Путиннің жаңа көпірді ашуы
Жаңа көпірді ашу рәсімі кезінде құрылысшылармен әңгімеде Ресей президенті Владимир Путин құрылыс нысандарын салу жұмыстары жалғасады деп үміттенетінін айтты. "Бірінші желі – ең маңыздысы" екенін атап өткен ол алдағы күзде көпірдің жүк тасымалдау бөлігі, ал тағы бір жылдан соң - теміржол бөлігі ашылады деп сенетінін білдірді.
Ресей аннексиялап алған Қырымда "заңсыз көпір салуы - Кремльдің халықаралық құқықты мансұқ етуінің кезекті көрінісі" деп мәлімдеді Украина президенті Петр Порошенко.
Ресейдің Қырымға тартылған жаңа көпірдің автокөлікке арналған бөлігін ашу рәсімін СССР тұсында сталиндік режимнің Қырым татарларын атамекенінен мәжбүрлеп жер аударғанына 74 жыл толар (18-20 мамыр 1944 жыл – ред.) қарсаңда өткізуін Украина президенті "асқан арсыздық" деп атаған.
Украина Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Ресейге қарсы енгізілген санкцияларды енді Керчь бұғазында көпір тұрғызғаны үшін тағы кеңейтуге күш салатыны туралы мәлімдеген.
Ресей 2014 жылы наурызда Қырымды аннексиялап ала салысымен Ресей президенті Владимир Путин Керчь бұғазында түбекпен жалғайтын жаңа көпір салу қажеттігі туралы мәлімдеген. Жаңа көпірді 2018 жылға дейін тұрғызып, 2019 жылы жазда пайдалануға беруге уәде еткен.
Еуропа Одағы Қырыммен жалғайтын көпір құрылысын "Ресейдің Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын бұзуының тағы бір көрінісі" деп біледі. "Көпір құрылысы Ресейдің заңсыз аннексиялап алған түбекті одан ары мәжбүрлі түрде өзіне біріктіруге және Украинаның бөлшегі болып қала беретін Қырымды оқшаулауға бағытталған" деп мәлімдеген Еуропа сыртқы саяси ведомствосы басшысының баспасөз хатшысы Майи Косьянчич.