Ауғанстаннан кеткен АҚШ-тың орнын аймақтағы алпауыттар баса ма?

АҚШ әскерилері өздері пайдаланып келген базаны Ауғанстан қарулы күштеріне өткізіп беру рәсімі кезінде АҚШ туын түсіріп жатыр. Гельменд уәлаяты, Ауғанстан, 2 мамыр 2021 ж. Бірнеше айдан соң, АҚШ әскері Ауғанстаннан толық шықпай жатып, "Талибан" осы елдегі билікті басып алды.

Батыс елдері Ауғанстанда жиырма жыл болды. Қазір "Талибан" билік орнатқан елде АҚШ пен оның одақтастары жоқ. Енді олардың орнын Ресей мен Қытай секілді ірі державалар басқысы келеді. Кей сарапшылар бұл аймақ Батысқа қарсы орталыққа айналуы мүмкін деген болжам айтады.

Тамызда АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстаннан кетіп, халықаралық қауымдастық мойындаған үкімет құлады. Осылайша Батыстың соғыс жайлаған елдегі жиырма жылдық кезеңі аяқталды.

Ауғанстанда "Талибан" радикал қозғалысы қайта билікке келіп, Батысқа қарсы немесе оған бәсекелес елдер оның орнын басуға тырысып жатыр.

Геосаяси жағдайдың өзгеруі Орталық және Оңтүстік Азияны Батысқа қарсы орталыққа айналдыруы мүмкін деген болжам бар.

Кей сарапшылар Ресей, Қытай, Пәкістан, Иран бірігіп "Үлкен ойынның" келесі кезеңін бастап кетуі мүмкін дейді. 19-ғасырдың аяқ шенінде Ауғанстан үшін ірі державалар арасында болған күрес осылай аталып кеткен.

Бірақ өзге сарапшылар жаңа геосаяси жағдайда Мәскеу, Пекин, Исламабад пен Тегеранның өз мүддесін көксейтінін айтады.

ШЫҒЫС АЗИЯҒА ӨТУ

Вашингтон бар назарын Қытайға бұру үшін Ауғанстан кететінін Ақ үйде Барак Обама әкімшілігі болған кезден-ақ сездірген еді.

Джорджтаун университетіндегі дипломатиялық қызмет мектебінің тарих профессоры Джеймс Ридон Андерсон АҚШ Ауғанстаннан кеткен соң Орталық Азияға ықпал ете алмайды деп болжаған.

"Орталық Азияда "Үлкен ойын" болуы мүмкін. Бірақ ол АҚШ үшін Тынық мұхитының батысы мен шығыс Азия суларындағы үлкен ойыннан маңызды болмайды" деген еді 2013 жылы Азаттыққа Ридон Андерсон.

АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кетуін қолдаған Джо Байден "әлем өзгергенін" және Вашингтонның "Қытаймен қатаң бәсекеге түскенін" айтты.

"Бұл күресте Қытай мен Ресей АҚШ-тың Ауғанстанда тағы ондаған жылға қалғанынан өзге ештеңе қаламайды" деді ол 31 тамызда.

Бірақ кей сарапшылар АҚШ-тың Ауғанстаннан кетуі жағдайды қиындатып, "Байденнің Қытайға бұрылуына" мүмкіндік бермеуі мүмкін деді.

АҚШ президенті Джо Байден Америка әскері Ауғанстаннан толық шығарылғанын мәлімдеп тұр. Ақ үй, Вашингтон, 31 тамыз 2021 ж.

АҚШ шенеуніктері мен одақтастары әскерді Ауғанстаннан шығару террорлық шабуыл қаупін арттыратынын айтып Байденді сынға алды.

"Әл-Қаида" террор ұйымын жақтайтын "Талибан" "Ислам мемлекеті" экстремист тобы содырларымен соғысып жатыр. Сарапшылар Батыс Ауғанстаннан кеткен соң бұл соғыстың өршіп кеткенін айтады.

Байден әкімшілігі Ауғанстанның АҚШ-қа қарсы террорлық шабуыл базасына айналмауы үшін Вашинтонның террорға қарсы іс-қимылды қашықтан жалғастыра беретінін айтты. Бірақ бұл қадам аймақтан төнетін қауіпті сейілте алатынына күмән бар.

Биыл қарашада НАТО дипломаттары Брюссельде кездесті. Онда АҚШ-тың Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Томас Уэст АҚШ кеткен соң басқа державалардың маңызы арта бастағанын айтты.

Уэст НАТО одақтастары Ауғанстандағы тұрақтылық мүддесі жолында Ресей, Қытай, Пәкістан, Иран, Орталық Азия елдерімен бірге әрекет етуі керегін, бұл Ауғанстанның көршілеріне қауіп төндірмей, адам құқықтарын құрметтеуі үшін қажет екенін айтты.

Пәкістан сыртқы істер министрі Шах Махмуд Куреши (оң жақта) АҚШ арнайы өкілі Томас Уэстпен Ауғанстан мәселесі бойынша кездесу кезінде. Исламабад, 11 қараша 2021 ж.

АҚШ пен одақтастары "Талибан" қозғалысынан адам құқықтары мен әйелдер құқығын құрметтеуді талап етіп келеді. Бірақ Мәскеу, Пекин немесе Исламабад олай істемеді.

Исламның шиит ағымын ұстанатын Иран сүннит ағымындағы тәліптердің "инклюзивті емес" үкіметін мойындамайтынын айтып, оның құрамына Ауғанстандағы шиит хазар азшылық тобы өкілдерін қосуды талап етті.

Батыс пен аймақтағы державалардың дамуда, терроризммен және есірткінің заңсыз айналымымен күресте әртүрлі жол ұстануы әріптестікті қиындатып отыр.

АҚШ пен Еуроодақ Ауғанстан азаматтарына көмектесуге, елді дамытуға және полиция жүйесін реформалауға басымдық берді.

Ал Қытай мен Ресей Ауғанстандағы ислам экстремизмі мен есірткінің Орталық Азияға және Қытайдың батысындағы Шыңжаңға тарауына жол бермеуді көздейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ауғанстан тәліптер қолына өткенде Орталық Азия Ресей бастаған әскери одаққа сене ала ма?

Тегеран Ауғанстаннан Иранның шығысына кіріп жатқан, тәліптер қолдайтын сүннит содырлардан қауіптенеді.

Иран үкіметі "Талибан" қозғалысы Тегеран билігін құлату үшін Иранда апиын контрабандасын пайдалануы мүмкін деп алаңдайды.

Атлант кеңесі Таяу Шығыстағы қауіпсіздік жөніндегі Скоукрофт бастамалары директоры Кирстен Фонтенроуз Қытай, Ресей, Пәкістан, Қатар мен Түркияның "Талибан" қозғалысымен функционал қарым-қатынас орнатқанын айтады.

Оның сөзінше, олардың қатарында Қатар ғана АҚШ-қа дұшпандық пиғылы жоқ, Вашингтоннан ештеңе дәметпейтін ел.

Фонтенроуз "Ауғанстаннан кету сипаты" АҚШ одақтастарында "Вашингтон аймақтың бәрінде отырған жоқ па?" деген сұрақ туғызады дейді.

АЙМАҚТАҒЫ МҮДДЕ, ЖАҺАНДЫҚ ОЙЫН

Германиядағы Халықаралық қатынас және қауіпсіздік институты (SWP) сарапшылары Сабине Фишер мен Анжела Станцел Ресей мен Қытай АҚШ Ауғанстаннан кеткен соң "Батыс тап болған әлсіздіктен" жаһандық деңгейде көп пайда көріп отыр дейді.

Олар Мәскеу мен Пекин аймақтағы қауіпсіздік проблемасын шешу жолын таппағанын айтады.

"Қытай мен Ресей Батыстың Ауғанстаннан кетуін әлсіздікке балайды" деп жазды Фишер мен Станцел жуырда жарияланған баяндамада.

Ауғанстан мәселесі бойынша халықаралық келіссөз кезінде Ресей президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Замир Кабулов (сол жақта) "Талибан" делегациясының өкілі Мавлави Шахабуддин Дилавармен қол алысып тұр. Мәскеу, Ресей, 20 қазан 2021 ж.

Бұл Батыс басымдыққа ие либерал әлемдік тәртіпті жоюға шақыратын Мәскеу мен Пекиннен тараған әңгімені растай түсетіндей дейді олар.

"Бірақ жаһандық деңгейде екеуінің үмітін шектейтіндер үмітті ақтамайды" деп ескертеді Фишер мен Станцел.

"Батыстың жеңілісі автоматты түрде Пекин мен Мәскеудің жеңісін білдірмейді, – дейді олар. – Қытай мен Ресей Ауғанстанда тууы мүмкін және Мәскеу мен Пекиннің мүддесіне төнетін қауіпке қарсы тұруы керек".

Кей сарапшылар Пәкістан өзін аймақтағы жеңімпаз санайтынын айтады.

"Талибан" үкіметі Исламабад ықпалына ұшырауы мүмкін екенін ескерсе, тәліптердің билікке келуі Пәкістанға басты қарсыласы саналатын Үндістан алдында стратегиялық басымдық береді дейді кей сарапшылар.

Бірақ бұл пікірді сынаушылар аймақта Исламабадтың ашуын қоздыратын факторлар барын алға тартады. Негізінен пуштундардан тұратын "Талибан" қозғалысы 19-ғасырда бекітілген Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы ресми шекараны ешқашан мойындамаған.

Бұл "Талибан" басқаратын үкіметтің Пәкістанның тайпалық аудандарына көз тігуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ол жерлер "Талибан" ішкі істер министрі Сиражуддин Хаккани мен "Хаккани желісінің" базасы саналады.

Пәкістаннан Ауғанстанға дәрі-дәрмек пен өзге де гуманитарлық жүк әкелген ұшақты қарсы алып тұрған адамдар. Қандағар, Ауғанстан, 10 қыркүйек 2021 ж.

Пәкістанның Қытаймен "жан-жақты достығы" Пекиннің Ауғанстанға ықпал етуіне мүмкіндік береді дейді сарапшылар.

Орталық Азияда Қытай ықпалының күшеюіне Мәскеу еш реакция танытпады. Сарапшылар бұл Ресейдің аймақтағы қауіпсіздік мәселесінде Пекиннің айтарлықтай рөл атқаруына шыдауға дайын екенін білдіреді дейді: ұзақмерзімді геосаяси мақсатта әріптес болу міндетті емес.

Мұның себебі – Қытай мен Ресейдің Ауғанстандағы ортақ мүддесі Үндістан, Орталық Азиядағы қауіпсіздік секілді мәселелерге келгенде екіге жарылады.

"Аймақтағы жуырдағы әріптестігіне қарамастан, Қытай мен Ресейдің Орталық және Оңтүстік Азиядағы мүддесі бірдей емес" дейді Фишер мен Станцел. "Қытай мен Ресей келісімге келгендей кейіп танытады, бірақ іс жүзінде олардың аймақтағы әртүрлі мүддесінің шекарасы бар".

Қытай мемлекеттік тау-кен консорциумы жалға алған Мес-Айнақ мыс кенішінде тігілген Қытай мемлекеттік туы. Логар уәлаяты, Ауғанстан, 13 қыркүйек 2021 ж.

"Қытай бұл аймақтарды "Бір белдеу – бір жол" бастамасына қосып, Үндістан ықпалын тоқтатып, Шыңжаң автономды ауданына төнген қауіпті сейілтеді" дейді олар.

Ресей өзі басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйым (ҰҚШҰ) аясында "үлкен еуразиялық аймақтағы" қауіпсіздікті сақтап отырған негізгі ел рөлін сақтап қалғысы келеді дейді олар. Сонымен бірге Мәскеудің Пәкістанға қарсы тұру үшін Үндістанмен бұрынғы байланысын тұрақтандыруды көздейтінін айтады.

ҰҚШҰ-ны желеу еткен Ресей Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында бірлескен әскери жаттығу өткізіп, Орталық Азияға әскери ықпалын күшейтті.

Қазанда Азаттықтың Тәжік қызметі Тәжікстанның шығысында тәжік-ауған шекарасына жақын жерде Қытайдың құпия әскери базасы барын анықтаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжікстанда Қытайдың құпия әскери базасы бар. Пекиннің көздегені не?

Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде Ресей мен Қытай ұйымға мүше елдер тәліптерге қарсы бірігіп қарсы тұруға келісті. Бірақ ешқандай жоспар мен ұсыныс жариялаған жоқ.

Тәліптер билікке келгелі Пәкістан, Ресей, Қытайда Ауғанстан жөніндегі "Үш плюс" процесі аталып кеткен келіссөздер өтті. Оған АҚШ та кіреді.

Бұл елдердің ешбірі "Талибан" үкіметін ресми түрде мойындаған жоқ. Бірақ Пәкістан, Ресей мен Қытай "Талибан" лидерлерімен екіжақты кездесу өткізді.

Иран да "Талибан" билігін мойындаған жоқ. Қазанда Тегеран Ресей және Ауғанстанның лауазымды тұлғаларымен кездесіп, аймақтағы геосаяси жағдай мен қауіпсіздік проблемаларын талқылады. Бұл келіссөзге тәліптерді шақырған жоқ.

Ауғанстан картасы.

Желтоқсанның басында иран-ауған шекарасындағы шиеленісті жағдай шекарашыларының қарулы қақтығысына ұласты.

Иран мемлекеттік баспасөз құралдары кейінірек қақтығыс тәліптердің "түсініспеушілігі" нәтижесінде болғанын мәлімдеді.

БАТЫСТЫ КІНӘЛАУ

Иран "Талибан" қозғалысымен дипломатиялық байланыс орнатып, Ауғанстандағы хаос пен гуманитарлық дағдарыс үшін бар кінәні Америкаға артуды көздеді.

Президент Ибрахим Раиси "көрші бауырлас ел ретінде Иран Ауғанстандағы тұрақтылықты қалпына келтіргісі келеді" деп мәлімдеді.

Иранның жоғарғы лидері аятолла Әли Хаменеидің кеңесшісі Әли Акбар Велиати "Талибан" басқаратын Ауғанстанды "қарсылық, тәуелсіздік пен бостандыққа" ұмтылған елдер ортасында Иранға "қарсыласу амалының бір бөлігі" ретінде сипаттады.

Бірақ Индиана университетіндегі Еуразия және Иран зерттеулері профессоры Джамши Чокси мұндай риторика Тегеранда көбінің тәліптерге қатысты алаңдайтынын жоққа шығарады дейді.

Иранның "Ислам революциясы сақшылар корпусы" (IRGC) қолбасшысы Исмаил Каани.

"Ислам революциясы сақшылар корпусы" (IRGC) қолбасшысы Исмаил Каани қыркүйекте Иран үкіметіне дінаралық қақтығыстардың Ауғанстан шекарасынан шығуына жол беруге болмайтынын ескертті.

Ол бұрынғы дінаралық бақталастық тәліптердің жаңа режимі "Иранға дос емес екенін" көрсеткен дейді.

"Тегеранның революцияшыл лидерлері кейде "Талибан" жеңісін жария түрде қолпаштайды. Мұның негізгі себебі – АҚШ әскерінің елден кетуі Иранға аймақты еркін басқаруға мүмкіндік береді" дейді Чокси. "Дегенмен, Ауғанстанның терроршылар дайындайтын жаһандық орталыққа айналу мүмкіндігі Иранның қолайына жақпайды".

"Қайтадан тәліптер билігі орнаған Ауғанстаннан төнген қауіп Ресей мен Қытайға арқа сүйеуге мәжбүрлей алады. Бұл ирандықтардың көбі қадірлейтін тәуелсіздікке қауіп төндіреді" дейді Чокси.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Кабул тәліптер қолында, Қазақстан неге дайын болуы керек? Досым Сәтпаевпен сұхбатТәліптер ұйғыр жасағын Қытай шекарасынан шеттетті. Мұның астарында не жатыр?Ташкентті тәліптермен тату болуға итермелеген не?Пекин әлем елдерін "Талибан" үкіметін мойындауға шақырып отыр"Талибанға" Тәжікстан ғана ашық қарсы шықты. Рахмонға бұл не үшін қажет?