9 шілдеде Ресейдің Қиыр шығысындағы Хабаровск өлкесінің губернаторы Сергей Фургал тұтқындалып, Мәскеуге жөнелтілгелі бері жергілікті халық күн сайын наразылық шарасын өткізіп жүр. Екі мәрте көшеге шыққандар саны ондаған мың адамға жетті.
Халықтың көкейінде "енді президент Владимир Путин губернаторлыққа кімді қояр екен?” деген сауал тұрды. Биліктегі "Единая Россия” партиясының бір мүшесін Мәскеуден жібере ме? Әлде тұтқындалған губернатордың жергілікті әкімшілігімен және оның ЛДПР (Ресейдің либерал-демократиялық партиясы) партиясына қатысы бар жергілікті адамды қоя ма?
ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛҒАН ӘЗІЛ
Ресей парламентінің төменгі палатасы – мемлекеттік думаға ЛДПР атынан сайланған депутат Михаил Дегтярев келуі мүмкін деген болжамдар болған. "Мәскеу Хабаровскіден 6 мың километр қашықта жатыр, бұлай бола қоймас, бұл – ақылға қонымсыз шешім” десті жұрт.
Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйға жақтасып жүрген Хабаровскіде тұратын белсенді Дмитрий Низовцев Азаттыққа сұхбатында: "Дегтярев келеді деген әңгіме екі аптадан бері айтылып жүрген. [Саясатты] менен гөрі жақсы білетін адамдардан Дегтярев келе ме деп сұрап көргенмін. Олар маған ‘Қалжыңың ба? Әрине, ол келмейді’ деп жауап берген. Осындай әңгіме болғанымен, жұрттың бәрі бұған күле қарайтын” деді.
Бірақ 20 шілдеде әлгі әңгіме расқа айналды. Путин Самара қаласының тумасы, инженер мамандығын алған, жоғары басшылық қызметте істеп көрмеген, Хабаровскімен байланысы жоқ 39 жастағы саясаткер Михаил Дегтяревті 1,35 миллионға жуық тұрғыны бар үлкен облыс губернаторының міндетін атқарушы етіп тағайындады.
Низовцевтің айтуынша, Путиннің бұл шешімі екі аптаға жуық наразылық танытып жатқан халықты сабасына түсірмек түгіл, одан сайын ашындыруы ықтимал.
"Хабаровск халқының басты талабы – Фургалды босату және оған әділ тергеу жүргізу, ал екінші талабы – оның орнына жергілікті адамды қою болған. Олар жергілікті адамды күткен еді” деді Низовцев.
"Бұл – жалтырбастың жай троллингі емес, бұл – қорлау” деп жазды Ресей президенті Путинді меңзеген белсенді Ольга Булгаков Facebook-тегі парақшасында.
ДЕГТЯРЕВТІҢ АҚЫЛҒА ҚОНЫМСЫЗ ҰСЫНЫСТАРЫ
Дегтярев "либерал-демократиялық” деген атына қарамастан, ұлтшыл бағыт ұстанатын ЛДПР партиясына бертінде барған. Партияны көп жылдан бері басқарып келе жатқан Владимир Жириновский оны өз орнына келуі мүмкін адам деп атаған. Ол 2013 жылы Мәскеу мэрі қызметіне сайлауға түсіп, Кремльдің адамы Сергей Собянин, оппозициялық саясаткер Алексей Навальный және тағы екі үміткерден кейінгі бесінші орынды иеленген. 2018 жылы да солай жеңілген.
Дегенмен ол мансапқа жолын "Единая Россия” партиясының қатарында бастаған. 2001-2003 жылдары ол Путинді жақтайтын белсенді жастар тобының Самара бөлімшесін басқарған. 2003 жылы ол "Единая Россияға” өтіп, оның "Молодая гвардия” деген жастар қанатының мүшесі болған. 2004 жылы билік партиясының атынан Самара қалалық думасына сайланған, бірақ 2005 жылы партия құрамынан шығып кеткен.
Ол жергілікті басшы қызметке алынған соң, ЛДПР партиясына 2005 жылы кірді. Бірнеше айдан соң ол партияның Самара облысындағы үйлестірушісі және Жириновскийдің көмекшісі атанды. 2007 жылы – облыстық өкілдік органның, 2011 жылы – мемлекеттік дума депутаты болып сайланды.
Президент жанындағы басқару академиясын бітірген соң Дегтярев 2009 және 2018 жылдары Путиннің "жас кадрлар резервіне” екі мәрте енгізілді.
Дегтярев дума депутаты болып жүргенде ақылға қонымсыз бірнеше бастамасымен есте қалды. Бірде ол Кремльдің қызыл кірпіштен тұрғызылған қабырғасын аққа бояйық деді, енді бірде Ресейде АҚШ долларының айналымына тыйым салуды ұсынды, тағы бірде әйелдерге етеккірі келген күндері ақысы төленетін демалыс беруге шақырды, келесі бір жолы гейлердің қан доноры болуына тыйым салу туралы бастама көтерді.
"ОТҚА МАЙ ҚҰЮ”
Губернаторлыққа тағайындала салысымен Михаил Дегтярев Ресейдегі әлеуметтік желі қолданушыларының әзіл-әжуа тақырыбына айналды. Журналист Сергей Шевелев оны "психологиядан диссертация жазуға тұратын кейіпкер” деп сипаттады.
"Бұл тағайындау жанып жатқан отқа қалай май құю керек дегеннің мысалы бола алады” деп жазды мәскеулік қолданушы Григорий Кислин.
Журналист әрі Мәскеудегі аудандық кеңестің мүшесі Илья Азар Дегтяревтің думадағы кеңсесінің бейнесі деген фотоны жариялады. Кабинет қабырғасында жас Жириновскийдің өте үлкен портреті ілініп тұр, ал жерде АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама мен Америка туы бейнеленген төсеніш жатыр.
Хабаровскіде де Дегтяревтің бұл өлкемен еш байланысы жоқ екенін көрсететін мем көп жарияланды. Дегенмен, ол тағайындалды деген хабар жеткенде жұрттың реакциясы өзгеріп сала берді.
Низовцевтің айтуынша, ол Дегтярев губернаторлыққа тағайындалардан бұрын да, одан кейін де әлеуметтік желіні бақылап отырған.
"Тағайындауға дейін жұрт наразылық кезінде Путинді айту керек пе, Фургалды қорғауға ақша жинау қажет пе, Мәскеуге ашық қарсы шығу керек пе деген сияқты саяси тақырыптар төңірегінде қатты дауласатын” дейді ол.
"Дегтярев пайда болған соң жұрт түгел бірігіп кетті. Ең радикал деген дауыстар тіпті жарқын шықты, ал салмақты кісілер үндей алмай қалды. Дегтяревті қолдаймын деген бірде-бір адамды кездестірмедім" деді Низовцев.
Мәскеуде тұратын саясаттанушы Станислав Белковскийдің Азаттыққа айтуынша, Дегтяревтің тағайындалуы Путиннің Хабаровск демонстранттарының талаптарын сараптауға емес, Жириновскиймен және ЛДПР-мен арасын жақсартуға көп көңіл бөліп отырғанын аңғартады.
"ОЛ ХАБАРОВСКІНІ ТЕК ТЕЛЕДИДАРДАН КӨРГЕН"
"Путин халық ешкімнен ақша алмай-ақ өз еркімен көшеге шығады дегенге ешқашан сенбейді. Бір жерде ірі демонстрация болып жатса, демек оны қаржыландырып, ұйымдастырып отырған адам бар деп ойлайды” деді Белковский.
Дегтярев тағайындалған соң Жириновский Фургалды қолдаған бұрынғы ұстанымынан бас тартып, өз партиясының өлкедегі наразылыққа еш қатысы жоқ екенін айтты. Белковскийдің айтуынша, Путин Қиыр Шығыстағы жағдайдың қандай күрделі екенін әлі жете түсінбей отырған сияқты.
"Президенттің көзқарасына кеңесшілері ықпал ететінін ұмытпауымыз керек. Әрбір бюрократ ‘қауіпті ештеңе жоқ, бәрі бірқалыпты’ деп айтудың маңызды екенін түсінеді, себебі бұрынғы замандағыдай, ең әуелі нашар жаңалық айтқан адамның өзінің басы кетеді” дейді Белковский.
"Путин көкте өмір сүреді. Ол пандемиядан көп уақыт бұрын-ақ оқшауланып кеткен. Ол қысым жасап жатқандардың айтқанына көніп, батыл шешім қабылдаудың керегі жоқ деген стандарт саяси логикасынан бас тарта қоятындай Хабаровскіде бәлендей ештеңе болып жатқан жоқ деп санайды” дейді Белковский.
Низовцев осы оймен келіседі.
"Жергілікті халық ол [Дегтярев] Хабаровскіден, Қиыр шығыстан шықпаған деп қынжылып отыр, Алексей Навальный айтпақшы, ол Хабаровскіні тек теледидардан көрген. Бұл жұртты шынымен қатты ашуландырды... Бұл үлкен қателік болды, бірақ меніңше Путин осы бетінен қайтпайды” деді Низовцев.
Азаттықтың Орыс қызметінің тілшілері Елена Рыковцева мен "Настоящее время” репортажының негізінде әзірленді).