Өлім жертөлесі. 26 күн Ресей әскерінің қолында тұтқында болған тұрғынның әңгімесі

Украинаның Ягодное ауылының тұрғындары жертөледе тұтқында отыр.

Украина бас прокуратурасы Ресейдің тоғыз әскери қызметкеріне "соғыс тәртібін бұзып, қасақана кісі өлтірді" деген айып тағып отыр. Тергеушілердің айтуынша, олар Чернигов облысы Ягодное ауылында "өлім жертөлесін" құрып, Ресей оккупациясы кезінде 300 бейбіт тұрғынды бір ай бойы жер астында тұтқында ұстаған. Жертөледегі ең кіші сәби – небәрі 1,5 айлық, ал ең қарт кісі 93 жаста болған. 26 күн ішінде жертөледе он адам көз жұмған.

"Жертөледе отырғанымызға екі апта болғанда, есікке инстаграм парақшамды жазып қойдым. Онда бір қызбен таныстым. Кетіп қалсам, мені іздеп тауып алсын деп, инстаграм парақшамды қалдырдым" дейді Чернигов облысы Ягодное ауылының тұрғыны Валерия Видковская. Ол 26 күн бойы жергілікті мектептің жертөлесінде Ресей әскерінің қолында тұтқында отырған. Валериямен бірге жертөледе 300 адам болған. Олардың арасында он адам тұтқыннан тірі шықпаған.

Азаттық тілшісі есікке жазылған инстаграм парақшасының көмегімен Валерияны тауып, оның жертөледегі көргендерін жазып алды.

Видковская бұл суретті сәуірдің басында Ресей әскері Черниговтан Киевке апаратын жол бойындағы ауылдан шегінген кезде түсірген. Оған дейін телефон ұстаған адамды отырған жерінде атып тастаймыз деп қорқытқан. Жертөле есігінде бейбіт тұрғындар тұтқында болған бір айдың күнтізбесі бар. Ресейлік жауынгерлер 4 наурызда ауылдың 300 тұрғынын автоматпен қорқытып, жергілікті мектептің жертөлесіне апарып қамаған. 31 наурыз күнгі жазбада "Біздің әскер келді" деп көрсетілген. Бірақ күнделікті есеп жүргізу бұдан кейін де жалғасқан: бейбіт тұрғындар жертөледе қалған, өйткені ауылдағы үйлерге мина қойылған, көбі толықтай қираған, ал бұл маңнан шегінген Ресей әскері Чернигов пен оның айналасындағы елдімекендерге оқ жаудыруын тоқтатпаған.

Күнтізбенің шетіне жертөледе аштық пен аурудан көз жұмғандар (оң жағына) мен ресейліктердің қолынан қаза тапқан (жоғарыға) азаматтардың аты-жөні жазылған. Ресей әскері Ягодное ауылының әрбір тұрғынын “нацист” көріп, Украина әскерінің “тыңшысы” деп күдіктенген.

8 маусымда Украина бас прокуроры Ирина Венедиктова Facebook парақшасына Ягодное ауылында "өлім жертөлесін" ұйымдастырған тоғыз ресейлік сарбаздың аты-жөні анықталғанын жазды. Прокурордың сөзінше, аталған әскерилердің бәрі Тыва республикасының 55-мотоатқыштар бригадасында қызмет атқарған. Оларға "соғыс қылмысын жасап, қасақана кісі өлтірді" деген айып тағылып отыр. Венедиктова жариялаған суреттердегі кей жауынгерлерді Валерия Видковская да таныған. "Бірінші суреттегі адам ішіп алып, жертөлеге түсіп, телефондарымызды атқыламақ болды. Қалған күдіктілер де сол жерде жүрді" дейді ол.

Украина тарабы ресейлік осы әскерилер Ягодное ауылында соғыс қылмысын жасаған деп күдіктенеді

Украинаның УНИАН агенттігі күдіктілердің туған жылын жариялады. Азаттық олардың кейбірін "ВКонтакте" әлеуметтік желісінен тауып, аты-жөнін анықтады. Бірақ ресейлік жауынгерлер мен олардың туыстары Азаттықтың сұрақтарына жауап берген жоқ. Кей қолданушылар парақшасына жақында түскен суреттерін жариялаған. Бұл суреттерге қарап, оларды Украинаға соғыста аттанды деуге қимайсың.

"ТАҢҒЫ АЛТЫДА АНАМ ХАБАРЛАСЫП, СОҒЫС БАСТАЛҒАНЫН АЙТТЫ"

Валерия Видковская жергілікті тұрғындар Ягодное ауылына Ресей әскері келеді деп күткенін, бірақ "жаудың негізгі мақсаты Чернигов болады, ал бізге қауіп төнбейді" деп ойлағанын айтады.

- 24 ақпанда соғыс басталған кезде Черниговта болдым. Таңғы 6-да анам хабарласып, ұйқымнан оятты. "Соғыс басталды, үйге кел, ауылда қауіпсіз болады" деді. 20 минуттан кейін Черниговтағы үйіме жақын маңнан жарылыс дауысын естіп, қорқып кеттім. Ягодное ауылына баруға жиналдық. Әкем Черниговта тұрады, ол мені анамның жанына апарып тастады. Черниговта әуе шабуылы туралы ескерту болғанда, Ягодное ауылындағылар жертөлеге тығылатынбыз. 3 наурызда ауылға орыс әскері кірді, ал біз 24 ақпаннан бері сонда тұрып жаттық. Черниговтағы ата-әжемізді де ауылға жеткіздік. Атам – инсульт алған, мүгедек адам. Олар бомбалау кезінде жертөлеге түсе алмайтын, сондықтан әкем солардың жанында үйде қалып жүрді.

3 наурызда түстен кейін автоматтың дауысын естідік. Анам, бауырым үшеуіміз көршілермен бірге жертөлеге түстік. Әкем жүгіріп келіп, ауылға орыс әскері кіргенін айтып, "есікті ішінен кілттеп алыңдар" деп тапсырды. Түні бойы қимылдамай отырдық. Өйткені бірнеше сағаттан кейін аулада әлдекімдер жүргенін, орыс тілінде емес, басқа тілде сөйлеп жатқанын естідік. Бұл кімдер екенін түсіне алмадық. Жарықты өшіріп, орнымыздан тапжылмай, үстімізге күртеше жамылып, дыбыс шығармай отырдық. Түні бойы осылай отырдық, біреулер есікке келіп, тұтқасын жұлқылады. Таңғы 5-ке қарай есікті бұза бастады. Есік құлаған кезде, бір кісі жертөлеге қолшамның жарығын түсіріп, ештеңе көрмеген соң, "Біреу болса, айтыңдар, әйтпесе граната тастаймыз" деді. Көршінің қызы "Керегі жоқ, мұнда балалар мен қарттар ғана бар" деп айқайлады. Ол жертөлеге түсіп, телефондарымызды жинап алды. Жоғарыда тұрған адамдар телефонның сим картасын алып, автоматпен атқылады. Сынған телефондар бір шетте үйіліп жатты. Бір қызда Айфонның 13-нұсқасы болды. Әскерилер телефонын тартып алып, сындыра бастады. Басқа бір жауынгер жүгіріп келіп, "Ақымақсың ба! Бұл телефон қанша тұратынын білесің бе?" деді. Қымбат телефоны бар адамдарды "федералды қауіпсіздік қызметі шақырып жатыр" деп жоғарыға алдырып, құпиясөзін сұрап, смартфонын ашқызып алатын.

Жертөлеге бірінші түскен адам "Су керек пе?" деп сұрады. "Суымыз бар" дедік. Бірнеше сағаттан кейін басқа адамдар түсіп, "Қанша адамсыңдар? Кім бар? Телефондарыңызды тартып алды ма?" деп сұрады. Тағы бір сағаттан кейін сыртқа шығыңдар деп, автомат кезеп, жертөледен қуып шықты. Сыртқа қалай шыққанымыз есімде. Бізге үйден жамылғы алып шығуға рұқсат берді. Подъездге кірдік, екіқабатты үйімізде төрт пәтер орналасқан. Есіктердің бәрі бұзылған. Жамылғы алып шықтық. Ресейліктердің штаб-пәтеріне айналған мектепке дейін үш минут жүрдік. Мектептің қоршауын алып тастапты. Аулада бірнеше танк пен беренді техника тұр екен. Көшенің бойымен бардық. Барлық жерде тывалық әскерилер мен көп техника болды.

Біз жүріп бара жатқанда, олар күліп тұрды. Мектепке жете бергенімізде жарылыс болды. Қорыққаннан жерге отырып қалдық. Олар қарқылдап күлді. Мектептің жертөлесіне түссек, бірнеше адам отыр екен.

"ТЕЛЕФОНДАРЫҢДЫ БЕРІҢДЕР, ӘЙТПЕСЕ АТЫП ТАСТАЙМЫЗ"

Валерия Видковская "өлім жертөлесіндегі" тұтқындардың күнделікті тұрмысы қандай болғанын, әкесі "тексерістен" қалай өткенін әңгімелеп берді.

- Мектептің жертөлесінде, спортзалда отырдық. Бірінші келгендерді үлкен залға отырғызды, дәретхана ретінде қолдануға шелек, су, тамақ жылытуға газ оттығын берді. Өзімізбен бірге тез дайындалатын тамақ алып келіп едік. Көршіміз вареники алып үлгеріпті. Ата-әжеміз жертөлеге түсуден бас тартты. Өйткені атам жүре алмайды. Әскерилер үйімізге бұзып кірген түні әжем есікті ашпақ болған, бірақ ол әзер жүріп жеткенше, жауынгерлер есікті атқылай бастапты. Әжем есікке жақындауға қорқып, отыра қалған. Көршіміздің есігі тез ашылған, біздің есігіміз брондалған еді. Әскерилер ішке кіріп, пәтердің ішін кезіп, арақ пен темекі іздеген. Тапқанын алып, "есікке қызыл шүберек іліп қойыңдар, бұл пәтерді тексеріп қойғанымызды білдіреді, сендерге ешкім тимейді" деп айтып кетіпті. Бірақ сол түні әжемнің есебі бойынша, үйімізге тағы 11 топ кіріп, арақ пен темекі сұраған. Бір аптадан кейін атамды ауыл арбасымен жертөлеге түсірді. Сол кезде әжем мен әкем де жанымызға келді.

Видео: Ягодное ауылындағы мектептің жертөлесі

Your browser doesn’t support HTML5

Подвал в школе в селе Ягодное

Әкем 40 жаста. Оны аулаға апарып, шешіндіріп, тінтіп шықты. Көлігімізде Украина туы түстес ленталар болған. Олар соны көріп, бізді өңірлік қорғаныс тобының мүшелері деп ойласа керек. Әкемді тізерлетіп отырғызып, басына кезекпен автомат тақап, қорқытты. Бірақ қуанышымызға орай, өлтірген жоқ. Біз соғыс басталғаннан кейін әскерилерге киім жинап, блокпосттарға тамақ тасығанымыз рас.

Ресей әскері мектептің бірінші қабатын штабына айналдырды. Жаңадан келген адамдардың телефондарын тартып алып отырды. Олар үнемі мас күйде жертөлеге түсіп, "Телефондарыңды беріңдер, әйтпесе бәріңді атып тастаймыз! Біреу телефонын берген жоқ. Біреу тыңшы. Таппасақ, бәріңді атамыз!" деп қорқытатын. 3 наурызда бір жігіт телефонын бақшаға көміп тастапты. Жертөледегі бір кісі де телефонын жасырып үлгерген. Жертөледе көп адам болғанын растайтын суретті сол кісі түсірді.

Жертөлеге кіретін есік пен Ресей әскерилерінің штабы орналасқан мектеп.

Жертөледе 15-20 шаршы метрлік төрт-бес бөлме, қарсы бетте үлкен спортзал болды. Олар "Осында отырыңдар. Екі күннен кейін кетпесек, мұнда әлі ұзақ отырасыңдар" деді.

Жертөлеге түстік. Басында өте суық болды, күртеше киіп, бірнеше қабат жамылғы оранып, ұйықтадық. Айнала шаң-тозаң, жертөленің іші тастай суық. Жертөле бұрын терезенің жақтауы, сынық үстелдер сияқты қолданылмайтын заттарды сақтайтын қойма болған. Адам қарасы көбейген кезде біреулер еденде, біреулер сынық үстелдерде ұйықтады. Адам аз кезде бәріміз 17 шаршы метрлік бөлмеде отырып, залды асүй әрі дәретхана есебінде қолданып жүрдік. Үйден алып келген ботқа, консерві сияқты тамағымыз бір аптаға ғана жетті. Кейін әскерилер тамақ жылыту үшін газ оттығын әкеліп берді. Төрт күн бойы жертөледегілерді сыртқа шығарды. Біздің бөлмеде 40 адам, оның ішінде үш емізулі сәби болды. Бәрі отбасымен келген.

Видео: Ресей әскері Ягодное ауылынан шығып кеткен сәт

Your browser doesn’t support HTML5

Село Ягодное после оккупации российскими военными

Сыртқа шыққанымызда төрт жігітті атып тастағанын білдік. Оларды азаптап, аяқ-қолын, жағын сындырып, желкесінен атып өлтірген. Кейін Қызыл крест жерленген адамдардың моласын қазып, қаза тапқандар саны әлдеқайда көп екенін анықтады. Жертөлеге түскен адамдар жолай мәйіттерді көргенін, кейбіреулерді киімінен танығанын айтып келді. Олар қашып құтылмақ болған адамды атып тастапты деді.

Валерия Видковскаяның Ресей әскері кеткеннен кейін түсірген фотоларында балалардың қабырғаға салған суреттерін де байқауға болады. Суреттерде "Соғыс болмасын" деп жазылған.

- Ғимараттың бір шеті – мектеп, екінші жартысы балабақша еді. Олар балабақшадан ойыншықтар алуға рұқсат берді. Балалар конструкторлар, ойыншықтар мен бояуларды жинап алды.

"МӘЙІТ ЖИНАЛҒАН БӨЛМЕНІҢ ЖАНЫНДА ЖУЫНЫП, СУ ҚАЙНАТЫП ЖҮРДІК"

Украина бас прокуроры Ирина Венедиктованың айтуынша, Ягодное ауылындағы "өлім жертөлесінде" он адам көз жұмған. Тағы 17 адамды ресейлік жауынгерлер "жоғарыда" атып тастаған. Валерияның сөзінше, жертөледе көбіне қарт адамдар қайтыс болған.

- Бірінші аптада сыртқа шығуға мүлде рұқсат бермеді. Адам аз кезде темекі шегетіндер залға барып жүрді, кейін балалар көбейген соң, ол жақта да шылым шекпейтін болды. Бір аптадан кейін жертөледегілердің саны 300 адамға жетті. Дәретхана шелегін төгу керек, тамақ істеу қажет. Олар кіреберісті асүйге айналдыруға рұқсат берді. Әскерилер берген тамақты отқа жылытып ішіп жүрдік. Олар шелекпен бұқтырылған ет консервісі араласқан арпа ботқасын беретін, кейде одан солярканың иісі шығып тұрады. Арпа солярканың жанында тұрғанын, әлде әскерилер әдейі құйып жібергенін білмейміз. Жертөледегілерге "Ботқаға солярка қосылған. Жегісі келгендер жесін, жегісі келмегендерді қинамаймыз" деп ескертті.

Жертөледе ауа тазармайтын. Адам көбейген кезде бөлменің іші ысып, күртешемізді шешіп, жеңіл жейдемен отырдық. Қатты ыстық болды. Мектептен бөлме температурасын өлшейтін құрылғы тауып алдық, 33 градусты көрсетті. Еден бетоннан жасалған, айнала шаң-тозаң, оған қоса, жарық болмағандықтан, керосин шам жағып отырамыз. Тыныстайтын ауа болмады. Қабырғаны тесіп, сырттан ауа кіретін саңылау жасадық. Бір аптадан кейін тыныш күндері таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін сыртқа дәретханаға, темекі шегуге, тамақ істеуге шығып жүрдік. Тамақ істейтін бес адам болды. Атыс болса, дрон ұшып жүрсе немесе көңіл-күйлері болмаса, бізді жертөлеге қуып, күні бойы шығармай қоятын.

Бір аптадан кейін жертөледе бір адам қайтыс болды. Ауа мен тамақ, дәрі-дәрмек жетпей, қарттар өле бастады. Басында ортақ тамақ істемейтін кезімізде көлік келіп, тамақ тарататын. Біреулер бір жәшікті алып кетеді. Жоғарыға көтеріле алмайтын әжелер ас-сусыз қалады. Кейін адамдарды санап, тамақты бәріне жететіндей етіп, бөліп тарататын болдық. "Тамақ таратып жатыр" деп оятқан адамымыздың денесі сұп-суық болып жатады. Бөлменің іші қараңғы, адамдар әрі-бері жүре алмайды, сондықтан біреудің жан тапсырғанын бірден біле алмайтынбыз.

Мектептен бірнеше метр жерде от жағатын бөлме болды. Кешке біреу қайтыс болса, таңертең есік ашылған кезде оны от жағатын бөлмеге апарып тастайды. Ол жердегі мәйіттер бірнеше күн бойы жатады, атыс тоқтаған кезде жерлеуге рұқсат береді. Мәйіт жиналған бөлменің жанында жуынып, шайға су қайнатып жүрдік.

"ОДЕССА СОҒЫССЫЗ БЕРІЛДІ ДЕДІ"

Валерия Видковская "ресейліктер Ягодное ауылында қанша уақыт болатынын өздері де білген жоқ" дейді. Куәгердің сөзінше, олардың Ресей әскері Киев түбінде жеңіліп, Украинаның ірі қалаларын ала алмағанынан хабары болмаған. Валерия тывалықтардан бөлек, орыстар да болғанын, олар көп агрессия көрсетпегенін айтады.

- Әскерилер әртүрлі болды. Алғашқы күндері жертөлеге мас адамдар түсіп жүрді. Бұл тывалық әскерилер еді, олар қыздарымызға тиісті. Осы себептен асүйге шыққан жоқпын. Тамақты әкем дайындайтын. "Сендерді атып тастаймыз, бәрін тыңшы, нацистсіңдер" дейтін. Бірақ арасында жөні түзу адамдар да кездесті. "Глухой" деген лақап аты бар командир болды. Толық аты-жөні Илья Глушенко екен, өзі айтты. Ол жертөлеге түсіп, балаларға каскасын, оқтан қорғайтын кеудешесін кигізіп, "Украинаның жартысын басып алдық, Одесса соғыссыз берілді, Харьков пен Киевтің жартысы орыстардың қолында, тек Чернигов қалды, оның өзі қоршауда отыр. Белгіленген уақытқа дейін қалаға кіре алмасақ, күл-талқанын шығарамыз" деді. Оларға Украинаны түгел басып алдық деп өтірік айтқан сияқты. Жоғарыға шыққан кезде орыстың солдаттары мектеп картасына Ресей "жаулап алған" жерлерді белгілеп қойғанын көрдік. Кейін мұның бәрі жалған екенін білдік. Екатеринбургтен жігіттер болды. Бүкіл ауылда тывалықтар жүрді, олар өте көп болды, бірақ мектептегі штабты орыстар басқарды.

"РЕСЕЙ ӘСКЕРИЛЕРІ КИІМДЕРІМІЗДІ ДЕ АЛЫП КЕТІПТІ"

Валерия Видковская тывалықтармен салыстырғанда, орыс жауынгерлері ауыл халқынан кешірім сұрауға тырысқанын айтады.

- Көршіміздің үйінің сыртында украиналық өрнек бар еді. Ресейлік жауынгерлер өрнектің жанына орыс тілінде қатемен "Хохолдар, кешіріңдер, біз – агрессор емеспіз, президенттер оңбағандар" деп жазып кетіпті.

Жертөленің есігін күнде дене шынықтыру сабағында қолданылатын төрт аяқты үстелмен тіреп қоятын. Бірақ ол еденге 20-30 сантиметр жетпейтін. Еңкейіп қараса, көшеде не болып жатқанын көруге болады. Соңғы аптада генераторымыз болды, есікке 26 наурызда жарық келді деп жазылған. 30 наурызда генераторды таппай қалдық. Көліктер ары-бері жүре бастады. Әскер жиналып жатыр деп ойладық, өйткені олар генераторды алып кетті. Тағы бірнеше сағат сыртта не болып жатқанын бақылап отырдық. Адамдар мен көліктердің дауысы тыйылған соң, ерлердің бірі есікті сындырды. Бәріміз сыртқа шықтық. Әскер кеткеннен кейін жарты күн күтіп отырдық. Түстен кейін шығып, бәрі үйіне қарай жүгірді. Әкем де бармақ болды, бәріміз қарсы болдық, өйткені кей үйлерге сым тартылып, мина қойылған еді. Әкем жасырып қойған телефонын алып шықты, соған бірнеше сурет түсіріп алдық.

30 наурызда әскер кеткенімен, ешкім үйіне барған жоқ. Өйткені үйлердің терезесі сынған, жиһаздары жарамсыз болып қалған. Бәріміз жертөледе қалдық. 31 наурыз таңертең темекі шегуге шыққанымызда, дрон ұшып келіп, 10 минут бойы айналып жүрді. Адамдар ақ мата желбіретіп, "бәрі жақсы, әскерилер кетті" деп белгі берді. 10 минуттан кейін мектептің территориясына Украина әскері кірді.

Видео: Ресей әскері ауылдан шыққан кейінгі пәтердің іші

Your browser doesn’t support HTML5

Квартира семьи Видковских после ухода российской армии из Ягодного

Үйімізді көруге бардық. Ресейлік жауынгерлерге үйіміз қатты ұнапты, оны өзімізге де айтты. Пәтеріміз жақсы жөндеуден өткен еді. Онда жиырма шақты адам тұрыпты. Унитаз толып қалған. Бөлменің төбесін атқылап, жиһаздарды қиратып кеткен. Түсқағаздар жұлынған. Бүкіл техника мен алтынды алып кеткен. Киім-кешек те алған. Інімнің мүлде киімі қалмапты. Менің де бірер жейдем мен шалбарым ғана қалған. Тоным мен күртешелерімді алып кетіпті. Көршілерімізде, бүкіл ауылда осылай. Екі көлігіміз бар еді, біреуін ауылға кірген кезде гранатометпен, екіншісін пулеметпен атқан. Қолдарына сыймағанның бәрін қиратып, бүлдіріп кеткен.

Бірден Украинаның қауіпсіздік қызметі, ұлттық полиция келіп, бәрімізден түсініктеме алды. Ұлттық қауіпсіздік қызметі түсініктеме беруді сұрады, олар мені тұтқында отырғанда жертөледен сурет түсіріп алды деп ойлапты. "Телефоным болған жоқ, бірақ қандай да бір ақпарат қажет болса, хабарласыңыздар" дедім. Әлі ешкім хабарласқан жоқ.

ЖЕРТӨЛЕДЕН КЕЙІНГІ ӨМІР

Валерия Видковскаяның айтуынша, тұрғындардың көбі ауылда қалған. Валерия отбасымен бірге ата-әжесін алып, Германияға кеткен. Өйткені отбасының ауылда еш мүлкі қалмаған, үйлері қирап, көліктері өртеніп кеткен. Қазір Ягодное ауылында әлі де ара-тұра оқтың дауысы естіліп тұрады.

- Бізде ортақ чат бар, онда үйлерін жинаған адамдар әскерилер бір үйден екіншісіне тасыған заттарды тауып алып, "Мынау – менің жамылғым емес, келіп, алып кетіңдер” деп жазады. Үйде тұру мүмкін емес, толықтай қираған, ал мұнда тым болмаса тыныштықта өмір сүреміз. Ауылда әлі де қауіпті. Анамның екі баласы, сіңлімнің бір айлық емізулі нәрестесі бар. Сондықтан бәрін Германияға алып кетеміз деп шештік.

Оснабрюк

Валерияның отбасы Төменгі Саксониядағы Оснабрюк қаласына жақын маңдағы бұрынғы балалар үйіне жайғасқан. Ол анасының жүрегі шайлығынын, жиі ауырып қалатынын айтады.

- Германияда бізге жақсы қарайды. Мэрия қажет заттармен қамтамасыз етіп, барынша көмектесіп жатыр. Үлкен үйде бірнеше отбасы бірге тұрамыз. Жанымызда тағы бір балалар үйі бар, ол жақтағы көршілеріміз де бәліштер, тәттілер пісіріп әкеледі. Николаевтан, Украинаның басқа қалаларынан келген адамдар бар. Мұнда украиндар көп. Кейде анам түсінде бомба тасталғанын көріп, шошып оянады. Жақында серуенге шықтық, қаламызға аттракциондар паркі келді. Бір кезде отшашу басталды, анам оқыс дауыстан қорқып, жылады.

Германияда да украиндардың басынан өткен жағдайдың растығына сенбейтін адамдар бары қынжылтады. Кей азаматтар Буча мен Гостомельде болған оқиғалар қолдан құрастырылған деп есептейді. Германияға келген танысымыздан мемлекеттік мекеме қызметкерлері "Елден кетерде сізге қарсы оқ атылды ма, жарылыс дауысын естідіңіз бе?" деп сұрапты. "Иә" десе, "Басқа нәрсе емес, дәл жарылыстың дауысын естігеніңізге сенімдісіз бе?" деп сұрақтың астына алыпты. Соғыс аяқталса, тезірек үйімізге оралғымыз келеді.