12 қазанда он бір құқық қорғаушы халықаралық ұйым Түркияның серіктестерін түркімен белсендісі Дурсолтан Тагановаға араша түсуге үндеп, мәлімдеме таратты. Олар "Анкараны халықаралық міндеттемесін орындап, Түркиядан пана сұраған Таганованы Түркіменстанға депортацияламауға" ықпал етуге үндеген. Бұл туралы Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы хабарлады.
– Түркіменстанда үкіметті сынайтын бейбіт азаматтарды қатаң түрде қудалап, жазалайтыны белгілі, – деді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.
"Дурсолтан Таганова Түркіменстанға қайтарылса, оған қудалау мен азаптау қаупі төнеді. Түркия халықаралық міндеттемелерін орындап, оны [Таганованы] қатыгездікке ұшырауы мүмкін жерге жібермеуі керек" деді Хью Уильямсон.
Үндеуге қосылған 11 ұйымның арасында Болгария Хельсинки комитеті, Crude Accountability, Адам құқықтары мен демократияны дамыту орталығы, Түркіменстанның демократиялық азаматтық одағы, Freedom Files, Human Rights Watch, Адам құқығы институты, "Мемориал" құқық қорғау орталығы, Норвегия Хельсинки комитеті, адам құқығы жөніндегі түркімен Хельсинки қоры мен "Түркіменстанның адам құқығы бойынша бастамасы" тобы бар.
29 жастағы белсенді Дурсолтан Тағанова биыл шілде айында Стамбулда коронавирусқа байланысты шектеу шарасын бұзды деген айыппен қамалған. Түркия билігі Стамбулдағы Түркіменстан консулдығы алдында наразылық акциясын өткізбек болған ондаған түркімен азаматын (негізінен еңбек мигранттары) жоспарлаған шарадан бірнеше сағат бұрын ұстап әкеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Covid пе, басқа ма?" Түркіменстанда жұрт ауруханаға баруға қорқадыБелсенділер Түркіменстан үкіметін елде коронавирус коронавирус барын мойындамай, халық денсаулығына қауіп төндіріп отыр деп сынап, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтың отставкаға кетуін талап етпек болған.
Ұсталғандардың көбін шамамен бес сағаттан кейін босатқан.
Human Rights Watch ұйымына белсендінің адвокатының айтуынша, Түркия билігі қамауда түркіменстандық жалғыз азамат – Дорсултан Таганованы ұстап отыр. Заңгердің сөзінше, Түркіменстан консулдығының жазбаша арызында Таганованың аты-жөні атап жазылған. Билік Таганова мен тағы төрт түркімен азаматы Түркіменстан дипломаттарының жұмысына араласып, оларға қоқан-лоқы жасады дейді. Тагановаға Түркияның демонстрация және көпшілік жиын туралы заңы бойынша айып тағылған.
Биылғы маусым айынан бері Түркия, АҚШ пен Солтүстік Кипрде тұратын түркімен азаматтары президент Бердімұхаммедовты сынап, наразылық акцияларын өткізді. Олар ресми Ашғабаттың көп ақпараты, оның ішінде "елде коронавирус жоқ" деген мәлімдемесі жалған деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ел вирустан емес, аштан өлуден қорқады". Түркіменстанда не болып жатыр?5,8 миллион тұрғыны бар Түркіменстанда биыл жазда ауруханаларға Covid-19 белгілері бар науқастар жаппай түскенімен үкімет елде коронавирус жоқ деп мәлімдеп келді. Жергілікті тұрғындар Азаттық радиосының Түркімен қызметіне дертке шалдыққандар арасында өлім-жітім көбейгенін айтқан еді.
Шілде айының ортасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Түркіменстан билігін жұқпалы дертке қарсы қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырған.
Үкіметті сынайтын азаматтар мен құқық қорғау ұйымдары президент Гурбангулы Бердімұхаммедов басқаратын билік өзгеше ойлайтындарды түрде басып-жаншып, қатаң жазалайды дейді. Олар 2006 жылы автократ президент Сапармұрат Ниязов қайтыс болғаннан кейін оның орнына келген Бердімұхаммедовтың тұсында режим бұрынғысынан еш өзгермегенін айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркіменстанда билікке наразылық жиіледі