Your browser doesn’t support HTML5
Қоғамдық белсенділер мен Алматының Шаңырақ ықшамауданы тұрғындары 2006 жылғы 14 шілде күні таңертең ерте қақтығыс алдында күштік құрылымдарды келіссөзге, мәмілеге шақырып баққан.
Мысалы, Маржан Аспандиярова Алматы қаласының әкіміне, прокуатура, сот орындаушылары, полиция мен арнайы жасақ командирлеріне қарата айтқан сөзінде орынсыз қақтығысқа жол бермеуге үндеді. Белсенді Шаңырақ ықшамауданы халқы өз баспанасын қорғауда өлімнен тайсалмайтынын айтып, араша сұраған. Алайда күштік құрылым өкілдері сот шешіміне сілтеп, белсендінің сөзін елемеді. Шаңырақ қақтығысы осылай басталған еді.
ШАҢЫРАҚ ОҚИҒАСЫНЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ
Қақтығыс кезінде кепілге алынған Алматының Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының 24 жастағы тергеушісі Әсет Бейсеновті белгісіз біреулер үстінен бензин құйып өртеп жіберген.
Денесінің 80 пайыздайы күйген полиция қызметкері 12 күннен кейін ауруханада опат болды.
Осы оқиға бойынша қозғалған қылмыстық істі қараған Алматы қалалық соты 2007 жылғы 5 қазанда Арон Атабекті – 18 жылға, Рүстем Тұяқовты – 14 жылға, Ерқанат Тараншиевті – 15 жылға және Құрманғазы Өтегеновті 16 жыл мерзімге бостандығынан айыруға үкім шығарған.
Рүстем Тұяқов пен Ерқанат Тараншиев 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. 2021 жылы күзде денсаулығына байланысты қатаң режимдегі түрмеден босатылған диссидент, ақын Арон Атабек көп ұзамай қайтыс болды.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер Арон Атабектің өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруін талап еткен. Құрманғазы Өтегенов 2022 жылы кесімді жазасын толық өтеп, түрмеден босады.
ӘКІМНІҢ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ КЕЗІНДЕГІ ҚҰБЫЛУЫ
Азаттық радиосы Алматы бюросының сол кездегі жетекшісі болған Кенжебек Нұрқасенұлы оқиғаның төркіні ілгеріден басталғанын айтады. Ол бұл мәселеде жемқорлық араласқанын да атап өтті.
– 2005 жылдан бастап заңсыз құрылыстар деген тақырып бірте-бірте ширыға берді. Сол жылы президент сайлауын өткізу белгіленді де, биліктің, мемлекеттік аппараттың бүкіл күші соған жұмылдырылды. Сондайда электоратпен жұмыс істеу, солардың көңілін табу керек болды. Әсіресе, тоқсаныншы жылдарғы қиыншылық кезінде қалаға ағылып, Шаңырақ, Әйгерім, Бақай, Көкқайнар, т. б. елді мекендерге орнығып қалған қазақтардың "заңсыз салынған үй" мәселесі өткір тұрған. Олар еріксіз күнкөріс қамымен қалаға келіп қоныстанған. Әсіресе, 1991-1998 жылдар арасында мемлекеттік органдар сызып берген бас жоспарға сәйкес емес, әркім өз қалағанынша үй сала берген. Жер берудегі алаяқтық пен жемқорлық та бөлек әңгіме. Мысалы, бір жер теліміне бірнеше жер актісі берілген. Шаңырақ оқиғасында жалғыз баспанасынан айрылуы сондағы тұрғындар үшін өліммен тең болатын, – дейді Кенжебек Нұрқасенұлы.
Ол мына бір жайға да назар аудартады. Сол кездегі Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2005 жылғы президент сайлауы қарсаңында Шаңырақ ықшамауданы халқымен кездесіп, заңсыз салынған үйлер мәселесі шешілетінін айтқан. Алайда сайлау өте сала әкім мәселені шеше алмайтынын мойындайды.
Оқи отырыңыз: Назарбаевтың "сенімді серігі" әрі "қауіпті бәсекелесі"
– 2005 жылдың аяғы, 2006 жылдың басында заңсыз салынған үйлер туралы сот шешімі бірінен соң бірі шығып жатты. Бір жерде – 160, бір жерде 200 шамалы жер телімі заңсыз салынған деп танылды. Ел сонда қауым болып бірлесіп, үйін, жерін қорғап қалуға тырысты. Билік сот шешімі негізінде күндіз құлатып кеткен үйлерді түнде қайта салып, аштық жариялап, наразылық білдірді. Қоғамдық ұйымдар да бірлесіп, Астанаға делегация жіберіп жатты. Ал қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2006 жылы қазақстандық басылымдардың бірінде осы мәселені қалай шешуді білмейтінін айтып, түйткілді реттей алмайтынын мойындайды, – дейді ол.
АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ
Кенжебек Нұрқасенұлы Шаңырақ қақтығысы болған күнгі Азаттық радиосының қалай жұмыс істегенін былай сипаттайды:
– Қақтығыста полицияның ауыр жарақат алуы трагедия еді. Шаңырақ оқиғасы сол күннің басты тақырыбы болды. Мәселенің мәнісі туралы эфирден оқиғаның қалай болғаны, кімдер қатысқаны туралы тиісті тараптардың барлығын сөйлетіп, жан-жақты хабар тараттық. Билік өкілдері осы жолы да әдетіне басып, сұхбат беруден қашқақтады. Неліктен қақтығысқа жетті, неліктен мәселені бейбіт жолмен шешуге болмады деген сауалдар қойылды.
Кенжебек Шаңырақта қақтығыс болған күнгі қудалаулар туралы да хабар таратылғанын айтады. Арон Атабек бастаған жергілікті белсенділерге қоса оқиғаға қатысы жоқ адамдар ұстала бастаған. Азаттықтың Алматы бюросына сол күні үздіксіз қоңыраулар түсіп жатқан.
Кенжебек Нұрқасенұлының айтуынша, Азаттық радиосы ұсталғандардың тізімін жасап, аты-жөндерін атап эфирден беріп отырған.
Ал оқиға орнынан Азаттықтың Алматыдағы тілшісі Талғат Дүйсенбек хабар дайындаған. Бұл – Азаттық радио толқыннан хабар тарататын және веб-сайты шағын көлемде ғана жұмыс істеп жатқан кез.
– 13 шілдеде Талғат келесі күні Шаңырақ елдімекеніндегі үйлердің сүрілетіні туралы ақпарат барын айтты. Іс қимылдың бәрін ақылдасқан соң тілшіміз сол жерге барып, барлық жағдайды көзімен көріп, эфирге баяндап беретін болды, – дейді Кенжебек Нұрқасенұлы.
ШАҢЫРАҚҚА ЖИНАЛУ
Талғат Дүйсенбек те Шаңырақ оқиғасы дәл 14 шілдеде тұтана қалмағанын айтады. Ол күштік құрылымдардың көмегімен биліктің қақтығыс алдында топтасып келіп, Бақай ықшамауданындағы 400 үйді сүріп тастағанын еске алады. Сол оқиғалардың да бел ортасында Талғат болған.
– Шаңырақ оқиғасының алдында заңсыз салынған үйлерді сүру науқаны жүріп жатқан. Осы оқиғаның алдында бір апта бұрын ғана 2 мың шамалы күштік құрылымдардан құрылған топ келіп, Бақайдағы 400 үйді сүріп тастаған еді, – деп еске алады Талғат Дүйсенбек.
Ол жергілікті тұрғындардың қорғану қамын қарастырып, күштік құрылымдарды қарсы алуға арнайы әзірленгенін, шаңырақтықтар жалғыз болмағанын айтады. Бұл сол кездегі Алматы маңында шешімі табылмаған әлеуметтік мәселелердің шырқау шегіне жеткенін де байқатса керек.
– Бақайдағы оқиға кезінде адамдар баспанамызды қорғаймыз деп дайындық жүргізген. Бірақ халық 2 мың шамалы күштік құрылым өкілдері сау етіп жетіп келеді деп күтпегені анық. Қанша қарсыласқанымен, ел оларға төтеп бере алмады. Осыны көргеннен кейін шаңырақтықтар да әзірлене бастады. Өйткені Бақайдан кейін бір аптадан соң Шаңыраққа келеді деген хабар тарады. Ал Шаңырақ басқа да осындай елдімекенге қарағанда аумағы үлкен аудан. Бұған қоса Алматыда осындай түйткілі бар, жалғыз баспанасынан айрылып қалуынан қауіптенген адамдар да сол күні Шаңыраққа жиналды, – дейді Талғат Дүйсенбек.
Бүгінде марқұм, Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев (1948-2021) та Бақай мен Шаңырақтағы оқиғаларды суретке түсіріп, өзі куә болған жайттарды сипаттап жазған.
14 ШІЛДЕ: АЛАТАҢНАН БАСТАЛҒАН ҚАҚТЫҒЫС
Сөйткенше 14 шілденің таңы атады. Жұма күні болатын. Талғат Дүйсенбек оқиға қарсаңын еске алғанда Шаңырақ тұрғындарына қосылған белсенді Арон Атабекті де көргенін айтады.
– Шаңыраққа 14 шілде күні таңғы төртте келдім. Сонда халықтың дайындалып жатқанын көрдім. Таңғы сағат алтыда 2 мың шамалы адамнан құралған күштік құрылым да жетті. Үйі сүрілген елдің жағдайымен айналысып жүрген бірнеше белсенді болды, олардың арасында Арон Атабек те бар еді, – дейді Азаттық тілшісі.
Талғаттан ол жерге жиналғандар барған сайын шиеленіскен жағдай қақтығысқа ұласып кете ме деп күтті ме деп сұрадым. Ол оқиға қалай өрбігенін, алғашқы жанжал қалай басталғанын айтып берді.
– Ел ондайды күткен жоқ. Дегенмен әлдебір қақтығыс болатынын адамдар сезгендей еді. Жанжал бірден басталған жоқ. Жолдың екі жағында жиналған екі топ текетіреске дайын тұрды. Прокуратура өкілдері ескерту жасап жатты. Мен оқиғаны суретке түсіріп, екі топтың ортасында тұрған едім. Бір сәтте қақтығыс басталды да кетті! Тұрғындар жақтан тас ұшып жатты. Қолындағы тоқпағымен қалқанын ұрғылаған күштік құрылым қызметкерлері де шабуылды бастап кетті. Оқиға болған жер екі сайдың ортасы еді. Мен сол сәт бір қолымда – микрофон, бір қолымда – фотоаппарат, құлап түстім, – деп еске алады Талғат Дүйсенбек.
Айтуынша, таңғы алтыда басталған қақтығыс бірнеше толқынмен жалғасқан.
– Сөзбен суреттеп айтып жеткізу қиын. Кәдімгідей соғыс әрекеттері болды. Біреу біреуді аяп жатқан жоқ. Полиция қолында – тоқпақ, елдің қолында – тас. Мылтық атылған жоқ демесеңіз, тараптар бір-біріне аяусыз тап берген. Күштік құрылымнан соқталдай дәу бір азаматты ел ұрып жатқанда, жергілікті әйелдер оған араша түскенін де көрдім, – дейді Талғат Дүйсенбек.
АЗАТТЫҚ ТІЛШІСІ КӨРГЕН ӘСЕТ БЕЙСЕНОВ ЖӘНЕ АРОН АТАБЕК
Ашынған халық жанжал кезінде күштік құрылым өкілдерін кепілге алған. Солардың арасында 24 жастағы тергеуші Әсет Бейсенов те болған. Тәртіпсіздік күшейіп, келіссөзге шақыру нәтиже бермейтін қиын сәттер басталды.
– Екі ортада құрылысы бітпеген шағын екі бөлмелі үй болды. Сол үйге адамдар кепілге түскен күштік құрылым өкілдерін қамап қойды. Сағат 8-9 шамасына дейін ұмытпасам, үш рет шабуыл жасалды. Бір кезде кепілге алғандар Әсет Бейсеновті екі ортаға алып шықты. Жанына газ баллонын қойды. Полицияға "тағы да шабуылдасаңдар, мына жігітті жарып жібереміз" деген ультиматум қойды. Бұл сағат 10-11 кезіндегі жағдай. Екі жақ арасында келіссөздер жүргізілді деп айтылғанмен, мәмілеге келетіндей болған жоқ. Белсенділерден Маржан Аспандиярованы көрдім, Арон Атабек те болды, – деп еске алады Талғат Дүйсенбек.
Күштік құрылым өкілдері кепілге алынған соң билік жағының сыңайы қалай болды? Оларды арашалауға, немесе келісімге келуге қадам жасады ма? Кейін Шаңырақ оқиғасын ұйымдастырушы ретінде айыпталған Арон Атабектің Азаттық тілшісі көрген әрекеті қандай болды?
– Әсет Бейсеновті алып шыққан кезде де күштік құрылым шегінбеді, шабуылға дайын тұрды. Менің ойымша, мұндай жағдайда билік шегінуі керек еді, бірақ олар ондай сыңай танытпады. Қайта тағы да шабуылдауға дайын екенін көрсетіп тұрды. Біз күштіміз, біз қалай да басып кіреміз дегені байқалды. Сол екі ортада Әсет Бейсеновке бензин құйылып, от қойылып үлгерген екен... Артынша Арон Атабектен отты кім қойғанын сұраған едім. Айтқанына қарағанда, көп арасынан біреу шырпы лақтырған. Атын атап, түстеу мүмкін болмаған. От тиген кезде Арон Атабек дереу өз күртесін ала салып Әсет Бейсеновті аман алып қалу үшін өртті сөндіріп жатты. Сол кезде күштік құрылымдардан бірнеше адам жүгіріп барып, Арон Атабекті сабады... Сөйтіп от тиген Әсет Бейсеновті алып кетті. Дәрігерлер келді. Олармен де сөйлестім. Әсеттің де жағдайын көзіммен көрдім. Денесінің 80-90 пайызын өрт шалған, қансырап жатты. Жұрттың бәрі шошып қалды, – дейді Талғат Дүйсенбек сол бір қаралы оқиға туралы.
"ТЫП-ТИПЫЛ ҚЫЛУ КЕРЕК"
Талғат Дүйсенбек Шаңырақ ықшамауданында қақтығыс болған сайдан өткен кездері сол күндегі оқиға еске түсетінін айтады. Осы жанжалдан кейін билік халықтың талабына құлақ асып, әуелде заңсыз салынды деген үйлерді заңдастыруға мәжбүр болған.
– Қазір қарасаңыз, сол араның бәріне үй түскен. Биліктің сонша күшке сүйеніп, мына жерде үй салуға болмайды дейтіндей емес. Сол оқиға бекер-ақ болған екен ғой деген ой келеді осындайда, – дейді Талғат Дүйсенбек.
Кенжебек Нұрқасенұлы қақтығыстан кейінгі биліктің әрекеті қалай болғанын былай деп еске алады.
– Шаңырақ оқиғасы біткеннен кейін де Алматы әкімінің орысша "незаконные строения необходимо выжигать каленым железом" (ыстық темірдің табымен осы құрылыстарды тып-типыл қылу керек мағынада) деген сөзі қоғамда қатты сынға қалды. Себебі, сайлау алдындағы сөзі бір басқа, ал сайлаудан кейін мүлде басқаша сөйледі, – дейді Кенжебек.
Оның айтуынша, сол кезде қоғамдық ұйым өкілдері Алатау бөктерінде арнайы қорғалатын, құрылыс салуға тыйым салынған аумақта тұрғызылған сәулім сарайларға назар аудара бастады. Оған кім рұқсат берген деген мәселе көтеріліп жатқан еді. Ал Шаңырақта тұратын көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылған жетім-жесір адамдардың баспана мәселесі шешілмей қала берген.
– Неліктен мәселені бейбіт жолмен шешуге болмады? Түптің түбінде заңсыз салынды деген үйлерді билік заңдастыруға мәжбүр болды. Әуелде халық келіссөзге де даяр еді. "Басқа жерден бересіңдер ме, жоқ, тұрған жерді реттеп бересіңдер ме, бізге соны шешіп беруді сұраймыз. Себебі біз тұрып жатқан жалғыз баспанадан айрылсақ, далада қаламыз", – деді халық. Осы талаппен олар парламентке де, үкіметке де жүгінді. Бірақ мәселе шешімін таппады. Тек Шаңырақ оқиғасы болған соң ғана жаңадан Алатау ауданы құрылып, мәселе реттеле бастады, – деп еске алады Кенжебек Нұрқасенұлы.
БИЛІККЕ ҰСЫНЫЛҒАН МИКРОФОН
Азаттық тілшісі Талғат Дүйсенбек Шаңырақ қақтығысы кезіндегі ақпарат құралдарының жұмысы қалай болғанын да айтып берді.
– Осы оқиға кезінде Шаңырақ тұрғындары журналистерге өте сақ қарады. Өйткені оған дейін көптеген "лас" ақпарат тараған-ды. Әсіресе, бұл мемлекеттік телеарналардан байқалған. Сондықтан жергілікті адамдар кей журналистерге сенімсіздікпен қарады. Алайда олар Азаттыққа сенуге болатынын көрсетіп, мені журналист ретінде оқиға орнына өткізді. Жалпы Азаттық сол жылдары жер дауы басталғаннан бері хабар таратқан бірден бір радио болды. Шаңырақ оқиғасынан кейінгі сот процестерінен де ұдайы хабар таратып отырдық, – дейді Азаттық тілшісі.
Кенжебек Нұрқасенұлынан да Азаттық радиосының Шаңырақ оқиғасы кезіндегі жұмысында туындаған кедергілер мен қиындықтар жайлы сұрадым.
– Әр кезде тараптардың барлығына тең мүмкіндік жасап, теңдей микрофон ұсыну – Азаттық редакциясындағы жұмыстың негізгі талабы. Өкінішке қарай, билік өкілдері сауалдарды жауапсыз қалдырады. Жауап берсе де сырғытпа сөзбен шектеледі. Жауап бермейтін кездері көп. Радиода жарты сағаттық "дөңгелек үстел" хабарлары ұйымдастырылатын. Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін билік өкілдерін соған да шақыратынбыз. Бірақ олар соған да келмейтін, – дейді ол.
МӘСЕЛЕ КӨТЕРІП, МЕСЕЛІ ҚАЙТАТЫН ДЕПУТАТТЫҢ БІР ҚЫРЫ
Кенжебек Нұрқасенұлы Шаңырақ қақтығысына дейін Алматы маңындағы "заңсыз салынған" үйлер мәселесі парламентке жеткенін айтады. Яғни, билік одан бейхабар қалдық деп ақтала алмайтын.
Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің президент сайлауы алдында заңсыз салынған үйлер мәселесін шешуге берген уәдесі мен депутаттардың талпынысы сайлаудан кейін адыра қалған.
2005 жылы желтоқсан айында болған сайлауда Қазақстанды Совет одағынан бері басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев, ресми мәлімет бойынша, 91 пайыз дауыс жинап, үшінші мәрте президент болып сайланған. Оны ұлықтау рәсімінде депутат Бекболат Тілеуханның ұсынысымен бекітілген, авторлығына Назарбаев енгізілген "Менің Қазақстаным" әні алғаш рет әнұран ретінде орындалады.
– Қоғамдық ұйымдар заңсыз салынған үйлер мәселесін көтеріп, ашық хат жазып, парламентке дейін жеткізді. Қызығы сонда – парламентте ондаған депутат бұл мәселені көтеріп, үкіметке сауал да жолдаған, тіпті күн тәртібіне шығарып, қарамақшы да болған. Бірақ кейін олар ойынан айнып қалды. Бұл 2006 жылдың басы болатын. Яғни, президент сайлауы өтіп болған кез, – дейді Кенжебек.
Бекболат Тілеухан дегеннен шығады, Шаңырақ қақтығысын ұйымдастырды деп айыпталып, 18 жылға сотталған Арон Атабек кезінде оның қоғамдық көмекшісі болған. Депутат, Арон Атабек 2021 жылы денсаулығына байланысты түрмеден шығып, үйінде қайтыс болғаннан кейін Азаттыққа берген комментарийінде былай дейді:
"Көмекке мұқтаж кезде мен Арон Атабекке көмектестім. Мәселені жан-жақты қарадым. Арон Атабек үшін сол кездегі ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановпен де кездестім. Шаңырақ оқиғасы түсірілген таспаны парламент қабырғасына әкеліп, көрсетіп, мәселе көтердім. Депутаттық құзырымды пайдаланып, сол кездегі Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен, басқа да адамдармен кездестім. Олардың бәрі маған түсіндіріп, бүкіл мәселенің заңды екендігін айтып, көзімді жеткізді".
Депутат Бекболат Тілеухан сонда Арон Атабекті Шаңырақ оқиғасының ұйымдастырушысы ретінде танитынын екіұшты айтып түсіндірді.
Your browser doesn’t support HTML5
"Мен қоғамдық көмекшімді қорғадым. Бірақ оның істегені қате болды", – деген еді Бекболат Тілеухан Арон Атабек туралы.
СОҢҒЫ СҰХБАТ ЖӘНЕ СОҢҒЫ ТҰТҚЫН
Арон Атабек 2021 жылғы 24 қарашада Алматыда қайтыс болды. 18 жылға қатаң режимдегі түрмеге кесілген диссидент ақын өмірінің соңғы 15 жылын қапаста өткізді. Оны билік ақтамады, тек денсаулығына байланысты қамаудан босатты. Ол түрмеде отырған кезінде еш кінәсіз, жазықсыз сотталғанын мәлімдеп, биліктен ешқашан рақымшылық сұрамайтынын айтқан. Ол биліктен өзін толық ақтауды және өзіне келтірілген шығындарды толық өндіруді талап етті.
Your browser doesn’t support HTML5
Арон Атабек Азаттыққа берген соңғы сұхбатында билік өзін түрмеде өліп қала ма деген қауіппен бостандыққа шығаруға мәжбүр болды деген ойын айтқан.
Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталған соңғы тұтқын 2022 жылы түрмеден шықты. 16 жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов түрмеде босағаннан кейін Азаттыққа берген сұхбатында анасын көрмегелі 16 жылдан асқанын, бала-шағасын соңғы рет 2010 жылы көргенін, кейін отбасынан айрылғанын айтқан.
Your browser doesn’t support HTML5
Түрмеде жазасын өтеу кезінде денсаулығынан айрылған, билікке бас имей қайтыс болған Арон Атабекті де Шаңырақ оқиғасының құрбаны деуге болатын сияқты. Әлеуметтік теңсіздік пен жемқорлық салдарынан туындаған 2006 жылғы 14 шілдедегі Шаңырақ оқиғасының аяғы осылай болды.
Осы мақалада қысқаша мазмұндалған әңгімені "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 68-эпизодынан толығырақ тыңдауға болады.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыздар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бостандық радиосынан" – Совет Одағы құлағанға дейін