Қазан айының басындағы парламент сайлауының бұрмалануына байланысты өткен Бішкектегі наразылық биліктің ауысуына әкелді және бұл халықтың әділетсіздікке қарсы жеңісі көрінді. Бірақ қазір Қырғызстанда мұны жетістік көретіндер аз.
Қырғызстанда жаппай наразылық кейінгі 15 жылда осымен үшінші рет биліктің ауысуына әкеліп отыр.
Бірақ парламент сайлауынан кейін бұрқ ете қалған осы наразылық Орталық Азия елдеріндегі биліктің ауысуы үміттен гөрі күдікке толы болатындай жағдайға әкелді.
Бұл тым ауқымды мәлімдеме көрінуі мүмкін. Бірақ Тәжікстан тәуелсіздігінің 1990-жылдардағы алғашқы 15 айын есепке алмағанда, Асқар Ақаевтың 2005 жылғы революциядан кейін тақтан тайдырылуы Орталық Азия елдеріндегі СССР ыдырағалы тұңғыш билік ауысуы болды.
ТҮРКІМЕНСТАНДА БИЛІК ҚАЛАЙ АУЫСТЫ?
Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов 2006 жылы желтоқсанда қайтыс болды. Өзін "Түркіменбашы" деп атағанды қалайтын Ниязов бұл қызметті ел тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері атқарып келді. Оған дейін ол алты жыл Түркімен ССР-ін басқарды.
Советтік Түркменстанның басшысы қызметіне оны Кремль тағайындады. Бірақ Мәскеудің Ниязовты қандай қасиетіне бола таңдағаны белгісіз.
Ниязов президенттің араласуынсыз ешнәрсе жүзеге аспайтын жүйе құрды. Түркіменстан бұрын Совет одағы құрамында болған елдер арасында ең репрессивті елге айналды.
Оның өлімінен соң билік басына көп адам тани бермейтін денсаулық сақтау министрі Гурбангулы Бердымұхамедов келді.
Сол жылдары Бердымұхамедовтың президент қызметіне қалай жеткені Түркіменстан халқын қызықтыра қоймады. Көбі Ниязов билігінің аяқталғанына қуанды.
Бердымұхамедов реформа туралы айтып, 2007 жылы ақпанда президент сайлауына түсті. Бұл Түркіменстан тәуелсіздік алғалы өтіп отырған екінші сайлау еді. 1992 жылы қазандан өткен сайлауда Ниязов жалғыз үміткер болса, Бердымұхамедовтың екі қарсыласы болды.
Халықаралық қауымдастық мұны жылы қабылдады, бірақ сақтықпен қарады.
Ниязовтау әлдеқайда жас, әрекетінде жүйелілік басым көрінген Бердымұхамедов Шығыс пен Батысқа бірнеше рет ресми сапармен барды. Тіпті 2008 жылы Бухаресте өткен НАТО саммитіне де шақырылды.
Бірақ кейіннен Бердымұхамедов демократиялық өзгеріске деген үмітті толықтай жойды, алдыңғы президенттен де нашар басшыға айналды.
ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ҮМІТ
Өзбекстан президенті Ислам Каримов 2016 жылы тамыздың соңында қайтыс болды. Елді 25 жыл басқарған Каримов диктатура орнатып, өзбек халқын адам құқықтарынан және өзгеріске қол жеткізу мүмкіндігінен айырды.
Оның орнына 13 жыл бойы премьер-министр қызметін атқарған Шавкат Мирзияев келді. Билікке алдыңғы басшының ізбасары келген соң, бұл өзгеріске үмітпен қарағандар аз болды.
Бірақ Мирзияев реформа жүргізетінін мәлімдеп, бірқатар егде жастағы саяси тұтқын бостандыққа шықты, үкімет мақта алқаптарындағы мәжбүрлі еңбекті жою науқанын бастады, Өзбекстан туристерге есігін ашты.
Өзбекстанда өзгері желі байқалып, адамдар жағдайдың жақсаратынына үміт пайда болды.
Халықаралық қауымдастық осы өзгерістерді аңғарып, Өзбекстанға салынатын инвестиция көлемі артып, сауда-саттық күшейді (коронавирус пандемиясына дейін). Адамдар Мирзияев билігінің одан да көп оң өзгеріс әкелетініне әлі де үмітпен қарайды.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президент қызметінен кетіп, лауазымын өзіне адал шенеунік Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырды. Бірақ Назарбаевтың президенттіктен кетсе де, билікке деген ықпалы әлі де бар деп ойлайтындар көп. Ал биліктің ауысу тәсілі көптеген сұрақ тудырды.
Ел астанасының атауын Назарбаевтың құрметіне "Нұр-Сұлтан" деп өзгерту Тоқаевтың беделін арттырмады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жастардың "оянған" һәм билікке талабы артқан жылДегенмен Назарбаевтың ресми түрде кетуі кей қоғам өкілдерін, әсіресе өзгерісті қатты қалаған жастарды оятты.
2019 жылдың наурызынан бері Қазақстанда көптеген қарсылық акциясы өтті. Олардың арасында жалғыз адамдық пикеттер де болды. Билік бұл акциялардың барлығын дерлік күшпен таратты.
Бірақ азаматтық белсенділікте көптеген жыл байқалмаған жаңа энергия пайда болды және ол жуық арада басылатындай емес.
ҰРЛАНҒАН РЕВОЛЮЦИЯ
Қырғызстанда 2005 жылы Ақаевты биліктен кетіргенде адамдар елді ұзақ басқарған адамнан құтылу үшін біріге білді. Олар билігін одан ары кеңейткісі келіп, үкімет басына туыстарын әкеле бастаған Ақаевқа қарсы тұрды.
Өкінішке қарай, 2005 жылғы революциядан кейін пайда болған үмітті Ақаевтың орнына келген Құрманбек Бакиев үзді. Ол да бұрынғы тәсілдерге сүйеніп, ашкөздігі жөнінен Ақаевтан асып түсті. Қайта көтерілген халық 2010 жылы Бакиевті де биліктен кетірді.
Үміт оты қайта жанды. Қырғызстанды парламенттік басқару формасына жақындату үшін жаңа конституция қабылданды. Президенттік мерзімге шектеу енгізілді. Бұдан былай бір адам алты жылдық бір ғана мерзімге ғана сайлана алатын болды (Алмазбек Атамбаев президенттік қызметте бір мерзім ғана болды). 2010 және 2015 жылғы парламенттік сайлауларда жағымды өзгерістер байқалып, Батыс елдерінен келген бақылаушылар оң бағасын берді.
4 қазандағы сайлаудағы дауыстың сатып алуына қарсы реакция қырғыз халқының жеңісі секілді көрінді.
Билік шектен шыққанда халық тағы көтерілді. Тағы президент биліктен кетірілуге жақын тұрды.
Бірақ түрмеден жаңа шыққан, ұлтшылдық сипаты басым бұрынғы саясаткер Садыр Жапаровтың асығыс премьер-министр қызметіне тағайындалуы өзгеріс жөніндегі көтеріңкі көңіл-күйді жылдам басып тастады.
Қырғызстанда көптеген адамда жеңіске жету сезімі, мәз-мейрам болу байқалмайды. Жапаровтың жақтастары бөлек әңгіме.
Ережелер өзгеріп жатыр, тіпті кей заңдар мен Конституция да өзгеретін көрінеді. Бірақ бұл өзгерістердің бәрі тек бір ғана адамға – Жапаровқа қажет сияқты.
Жапаровты қылмыстық топтар қолдап отыр деген пікір бар. Бұл оның премьер-министр және президент міндетін атқарушы қызметіне түрмеден шыққанына үш апта өтпей жылдам жетуін түсіндіруі мүмкін.
Үкімет ғимараты алдында жиі жиналатын, Жапаровтың жақтастары деп аталған адамдар саяси белсенділерден гөрі футбол бұзақыларына ұқсайды.
Парламенттің кей депутаттары мен оппозициялық партиялар өздеріне қоқан-лоқы көрсетілгенін, оны жасап отырғандар Жапаровтың жақтастары екенін мәлімдеп отыр.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КҮШТЕРДІҢ ҚАТЫСПАУЫ
Кремль Қырғызстандағы биліктің ауысуына мүдделі емес екенін көрсетті.
Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстандағы биліктің ауысуына трагедия деп атады. Мәскеу Қырғызстанда көрсетілуі тиіс 100 миллион доллар көлеміндегі қаржылай көмекті тоқтатып қойды.
АҚШ мәлімдеме жасап, "Қырғызстан азаматтары мен жетекшілері ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықтан саясатқа ықпал етуіне қарсы күресін жалғастыруы тиіс" деді.
Жапаровты премьер-министр етіп тағайындау жөніндегі екі сәтсіз талпыныстан кейін – екеуі де асығыс ұйымдастырылды, қажет кворум жиналмады – Еуропалық одақ мәлімдеме жасап, қырғызстандықтар мен халықаралық қауымдастықтың "жаңа премьер-министрдің тағайындалуындағы процедуралық кемшіліктердің" болуы мүмкін екеніне алаңдайтынын жеткізді.
4 қазандағы парламент сайлауынан кейінгі наразылық толқыны ел үшін үлкен жетістік болуы керек еді. Бірақ Жапаровтың билікті қолына осылай алуы жеңіс жөніндегі эйфорияны басып тастады, оның орнына алаңдаушылық көңіл-күйі, бастапқы іс аяқталмай қалғандай сезім пайда болды.