Көшкін астында қалған тұрғын үй
8 ақпан түнде Алматының Медеу ауданындағы Таусамал ықшам ауданында көшкін жүріп, лай топырақ жеке меншік екі үйді – бірін толық, екіншісін жартылай басып қалды деп хабарлады жергілікті билік
Қала әкімі Ерболат Досаев көшкін толық басып қалған үйде төрт адам (екеуі бала) тұрған, "олар үйдің ішінде қалып қойған" деген болжам барын айтты
"Жақын аумақтағы үйлерде тұратын адамдар №47 мектепке орналастырылды. Оларға жатын орын, ыстық шай және өзге керек заттар берілді. Бірнеше сағаттан кейін тұрғындар өз қалауы бойынша туыстары мен таныстарына кетті" деп хабарлады жергілікті билік
"Құтқару-іздестіру жұмысына 200-ге жуық адам, 30 техника құралы жұмылдырылды. Үйлер тым жақын орналасқандықтан техниканы пайдалануға қиындық туғызып жатыр" деп хабарлады төтенше жағдай департаменті
Көшкін астында қалған жеке меншік тұрғын үйдің орнынан 8 ақпан таңертеңгі сағат 10 кезінде бір бозбала өлі табылды деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті
Арада үш сағат өткенде құтқарушылар көшкін салдарынан опат болған тағы үш кісіні: 1984 жылы туған ер адамды, 1980 жылғы әйелді және 2007 жылы дүниеге келген егіздің сыңарын үйінді астынан алып шықты.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Гүлдана Нұрымбетова көшкін жүрген жерге барған БАҚ өкілдеріне ақпарат беріп тұр. 8 ақпан, 2024 жыл
Төтенше оқиға болған аумақты бақылауға алған полиция ол жаққа сырт жақтан барған адамдарды өткізбей тұр деп хабарлады бейсенбі күні таңертең сол жерге барған Азаттық тілшілері
Көшкін қиратқан үйдің орнын аршу жұмысы жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі арматура, әйнек сынықтары араласқан лай топырақтың көптігі, үйге баратын жолдың тарлығы қолда бар техниканы толымды пайдалануға мүмкіндік бермей, шаруаны қиындатып, жұмыс негізінен қол күшімен жасалып жатқанын айтады.
Алматы қаласының әкімдігі төтенше оқиғаның себептерін тексеру және көшкін салдарын жою жөнінде арнайы топ құрылғанын хабарлаған.