54-орындағы «бақытты ел» шенеуніктерінің смартфондары

Көрнекі сурет.

Халықаралық баспасөз Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге смартфон ұстауға тыйым салуы мүмкін екені, мұнай компаниялары үшін салық жеңілдігі мен әлемнің ең бақытты елдері жайлы жазады.

СМАРТФОНҒА ТЫЙЫМ САЛЫНА МА?

Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінде көп ұзамай смартфон және өзге гаджеттерді пайдалануға тыйым салынуы мүмкін деген сыбыс осы аптада кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарына бірден ілікті. Сингапурдың Channel NewsAsia сайты «баспасөзде жарияланып кеткен әлдебір мемлекеттік құжатқа» сәйкес, 24 наурыздан бастап Қазақстанда полицейлер мен мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнында смартфон пайдалануына тыйым салынуы мүмкін деп жазады.

Болжам бойынша, бұл шара «құпия ақпараттардың WhatsApp қосымшасы арқылы тарауы жиілеп кетуіне» байланысты енгізілмек. Францияның AFP агенттігіне сілтеме жасаған Channel NewsAsia сайты «бізге көп ұзамай смартфондарыңды ғимаратқа кіре берісте қалдырасыңдар деп айтты, бірақ ондай ереже әзірше күшіне енген жоқ» деген қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің бірінің сөзін келтірген.

Ел билігі бұл жарлықтың рас-өтірігіне қатысты әзірше ешқандай комментарий берген жоқ. Бейсенбі күні ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полиция органдарында смартфонды жұмыста пайдалануға қатысты бейресми тыйым қазірдің өзінде қолданыста барын айтқан. Бірақ ол өзі басқаратын мекемедегі мұндай тәртіп өткен айда кісі қолынан қаза тапқан студенттің фотосуреті баспасөзде жарияланып кеткеннен кейін шыққан жанжалға байланысты енгізілген болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығарған.

AFP агенттігіне сілтеме жасаған сайттың жазуынша, білім министрінің бұрынғы орынбасары Мұрат Әбенов жеке комментарийінде мемлекеттік қызметшілер енді «смартфонын шұлығына тығып алып жүретін болады», ал смартфон қызметшілерге сапарға шығар алдында ауа райы болжамын білуден бастап, сөздерді орысшадан қазақшаға аударуға дейінгі «қарапайым нәрселер» үшін қажет екенін айтқан. Ол бұл тыйымды жаппай емес, тек құпия ақпаратпен жұмыс істейтін адамдарға қатысты ғана енгізуді ұсынған.

МҰНАЙ САЛЫҒЫ

Ұлыбританияның Economist басылымының хабарлауынша, кейбір жағдайларды қоспағанда, әлем елдерінің көбінде мұнай компанияларына салынатын салық мөлшері азайтылған. «Мұнайға бай елдердің билігі бұрын кейбір салық түрлері, роялти және өнімді бөлу жайлы жасалған келісімдерге сәйкес мұнай компанияларынан көп ақша алатын. Boston Consulting Group дерегінше, олардың әр баррельден алатын орташа үлесі 2000 жылғы 9,90 доллардан 2014 жылы 30,40 долларға дейін өскен. Ал мұнайдың бір баррелінің бағасы 40 долларға дейін арзандаған тұста бұл үлес «тым көп»» деп жазады Economist.

«Techno Trading LTD» мұнай компаниясы жұмысшылары. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы. 13 тамыз 2015 жыл.

Кейбір елдердің салық жүйесі мұнай бағасының құбылуына жылдам бейімделе бастаған. Мысалы, мұнай компанияларынан үлес алып отырған Австралия мен Норвегияда компаниялардың кірісі азайса, мемлекеттің үлесі де автоматты түрде кемиді. Қазақстан мен Бразилияда бір баррельден тұрақты мөлшерде роялти алатын жүйе жұмыс істейді, сондықтан мұнай бағасы құлдыраған сайын компания кірісіндегі мемлекет үлесі де ұлғая түседі. Мұнай бағасы құлдырап жатқан шақта роялти аудару жүйесі мұнай компанияларын қысымға алғандай болып отыр. EY бухгалтерлік фирмасының есебінше, бір баррель мұнай бағасы 40 доллар болса, Бразилия мен Ангола билігі кейбір мұнай жобалары кірісінің 100 пайызға жуығын өзіне алады деп жазады Economist басылымы.

Көптеген елдер бұл саладағы салық тәртібін жұмсарта бастаған. Мысалы, Ұлыбритания жуырда Солтүстік теңіздегі өндірілуі қиын кеніштерге инвестиция тарту үмітімен салықтың бір түрін мүлде алып тастағанын әрі тағы бір салық мөлшерін екі есе азайтқанын жария етті. Ұлыбританияға іле-шала Қазақстан мұнай экспортына салықты қысқартты. Бразилия жуырда енгізілген жаңа роялтиді уақытша тоқтатты, Колумбия, Мексика, Кения және Канада да мұнай компаниялары үшін салық режимін жеңілдеткен.

РЕЙТИНГТЕГІ 54-ОРЫНДАҒЫ ЕЛ

АҚШ-тың Examiner сайты осы аптада жарияланған «Бақыт туралы дүниежүзілік есеп» туралы жазыпты. Бұл есепті «Италия банкі» 20 наурыз күні мерекеленетін дүниежүзілік бақыт күні қарсаңында өткен конференцияда жариялаған. Ең жоғары 10 ұпайдан 7,562 ұпай алған Дания рейтингке енген 157 елдің ішіндегі ең бақытты ел деп аталған. Ең бақытты елдер бестігіне Швейцария, Исландия, Норвегия және Финляндия да енген.

Наурыз мерекесіне арнайы тігіп жатқан киіз үйлер. Астана, 16 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан бұл рейтингте 54-орынды иеленіп, Молдова (55), Ресей (56), Беларус (61), Түркіменстан (65) және Әзербайжаннан (81) озып, Өзбекстаннан (49) ғана кейін тұр. Постсоветтік елдер қатарында ең төмен орын алған елдер – Украина (123) мен Грузия (126). Ауғанстан, Того, Сирия және Бурундиді әлемдегі ең бақытсыз елдер ретінде атаған.

«Бақытты» елді анықтау тұрғын халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ (жалпы ішкі өнім), салауатты тұрмыс деңгейі, әлеуметтік қолдау, өмірлік маңызды шешімдерді қабылдау еркіндігі, коррупциядан тазалық және жомарттық сияқты критерийлер бойынша жүргізілген. Ал сіз ше, құрметті оқырман, Қазақстанда өзіңізді бақытты сезінесіз бе? Сіздерді халықаралық баспасөзге апталық шолудың форумында өз бақытыңыздың сырымен бөлісуге шақырамыз.