Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстан 1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ-ға мүше болып қабылданғанда Алматыдағы Үкімет үйінде совет кезіндегі көк жолақты қызыл ту желбіреп тұрған еді. Қазақстан БҰҰ қатарына қабылданған соң халықаралық ұйымға мүше мемлекеттер саны 168-ге жетті.
ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ АЛДЫНДАҒЫ БҰҰ-ҒА ТАЛПЫНЫС
Халықаралық ұйымға мүше болуға талпыныс Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрғанда қолға алынған еді. Алайда сол кезде Қазақстанды басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымен президент сайлауын өткізіп алып, тәуелсіздікті содан кейін жариялағаны белгілі.
Азаттық радиосы алғаш рет Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы туралы 1991 жылғы қазан айында президент Назарбаевтың елдің батысындағы Ақтауға сапармен барғанда айтқанын хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әріптестері мен үзеңгілестері Батырхан Дәрімбетті еске алды
Азаттық тілшісі Батырхан Дәрімбет Қазақстан жаңалықтары топтамасында: "Осында ол сонымен бірге облыстық басшылармен кездесті. Осы кездесу кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаев ендігі жерде республиканың Біріккен Ұлттар ұйымына мүше болып кіру жайында ұсыныс жасайтынын айтты. Бұл біздің республикамыздың тәуелсіздік жолындағы тағы бір қадамы болып табылады", – деген.
Арада бірер күн өткенде Азаттық радиосы бұл мәселе туралы нақтырақ ақпарат береді. Оны эфирге әзірлеген – радионың тілшісі Қиял Сабдалин.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттықтың Қазақстандағы алғашқы тілшісі"Бұл күндері Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 46-сессиясы өтіп жатыр. Соған Қазақ Республикасының сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сайлау Батыршаұлы да қатысуда. Ол Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының қызметін, оның әртүрлі жұмыс механизмдерін зерттеу мақсатында барып отыр. Өйткені республикада Қазақ Республикасының түптің түбінде Біріккен Ұлттар ұйымына кіруі тиіс екені көптеп сөз болуда. Ол үшін ең алдымен халықаралық заңдарға сәйкес Қазақ Республикасының Конституциясын қабылдау және мемлекеттік нышандарын қабылдау керек. Одан кейін Қазақ Республикалық Жоғарғы кеңесі Біріккен Ұлттар ұйымына кіру жайында заң қабылдауы тиіс", – деп хабарлаған Азаттық радиосы.
"18 ЖЕЛТОҚСАНДА НЬЮ-ЙОРККЕ ҰШТЫМ"
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы сыртқы істер министрі, кейіннен Қазақстанның БҰҰ-дағы алғашқы тұрақты өкілі болған дипломат Ақмарал Арыстанбекова сол күндер жөнінде өз мақаласында былай деп жазады:
"Кез келген адамның өмірінде өз елінің ажырамас бөлігі ретінде ерекше қуаныш сезімін, өмірдің мәнін ерекше жоғары сезінетін бір сәттер болады. Мен осындай толқу мен қуанышты сәттерді 1992 жылы 2 наурызда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне жаңадан тәуелсіздік алған мемлекет ретінде қабылданған тарихи күні бастан өткердім. Сол сәтте ең беделді халықаралық ұйымның әлемдегі ең биік мінберінде тұрып, кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде елімнің туы көтерілгенін көргенде мен өз еліме, халқыма деген мақтаныш сезімін бастан кешірдім. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Менің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы іссапарым 1991 жылдың желтоқсан айының соңында, Совет одағының ыдырауынан және әлемнің саяси картасында жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуынан туындаған таңғаларлық жарқын және тарихи жаһандық геосаяси сәтте басталды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Жоғарғы советі "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заң қабылдады. 17 желтоқсанда Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер президент Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөз жүргізу үшін Қазақстан астанасы Алматыға келді. Мен оған сыртқы істер министрі ретінде қатыстым. Президент хатшы Бейкерге менің Нью-Йоркке Біріккен Ұлттар Ұйымындағы өкіл ретінде жіберілетінімді хабарлады. Бұған дейін Мәскеуде және Нью-Йоркте бірнеше рет кездескен мемлекеттік хатшы менің тағайындалуымды жылы қабылдап, ықылас білдірді. 18 желтоқсанда Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында ынтымақтастық орнату үшін Нью-Йоркке ұштым".
"ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ӨЗ ТІЛІ БОЛМАСА..."
Арада 10 жыл уақыт өтті. Тәуелсіз Қазақстан нендей жетістікке жетті? Неден жеңілді? 2001 жылы Хасен Оралтай Азаттық радиосына берген сұхбатында осы туралы айтады.
Ол кезде Хасен Оралтайдың Азаттық радиосынан зейнетке шыққанына бірнеше жыл болған еді. Бұл сұхбат 2001 жылғы 3 сәуірде эфирге шыққан. Сұхбаттың аудиожазбасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттықтың қазақ редакциясын басқарған Хасен Оралтай кім?Хасен Оралтай Прагада Азаттық тілшісі Әбдіғани Жиенбайға берген сұхбатында Қазақстанның "ең басты табысы – тәуелсіздікке жетуі" екенін айтқан.
"Тәуелсіздікті ештеңемен теңеуге болмайды. Одан үлкен табыс та жоқ. Одан кейінгі тәуелсіздіктің белгісі – көктегі көк ту. Кешегі советтік қызыл ту астындағы қуыршақ Қазақстанның жағдайын қазіргі тәуелсіз Қазақстанның жағдайымен салыстыруға келе ме? БҰҰ-ның төрінде, әлемнің үлкен астаналарында тәуелсіз Қазақстанның көк туының желбіреп тұруын көруден асқан табыс, одан асқан жеңіс болуы мүмкін емес", – дейді Хасен Оралтай.
Ол Қазақстан тәуелсіздік жариялағаннан кейінгі он жыл ішінде біршама кемшіліктерге жол бергенін айтады. Бұл орайда Хасен Оралтай бірінші кезекте мемлекеттік тіл – қазақ тілінің "нашар ахуалына" тоқталған.
"Ана тілі жайында тәуелсіздікке дейін де, одан кейін де бірнеше заң қабылданғанына қарамастан, сол заңдар іске аспай келеді. Қазақ елінің өз тілі болмаса, ол қандай ел?! Бұл – үлкен кемшіліктің бірі", – дейді ол.
НАЗАРБАЕВ НЕГЕ АТАТҮРІК ЕМЕС?
Хасен Оралтай заңды жүзеге асыруда ел басшылығының жетекші роль атқаратындығын айтады. Мұндайда ол Қазақстан мен Түркияның республика болып жариялағаннан кейінгі алғашқы 10 жылдығын өзара салыстырады.
"Қабылданған заңдарды басшысынан бастап іске асыруы керек. Мысалға Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия республикасының құрылғанына 10 жыл толғанда еліне Түрік тілі институты мен Түрік тарихы институтын сыйлады. Осы екі институтқа ол өзінің бүкіл ғұмырында жиған мал-мүлкін мирас етіп қалдырды. Жақында интернеттен "Жас Алаш" газетін оқып отырсам, Шерхан Мұртаза бір интервьюде қазақтың ұлттық мәжілісінде тек 17 депутаттың қазақ тілінде сөйлейтінін айтады. Мәжіліс депутаттары өздері шығарған заңға бой ұсынбаса, басқа халық не қылсын қазақшаны? Сондықтан басқа мәселелердің ішінде осы тіл мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбеуі, шығарылған заңдардың тек қағаз жүзінде қалуы жүректі қынжылтады", – дейді Хасен Оралтай.
2001 жылы Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжілісте 77 депутат болған еді.
ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ
Хасен Оралтай Азаттыққа берген сұхбатында 2000-жылдары Қазақстанға қатысты жемқорлық даулары жиі көтерілгенін айтады. Еуропада жүрген ол "интернеттегі жаңалықтардан Қазақстанда коррупция болып кетті дегенді көп кездестірем" дейді.
"Осыған байланысты елбасының аты көп аталады. Мен Нұрекең осынша ақшаны жеп қойды деп ойламаймын. Осы сияқты жалалар шет елдің президенттеріне де жабылып жатады. Бірақ бұл жерде оның інісі Болаттың және де бірнеше туысқандарының миллионер болып жатқанын нақты фактімен жазып жатыр. Сондайда Нұрекең Мұстафа Кемал Ататүріктен үлгі алып, туысқандарын айналасына жуытпаса екен деген тілек тұрады. "Туысқандарын үкімет жұмысына араластырмай, кәдімгі халықтың қатарында болса қандай болар еді?" деген ойлар келеді", – деген Хасен Оралтай Қазақстанда бай мен кедей арасындағы алшақтық та жиі байқалатынын айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халқын тонаған клептократтар". Ағылшын парламентінде Қазақстанды талқылап, 28 адамды атады"Бір қызық жайт бар. Кешегі коммунистік заманда бай деген ұғым болмады. Бәрі кедей тұрды. Енді тәуелсіздіктен кейін сол кедейлерден қаншама мультимиллионерлер шықты. Мен Алматыға барғанымда Американың ең сәнді мәшинелерін мініп жүргендерді көптеп көрдім. Олардан барып мәшиненің бағасын сұрасам үлкен соманы айтты. Сонда осыншама ақшаны қайдан тапты деп ойлаймын ғой мен. Ата-бабасы кедей болса, ешқандай мұра болмаса, бұл ақшаны қайдан тапты? Ал бір кездері Қазақстанда 70 аудан кедейшіліктен төмен деңгейде өмір сүретін. Сол 70 ауданның қамқоршысы болу қазіргі қазақ үкіметінің басты міндеті болмайтын ба еді?! – дейді Хасен Оралтай.
"ОСЫНША УАҚЫТТА АЙТАРЛЫҚТАЙ ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ"
2001 жылы Азаттыққа берген сұхбатында Хасен Оралтай тәуелсіздіктің алғашқы он жылдық кезеңінде болған Қазақстанның кемшіліктерін сынаған. Бұл сұхбатты сол кезде Қазақстан саяси өміріне белсене араласқан саясаттанушы Дос Көшіммен талдадық.
– Алдымен "Тәуелсіздік – үлкен бақытымыз" дегеніне президенттен бастап бәріміз келісеміз. Одан кейінгі мәселе – сол тәуелсіздік алған кездегі мақсатымызды шындыққа айналдыру мүмкіндігі. Хасекең өзінің екінші сұраққа жауабында осы мәселені жақсы талқылап кетті. "Осы 10 жыл ішіндегі шешілмей жатқан мәселе – қазақ тілінің мәселесі. Заң қабылданды, іске асқан жоқ. Көзге түсетіні – шеттен барған қазақтар бұл қандай мемлекет деп таңғалады" дейді. Шындығында да ол журналист, әрі парасат иесі ретінде мұны мәдени түрде айтып тұр. Қазір тәуелсіздіктен бері 30 жылдан аса уақыт өтті. Қазір көзі тірі болғанда ол кісі бұдан да қаттырақ айтар ма еді? Мұстафа Кемал Ататүрікті сол жерде мысалға келтіргені маған қатты ұнады. Ол кісінің сондай ізгі істерін мен білмеуші едім. Аталып өткен тағы бір үлкен мәселенің бірі – коррупция. Сол жерде алғашқы президенттің де аты аталады. Ол туысқандарын айналасына жолатпаса екен деген мәселені айтады. Бұл жерде сәл де болса түсінік беру керек, – дейді Дос Көшім.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев билігінің көлеңкелі тұсы– Нұрсұлтан Назарбаев тұтастай тоталитарлық жүйе құрды. Бұл жерде ол туған-туыстарына қоса көптеген жемқор топтарды қалыптастырып кетті. Келесі мәселе – бай мен кедей арасындағы айырмашылық. Сол жерде жақсы мысалдар келтіреді. "Мықты көліктерде жүргендердің көлігін тіпті мен де міне алмаймын. Олар бұл ақшаны қайдан алды?" дейді. Демек, қазақ баласы кедей күйінде қалды деген ойға тоқтайды. Шындығында Хасекеңнің осы сұхбатта көтерген мәселелері қазіргі кезде әлі де өзекті болып қалып отыр. Осынша уақытта айтарлықтай ештеңе өзгерген жоқ, – дейді Дос Көшім Азаттыққа.
Хасен Оралтай Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл толғанда "тәуелсіздік алдық" дегеннен басқа ілгерілеушілік болмағанын айтса, Көшім де оның сөзімен келісетінін білдірді.
Бұл – сол кезде билік басында болған, 30 жылдай жеке билеп төстеу жүйесін қалыптастырған, президент қызметін 2019 жылы өзінің сенімді адамына тапсырып кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген саясатының алғашқы 10 жылдығына берілген баға. Алайда мұндай қоғамдық пікір Назарбаевтың одан кейін де дүркін-дүркін сайлауға қатысып, айрықша статусқа ие болуына кедергі келтіре алмады.
Бұл хабарымызда 1992 жылғы 2 наурызда тәуелсіз Қазақстан мемлекеті БҰҰ-на мүше болып қабылданғанына, Азаттықта Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы он жылдығын сипаттаған сұхбатқа тоқталдық. 2001 жылғы 3 сәуірде эфирге әзірленген Хасен Оралтайдың осы сұхбатына қатысты толығырақ мәліметтер "Азаттық – 70" подкасының бүгінгі эпизодында кеңірек беріліп отыр.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бостандық радиосынан" – Совет Одағы құлағанға дейін