Қазақ фотожурналистикасы. Суреттері әлемге тараған Павел Михеев кәсібі жайында

Фотожурналист Павел Михеев.

Қазақстандық фототілші Павел Михеев "Диалогтар" жобасында жұмысындағы ең қауіпті кездер мен ең үздік суреттері жайлы және елдегі фотожурналистика туралы әңгімелеп берді.

Павел Михеев – Reuters агенттігімен жұмыс істейтін алматылық фототілші. Ол түсірген суреттер танымал басылымдарда жарияланып келеді. Азаттық 12 шілде – фотографтардың бейресми күнінде фотожурналистің сұхбатын жариялап отыр.

"Диалогтар" – Азаттықтың қазіргі заманғы журналистикаға арналған жобасы. Бұл – журналистиканың қыр-сыры, ақпарат құралдарының билік және қоғаммен қарым-қатынасы, елде болып жатқан әлеуметтік-саяси оқиғалар туралы қазақстандық журналистермен сұхбаттар сериясы.

"ФОТОҒА ЕШҚАШАН ТАБЫС КӨЗІ ДЕП ҚАРАМАДЫМ"

Азаттық: Фотожурналистикаға қалай, қашан келдің? (Азаттық тілшісі, сұхбатты алған Петр Троценко Павел Михеевпен жақсы таныс болғандықтан, "сен" деп сөйлейді – ред.)

Павел Михеев: Фотоға түсіруге 14 жасымнан қызыға бастадым. Алматыдағы Оқушылар сарайында керемет фотоүйірме болатын. Онда сол кездегі ең керемет құрал-жабдықтар – фото шығаруға арналған қағаз, пленка, фотоаппарттар бар еді. Ол кездері фотоның сиқыры бардай көрінетін. Бізге пленкаға түсіру, оны басып шығару қатты ұнайтын. Қазір бәрі басқаша. "Цифрлы" фотоаппаратқа керемет сурет түсіресің, бірақ ол мониторда қалады. Қолыңмен ұстай алмайсың. Әдемілігі қалғанымен, сиқыры қалмайды.

Фотожурналистикаға мен 2003 жылы келдім. Алматылық фототілшілердің бірінен үйреніп, соның шәкірті болдым. Содан кейін бірден "Новое поколение" газетінде жұмыс істей бастадым.

Фотожурналист Павел Михеев. Өз архивінен.

Азаттық: Фотожурналистика сені несімен баурады? Қазақстанда жаңалықтарға арналған фото тойдағыдай табыс әкелмейді ғой. (Кейбіреуі екеуін де қатар алып жүреді). Мұны шығармашылық деп атауға да келмейді. Кейде баспасөз жиындарындағы әкім, министр секілді адамдарды түсіруге тура келеді дегендей.

Павел Михеев: Фотоға ешқашан ақша тұрғысынан қарамаппын. Әсіресе, фотожурналистикаға. Маған оқиғаның ортасында болған маңыздырақ. Мәдениет, саясат, климаттың өзгеруі, қала, адамдар, катаклизм – бізді қоршағанның бәрі және біз бетпе-бет келетіннің бәрі маңыздырақ. Бұл – тарихымыздың бір бөлігі, ал тарихи сәттерді түсіріп алғанға ештеңе жетпейді.

Фотожурналистикада шығармашылыққа орын бары анық. Брифингтегі шенеунікті қызық болатындай түсіріп алудың фотограф үшін қандай міндет екенін елестетіп көрші. Жалпы, әрдайым өзіңе көңілің толмай жүру керек. Бұл кәсіби және шығармашылық дамуға көмектеседі. Сондықтан үнемі ең керемет шеберлердің суреттеріне қарап, анализ жасап отырамын. Олардың қатарында әскери фотографтар, документалист фотографтар, табиғатты түсіретіндер де бар. Үнемі трендте болуым керек, әрі қарай қай бағытқа жылжу керегін білуім керек.

Азаттық: Керемет фото түсіріп, сосын соған қарап отырып "Әй, жарайсың!" деген кездер бола ма?

Павел Михеев: Жоқ, болмайды. Маған әріптестерімнің мақтауы немесе редакторымның "материалың керемет шықты" дегені маңыздырақ. Сол кезде мен жұмысымды расымен жақсы істегенімді түсінемін.

Ер кісі қасына екі баланы алып есекке жегілген арбамен кетіп бара жатыр. Павел Михеевтің жеке архивінен.

ФОТОМЕН ӨМІР СҮРУ. БҰЛ ҚАЛАЙ?

Азаттық: Сен мамандыққа алғаш келгенде, яғни, 18 жыл бұрын фотожурналистика қандай еді?

Павел Михеев: О, ол кездері журналистика қызығырақ болатын. Алматыда астананың рухы сезілетін. Мәдени өмір қызып тұрған кез. Елшіліктер Астанаға (Нұр-Сұлтанның 2019 жылға дейінгі атауы – Ред.) әлі көшпей, Алматы белгілі бір деңгейде саяси орталық болып қалған еді. Елдің ең маңызды шаралары осында өтетін. 2005 жылдан бастап қаладағы өзгерістердің деректі фотосуреттемесі үшін Астанаға жиі бара бастадым. Жалпы, қай қалада, қай елде болсам да, айналада не болып жатқанын бақылағанды жақсы көремін. Әлемге камерамның объективі арқылы қараймын.

Азаттық: Қазақстандағы фотожурналистикада қазір не болып жатыр? Ол дамып жатқан жеке салаға айнала алды ма? Өзім де осыны үнемі ойлаймын, бірақ нақты жауабын таба алмадым.

Павел Михеев: Қазақстанда фотожурналистика бар. Ол 90-жылдарға дейін қалыптасқан, себебі совет мектебі мықты болды. Бірақ қазір қазақстандық фотожурналистика жойылып барады, себебі қазір таңғалдыра алатын жаңа фотографтарды көрмеймін. Әрине, фотоаппарат ұстаған талантты жастар бар, бірақ олар фотожурналистикамен айналыспайды. Сирек болса да редакциямызға келіп тұратындар бар, бірақ олар келе сала көп ақша тапқысы келеді. Алайда фотожурналистика ондай емес. Салада фотомен өмір сүретін адамдар қалады. Әрине, басқа да маңызды нәрселер бар, бірақ бірінші орында тек фото тұрады. Егер сен фотомен өмір сүрмесең, мамандығыңды ауыстыруың керек.

Киіз үйдің алдында селфиге түсіп жатқан балалар. Павел Михеев суреті.

Азаттық: Қазір фотожурналистика жеке сала ретінде жойылып барады деген пікір қалыптасқан. Қолында смартфоны бар кез келген адам маңызды оқиғаның куәсі болып, ол түсірген сурет әлемнің агенттіктеріне тарап кете алады. Ал үлкен әрі қымбат фотоаппараттары бар ағайлар аутсайдер болып қалады. Әлемге кәсіби фотожурналистер керек емес дегенге не айтасың?

Павел Михеев: Бүкіл әлем сияқты фотоөнер де бір орында тұрмайды. Кәсіби фотожурналистика бұрынғы пленкалы фотография сияқты артта қалып барады. Қазіргі заман фотожурналистерге әмбебап әрі бәсекеге қабілетті болу талабын қойып отыр. Фотоны түсіру жеткіліксіз, видеограф та, блогер де, журналист те болу керек.

Фотография туралы екеуміз сияқты кофе ішіп отырып көп айта беруге болады. Ал сол уақытта 20 жастағы блогер экзотикалық жерге барып, фотосын Instagram-ға салады. Одан бөлек видеоблог түсіріп, монтаждап, YouTube-қа салады, оны миллионнан астам рет көреді. Осылайша бір адам көптеген танымал басылымның алдын орап кете алады.

Тау және ұшақ. Павел Михеев суреті.

Азаттық: Осы сөзден кейін фотожурналистердің көбінің үнжырғасы түсіп, әрі қарай не істесек екен деп қалатын шығар.

Павел Михеев: Цифрлық фотография заманында кәсіби фотожурналиске қандай да бір оқиғаны түсіріп алу қиын, себебі фотоға түсіріп, желіге салатын, сол жерден өтіп бара жатқан смартфоны бар адам үнемі табылады. Бұл жағдайда фотожурналистің оқиғадан кейін не болғанын айтып беруі маңызды. Мысалы, бір қалада сел жүрсе, бірнеше күннен немесе аптадан кейін сол жерге фотожурналист барып, қала мен сонда тұратын адамдардың табиғи апаттың салдарымен қалай күресіп жатқанын көрсете алады. Жеке адамдардың оқиғасы арқылы ол трагедияның масштабын, кейіпкерлердің уайымының тереңдігін бере алады. Мұндай материал резонанс туғызады.

Азаттық: Қазір екеуміз сел жүру, сол жақта түсіруге болатын жақсы фотолар туралы айтып отырмыз. Бір жағынан, журналистерде сондай цинизм болады. Бірақ бұл негатив ақпаратпен жиі бетпе-бет келетіндіктен, фотографтар оны түсіретіндіктен пайда болған қорғаныс сияқты.

Павел Михеев: Әрине, жаман жаңалықты жаныңа жақын қабылдауға болмайды. Әйтпегенде, жүйкең шыдамайды. Бірақ тілектес болмау да мүмкін емес. Бірде мен Қазақстанға келіп, сәбилердің жүрегіне ота жасаған италиялық дәрігерлерді түсірдім. Әрине, дәрігерлер балаларға көмектесті, бірақ мен көргенімнен кейін көпке дейін өзіме келе алмадым. Оларды аяп кеттім.

Мотофристайл жарысы. Павел Михеевтің суреті.

"МИТИНГТЕРДЕГІ ҚАУІПКЕ САНАЛЫ ТҮРДЕ БАРАМЫЗ"

Азаттық: Жұмысыңда қандай қиын жағдайлар болды?

Павел Михеев (ойланып): Бәрін еске түсіре алмаспын. Мысалы, Алматы әуежайының маңында жеңіл моторлы ұшақ құлағанда, соны түсіруге бардым. Ал күзетшілер маған қару кезеп, жыға жаздады.

2015 жылы Жүргенов академиясында өрт болғанда, сонда барған журналистерге оқытушылар мен студенттер бас салды. Студент деп айтуға да келмейді, өңкей сандалып жүргендер. Мені бірнеше рет ұрып, техникамды сындыра жаздады. Кейін олардың үстінен арыз жазып едім, келіп кешірім сұрады. Маған қызық болғаны: құқық қорғау органындағылар арызымды алғысы келмеді. "Аз-мәз ұрған екен, соған бола не болды? Жігіт емессің бе?" деді.

Бұрын митингілерден қорқатынмын. Қазір, әрине, үйрендім. Бірақ сонда да бір жағыңда эмоцияға толы адамдар, екінші жағыңда полиция тұрғанда, абайлап жұмыс істеуге тырысамын.

Полицейлер митинг кезінде ер кісіні ұстап жатыр. 10 қаңтар 2021 жыл.

Азаттық: Қызу оқиғалардың ортасында техникаң сынып қалуы мүмкін. Кейде құқық қорғаушылар да әдейі немесе байқамай итере бастайды.

Павел Михеев: Митингіде үнемі қауіп бар. Бірақ біз оған саналы түрде барамыз, себебі бірінші кезекте оқиғадан ақпарат таратамыз.

Азаттық: Өзің мақтан ететін суреттерің бар ма? Солар туралы айтып берсең, оқырмандарға да көрсетеййік.

Павел Михеев: Кейінгі түсіргендерімнің ішінде вакцина салу кезіндегі суреттер бар. Бүркітшілер сайысындағы фотолар. Биыл Reuters-ке мұздықтардың еруі туралы экологиялық материал дайындадым. Онда Іле Алатауындағы мұздықтардың кейінгі бірнеше жылда қалай өзгергенін түсірдім. Тікұшақпен ұшып, туристермен тауға бардым. Мұзды үңгірлер табылған жерлерді араладым. Содан кейін жұрт та сол жерлерге барып суретке түсе бастады.

Бүркітшілер жарысы. Павел Михеевтің суреті.

Азаттық: Он жылдан кейін Қазақстандағы фотожурналистика қандай болады деп ойлайсың?

Павел Михеев: Он жыл фотография үшін көп уақыт емес. Сондықтан фотожурналистика ол кезде жойылмайды. Жаңа оқиғалар, жаңа суреттер, жаңа фотоаппараттар болады.

2003-2021 жылдары болған техникалық өзгерістерге әлі күнге таңғаламын. 19 жыл бұрын суреттерді пленкаға түсіретінмін, 2005 жылы алғашқы цифрлық фотоаппаратымды сатып алдым. Сол кездері ғажап техника саналатын, қазір одан да жақсылары бар. Кей кадрларды сол жерден алып тұрамын, әлі ескірген жоқ.

Бәлкім, шенеунік, әртістер секілді маңызды адамдарды түсіру қиындайтын шығар. Оларды түсіру қазір де оңай емес. Тіпті, экономистер, саясаттанушыар, экологтар журналиспен тілдесе бергісі келмейді, сұрақтарға жауап бермейді. Адамдар қорқып, ойланып сөйлей бастады. Суретке түсіру де қиындап кетті, себебі әлеуметтік желіге көбірек сенеді. Ал тірі адамдарға, әсіресе, фотоаппараты барларға сенуден қалды.