ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА ҚАУІП ТӨНДІ МЕ?
«Қазақстан ұлттық банкі ұлттық инвестициялық корпорациясы» (ҚҰБ ҰИК) акционерлік қоғамының жетекшісі аяқ астынан ауысты: Берік Өтемұраттың орнына басқарма төрағасының өкілетті мерзімі аяқталғанға дейін осы қызметке Есжан Біртанов тағайындалды. Осы аптада қазақстандық Informburo ақпараттық агенттігі «Берік Өтемұратты қызметтен алу ҚҰБ ҰИК жетекшісінің Wall Street Journal басылымына, мұнайдан түскен үстеме кірістен құралатын Қазақстан ұлттық қоры қаржысы «6-7 жылда сарқылуы мүмкін» екенін мәлімдеген бүкпесіз сұхбатымен бір мезгілге қатар келгенін» хабарлаған еді.
Американың Wall Street Journal журналы сайтында жарияланған мақалада «[Қазақстан ұлттық банкі] өкілінің айтуынша, мұнай бағасының құлдырауы салдарынан кірісі кеміген Қазақстанның 64 миллиард доллар көлеміндегі мұнай қоры алты не жеті жыл ішінде ақшасыз қалуы мүмкін, ал үкімет болса жиған-тергенін жұмсап жатыр» деп жазылған.
Wall Street Journal Берік Өтемұраттың «2014 жылдың тамызында ең жоғарғы көрсеткішке – 77 миллиард долларға дейін жеткен ұлттық қор жинағының көлемі 17 пайызға азайып кетті. Үкімет жыл сайын қордан 9 миллиард 500 миллион доллар жұмсайды. Қазақстандық саясаткерлер мен ұлттық банк шығынды азайтып, салық түсімін ұлғайтуы және қор қаржысын тікелей инвестиция сияқты үлкен кіріс әкелетін активтерге салуы тиіс» деген сөздерін келтірген.
Американың Bloomberg сараптама агенттігінің пікірінше, «мұнай бағасы соңғы 11 жылдағы ең төменгі деңгейге түсіп, шикізат саласындағы кіріс соңғы рет 1999 жылы байқалған деңгейге дейін құлдырауына байланысты Қазақстаннан бастап Оңтүстік Кореяға дейінгі әлем елдерінің ұлттық әл-ауқат қорларында жатқан 7,1 триллион доллар активтерге жаңадан кіріс келмей қалу қаупі бар».
Берік Өтемұраттың айтқаны Қазақстан баспасөзі мен әлеуметтік желілерде дүрбелең тудырды, іле-шала ол қызметінен алынды. Әйткенмен, «ҚҰБ ҰИК» бұрынғы басшысы жергілікті ақпарат құралдарына бұл мәселеге қатысты комментарий беруден бас тартты.
Берік Өтемұрат Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында: «Wall Street Journal мен Financial Times басылымдарындағы мақалалардан кейін жергілікті БАҚ-тың көбі комментарий сұрап, таныстарым ойларын айтып жатыр. БАҚ өкілдерімен сөйлесуден принципті түрде бас тарттым. Меніңше, ешкімнің жеке басына тиісіп, артық ештеңе айтқан жоқпын. Егер қалаған жағдайда өзгеше болар ма еді, бірақ ондай жоспарым болған емес. Әрқилы әрі қызықты пікірлер түсіп жатыр. Дені-қарным сау, ешқандай қысым болған жоқ және өзімді жағдайдың құрбанымын деп сезінбеймін. Мен көтерген мәселеге жұрт назарын аударғанына қуаныштымын. Ал жалпы алғанда, мұрыннан қан кетіп жатқанын жұрттың бәрі түсінеді ғой, сондықтан айтқанымды тың жаңалық деуге келмес. Диагнозға қатысты және оны емдеу жолдары жайлы жеке ой-пікірлерімді, бәлкім, кейінірек жазармын» деп түсіндірген.
ТЕҢІЗ АРҚЫЛЫ ӨТЕТІН ТРАНЗИТ
Жапонияда шығатын Diplomat газетінің жазуынша, Украина өзімен сауда-саттық жасайтын негізгі бес әріптес елдің бірі – Қазақстанға тауарын Ресей территориясын айналып, Грузия мен Әзербайжан арқылы тасымалдауға тырысып жатыр. Мақала авторлары Еуропа мен Ресей арасындағы шиеленістің Қазақстан-Украина сауда-саттығына қауіп төндіріп тұрғанын айтады. «Қазақстан өзінің әлдеқайда кең экономикалық мүдделері мен Ресеймен жақын қарым-қатынасы және Ресей мен Еуропа арасындағы сауда шайқасының зардаптары (өзіне қарсы әдейі жасалмаса да) ортасында қалып, әрі-сәрі күй кешіп отыр» деп жазады Diplomat басылымы.
Жапон басылымы Азаттықтың Украин қызметі сайтында жарияланған Украина инфрақұрылым министрінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, «Қазақстанға Грузия мен Әзербайжан арқылы «эксперименттік» жүк тасымалдау сапары 15 қаңтарда басталады» деп хабарлаған.
«Бұл бағыт экономикалық тұрғыдан тиімді бола ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді, бірақ бұл маршрут Қазақстанға тауарды жүк автокөліктерімен немесе темір жолмен тасымалдау құнынан қымбатқа түсуі тиіс. Грузия мен Әзербайжан территориясы арқылы Қазақстанға жеткізілетін Украина тауарлары транзиті Қара теңіз бен Каспий теңізін де кесіп өтуі тиіс. Сондықтан бұл арзанға түспесі анық» деп жазады Diplomat.