СТУДЕНТТЕРДІҢ АЛДАП ШАҚЫРЫЛУЫ
Сібір мен Урал өлкесінде, Мәскеу айналасында зауыт жұмысшылары униформасын киіп, патриоттық әннің ырғаңымен қол бұлғап, "Путин – біздің президентіміз!", "Владимир Владимирұлы, біз сізбен біргеміз!" деп ұрандатты.
"Российская газета" мемлекеттік басылымы: "Зауытшылар, еріктілер, атлеттер, ірі кәсіпорын қызметкерлері және жай ғана бейжай емес адамдар Владимир Путинге алғыс білдіретін, #Путинбіздіңпрезидентіміз дейтін хэштегі бар видеоүндеу жазып жатыр" деді.
Бірақ осы видеоларға түскен кей адамдар шараға алдап шақырылғанын, оған Путинді қолдау үшін бармағанын айтады.
Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің студенттерін Мемлекеттік Дума ұйымдастырып отырған шараға шақырған. Студенттерге сол шарадан түсірілген видеоролик телеарнадан көрсетіледі деген.
Оппозициялық сарыны бар DOXA журналының жазуынша, университет кеңесінің чатына хабарлама жолдап, "коронавируспен күрестің лидері болып отырған елімізге қолдау білдіру" флешмобына 50 студентті шақырған. Ролик қатысушыларын Мемлекеттік Думаға шақыруға, сол жерде алғыс хат табыстауға уәде берген.
Бірақ студенттер осы шара өтуі тиіс "Мәскеу" қонақүйіне барғанда, роликтің пандемияға қатысы жоқ екені белгілі болған. Оның орнына студенттерді путиншіл ұрандар жазылған экранның алдына тұрғызып, Ресей жалаушаларын бұлғай отырып, сол ұрандарды дауыстауды сұраған.
Бұл шаралар 23 және 31 қаңтар күндері бүкіл ел бойынша өткен наразылық акцияларына жауап ретінде ұйымдастырылған. Наразылық акциялары Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың қамалуына қарсылық ретінде өткен. Билік наразылық басталғанға дейін-ақ оппозиция белсенділерін тінтіп, ұстап әкетіп жатты. Ал акция барысында қолға түскеннің бәрін автозакқа тығып, полиция бөліміне әкетті. Біршамасы полиция жасағының аяусыз соққысына тап болды.
Билік мұнымен шектелмей, Навальныйды қолдайтын видеороликтер тараған әлеуметтік желілерге шүйлікті. Мәселен, қытайлық TikTok желісінде мұндай роликтердің бірі кемі 100 миллион рет қаралды. Ресейдегі коммуникация саласын қадағалайтын Роскомнадзор TikTok-тен видеоларды алып тастауды талап етіп, орындалмаған жағдайда ауыр айыппұл салатынын айтты. Бірақ биліктің бұл ескертуі кері әсер беріп, #Навальныйғабостандық хэштегімен салынған жазбалар көбейіп кетті.
ПУТИНШІЛ ФЛЕШМОБТАР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?
Путиншіл флешмобтар мен #путинбіздіңпрезидентіміз хэштегтері осы кезде пайда болды.
Путиншіл флешмобқа Барнауылдағы асбест зауытының жұмысшылары да қатысты. Компания хореографияланған роликті Instagram-парақшасына салып, "Бұл – біздің еліміз, біздің азаматтық ұстанымымыз және біздің таңдауымыз!" деп жазды.
Самарада жиырмадан астам оқушы футбол стадионына жиналып, "Любэ" тобының "Сен үшін, Отан ана" әніне билеген. Ролик басында бір жігіт шығып, "Жастар – еліміздің жүрегі және қозғалтқышы. Самара жастары Путинді, біздің президентімізді толықтай қолдайды!" дейді.
Мұндай қойылымдар Екатеринбургте басталды. Онда "Сима-Ленд" интернет-дүкенінің жұмысшылары Путинді қолдайтын екі ролик түсірген. Біріншісінде, компания ғимараты алдында жүздеген жұмысшы "Любэ" тобының сол бір әнімен шерулетіп, "Путин – біздің президентіміз" деген жазуды бейнелейді. Екіншісінде жұмысшылар ғимарат ішінде әнші Наргиз бен Олег Газмановтың "Бізді ұрады, біз ұшамыз" әніне қол бұлғап, Кремль басшысын қолдайтын ұранын айтады.
"Сима-Ленд" басшысы Андрей Симановский E1.ru басылымына берген сұхбатында флешмобтың елдегі наразылыққа қатысы жоғын айтып, жай ғана ролик "түсіргісі келіп кеткенін" мәлімдеді.
ФЛЕШМОБҚА ҚАТЫСПАСА, БҮКІЛ АУЫСЫМҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ
Компания қызметкерлерінің бірі флешмобтың не туралы болатыны алдын ала айтылмады дейді. Оның сөзінше, бөлім қызметкерлеріне "әдеттегідей би билеу, жаңа ешнәрсе жоқ" деген. Аты-жөнін атамауды сұраған бұл қызметкер таңдаудың болмағанын, флешмобқа қатыспаса бүкіл ауысымға айыппұл салынатынын айтты.
Бірақ осы флешмобқа қатысқандардың бірі Ольга Полтаранова өз қалауымен шыққанын айтты.
"Иә, мен биледім. Иә, өз қалауыммен. "Иә, мен Путинді жақсы көремін. "Пікірлеріңді бір жерге *** қойыңдар" деп жазды ол Vkontakte желісінде.
Карантин талаптары сақтала бермейтін бұл путиншіл акциялар бірінен кейін бірі ұйымдастырылып жатқанда Ресей билігі наразылық танытушыларға санитарлық талапты орындамады деп қылмыстық іс қозғауын күшейтті. Бұл істер негізінен қаңтардың соңында Алексей Навальныйды қолдайтын акцияларға қатысқан азаматтарға қарсы қозғалып жатыр. Науқан аясында полиция Навальныйдың ондаған жақтасын, белсенділерді тінтіп, қамауға алды. Іс қозғалғандардың қатарында "Медиазона" басылымының бас редакторы Сергей Смирнов та бар. Бұл науқан ел арасында "санитарлық іс" деп аталып кетті.
"Санитарлық іс" аясында Алексей Навальныйдың бауыры Олег Навальныйға, оппозициялық саясаткердің Мәскеу штабын басқаратын Олег Степановқа, Pussy Riot тобының қатысушысы Мария Алехинаға, Навальныйдың жақын серігі Любовь Собольға, "Дәрігерлер альянсының" басшысы Анастасия Васильеваға, мәслихат депутаттары Люсе Штейн мен Константин Янкаускасуге, Навальный баспасөз хатшысы Кира Ярмышқа айып тағылып отыр.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшісі Алина Пинчук пен АЕ/АР журналисі Мэтью Лаксмурдің мақалалары негізінде әзірленді