Өзбекстанда Иноятовтың бұрынғы орынбасары ұсталды

Генерал Хаёт Шарифходжаевтың белгісіз суретші салған портреті

Наурыздың 30-ы күні Өзбекстанда бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің (қазіргі Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі) генералы Хаёт Шарифходжаев ұсталды. Оны 2015 жылы қызметтен босатқан еді.

51 жастағы Хаёт Шарифходжаевты Өзбекстан Ішкі істер министрлігі қызметкерлері ұстағанын Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик) генералды ұстауға тікелей қатысқан, өз аты-жөнін атағысы келмеген ІІМ офицерлерінің бірі хабарлады. Бұл ақпаратты Азаттыққа Өзбекстан бас прокуратурасы тергеушілерінің бірі де растады.

Сәуірдің 2-і күні түстен кейін бір-біріне тәуелсіз осы екі дереккөз "генерал Шарифходжаев ІІМ тергеу абақтысында қамауда отыр" деп хабарлады. Бірақ сол күні бас прокуратураның баспасөз қызметінің өкілдері Азаттық тілшісіне "Хаёт Шарифходжаевтың ұсталғаны жайлы хабар түскен жоқ" деп мәлімдеді.

"ҚОРҒАНЫШ"

Бас прокуратура тергеушісінің айтуынша, Хаёт Шарифходжаев бұрынғы бас прокурор Рашид Қадыров пен Ташкент қаласы прокурорының бұрынғы бірінші орынбасары Мираглам Мирзаевтің үстінен қозғалған қылмыстық істер аясында ұсталған.

Хаёт Шарифходжаев қолма-қол ақша айналдырумен айналысқандарға "қорғаныш" ("крыша") болған. Зиёдулла Иногамов оған қарсы куәлік етті

ІІМ офицерінің сөзінше, Хаёт Шарифходжаевты Өзбекстан бас прокуратурасы жанындағы салықтан жалтару, валюталық қылмыстар және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыруға қарсы күрес департаменті Чиланзар аудандық бөлімінің бұрынғы бастығы Зиёдулла Иногамовтың куәлігі негізінде ұстаған.

Наурыздың 20-сы күні Өзбекстан ІІМ жүргізген арнайы операция кезінде ұсталған 25 адамның бірі осы Зиёдулла Иногамов болатын.

- Хаёт Шарифходжаев қолма-қол ақша айналдырумен айналысқандарға "қорғаныш" ("крыша") болған. Зиёдулла Иногамов оған қарсы куәлік етті. Шарифходжаевты соның куәліктері негізінде ұстадық, - дейді Азаттықтың ІІМ-дегі дереккөзі.

Бас прокуратура қызметкерінің сөзінше, арнайы қызмет генералын ұстаған күні оның Ташкент қаласы Мырза Ұлықбек ауданындағы жеке меншік үйі мен бұрынғы зайыбының Бесағаш шағын ауданындағы пәтерінде тінту жүргізілген.

Бірақ Азаттық редакциясында бұл ақпаратты растайтын фото я видео айғақтар жоқ.

ІЗДЕУ

Бас прокуратура тергеушісінің айтуынша, наурыздың 20-ы күні ұсталып, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған Зиёдулла Иногамов бірнеше күннен кейін жоғалып кеткен.

- Зиёдулланы наурыздың 20-сында ұстаған, бірақ ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, оны сол күні босатқан. Бірер күн тергеуге келіп жүрді де қашып кетті. Қазір оны жанталасып іздеп жатырмыз, - дейді бас қадағалаушы органдағы Азаттық дереккөзі.

Зиёдулла Иногамов Ташкент қаласы прокурорының бұрынғы бірінші орынбасары Мираглам Мирзаевтың әйелі Мухаббат Хасанованың жиені болып келеді.

Наурыздың 23-і күні Өзбекстан бас прокуратурасы таратқан ресми мәлімдемеде "Р.Қадыровқа (Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры - Азаттық) қатысты қозғалған қылмыстық істі тексеру аясында аса ірі көлемде пара алу, өзге де қызметтік қылмыстар жасау фактілері бойынша Ташкент қаласы прокурорының бұрынғы бірінші орынбасары М.А.Мирзаев, оның әйелі М.Х.Мирзаева мен ұлы А.М.Мирзаев үшеуіне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" деп жазылған.

ЕКІНШІ РЕТ ТҰТҚЫНДАЛҒАН ГЕНЕРАЛ

Бұл Өзбекстан арнайы қызметі генералы Хаёт Шарифходжаевтың екінші рет қамалуы.

Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдері. Ташкент, 25 маусым 2015 жыл

2015 жылғы көктемде Шарифходжаевтың үстінен коррупциялық айыптар мен мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған болатын. Ол кезде Азаттықтың дереккөздері Хаёт Шарифходжаев қамалды деп хабарлаған. Бірақ оның қашан және қандай себеппен бостандыққа шыққаны беймәлім болып қалған. Сол жылдың жазында Шарифходжаевтың қызметтен алынғаны туралы хабарланған.

Азаттық дереккөздерінің сөзінше, Өзбекстанның марқұм болған тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға қарсы "жазалау кампаниясын" генерал Хаёт Шарифходжаев пен Өзбекстан арнайы қызметіндегі полковник інісі Жавдат Шарифходжаев екеуі басқарған.

Зиёдулланы наурыздың 20-сында ұстаған, бірақ ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, оны сол күні босатқан. Бірер күн тергеуге келіп жүрді де қашып кетті. Қазір оны жанталасып іздеп жатырмыз

2013 жылғы желтоқсанда Гүлнара Каримова түркиялық "Хурриет" басылымына берген сұхбатында "ағайынды Шарифходжаевтердың коррупциялық қылмыстарға қатысы бар" деп мәлімдеген.

Ал сәл кейінірек Каримова швейцариялық Bilan басылымына сұхбатында "Хаёт Шарифходжаевтың коррупциялық қылмыстары" жайлы толығырақ баяндаған. Ол кезде Шарифходжаев Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасы Рустам Иноятовтың орынбасары болатын.

2016 жылы Хаёт Шарифходжаевтың кіші інісі Жавдат Шарифходжаев заңсыз кәсіпкерлікпен, коррупциялық қылмыстармен, бопсалаумен айналысты және ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталған. Өзбекстанның Жоғарғы соты оған 16 жыл түрме жазасын кескен.

Хаёт Шарифходжаев Өзбекстан тәуелсіздігінің 16 жылдығына орай "Шон-шараф" орденімен марапатталған. Хаёт Шарифходжаевтың екі некеден туған төрт ұлы, бір қызы бар.

(Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісі Сирожиддин Толибовтың мақаласы орысшадан аударылды)