"Сөзі Путиндікіне ұқсап кетті". Тоқаев сұхбаты жайлы сарапшылар пікірі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік телеарнаға эфиріне берген сұхбаты. Скриншот. 29 қаңтар 2022

29 қаңтарда мемлекеттік арнадан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтардағы дүрбелеңнен кейінгі алғашқы сұхбаты көрсетілді. Президент жыл басындағы саяси дағдарысты "кәсіби содырлар мемлекет билігін басып алу үшін ұйымдастырғанын" айтты. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қақтығыс жоғын қайталады. Сұхбат кезінде президент оққа ұшып қаза тапқандардың отбасына көңіл айтпады.

Президент Тоқаевтың қаңтардағы дүрбелеңнен соң сұхбат бергенін жұрт ресми дереккөздерден емес, сұхбат алған мемлекеттік "Хабар 24" арнасының журналисі Вера Захарчуктың Instagram парақшасынан білді. Аңдатпа ретінде жарияланған видеода Тоқаев пен журналист күлімсіреп, кешке телеарнадан "бүкпесіз әңгімені" көруге шақырады. Бұл — президенттің билікке келгелі қазақстандық телеарнаға берген алғашқы сұхбаты. Ол түгелдей дерлік қаңтардағы дүрбелеңге арналған.

Батыс Қазақстанда сұйытылған газ бағасының өсуіне қарсылықтан басталған бейбіт наразылық 5 қаңтарда бірнеше қалада дүрбелеңге ұласты. Тоқаев әскерилерге оқ атуға бұйрық берді. Елде төтенше жағдай жарияланып, Ресейдің ықпалы зор Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері кіргізілді.

Бірер күннен соң жағдай тұрақталды. Ресми дерек бойынша, атыс кезінде 227 адам қаза тапты. Оның 19-ы — құқық қорғау органдарының қызметкері. Сенбіде көрсетілген сұхбат кезінде Тоқаев оқиғаны "кәсіби содырлар мұқият ұйымдастырған" деді. Президент қымбатшылыққа қарсы басталған бейбіт наразылықты да "жоспардың бір бөлігі" деп атады. Бірақ Тоқаев "кәсіби содырлардың" нақты кім екенін анықтап айтпады.

Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл.

50 минутқа созылған сұхбат кезінде президент оқиға шиеленіскен шақта, 8 қаңтарда "мемлекеттік билікті басып алмақ болды" деген айыппен ұсталған Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен дүрбелеңнің байланысы туралы ештеңе айтпады. Ал қаңтар оқиғасы кезінде Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан алынып, кейін туыстары бірінен соң бірі қызметінен кеткен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қандай да бір қақтығыс барын жоққа шығарды.

"Қазір халыққа үндеу жасап, Қауіпсіздік кеңесінің басшымын деп айтамын" деген сауал көтердім. Бұл мәселе берер минутта-ақ шешілді" деді Тоқаев.

Қаңтар оқиғасынан соң Батыс елдері мен құқық қорғау ұйымдары Тоқаевтың ескертусіз оқ ату бұйрығын сынаған. 20 қаңтарда Еуропа парламенті Қазақстан бойынша қабылдаған қарарында биліктің алаңда болған бейбіт наразыларға күш қолдануын сынап, оқиғаға халықаралық тергеу жүргізуге үндеген.

Соңғы дерек бойынша, дүрбелеңнен соң 2044 қылмыстық іс қозғалған. Істер терроризм, жаппай тәртіпсіздік және адам өлтіру баптарынан бөлек, ұрлық, тонау, қаруды жымқыру, билік өкіліне күш қолдану сияқты баптар бойынша тіркелген.

Бірнеше қалада ұсталған азаматтардың туыстары жақындары азапталып жатқанын, кейбірін ауруханадан жаралы күйінде күштеп әкеткенін айтып жатыр. Қамауда отырған азаматтар хатында да азаптау туралы айтылады. 24 қаңтарда ішкі істер министрлігі қаңтар оқиғасынан соң азаптау фактісі бойынша сотқа дейінгі жеті іс тіркелгенін хабарлады.

Азаттық дүрбелеңге куә болған журналист, құқық қорғаушы мен саясаттанушылардан Тоқаевтың сұхбатында айтылған және айтылмай қалған мәселелер туралы пікір алды.

Қазақстан мен Ресей Алматыдағы оқиғаға дейін де әрдайым тығыз, конструктивті және шынайы серіктес қарым-қатынаста еді. Бұл жалғаса береді. Ақпан ортасына қарай Ресей президентінің шақыруымен Мәскеуде сапарда боламын. Екі елдің ұзақ мерзімді серіктестігіне байланысты өте маңызды келісім-шарттарға қол қоямыз.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатынан

Шалқар Нұрсейіт, саясаттанушы:

Бұл сұхбат, шын мәнінде, әлемге емес, Кремльге бағытталғаны көрініп тұр. [Тоқаев] ақпанның ортасында Ресейге барады. Мына сұхбатты сол сапары қарсаңында Кремль мен оның айналасындағы сарапшылардың, медианың назарын аударту үшін берген сияқты. "Біздің сыртқы саясаттағы векторымыз Ресей болмақ" деген емеурін жасап, Кремльдің көңілінен шығу үшін айтылған сөзге ұқсайды.

Шалқар Нұрсейіт

Сұхбаттың кей жерінде Тоқаевтың риторикасы Путинге ұқсап кетті. Әсіресе Сталинге бір емес, екі рет сілтеме жасауы, өкінішке қарай, демократиялық өзгерістерді қалайтын президент сияқты көрінбеді. Путиннің де Сталинге ниеті түзу екені белгілі.

Назарбаев дәуірінде Қазақстанның Ресейге экономикалық тәуелділігі арта түсті. Бірақ ол Ресейге саяси тәуелді болудан қашуға тырысатын, өйткені Мәскеуге жалтақтау Назарбаевқа жағымды нәрсе емес еді. Ал Тоқаевтың сұхбаты қазір біздің саяси режимнің Ресейге саяси тәуелдігі арта түскендей әсер қалдырады. Мұны ақпан ортасында қол қоятын келісімдерінен де көреміз.

Тоқаев бүкіл қазақстандықтарға ортақ президент болғысы келетін адам сияқты әсер қалдырған жоқ. Ол ауылдың қазағы болсын, қаланың қазағы болсын, басқа ұлттар болсын — бүкіл қазақстандыққа ортақ құндылықтарды нәсихаттайтын президент сияқты көрінбеді. Сұхбат кезінде халқының көңілінен шыққысы келетін саясаткердің сөзін айтқан жоқ.

Содырлар әуежайды басып алғанына мән берген боларсыз? Қазір тергеу кезінде әуежай Орталық Азиядағы қалалардың бірінен ұшып келген азаматтарды қалаға өткізіп жіберу үшін басып алғаны анықталып отыр. Олар гастарбайтер сияқты кейіп танытып келген арнаулы дайындығы бар содырлар еді. Осылайша оларды шекара бағанынан өткізіп жіберіп, қалаға кіргізген де, операцияға кіріскен.
Тергеу барысын болжағым келмейді. Содырдың көбі Алматыдан кетіп қалды. Бірі ауыл-аймаққа еніп кетті, кейбірі көрші елдерге қашты, басқасы сақалын қырып, тығылып жүр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатынан

Димаш Әлжанов, саясаттанушы:

Димаш Әлжанов

Тоқаевтың сұхбатынан билік бейбіт наразылықты басып-жаныштаған соң өз әрекетін ақтау үшін террористер туралы әңгіменің ойдан шығарылғанын көз жеткіздім. Тоқаев шетелден Алматы әуежайына ұшып келіп, кейін қайта ұшып кеткен террористер туралы айтқанда ұқыптылық танытпады. Тоқаев айтқан бұл нұсқа азаматтардың негізгі сұрақтарына жауап бермейді. Ол мұны негізгі мәселелерден жұрт назарын бұрып әкету үшін айтты. Бұл сұхбатқа қорғану және қоғамға жалған ақпарат тарату ұмтылысы ретінде қарағанымыз дұрыс.

Жұртқа ескертусіз оқ атуға бұйрық берген адамның еш өкінбейтіні сұхбатынан-ақ көрініп тұр. Бұл бұйрығының кесіренен бейбіт азаматтар, балалар да қаза тапты.

Your browser doesn’t support HTML5

Полиция митингіге шыққандарды неге ұрып-соқты, азаптады?

Жағдайды шынайы түсіндіріп берудің орнына, қоғам асыға күткен саяси реформаларды іске асырып, елді саяси тығырықтан шығарудың орнына Тоқаев орынсыз салыстырулар келтірді. Биліктің әрекеті туралы маңызды талқыдан жұрт назарын бұру үшін Алматы қаласының атын өзгерту туралы әңгіме көтеріп, манипуляцияға барды.

Алдын ала дайындалған бұл сұхбат биліктің террористер мен мемлекеттік төңкеріс туралы сөзі еш негізсіз әрі оған дәлел жоғын көрсетіп отыр. Керісінше, түрмеде ұсталғандарды азаптап, оларды мәжбүрлеп мойындату фактілерін біле тұра, Тоқаев оларды жақтауға тырысты.

Сұхбаттан Тоқаев пен елдің саяси басшылығында ешбір өкініш, елді өзгертуге деген ұмтылыс жоғына көзіміз жетті. Қоғам әлдебір өзгерісті күтпей-ақ қойса болады.

[Еуропарламенттің] Қазақстандағы оқиғаға халықаралық тергеу жүргізу талабына қатысты айтсам, мен мұндай тергеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Өз қолымыздан келеді. Адал, бейтарап адамдар бар. Олар қоғамдық комиссияларды басқарады. Бұл комиссияларды құруға мен не менің әкімшілігім араласқан жоқ. Олар өз еркімен осындай институт құруға шешім қабылдаған. Жұмыс істесін. Шындықты, ақиқатты білуге мен де мүдделімін.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатынан

Cерік Бейсембаев, әлеуметтанушы:

Серік Бейсембаев

Тоқаевтың халықаралық тергеуден бас тартуы президент пен бүгінгі биліктің қаңтардағы оқиғаның шындығын ашпайтынын, оған ықыласы да жоғын көрсетеді. Демек биліктің жасыратын нәрсесі бар. Билік шындықты білгісі келсе, халықаралық тергеушілерге тосқауыл болмауы керек еді.

Ал қоғам белсенділері құрып жатқан комиссияларға халықтың сенімі жоқ. Қоғамдық кеңесті құрған адамдар неге таңдап алынды? Басқа да қоғамдық белсенділер комиссия жұмысын араласа ала ма? Бұл — үлкен сұрақ. Себебі билік бір-екі адамды қоғамдық сектордың мүшесі ретінде таныстырғанымен, ол адамдар Қазақстандағы тұтас қоғамның өкілі емес. Халық атынан өкілдік ете алмайды.

Сондықтан шынымен қоғамдық, тіпті Қазақстанның ішінде де қоғамдық кеңес құрылса, мейлінші балама көзқарас ұстанатын адамдар қатысуы керек еді. Сол кезде ғана бұл комиссиялардың жұмысы да, олардың тергеуінің нәтижесі де бір сенімге ие болар еді.

[Азаптау туралы] мәлімдемелерде асыра айту басым. Алматыдағы оқиға төңірегінде даурығу көп, әрине. Адамдар алаңдаулы, түсінуге болады.
Мен азаматтардың құқығы бұзылмағанына мүдделімін. Әр жағдай тергелуі керек. Полиция шектен шығып жатыр ма — анықтау керек. Бандиттерді ұстау керек, бірақ кінәлілерді де табуымыз керек. Полиция шектен шығып жатқан жағдайлар болса, оның әрекетін ақтамаймын. Бұған жол бермейміз. Ішкі істер министрлігі ескерту алды. Азаматтар құқығы бұзылмайды дей аламын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатынан

Татьяна Чернобиль, құқық қорғаушы, Азаптауға қарсы коалиция мүшесі:

Татьяна Чернобиль

Тоқаевтың [азаптау жайлы мәлімдемелерде даурығу бар деген] риторикасына алаңдаймын, әрине. Президент емес пе?! Елдің ең лауазымды адамы осылай деп отыр.

Азаптауға қарсы коалиция мүшесі ретінде азаптау туралы кез келген хабар тергелуі керек деумен келемін. Оны анықтау жауапкершілігі әрдайым мемлекеттің мойнында. Себебі азаптау — лауазымы бар адам істейтін қылмыс. Оны билік өкілі істейді. Әлдекім азапталғанын айтса, билік олай емесін дәлелдеуі керек.

Біз де жұртшылық сияқты адамдардың азапталып жатқанын естіп отырмыз. Азаптаудың бір мақсаты болуға тиіс. Ұрып-соғудың бәрін азаптау дей алмаймыз. Қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптау оқиғаларының көбі ұсталғандарды күдікке ілінген әрекеті үшін жазалап жатқанын көріп отырмыз. Азаптау туралы хабар көп. Полиция реакция білдірді. Азаматтар азаптау туралы ресми органдарды жүгінуден қорқатыны алаңдатады. Олар одан арғы қудалаудан қорқады.

Your browser doesn’t support HTML5

"Араша болыңыздаршы". Қамауда азапталдық дегендердің шағымы толастамай тұр

Қазақстанда азаптау болған. Ешқашан азайған да емес. Бізге азаптау саны емес, мемлекеттің оған қалай реакция танытатыны маңызды.

Мен азаптау туралы айтқанда орнатылған бомба туралы хабар айтқан адамды мысалға келтіремін. Хабарласқан адамның не көздеген болуы мүмкін екені, шынайы хабарласты ма, әлде алдап тұр ма, даурығып хабарласты ма, жоқ байыпты болды — маңызды емес. Тексеру керек. Азаптау туралы кез келген хабарды тәуелсіз орган тергеуі керек.

Ардақ Бөкеева, журналист:

Президент алғашқы сұхбатында қаңтар оқиғасы қаза қайтыс болған жүздеген адамның отбасына көңіл айтқан жоқ. Осы трагедиядан соң бірігуіміз керек дегенді айту үшін алдымен көңіл айтуы керек еді. Басқа амалым болмады деп түсіндіріп, халықтан кешірім сұрасын деп тұрғаным да жоқ. Қазақтардың дәстүрі бойынша ең болмаса алдымен көңіл айтуы керек еді. Неге олай етпегенін түсінбеймін.

Екі жүзден аса бейбіт азамат қаза тапты. Алған жарақатынан тағы қаншама адам көз жұмады екен. Жоғалып кеткендері де бар. Осындай кезде жеңімпаз образында өзіне разы кейіпте сұхбат бергенін түсіне алмадым…

Ол өзін осы оқиғаның жеңімпазы сезінетін сияқты. Басқа ой келмейді. Сұхбат алған журналист те оны "мачо" екенін сендіріп отырды. "Жігеріңізді көрсеттіңіз, қандай екеніңізді көрсеттіңіз" деп қазір айналасы түгел мақтап жатқан соң ол шынайылықтан алыстап кеткен сияқты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Адамның қадірі кеткен заман ба?" Шымкентте қаңтардағы дүрбелеңде жақыны оққа ұшқан шаңырақтардың мұң-зары"Мемлекет шабуылдарды терроршыл топтар ұйымдастырғанына еш дәлел келтіре алмады". Сарапшы қаңтар оқиғалары туралы"Абыройдан айырылған" партия басына келу, Назарбаев мұрасы және Тоқаев кезіндегі қудалау"Қанды қаңтардан" соң Тоқаевқа халық сенім арта ма?"Тоқаев қоғамды емес, өзін таңдады". "Нұр Отан" съезінен кейінгі ой