Ресейде Владимир Путиннен өзге «президент» лауазымын сақтап қалған жағыз адам бар. Ол – Татарстан басшысы Рустам Минниханов. Бүгін өтіп жатқан президент сайлауы «Ресей аумағында «президент» лауазымын тек Владимир Путин сақтап қалуы керек пе, жоқ па?» деген сұраққа жауап беретін бейресми референдумге де ұқсайды.
2010 жылы Ресей парламенті қабылдаған заң бойынша ел аумағында тек Ресей Федерациясының президенті ғана «президент» лауазымын иемдене алады.
Мәселе тек аймақ басшысының титулына ғана тіреліп тұрған жоқ. Владимир Путин жоғарғы басшылыққа келген 15 жылдан бері Мәскеу өз билігін күшейтіп, федералдық конституцияның үстемдігін арттырып, автономиялардың еркін шектеу саясатын жүргізіп келеді. «Президент» лауазымын алып тастау – сол орталықтандыру саясатының бір бөлігі ғана.
Ресей құрамына кіретін республикалардың барлығы, соның ішінде көршілес жатқан Башқұртстан мен Шешенстан да «президент» лауазымынан бас тартқан. Оларда ең жоғары лауазымды тұлғаны жай ғана «басшы» деп атайды.
Орта ғасырларда бүкіл Ресейге үстемдік жүргізген татарлардың бүгінгі ұрпақтары қазір Татарстан халқының аз ғана бөлігін құрайды, ал республика Мәскеу қоластындағы автономия дәрежесін қанағат тұтады. 1990 жылғы федералдық үкіметпен арада қол қойылған келісімге сәйкес Татарстанға Ресейдің басқа автономияларына қарағанда көбірек бостандық берілген. Сол келісімнің арқасында Татарстан Совет одағы тарап жатқан аласапыранда сепаратистік ұрандар көтермей, Ресейдің аумағында қала берген.
Татарстанның ерекше мәртебесінің арқасында ғана 2010 жылғы заң бұл республиканың «президент» лауазымын өзгелерден ұзағырақ, 2015 жылдың соңына дейін сақтап тұруына рұқсат берген.
Уақыт та зымырап өте шықты. 13 қыркүйекте сайлау учаскелеріне келетін Татарстан тұрғындары аймақтық республика президентін соңғы мәрте сайлайды.
Демек, жаңа сайланған басшы тек 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін ғана «президент» болады.
КРЕМЛЬДІҢ ОДАҚТАСЫ
Татарстанның қазіргі президенті Рустам Миннихановтың жеңіске жететініне көпшілік шүбә келтірмейді.
2010 жылы Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев қызметіне тағайындағалы бері Минниханов Кремльдің жақтасы болып келеді. Ол кезде Ресейде аймақ басшыларын тікелей сайлау тоқтап қалған еді.
2014 жылғы наурызда Ресей Украина құрамына кіретін Қырым түбегін аннексиялап алғанда сондағы Қырым татарларын сабасына түсіру үшін Владимир Путин Рустам Миннихановты пайдаланған.
Минниханов әзірге «президент» лауазымына қатысты ашық пікір білдірген жоқ.
Ол Татарстан парламентіне бұл лауазымды сақтап қалыңдар деп өтініш те айтқан жоқ.
Десе де ол бір сөзінде «Татарстанның өз жолы бар» екенін, әрі «өз дәстүрінен таймайтынын» айтып қалды.
4 қыркүйектегі Қазан қаласының мэрімен және Татарстан астанасының басқа да лауазымды тұлғаларымен кездесу барысында ол «13 қыркүйектегі сайлау Татарстанның таңдаған жолы жөніндегі референдум болады» деді.
НЕГІЗГІ ЗАҢҒА ҚАЙШЫЛЫҚ
Татарстанда «президент» лауазымын алып тастау туралы заңға қарсылық білдіру туралы ұсыныстар жиі айтылады.
Татарстан Ғылым академиясы Тарих институтының директоры Рафаэль Хакимов «бұл сайлау – осы мәселе жөніндегі референдум болады, дауыс беруге халық көп келсе, бұл президенттің ресми лауазымын сақтап қалуға көмектеседі» дейді.
Татарстан парламенті Ресей мемлекеттік думасы қабылдаған кейбір заңдармен келіспейді. Президенттік лауазымды алып тастау туралы заң – солардың бірі.
Ол «Татарстанның өз президенті және парламенті бар» деп анық жазылған Татарстан конституциясын алға тартты.
– Маған салса, бұл заңға баяғыда наразылық білдірген болар едім. Бұл үшін конституциялық сот бар. Бізде заң бар. Бізде конституция бар, - дейді Рафаэль Хакимов.
Президенттікті алып тастау туралы федералдық заң шыққалы бес жыл өтсе де, Татарстан парламенті бұған қатысты пікір білдірмей, тым сылбырлық танытып келеді дейді ғалым. Оның айтуынша, Қазан өз ұстанымын ашық білдірмесе, Мәскеудегі бірде-бір басшы «Татарстанда президенттік билікті сақтап қалайық» демейді.
Ал Татарстан парламентінің депутаты Рафиль Нұғыманов болса, тек 2016 жылдың басында Мәскеу осы жайт бойынша тізе батыра бастаса ғана федералдық заңға қарсылық білдіруге болады дейді.
Татарстан парламентінің спикері Фарид Мұхаметшиннің айтуынша, егер бүгінгі сайлауда халық көп дауыс берсе, онда бұл депутаттардың Кремльмен президенттік лауазымды сақтап қалу жөнінде келіссөз бастауына түрткі болар еді.
– Татарстан парламенті Ресей мемлекеттік думасы қабылдаған кейбір заңдармен келіспейді. Президенттік лауазымды алып тастау туралы заң – солардың бірі, - деді Фарид Мұхаметшин Азаттыққа берген сұхбатында.
Татарстан атынан мемлекеттік думаға сайланған депутат Сатих Сибагатуллин де «көп болып жұмыла дауыс берсек, Мәскеу қатты қыса алмайды» дейді.
– Егер президентті 99 пайызымыз қолдап, сайлайтын болсақ, онда Мәскеуге «біз аймақ басшысына емес, президентке дауыс бердік» деп батыл айта алар едік, - деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.
Егер президентті 99 пайызымыз қолдап, сайлайтын болсақ, онда Мәскеуге «біз аймақ басшысына емес, президентке дауыс бердік» деп батыл айта алар едік.
Қазан университетінің саясаттанушы ғалымдары Сергей Сергеев пен Владимир Белаев болса, бұл пікірталасты бос әурешілік деп санайды.
«Мәселе Татарстан басшысы лауазымының атауында емес, Мәскеудің келесі басшыға қаншалық билік беретінінде» дейді ғалымдар.
Бірақ, Татарстандағы сайлаушылардың көбі мұнымен келіспейді. «Федералдық парламенттің Татарстан конституциясын аттап өткені – бостандығымыздан айырылғанымыз» деп санайтындар көп.
– Татарстан халқы өз басшысына «президентіміз» деп дауыс берді екен, демек ол сол лауазымды сақтап қалу үшін аяғына дейін күресуі керек, - дейді Қазанда тұратын татар жазушысы Ркаил Зайдулла.