған. Бірақ бұл компанияның SFI Management Group-пен байланысы бары туралы ештеңе айтылмаған.

– Неге табысы мемлекеттік бюджеттің кемі 10 пайызын құрайтын мемлекеттік компаниялар жаппай бір қолға – SFI Management Group компаниясына берілді? Негізгі себеп қаулыда көрсетілгендей, компанияларды басқару әдісін жақсарту болса, неге бұл процесс ашық өтпеді? Неге мемлекеттік компанияларды бірнеше ай бұрын ғана құрылған, бұрын мемлекеттік активтерді басқарып көрмеген, тәжірибесі жоқ топқа бере салды? Неге ашық әрі әділ тендер өтпеді? – дейді Азаттықтың Өзбек қызметіне пікір берген үкімет шенеунігі.

Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, Өзбекстанның металлургия және энергетика саласындағы ең ірі өндірістік компанияларын басқаруға алған SFI Management Group жұмыртқа өндіру саласындағы ірі кәсіпорын «Уртачирчикпарранда» акциясының 84 пайызына, «Узхимфарм» компаниясы акциясының 74 пайызына ие. Бұл туралы 2018 жылы тамызда Ташкент биржасы хабарлаған.

CENTRAL ASIA ENERGY МЕН SFI АРАСЫНДА ҚАНДАЙ БАЙЛАНЫС БАР?

2020 жылы 15 маусымда Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі агенттік «Янги Ангрен ЖЭС», «Ангрен ЖЭС», «Узбекуголь» Central Asia Energy басқаруына берілгенін хабарлаған.

Агенттік хабарламасында Өзбекстанның энергетикалық саласындағы үш ірі кәсіпорынның 2019 жылы маусымда құрылған компанияға не себептен берілгені айтылмаған. Жаңа басқарушы компанияны таңдау кезінде ашық тендер жүргізілді ме, жоқ па, ол жағы да белгісіз.

Gazeta.uz интернет басылымы жариялаған тіркеу құжаттарына сәйкес, Central Asia Energy құрылтайшысы (100 пайыз) – «Горные работы» компаниясы. 2018 жылы Қазақстанда жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) түрінде құрылған компанияда 5 қызметкер жұмыс істейді.

Ресми құжаттарда Central Asia Energy мен оның құрылтайшысы «Горные работы» және SFI Management Group арасында байланыс бары айтылмайды.

Бірақ Central Asia Energy тіркеу құжатының төменгі жағында көрсетілген мекенжайға қарап, екі компанияның арасында байланыс барына көз жеткізуге болады. Құжатта Central Asia Energy мекенжайы Бунёдкор даңғылы, 42/1 үй (Бунëдкор шоҳ кўчаси¸ 42/1-уй) деп көрсетілген. Сайттағы ақпаратқа сәйкес, SFI Management Group компаниясы да дәл осы мекенжайда тіркелген.

SFI Management Group пен Central Asia Energry бір мекенжайда орналасқан.

Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі агенттіктің хабарламасы мен Өзбекстан үкіметінің қаулысында Жаңа Ангрен және Ангрен жылу электр станциялары, «Узбекуголь» кәсіпорны SFI Management Group компаниясының сенімді басқаруына берілгені туралы айтылмайды.

Бірақ Жаңа Ангрен және Ангрен жылу электр станциялары сайтының «Акционерлерге» деп аталатын бөлімінде қос кәсіпорынның бақылаушы кеңесінің құрамында SFI Management Group басшысы Кабул Шодиев пен компанияның тағы екі өкілінің аты-жөні көрсетілген.

Бұдан бөлек, Жаңа Ангрен ЖЭС сайтының «үлестестер тізімінде» («Список аффилированных лиц») SFI Management Group басшысы мен екі өкілінің аты-жөнін кездестіруге болады. Аталған компанияның үш өкілі жылу электр станцияларының басқарма кеңесіне қалай кіргені түсіндірілмеген.

11 және 14 қыркүйекте Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі «Янги Ангрен ЖЭС», «Ангрен ЖЭС» мен «Узбекуголь» кәсіпорындарының SFI Management Group-тың сенімді басқаруына берілгені туралы ақпаратты нақтылау үшін компанияның Ташкенттегі бас кеңсесіне хабарласып көрді.

14 қыркүйекте компания өкілі Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісіне телефон арқылы үш ірі кәсіпорынның шынымен SFI Management Group компаниясының сенімді басқаруына өткенін растады. Бірақ ақпарат берген адам кәсіпорындарды басқару SFI Management Group-қа қандай негізде берілгені және компания бұл нысандарды қалай басқарып отырғаны туралы сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі де Азаттықтың Өзбек қызметінің сұрақтарына жауап берген жоқ.

SFI КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Жергілікті баспасөздегі ресми хабарламаға сәйкес, SFI Management Group компаниясы 2017 жылы қаңтарда Шавкат Мирзияев Өзбекстан президенті болып сайланғаннан кейін құрылған.

SFI Management Group сайтында компанияның жауапкершілігі шектеулі серіктес түріндегі шетелдік кәсіпорын екені жазылған. Компания «ашық нарық және соңғы технологиялар мен инновациялардың көмегімен өндірісті дамыту жағдайында басқарудың заманауи корпоративті әдістерін енгізу арқылы өзге компаниялармен қатар сенімді басқаруға берілген мемлекеттік кәсіпорындарда оң нәтижелерге қол жеткізуді» ұсынады.

Бірақ «ашық нарық жағдайында басқарудың заманауи корпоративті әдістерін енгізуді» ұсынатын компанияның сайтында не құрылу жөніндегі құжаты, не иелері мен басшылары туралы ақпарат жоқ.

2017 жылдан бері ешқандай бәсекесіз Өзбекстандағы ең ірі және табысты мемлекеттік кәсіпорындарды қолына жинай бастаған компания жергілікті және ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, өзбек ұлтынан шыққан ресейлік миллиардер Әлішер Усмановқа тиесілі.

Бірақ 2018 жылы 20 желтоқсанда Әлішер Усманов Forbes журналының ресейлік нұсқасына берген сұхбатында SFI Management Group шын мәнінде өзбек ұлтынан шыққан белгілі қазақстандық олигарх Фаттах Шодиевтің үлкен ағасы Кабул Шодиевтің иелігінде екенін, ал өзі басқаратын «Металлоинвест» осы топпен әріптестік байланыста жұмыс істейтінін айтқан.

Әлішер Усмановтың Forbes басылымына берген сұхбатынан үзінді.

Ташкенттің SFI Management Group компаниясының қызметімен жақсы таныс кәсіпкерлерінің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне Кабул Шодиевтің аталған компанияда ресми басшы ғана екенін айтты.

– Менің білуімше, SFI атауы Shodiyev Fattoh International деген үш сөздің бас әріптерінен құралған. Компания Кабул Шодиевтің атына тіркелген, ол оны Ташкентте отырып басқарады. Бірақ SFI Management Group компаниясының шынайы иесі Фаттах Шодиев деп айтады. Әлішер Усмановтың та компания қызметіне белсенді қатысатынын бәрі жақсы біледі. Сондықтан «Узбекистан 24» арнасы да компания туралы репортажында Фаттах Шодиевке қарағанда, Әлішер Усманов туралы көп айтты,– дейді жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген Ташкенттегі кәсіпкер.

Еске сала кетейік, 2018 жылы тамызда «Узбекистан 24» арнасынан көрсетілген «Чувство причастности» деп аталатын бағдарламада президент Мирзияевтың Әлішер Усмановтың кеңесінен соң Өзбек металлургиялық комбинатын «бұл салада үлкен тәжірибесі бар» SFI Management Group компаниясына (2017 жылы құрылған – Ред.) бергені айтылады.

КӘСІБІ ДӨҢГЕЛЕГЕН ШОДИЕВТЕР КІМ?

Советтік Өзбекстанды басқарған Шараф Рашидовтің билігі тұсында Өзбекстандағы ең ірі мақта өңдейтін зауытты басқарған Каюм Шодиевтің балаларын жұрт оның ұлдарының бірі миллиардер Фаттах Шодиевтің (кей деректерде Патох – Ред.) арқасында таниды. 1976 жылы Жизақ облысында туған Фаттах Шодиев Әлішер Усмановпен бірге Халықаралық қатынастар жөніндегі Мәскеу мемлекеттік институтын (МГИМО) «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша бітірген. Ол негізгі коммерциялық қызметін Қазақстандағы тау-металлургия саласынан бастаған. Ашық дерек көздерінде елді Ислам Каримов басқарған жылдары Фаттах Шадиевтің Өзбекстанда қандай да бір кәсіппен айналысқаны туралы ақпарат жоқ.

1994 жылы Фаттах Шодиев Өзбекстаннан шыққан тағы бір миллиардер Алиджан Ибрагимов және Израиль азаматы Александр Машкевичпен бірге Қазақстандағы активтерінің негізінде тау-кен және металлургия саласында жұмыс істейтін Eurasian Natural Resources Corporation (ENRC) компаниясын құрған.

2007 жылы ENRC өз капиталының шамамен 18% Лондон қор биржасына шығарған. Британдық ақпарат құралдарының дерегінше, аз уақыттан кейін аталған компания елдің қор биржасындағы ең қымбат корпорацияға айналған, оның акциялары 20 миллиард долларға дейін жеткен.

Беделді Financial Times басылымының дерегінше, 2013 жылы Ұлыбритания үкіметінің жанындағы ірі көлемдегі қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес қызметі (Serious Fraud Office, SFO) ENRC компаниясына қарсы ресми тергеу бастаған. Кейінгі жеті жыл бойы жалғасып келе жатқан тергеуге «корпорация Африкадағы кен орындарын сатып алуда жемқорлыққа жол берген» деген айыптау себеп болған.

Бірақ Ұлыбританиядағы танымал адвокаттық фирмаларды жалдаған корпорация өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарған.

Осыдан кейін 2013 жылы ENRC қызметі британдық прокурорлардың назарына ілінген. Корпорация Лондон қор биржасынан кетіп, атауын Eurasian Resources Group (ERG) деп өзгерткен. Қазір Фаттах Шодиевке бұл компания акциясының 19 пайызы тиесілі.

Forbes журналының 2019 жылғы дерегі бойынша, Бельгия азаматы саналатын Фаттах Шодиевтің байлығы 2,1 миллиард доллар деп бағаланған. Ол көп уақытын Қазақстанда өткізеді.

2 қыркүйекте «еуразиялық трио» немесе «еуразиялық үштік» (олар құрған Eurasian Natural Resources Corp. компаниясының атауы бойынша– Ред.) деген атқа ие Шодиев, Ибрагимов пен Машкевичтің аты-жөні тағы да британдық ақпарат құралдарының назарына ілікті. Бұған АҚШ-та Eurasian Resources Group компаниясының Африкадағы қызметін басқарған екі топ-менеджерінің құпия өліміне қатысты зерттеу себеп болған.

2 қыркүйекте Financial Times басылымы Өзбекстаннан шыққан екі миллиардер негізін қалаған корпорацияның екі топ-менеджерінің құпия өліміне қатысты зерттеумен АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы айналысып жатқанын хабарлады.

Биыл сәуірде Фаттах Шодиев Tayga.info интернет басылымына берген сұхбатында қазір ешқандай кәсібі жоғын, туған жерінде қайырымдылықпен ғана айналысып жүргенін айтқан.

Фаттах Шодиев интернет басылымға берген сұхбатында «Шодиевтің халықаралық қоры» әлеуметтік саланы жақсартуға жұмыс істейді. Медицина, білім беруге қатысты негізгі мәселелер шешіліп жатыр» деген. Сондай-ақ, ол “басқа кәсіпкерлермен бірлесіп, бірнеше ірі жоба жүзеге асыру жоспарында барын” айтқан.

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің зерттеуі