ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ ЖОСПАРЫ
Equal Times жаңалықтар сайты Нәубет Бисеновтің 2025 жылға қарай латын әліпбиіне біртіндеп көшу жоспары сипатталған "Қазақстанның латын әліпбиіне көшу жоспары жұрттың реакциясына ұласты" деген мақаласын жариялаған.
"2025 жылға қарай біртіндеп енгізіледі деп жарияланған жоспарды әуелгіде қолдағанына қарамастан, түрлі әлеуметтік топтар реакция білдіріп жатыр. Жұрттың көбі қоғаммен ақылдаспады деп ашуланады. Енді біреулер орыс тілді адамдар көп тұратын (2009 жылғы санаққа сәйкес, қазақтардың 85 пайызы орыс тілінде еркін сөйлей алатынын, ал қазақ тілінде оқып, жазып және сөйлей алатынын 62 пайызы ғана мәлімдеген) елдің кириллицадан неге бас тартқысы келетінін білгісі келеді" деп жазған Нәубет Бисенов.
Әліпбидің жаңа нұсқасында "сиықсыз болғанымен, оңтайлы шешім" деп аталатын апострофтарды көп пайдалану ең көп дау тудырған мәселелердің біріне айналды.
Латын әліпбиіне көшу "Қазақстан халқының басым бөлігін құрайтын этникалық қазақтар мен этникалық орыстардың азшылығы арасындағы мәдени жіктелуді ушықтыруы" мүмкін деп жазған Equal Times. Латын әліпбиіне көшу орыс тілді балалардың қазақ тілін үйренуін тіпті қиындатып, оларды "тіпті үркітуі мүмкін" деп кей қазақ тілі мұғалімдері де алаңдаушылық білдірген.
"Бәлкім, билік жұрттың жария наразылығын ескеріп әуелгі ойынан айнып, ұсынылған әліпби түпкілікті нұсқа емес, уақыты жеткенде өзгеретін болады деп айтатын шығар" деп түйіндейді мақала авторы.
"ЖАРТЫКЕШ РЕФОРМАЛАР"
Вашингтонда орналасқан Jamestown Foundation зерттеу институтының сайты "Жартыкеш реформалар" Қазақстандағы әлеуметтік тұрақтылықты шайқалтуы мүмкін" деген мақаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына 10 қаңтардағы жолдауында жасаған мәлімдемелеріне қатысты комментарий жаған. Мысалы, мақала авторлары әлеуметтік саясат қамтылған тезистерге назар аударған.
"Президент өз жолдауына оптимистік реңк беруге тырысқанына қарамастан, Қазақстан азаматтарының арасында сенімсіздік басым. Ресми дерекке сәйкес, 2017 жылғы қарашадағы есеп бойынша, инфляция деңгейі 6,48 пайызды құраған. […] Азаматтар жалақы мен зейнетақы тамақ өнімдерінің жиі қымбаттауы немесе коммуналдық қызмет ақысының өсуіне ілесе алмайды деп үнемі шағымданады" деп жазған Jamestown Foundation. Бұған қоса, сайттың жазуынша, тіркелген жұмыссыздар саны 37 пайызға артқан.
"Егер оларға көңіл бөлмесе, мұндай реттелмеген әлеуметтік-экономикалық проблемалар алты жыл бұрын Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағыдай әлеуметтік толқуларға ұласуы мүмкін" деп жазған Jamestown Foundation. Бұған қоса, сайт 11 желтоқсанда Шахтинскідегі кеншілер, ал 29 қарашада "Қазақмыс корпорациясы" жұмысшылары ереуіл өткізгенін еске салған.
"АЗАПТАУДЫ" ЖОҚҚА ШЫҒАРУ
Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайты 22 қаңтарда жариялаған "Қазақстан: Астана мен Әблязовтің қақтығысында бизнесмен кепілге айналды" деген мақаласында қазақстандық бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің "заңсыз ақшаның ізін жасыру" айыбы бойынша қамалғаны жайлы жазған. Мысалы, мақалада "сыншылар пікірінше, қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязовпен әлдебір байланысы болған кез-келген адамды қудалау үшін Астана сот жүйесін асыра пайдаланады" деген болжам айтылған.
Бұдан бөлек, "Ерімбетовтің жақын туыстарының сөзінше, түрме қызметкерлері оны азаптаған". Бірақ 24 қаңтарда мақаланы "Ерімбетов түрмеде азаптауға душар болған деген болжамдарды ресми түрде жоққа шығарған" Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының ресми терістеуімен толықтырған.
МИНСК КЕЛІССӨЗІ АСТАНАҒА АУЫСА МА?
Ресейлік ақпараттық агенттіктің EurAsia Daily сайты "Қазақстан Беларусьті неге ренжітті? Сарапшы пікірі" деген мақаласында АҚШ президенті Дональд Трамптың Шығыс Украинадағы жанжалды реттеу үшін Минскіде өтіп келген келіссөздерді Беларусь елінен Қазақстанға көшіру ұсынысына қатысты комментарий берген Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтына қарасты Орталық Азия, Кавказ және Поволжье елдерін зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Алекстандр Воробьевтің пікірін жариялаған.
Воробьевтің пікірінше, "әңгіме Донбасқа қатысты келіссөздер аясында Ресейге қысымды күшейту" және "жаңа одақтастар іздеу үшін Еуразияның тамырын басып көріп, олардың көмегімен Ресей ғана емес, Қытайдың да арынын тежеуге ықпал ету, бұған қоса, аймақтағы өз ықпалын күшейту жайлы болып отыр".
Қазақстанның бұл бастамаға мүдделі болуына бірнеше ішкі есебі түрткі болуы мүмкін деп жазған Александр Воробьев. "Біріншіден, халықаралық шаруаларды реттеуде өз рөлін арттыруға елдің мүдделі екені заңды нәрсе, [екіншіден], АҚШ және Батыс елдерімен арасы нашар болса, оның салдарлары қандай болатынын Қазақстан басшылығы түсінеді әрі [бұған мүдделі емес], өйткені бұл ел үшін саяси, экономикалық жағымсыз жайттарға ұласады". Бұған қоса, ол "Астанаға көп векторлы саясат тән екенін ұмытпау керек" дейді.
БИЛЕТ БАҒАСЫНЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ ЖӘНЕ "АЛМАТЫ ҮНІ"
Eurasianet.org сайтының "Қазақстан әуе желілері салық өсуіне байланысты баға қымбаттайтынын ескертіп жатыр" деген тағы бір мақаласында Қазақстан әуежайларында алым-салық түрлерінің қымбаттауына қатысты комментарий жазған. 2017 жылғы маусымда Қазақстан билігі қазақстандық әуежайлары алатын тарифтерді реттеуден бас тартқан, сондықтан баға "алты пайыздан 100 пайызға дейін қымбаттаған".
Мақалада "Бағаны бұлай қымбаттатудың нәтижесінде шетелдік компаниялар Қазақстан әуе нарығына жариялаған бойкотты жалғастыра беруі әбден ықтимал" делінген әрі Қазақстан инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектің 23 қаңтарда жасаған Астана әуежайындағы алым-салық көлемі (ұшу және қону кезінде бір тоннаға алты доллардан есептеледі) мәскеулік Домодедово әуежайы (11,50 доллар) немесе Ташкент әуежайындағы бағадан (19,80 доллар) әлдеқайда төмен, сондықтан кейбір халықаралық әуе тасымалдаушылардың Қазақстанға ұшуды тоқтату туралы шешімінің алым-салықтың қымбаттауына ешқандай байланысы жоқ деген мәлімдемесін келтірген.
"Егер Астана туризм саласын әрі қарай дамыта бергісі және халықтың шетелге халықаралық деңгейде саяхаттауына көбірек мүмкіндік бергісі келсе, кей тұста әлдебір жеңілдіктер беруі қажет болады" деп түйіндейді Eurasianet.org.
Ұлыбританияның электронды музыка туралы жазатын Mixmag.net журналында қазақстандық диджей Нәзира Қасенованың жұмысын мақтаған "Жаңа Шығыс: картада қазақстандық андеграунд пайда болды" деген мақала шықты. Журнал Нәзираны "Ол күндіз ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді, ал түнде Қазақстанның халық ең тығыз қоныстанған қаласы – Алматыда прогресшіл музыка тыңдайтын адамдар қатарын көбейтуге көмектесіп, "АЛМАТЫ ҮНІ" деген ең әсерлі кеш өткізуді ұйымдастырады" деп сипаттаған.
"АЛМАТЫ ҮНІ" экспериментті музыканың өмірлік маңызы бар орталығына айналды, Алматыда караоке-барлар мен коммерциялық клубтар қаптаған тұста ол жерде дарынын ұштау мүмкіндігін іздеген артистер өнер көрсетеді" деп жазған Mixmag.