Your browser doesn’t support HTML5
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Азаттық радиосы эфирден Қазақстан басылымдарына да шолу жасап тұратын. 1992 жылғы мамыр айындағы шолу хабарының бірін радио "Жас Алаш" газетінде жарияланған көлемді мақалаға арнайды. "Түркістан конфедерациясы. Ақиқат па, әлде аңыз ба?" деген Мұрат Төленің бұл сараптамасын Азаттық радиосы үшке бөліп, үш күн эфирден берген. Онда сол жылы 23 сәуірде Бішкекте өткізілген Орталық Азия елдері басшылары жиынынан кейінгі жай сөз болып, автор аймақ болашағы туралы өз болжамын айтады. Мақалада Түркістан елдерінің ықпалдасуындағы идеология, дін, сыртқы саясат, экономика, қоғам және қорғаныс саласындағы субъективті аспектілер қарастырылады.
"ӨРКЕНИЕТТІ АЙМАҚШЫЛДЫҚ" ҺӘМ ТҮРКІСТАН
Бішкек басқосуынан кейін өткізілген баспасөз мәслихатында Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаев аймақтағы ықпалдасудың жаңа философиясы туралы туралы айтқан.
"Көптің көзінен тасада Қырғыз президенті Асқар Ақаевтың Ала-Аршадағы резиденциясында тегі бір туыс төрт түркі ағайындардың (белгілі себептермен тәжік басшысы Рахмон Нәбиев қатысқан жоқ) мәслихаты өтіп жатты. Орта Азия және Қазақстан басшыларының Бішкектегі кезекті кездесуінде ресми күн тәртібіне қойылған мәселелер бұл келіссөздің шынайы мәні мен мазмұнын көмескілендіргендей еді.
Тұмшаланған есіктің ар жағында олар ТМД дегеннен ат құйрығын үзіп, енді түпкілікті түрде Түркістанды түлетуге, Түркі мемлекеттерінің жаңа саясатын қалыптастыру жайлы әңгіме қозғады" деген мақала авторы мұны бұрынғы қайраткерлер аңсап өткен Түркістан идеясын еске салатын оқиға ретінде баға береді.
Мұрат Төле жиыннан кейінгі баспасөз мәслихатында қырғыз президентінің "жаңа философия керек", "өркениетті аймақшылдыққа көшу күн тәртібінде тұр" деген сөздерін саясат тілінен аударғанда "Түркістанды жариялау" деп сезінгенін айтады.
ІЗІ СУЫМАҒАН САЯСИ ОҚИҒАЛАР
Осы мақала мынандай кезде жазылып отыр.
1992 жылы Таудағы Қарабақта армяндар мен әзербайжандар арасында қантөгіс болып, соғысқа ұласады. Ал Кабулда президент Мұхаммед Наджибулла биліктен қуылып, Ауғанстан Ислам мемлекеті жарияланып жатқан. Тәжікстанда азамат соғысы тұтанған. Осындай отты ошақтарға жақын және сол от аймақты шарпи бастаған Орталық Азия үшін 1992 жыл қым-қуыт оқиғаларға толы болды.
Бішкектегі Орталық Азия елдері президенттері бас қосқан жиынға Тәжікстанның сол кездегі басшысы Рахмон Нәбиев қатыса алмаған. Ал өзін бейтарап мемлекет деп жариялаған Түркіменстанның сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов аймақ ісіне қатысты отырыстардан қалмайтын.
Бұдан кейін мамыр айында Ашғабатта Орталық Азия елдері, Иран, Түркия және Пәкістан басшылары ЭКО – Экономикалық қоғамдастық ұйымы саммиті аясында бас қосқан. Сол шамада Ташкентте ТМД елдері басшылары жиналып, оның соңы қазіргі Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына негіз болған ұжымдық қауіпсіздік келісіміне қол қоюмен аяқталған. Бұл жиынға Қытайға сапарын ілік еткен – Қырғызстан, Днестр бойындағы жағдайға алаңдаған – Молдова, соғыс жағдайындағы – Тәжікстан және еліне сапармен келген Финляндия басшысын қарсы алып жатқан Украина президенті қатыспаған.
Қазақстанда алғашқы елшіліктер де ашылып, алғашы сенім грамоталары табыстала бастаған күндер болатын.
Түркияның сол кездегі премьер-министрі Сүлеймен Демирел Орталық Азияға сапарлап, Қазақстанда Түркістан қаласында болып, Байқоңыр ғарыш айлағын аралайды.
Ал Қазақстан президенті Орталық Азиядан Мәскеу арқылы АҚШ-қа ресми сапармен барған. Назарбаев сол сапардан қайтқанда да Мәскеуге соғып, Ресеймен арада достық, ынтымақтастық шартына қол қойған. Америка сапарынан кейін Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан.
Мұның бәрі бас-аяғы бір - бір жарым айдың ішінде болып жатқан оқиғалар еді.
РЫСҚҰЛОВТЫҢ ТҮРКІСТАН ИДЕЯСЫ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ МА?
Осындай оқиғалар фонында "Жас алаш" газетінің саяси шолушысы Қазақстан мен Орталық Азияның ықпалдасу жолын түркі бірлігі, Түркістан одағынан іздестіргісі келеді. Совет одағы ыдырап, Түркістан өлкесіндегі елдер тәуелсіздігін алған соң да бұл аймаққа ынтыққан елдер аз болған жоқ. Орталық Азия бұрынғыдай Ресейге басыбайлы тәуелді емес. Алайда аймаққа өз ықпалын жүргізгісі келетін басқа да күштер аз емес еді.
Азаттық радиосы шолу жасаған мақалада Орталық Азияның болашағы қандай болуы мүмкін екені айтылады. Онда Еуропа елдері бірлесіп жатқанда Түркістан аймағы елдері де түркітілдестер атымен бірігуге болады деген қисын айтылады.
Азаттықтың Қазақстан баспасөзіне шолуында мақала авторы кезінде Совет одағы құрылғанда Орталық Азия компартиясы орталықтан бөлек болсын деген ұстанымда болған Тұрар Рысқұлов идеясын атап өтеді. Ол Орталық Азия елдерінің бір конфедерация құрамында болуын жақтайды.
"Тұрар Рысқұлов ұсынған Түркістан идеясы және пантүркизм бүгінгі саяси аренада қайтадан жанданып келеді. Оған демократияландыру мен Қайта құру деп аталатын жылдардың бас кезі тың серпіліс әкелді" дейді мақала авторы Мұрат Төле. Ол мақаласында Түркістанда азаматтық қоғам дамуы тиіс екенін айта келіп, сол үшін ең алдымен қақтығыстарға жол бермеудің маңызды екендігін жазған.
Бұл кезде Қазақстан державалар тарапынан қауіпсіздігіне кепілдік алып ядролық қарудан бас тартып жатса да, елдегі саяси күштер оған өздерінің келіспейтінін білдіріп, реакция танытқан. Аталмыш мақала авторы Мұрат Төле де конфедерация тұрғысынан қарап, ондай қаруды иеленудің маңызына тоқталады. Ондайда автор аймақтағы әскери ынтымақтастық үшін де Қазақстан әскерінің басты роль ойнайтынын айтады.
Бұл тәуелсіздік алса да, Орталық Азия елдерінде әскер қайтадан жасақталып, қорғаныс мәселесі толықтай реттеліп болмаған кез. Қазақстан әуелде бұрынғы совет елдерінің біріккен әскері болуы керек деген ұстанымда болған. Аталған мақалада Орталық Азия үшін біріккен доктрина, альянс болуы керек деген ұсыныс айтылады. Алайда аймақ елдері сол кезде әлі әскери доктринасын да айқындай алмай әуре болып жатқан еді.
Осы мақалада Ауғанстандағы жағдай да сөз болған. Автор парсытілдес елдер мен Пәкістанның одақ құру ықтималдығы жайында айтады. Бұл Орталық Азияда бірінші кезекте Тәжікстанға қатысты гәп.
ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ЖӘНЕ БАЙҚОҢЫР ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ
Мақала соңына қарай саяси шолушы Мұрат Төле Қазақстанның орналасқан жағдайына орай және қолға алған ықпалдастық әрекетіне сай түркітілдес елдердің ұйытқысы бола алады деген емеурін танытады. Сондайда ол Қазақстанда жойылу қарсаңында тұрған ядролық қару мен Ресейге жалға берілмек Байқоңыр ғарыш айлағын да ықпалдасудың құралы ретінде көрсетеді. Алайда сол жылы мамыр айында Қазақстан мен Ресей арасында Байқоңырды пайдалану туралы құжатқа да қол қойылған.
Бірақ мақала жазылған кезде бұл мәселелердің осылай шешілуіне санаулы күн қалған да, Қазақстан ядролық қаруы бар елдер санатында болатын.
"Мүмкін алдағы уақытта ғылыми, әскери мақсатта бірлескен қазақ-түркі экипажы да ғарышқа көтерілер. Қазақстанның бүгінгі ядролық потенциалы талайларды өзіне табындырып отырғаны бесенеден белгілі. Қазақстан өз халқының қауіпсіздігін және жер бетінде ядролық тепе-теңдікті сақтап, сөйтіп түркі халықтарының мүддесінің бірлігін танытып, беделін өсірері хақ" дейді "Түркістан конфедерациясы" мақаласының авторы Мұрат Төле.
"ДОСТАСТЫҚТЫҢ ЕРТЕҢІНЕ ДЕГЕН СЕНІМІМ АЗАЙДЫ"
Тұрар Рысқұловтың есімі ресми басылым "Егеменді Қазақстан" газетінде де аталады. Газет 1992 жылғы 25 сәуірде жариялаған Бішкек жиыны туралы мақаласында "Қазір жұрттың ойында осы бес мемлекет неге бас біріктіріп, ТМД шеңберінен шығып, өзара ынтымақтаспады деген пікір бар. Бір кезде қазақтың ұлы мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов тікелей қолға алған... Назарбаев та діттеп жүрген осы ойды жүзеге асыру мүмкіндігі әлі де жоқ емес" деп жазған.
Тұрар Рысқұловтың 1920 жылы РСФСР құрамындағы Түркістан автономиялы республикасының атауын Түрік республикасы деп атауды ұсынғаны белгілі. Ол түркі халықтары конфедерациясы аясында Орталық Азия елдерінде социалистік идеяларды жүзеге асыруға ұмтылды.
Ал баспасөзде болсын, саяси ортада болсын, Орталық Азия ТМД-дан шығып, өзара бірлеседі деген риториканың шығуына Бішкек жиынынан кейін Назарбаев айтқан бір сөз себеп болған сияқты. "Егеменді Қазақстан" газетінің жазуынша, Назарбаев баспасөз мәслихатында "Мен тәуелсіз мемлекеттер достастығын құруға, оның қанат жаюына қолдан келген нәрсенің бәрін жасадым. Алайда, соңғы кезде, әсіресе, Ресей халық депутаттарының алтыншы съезінде естілген сөздерден кейін Достастықтың ертеңіне деген сенімім азайды" дейді. Бірақ оның алтыншы съездегі қандай сөзге шамданғаны айтылмайды. Белгілісі – Ресей халық депутаттарының алтыншы съезінде Днестр бойындағы жағдайға Ресейдің араласуын қолдап, "орыс әскері орыстарды қорғау керек" деген пікірлер айтылған болатын...
Азаттық радиосы шолу жасаған Мұрат Төленің Түркістан конфедерациясы туралы мақаласында Орталық Азияда шешілмеген күрделі мәселелер де аталады. Оның қайсыбірі содан беріде ретке келгенімен, кейбір түйткілдер әлі күнге өз шешімін тапқан жоқ. Мәселен, жыл сайын дерлік аймақ елдері арасында судан шу шығып, оның арты әупіріммен басылып келеді.
"ТҮРКІ БІРЛІГІ МАҚСАТЫ ТУРАЛЫ ЕСТІМЕДІМ"
Осы кезде Орталық Азиядағы демократиялық күштердің ахуалы қандай еді? Олар түркі бірлігі, немесе аймақта Түркістан конфедерациясын құру мәселесіне қалай қарады? Бұл туралы сол уақытта Қазақстан Социал-демократиялық партиясын басқарған Дос Көшім биліктегілердің ұстанымы нақты болмағанын, әсіресе президент Назарбаевтың Ресейге жалтақтап, тайғақ позиция ұстанғанын айтады.
Дос Көшім Орталық Азия елдері басшыларының Бішкектегі жиыны өткен жерде содан бір жыл бұрын аймақ елдерінің демократиялық күштерін біріктіретін Қазақстан және Орталық Азия демократиялық конгрессі құрылды дейді.
– 1991 жылы Бішкекте, Ала-Арша деген жерде Орталық Азия және Қазақстанның демократиялық конгрессі құрылды. Арамызда Түркіменстан мен Тәжікстан өкілдері де болды. Кілең ұлттық және оппозициялық бағыттағы ұйымдар жиналып, алғаш байланыс орнаттық. Сол азаматтардың көбі, өкінішке қарай, қуғынға түсті. Түркіменстаннан мамандығы архитектор Дүрдімұрат деген азамат болды. Ол кейін Түркияға қашып еді, қайтып келгенде оны жындыханаға салды. Аяғында билік оны құртып жіберді. Тәжікстанның Демократиялық партиясынан Юсуф Шодмон деген азамат болды. Олар кейін Қази Калон бастаған ислам партиясымен бірігіп, азамат соғысында коммунистерге қарсы күресті. Соғыс біткенде бітім бойынша биліктің үштен бірі соларға берілді. Бірақ сол кезде Демократиялық партия исламшылдардан бөлінген соң Юсуф Шадмонның Мәскеуге қашуына септескен едік. Өзбекстанда ағайынды Әбдіманап және Әбдірахим Пулатовтар басқарған "Бірлік" партиясы болды. Оларды билік ұстап, соттап, бастарын жарып, кейін босап шыққанда Қазақстан арқылы Америкаға қашты. Біз қырғыздармен өте жақын байланыс орнаттық. Олардың бір жақсы жері – біздегідей Социал-демократиялық партия, "Азат" қозғалысы, "Алаш", "Желтоқсан" партиялары деген сияқты бөлінген жоқ. Оларда ҚДҚ – Қырғызстан демократиялық қозғалысы деген бір ғана күш болды. Ұмытпасам, бұл қозғалыстың басында Топчубек Тұрғұнәлиев, Жыпар Жекшеев деген адамдар болды. Осының бәрімен туыстық байланыста болдық. Бірақ алға қойылған мақсат ретінде түркі бірлігін жасаймыз дегенді өз басым естіген жоқпын, – дейді саясаткер Дос Көшім Азаттыққа.
"НАЗАРБАЕВ ПЕН КАРИМОВТІҢ АРАСЫНДА БӘСЕКЕЛЕСТІК БОЛДЫ"
Сайып келгенде, қоғамда, баспасөзде түрлі ұсыныстар айтылғанымен, сол кездегі аймақ елдері басшылары бұл бағытта бірыңғай ұстанымда болмаған. Әсіресе сол тұстағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан басшысы Асқар Ақаев сөз жүзінде белсенділік танытқанымен, іс жүзінде Орталық Азия елдерін Мәскеудің сателлиті етіп шығаруға бар күш-жігерін жұмсады деуге болады. Бір кезде Орталық Азия одағы идеясының да Еуразия экономика одағына жұтылып кетуі – соның айғағы.
Оның сыртында аймақ елдері жетекшілерінің арасында өзара бәсекелестік болғанға ұқсайды. Бұл туралы 2016 жылы Азаттыққа берген сұхбатында саяси қайраткер Серікболсын Әбділдин "Бірігу үшін бұл елдердің басшылары ішінен біреуі лидер болуы керек еді. Ондайда Нұрсұлтан Назарбаев пен марқұм Ислам Каримовтің арасында бәсекелестік болды" деген еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ОА елдерінің одақ құруға шамасы бар ма еді?Ал авторитар басшылар, тіпті кейбір елде бір әулеттің адамдары билеген Орталық Азия аймағында шешілмеген мәселе әлі де шаш етектен.
Осы мақалада қысқаша мазмұндалған тақырып жайлы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының кезекті эпизодында толығырақ айттық.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.