Қонаев пен Бекежановтың "қастығы". Назарбаевтың табылмай кеткен сұхбаты тәркіленді ме?

Дінмұхаммед Қонаев (ортада) пен Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Шымкент облысында.

Советтік Қазақстан үкіметінің жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев мәскеулік басылымға берген сұхбатында бұрынғы басшы Дінмұхаммед Қонаев пен оның көмекшісі Дүйсетай Бекежановқа неге қатты шүйлікті? Сұхбатты жариялаған журналдың кейін Қазақстан кітапханаларынан жоғалғаны рас па? Оқиға куәгері не дейді? "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында осы сұрақтарға жауап іздедік.

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаевтың Қонаевты кінәлаған сұхбатын басқан журналды кітапханалардан жойғызған кім?

1987 жыл. Желтоқсан оқиғасынан тоғыз ай уақыт өткен кез. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР министрлер кабинетін басқаратын. Бүгінгі тілмен айтқанда, премьер-министр. Бұл қызметке ол 1984 жылы 44 жасында келген. Яғни, осы уақыт аралығында ол әбден піскен сақа функционер. Бұл кезде Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы – Геннадий Колбин. Дінмұхаммед Қонаев қызметтен босағаннан кейінгі алғашқы жыл. Жариялылық дәуірі. "Желтоқсан оқиғасынан" кейін адамдарды күпті еткен айлар.

НАЗАРБАЕВТЫҢ БҮКІЛОДАҚТЫҚ ӨТКІР СЫНЫ

1987 жылы Мәскеуден шығатын "Дружба народов" журналының тоғызыншы санында Назарбаевтың "Исцеление", яғни "Айығу" деп аталатын көлемді сұхбаты жарық көрді. Сұхбатта Назарбаев Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың бір бөлігін "интернационал қасиеттен жұрдай" деп айыптаған.

Ол "экстремистік көңіл-күйдегі жастардың әлеуметтік жағынан осал студенттерді өзіне баурап" алғанын айтқан. Бұл туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" аудиподкасының сәуір айындағы эпизодтарының бірінде де айтылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Большевизм тәрбиелеген мінез-құлықтан арылмаған" Назарбаев және "Желтоқсан алаңы"

Назарбаев осы сұхбатында Желтоқсан оқиғасына дейін билікте болған Қонаев республиканың экономикасы мен шаруашылығын дамыта алмағанын айтқан. Оның лауазымды қызметтегі туыстарының жеке басына да тиіскен.

Республика шаруашылықтары мен тұрғын үй құрылысындағы кемшіліктерді санап, тізбелеп береді. Тексеру кезінде Қазақ ССР-інде 20 жыл өткеннен кейін де кейбір көрсеткіштердің өзгермегенін айтып, өткір сынайды.

Қонаев биліктен кететін жылы, яғни 1986 жылы Алматыда және Мәскеуде өткен компартия съездерінде де Назарбаев бірінші басшыны оңды-солды сынап, айыптаған. Ол кезде республиканың бірінші басшысын төменгі басшының сынауы ерекше оқиға болатын.

Сол кездегі бүкілодақтық ресми телеарна да Назарбаевтың өткір сөйлегенін атап көрсеткен.

Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Совет Одағы коммунистік партиясының XXVII съезінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 4 наурыз, 1986 жыл.

ҚОНАЕВТЫҢ "ҚАСТЫҒЫ"

Назарбаев "Дружба народов" журналының 1987 жылғы тоғызыншы санында жарияланған сұхбатында Қазақстан компартиясының XVI съезінен кейін өзіне қысым жасалғанын айтып шағынады. Оған тікелей сол кездегі бірінші хатшы Қонаев пен оның көмекшісі Дүйсетай Бекежановты айыптайды.

Алайда Бекежанов 1987 жылы істі болып, қызмет пен партиядан шеттетіліп, сотталған еді. Назарбаевтың мәскеулік басылымға сұхбаты осындай жағдайда жарияланған.

Азаттық радиосы 1987 жылғы қыркүйек айындағы бағдарламасының бірін осыған арнаған.

Азаттық радиосы 1987 жылы Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуде шығатын "Дружба народов" журналына берген сұхбаты жайлы әзірлеген хабардың жазбасы. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

Хабардың жазбаша нұсқасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған. Хабарды әзірлеген – Хасен Оралтай, редакторы – Жәкебай Бапыш болыпты.

"Қазақстан үкіметінің қазіргі бастығы Нұрсұлтан Назарбаевқа және оның үй іші мүшелеріне кезінде жасқандыру жасап, өлтіреміз деушілер болған екен. Аталған орыс тіліндегі советтік журналда келтіруіне көре ол жөнінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқан" деп басталады хабар.

"Нұрсұлтан Назарбаев Дінмұхаммед Қонаевты сынға алған бір баяндама жасағаннан кейін оған қарсы бір науқан ұйымдастырылыпты. Оны Қонаевтың жеке көмекшісі басқарыпты. "Қонаев мені шақырып алып, сенен басқаларды да қуып жібергенмін, енді сені де қуып жіберемін" деді. Осыны айтқанда Қазақстан үкіметінің қазіргі бастығының Дінмұхаммед Қонаевқа "сен мені қуып жібере алмадың, бірақ мен сені қуып жіберіп, күшейдім" дегендей сынау байқатып отырғаны аңғарылады. "Сөйтіп, – деп жалғастырған Назарбаев. – Сыбыс, өсек, жаламен қорқытып жасқандырушылық әрекеттер мен өтірік желдей есті. Оны сол істерге кәсіптенген Бекежанов басқарды". "Әйелім екеуміз, – деп жалғастырған Қазақстан үкіметінің бастығы Нұрсұлтан Назарбаев тағы да, – аңду астында болдық. Бізге телефон шалып, "әйел-балаңыз өлді, үйіңізден шықпаңыз, әйеліңіз үйіңізге қайта оралмайды" дейтіндер болды", – делінген Азаттық хабарында.

Алайда Азаттық радиосы Назарбаевтың бұл айтқандарына күмәнмен қарайды. "Егер шынымен солай жасалғаны рас болса, Назарбаев содан бері оны неге айтпаған деген сауал туындайды" деген сұрақ қояды. Өйткені Қазақстан компартиясының съезі 1986 жылы ақпан айында өткен. Одан бері бұл сұхбат жарияланғанға дейін бір жарым жылдан аса уақыт өте шыққан.

Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы жазған кітабында 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасында "жастармен бірге шерудің басында кете бардым" деп айтқанын әжуалайтын карикатура. Оның жанында Михаил Горбачев пен Борис Ельцин бейнеленген. Карикатураны қазақстандық "С-Демократ" тәуелсіз газеті 1992 жылы жариялаған. Басылымды шығарушы әрі редакторы – Андрей Свиридов.

"Екінші жағынан баспасөзге жарияланған мақала арқылы жұртшылық алдында кінәланып отырған кісілерге сөз кезегі беріле ме деген орынды сауал тағы да еске түседі. Бұның өзі қажетті де. БҰҰ-ға мүше, барлық елдер қабылдаған жалпы адам құқығы ережесінде кісінің жеке басы мен абыройын қорғауға әділетті түрде мүмкіншілік беретіні көрсетілген. Бұнда көзделінген басты мақсат – мәселенің әділетті түрде анықталуын қамтамсыз ету екендігі айтпаса да түсінікті. Қаралаушы, яғни, қуғындалып отырған кісіге кінә тағушы "үкімет бастығы" деген атақтың иесі болғаны үшін де мәселенің маңызы арта түсуде. Қазіргі бастық бұрынғы басшыларға әділетсіз түрде жала жауып отыр ма деген жайттың да ойға оралуына түрткі болуда. Ал бұндай күдікке жол бермеу үшін мәселенің анығына жұртшылықтың көзін жеткізу үшін кінә тағылып отырған кісілерге тең түрде сөз кезегін беруі тиіс", – деп қорытады Азаттық радиосы.

Алайда қарсы тарапқа сөз де берілмейді, олар да ақталып әуре болмайды. Одан да қызығы Назарбаев Қазақ ССР-інің бірінші басшысы болып тағайындалған сәтте "Дружба народов" журналының осы саны, кейбір кітапханаларда тіпті журналдың өзі "жоғала" бастайды.

КІТАПХАНАДАҒЫ "КӘМПЕСКЕ"

"Дружба народов" журналының 1987 жылғы тоғызыншы саны 1989 жылдың жазынан бастап, Қазақстан кітапханалары қорынан алына бастағанға ұқсайды. "Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасын әзірлеу барысында Азаттық тілшісі де соның куәсі болды. Алматыдағы ұлттық кітапханада "Дружба народов" журналының Назарбаевтың атышулы сұхбаты жарияланған саны жоқ болып шықты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың көлемді сұхбаты жарияланған, Мәскеуде шығатын "Дружба народов" журналының 1987 жылғы 9-санының мұқабасы.

Бәрінен қызығы – қазір, яғни Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткеннен бері кітапханашылар оқырмандардың осы сұхбатты жиі сұрайтынын айтады. Соған орай кітапханалар аталған сұхбаттың тек ксерокөшірмесін ғана жасатып қойған.

"Дружба народов" журналының осы саны немесе журналдың өзі тұтастай жоқ болып кеткенін зерттеушілер де байқапты. Алайда олар бұл туралы айтып беруге қымсынатындай. Дегенмен осы мәселені көзімен көрген, анығын айтқанда журналдың кітапханадан әкетілгеніне куә болған адаммен тілдесудің сәті түсті.

Блогер Айгүл Өтепова бұрынғы Шымкент, қазіргі Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылында туып өскен. Бала күнінде ауыл кітапханасының белсенді оқырманы болғанға ұқсайды. Ол сол күндерді былай деп еске алды:

– Сол кезде ауылдағы Мәдениет үйіндегі кітаптарды, журналдарды түгел ақтарып оқитын едім. Кітапханаға күнде баратынмын. Орыс мектебінде оқыған соң, көбіне орыс тіліндегі басылымдар мен кітаптарды оқитынмын. Олардың арасында "Дружба народов" журналы да бар еді, – дейді ол.

Айгүл Өтепова ауыл кітапханасына барып жүрген күндердің бірінде ерекше оқиғаға куә болады.

– Бір күні кітапханаға барсам, кітапханашы апайлар журналдарды байлап, матап сыртқа шығарып жатыр екен. Қабақтары қатулы. Ақырындам сұрасам, "мынаның бәрін жиып, жою жөнінде тапсырма келді" дейді. Қарасам, буып-түйіп, жинап жатқандары "Дружба народов" журналы! Журналдарды сол күйі тиеп, жүк көлігімен алып кетті. Сол оқиға әлі есімнен кетпейді. Өйткені сол кезде кітапханашы апайлардың түрі біртүрлі жұмбақ көрінетін, қабағы да салыңқы еді. Кейін осы журналдағы атышулы сұхбат туралы айтыла бастағанда барып, сол оқиға сап етіп есіме түсті. Оған дейін мән бермесем керек. Қазір қарап тұрсам, содан кейін біздің ауылдың кітапханасынан "Дружба народов" журналын мүлде көрмеппін, – деп еске алады Айгүл Өтепова.

Айтуынша, әлгіндей тапсырма берген адамдардың өзі журналды жоюда кітапханашыларға сенбеген сияқты. "Қазіргідей видеоға түсіріп алатын заман емес, бірі болмаса, бірі журналды жеке өзіне алып сақтап қалуы мүмкін ғой. Мен сонда кітапханашы апайларды сұрағанда, "ол журналды жойып жібереді" деп айтқан", – дейді блогер.

НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ ШЫНДЫҚТЫ ТӘРКІЛЕУ ҚАДАМЫ

Осы оқиғаның қашан болғанын қайталап сұрағанда, Айгүл Өтепова мынаны айтты.

Блогер Айгүл Өтепова.

– Ол кезде "нархоздың" (совет тұсындағы Алматы халық шаруашылық институты – ред.) бірінші курсын бітіріп, ауылға каникулға барған едім. Әдеттегідей кітапханаға да бас сұққам. Сонда осы оқиғаға куә болдым. Бұл оқиға ұмытпасам, 1989 жылғы маусым айының аяғы – әлде шілденің басында болған, – дейді Айгүл Өтепова.

Блогер Айгүл Өтепова шамалап айтқан осы уақыт мерзімі ерекше назар аудартады.

Ауыл кітапханасының студент оқырманы Айгүл Өтепова 1989 жылдың маусым-шілде айында "Дружба народов" журналының барлық саны кітапханадан алынып, әлдеқайда жөнелтіліп жатқанын көрген. Сол кезде ол өзінің қандай қызық оқиғаға куә болғанын сезбегені анық.

Олай болатыны – Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылғы 22 маусымда басқа қызметке ауысқан Геннадий Колбиннің орнына Қазақ ССР-і компартиясының бірінші хатшысы болып тағайындалған.

Сонда Қазақстан кітапханаларындағы "Дружба народов" журналын тәркілеудегі мақсат не болды екен? Саясаткерді ар-ұжданы қысты ма, әлде өзі де сын нысанасына ұшыраймын деп қауіптенді ме, ол жағы беймәлім. Белгілісі – Қазақстан кітапханаларынан "Дружба народов" журналының 1987 жылғы тоғызыншы саны белгісіз жағдайда жоғала бастайды.

Сайып келгенде, осыдан тура 34 жыл бұрын, 22 маусымда Назарбаевтың жоғары билікке келе салып, өзінен бұрынғы басшыны сынаған, оның бүкіл кемшілігін термелеген сұхбатын жасыруға тырысқаны байқалады. Бұл туралы бәлкім, алда әлі де талай естеліктер айтылатын шығар.

Тәуелсіздікке дейін Азаттық радиосына берген сұхбатында Назарбаев не деді, Азаттық оның жұмысына қандай баға берді? Алғашқы бүкілхалықтық сайлауға дейінгі Назарбаевтың саяси келбеті қандай болды, алда осы тақырыпқа шолу жасалады.

Подкасты Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан жүктеп алуға болады.