Сейсенбі, 3 мамыр күні "Шекарасыз тілшілер" халықаралық құқық қорғау ұйымы жыл сайынғы Дүниежүзілік баспасөз индексін жариялады. Қазақстан былтырғымен салыстырғанда 33 сатыға жоғарылап, 122-орын алған. Бірақ бұл міндетті түрде елдегі ахуал жақсарды дегенді білдірмейді дейді зерттеушілер биылғы индекстің бағалау жүйесі өзгергенін ескертіп.
"Онлайн жаңалықтардың сапасы жақсарғанымен, репрессия да күшейіп келеді. Тәуелсіз баспасөз сөз еркіндігіне қол жеткізе алатын жалғыз алаң – интернетті бақылау күшейіп отыр" дейді ұйым Қазақстандағы баспасөз еркіндігіне баға бере отырып.
Қазақстан биылғы индексте едәуір жоғарылаған. Алдыңғы жылы 155-орында, арғы жылы 158-орында болған.
Бірақ ұйым зерттеушілері елдің көрсеткішін алдыңғы жылдармен салыстырғанда сақ болуға шақырады. Олар биылғы индексте бағалау жүйесі өзгергенін айтады.
Академиялық және медиа саладан іріктелген жеті сарапшы "Шекарасыз тілшілер" ұйымының жиырмасыншы дәстүрлі индексінде жаңа әдістеме қолданған.
"Жаңа әдістеме баспасөз еркіндігін "журналистердің жеке адам ретінде және топ ретінде жаңалық пен ақпаратты бұқара мүддесі үшін, саяси, экономикалық, құқықтық және әлеуметтік қол сұғусыз таңдауға, өндіруге және таратуға деген тиімді мүмкіндігі" деп анықтайды" дейді авторлар.
Зерттеушілер осы анықтама бойынша бағалау үшін бес өлшемді қолданған. Олар: баспасөздің жалпы ахуалы, саяси жағдай, заңнама, экономикалық жағдай, әлеуметтік-мәдени жағдай және қауіпсіздік.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Балаларды қорғаймыз деген желеумен". Сарым-Зәкиева түзетулері несімен қауіпті?ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАСПАСӨЗ ЕРКІНДІГІНІҢ БЕС ҚЫРЫ
Зерттеушілер Қазақстан билігінің 1997 жылдан бергі "репрессиялық реформаларының" салдарынан елді үкіметті мадақтайтын пропаганда құралдарының жайлағанын, санаулы ғана тәуелсіз баспасөз қалғанын айтады. Соңғысына Vlast.kz сайтын, "Уральская неделя" газетін және "ҚазТАГ" ақпарат агенттігін қосады. Ұйым кәсіби журналистердің әлеуметтік желіге ойысып, үкіметшіл медиадағы күн тәртібіне қайшы ақпарат беріп отырғанын да атап өткен. Мұның мысалы ретінде Instagram желісіндегі Protenge жобасын, Youtube желісіндегі "За нами уже выехали" және "Гиперборей" жобаларын келтіреді.
Үкімет ақпаратты бақылауда ұстауға бекінген дейді авторлар. Олардың сөзінше, билік маңызды оқиғалардан хабар таралмас үшін қамау, шабуылдау, телекоммуникацияны бұғаттау, интернетті өшіру секілді барлық амалды қолданады. Ақпаратқа қол жете бермейді, журналистер үкіметтің жиындарында цензураға тап болады дейді олар.
"Үкімет жекеменшік баспасөз құралдарына режимнің пропагандасын тарату үшін ақы төлейді. Үкімет мемлекет меншігіндегі және бақылауындағы баспасөз құралдарының бас редакторларын тағайындайды. Ақпарат министрлігінің өзі медианы реттеуші агенттік ретінде жұмыс істейді" деп жазады "Шекарасыз тілшілер" баяндамасында.
Халықаралық ұйым Қазақстан журналистерінің құқықтық тұрғыда да қорғалмағанын айтады.
Бес өлшемнің ішінде Қазақстан баспасөздің экономикалық жағдайы жөнінен мейлінше төмен баға алған.
"Баспасөз құралдарының мемлекеттің қолдауына ие болуы олардың үкімет күн тәртібі мен ресми пропаганданы жақтауына тікелей тәуелді. Тәуелсіз басылымдар үкіметтің субсидиясынан қағылған, тек жарнамамен күн көреді. Олар осылайша арзан жарнама ұсынуға шамасы жететін үкіметшіл медиамен тайталасуға мәжбүр" делінген биылғы есепте.
Your browser doesn’t support HTML5
Сарапшылар Қазақстанда журналистикаға "күдікпен қарайтынына" да мән берген. Сөйте тұра, ел азаматтарының блогерлерге, әлеуметтік желідегі аноним жазбаларға оңай сене салатынын айтады. Оның үстіне, қауіпсіздік құрылымдары да, жекеменшік компаниялар да тілшілерге қарсы күш қолданудан тайынбайды дейді зерттеушілер.
"Кей журналистер жұмысы үшін, әсіресе әлеуметтік желідегі [жұмысы үшін] қорқытуға, шабуылға тап болып жатады. Аймақтық деңгейде, мұндай қорқыту сөздері тілшілердің өз репортажында-ақ айтылады. Үкіметтің ырқына көнбегендерге түрмеге түсу қаупі төнеді. Кейбірі "Пегас жобасы" секілді электронды тыңшылық нысанасына айналады.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?
Орталық Азия елдері ішінде сөз еркіндігі мейлінше жақсы деген Қырғызстан индексте жеті сатыға көтеріліп, 72-орыннан көрінген.
"Үкімет әлі де барлық дәстүрлі медианы бақылап отыр және жекеменшік баспасөз құралдарына да ықпал еткісі келеді. Бірақ белгілі бір деңгейде плюрализм бар. Оны 24.kg, Kaktus.media және Kloop.kg жаңалық сайттарының танымалдығы артқанынан, тергеу және дата журналистикасының күшейгенінен көруге болады" дейді ұйым.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Пандемияны сылтаурату". Орталық Азия мен Еуропа елдері адам құқығын қалай шектеді?Бағалаудың жаңа жүйесінен кейін Өзбекстан да индекстегі орнына біршама жақсартқан. Былтыр 157-орыннан көрінсе, биыл 133-орын алған.
Зерттеушілердің сөзінше, 2016 жылы Өзбекстанның президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін, баспасөздің жағдайы шамалы ғана жақсарған, бірақ үкіметке сын айту әлі де қиын шаруа.
"Өзбекстанда жекеменшік теле арналар жоқ. Мемлекет меншігіндегі радио ресми пропаганданы таратса, жекеменшік радио станциялары жабылып қалудан қорқып, ешқандай сын айтпайды. Баспасөз мемлекеттің мүддесі тұрғысынан жазады. Бар болғаны 15 қана онлайн медиа бар, кейбірі шетелден жұмыс істейді, сапалы контент жариялайды. Солардың арасында Мәскеуде орналасқан "Ферғана" ақпарат агенттігі мен Азат Еуропа/Азаттық радиосының Өзбек қызметі бар. Олардың эфирі бұғатталып жатады" дейді "Шекарасыз тілшілер".
Тәжікстан да баспасөз индексінде 10 сатыға жоғарылап, 152-орынға шыққан. Елде репрессия күшейіп барады, шетелге қашуға бел буған журналистер қатары артып келеді, елде қалғаны өзін-өзі цензуралауға мәжбүр дейді баяндама авторлары.
Түркіменстан 180 елдің ішінде 177-орын алған. Одан кейін үш қана мемлекет бар: Иран, Эритрея және Солтүстік Корея.
Әлемнің мейлінше жабық елдерінің бірі саналатын Түркіменстанда мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарының қай түрі болмасын, қатаң бақылауда ұстайды. Азаматтарда интернетті еркін пайдалану мүмкіндігі жоқ, бұғаттау айналып өтетін құралдарды пайдаланса, айыппұл төлейді дейді сарапшылар.
АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ ҚАНДАЙ ЕЛДЕР БАР?
Әдеттегідей, баспасөз еркіндігі индексінде Скандинавия елдері көш бастап тұр. Бірінші орында Норвегия, екінші орында Дания, үшінші орында Швеция. Бұл елдерде баспасөз құралдары еркін, қауқарлы, қаржы тұрғысынан тәуелсіз саналады.
Германия 16-орында, Ұлыбритания 24-орында, АҚШ 42-орында, Қытай 175-орында.
Баяндамада Украинадағы соғыс басталғалы тәуелсіз баспасөздің қудалануы күшейген Ресей (155-орын) мен Беларусь (153-орын) ерекше атап өтілген. Ондағы баспасөз ахуалы өте нашар дейді зерттеушілер.
"RT (бұрынғы Russia Today) бас редакторы Маргарита Симоньян Ресейдің "Бірінші арна" телеарнасында "ұлы мемлекеттердің ешбірі ақпаратты бақыламаса өмір сүре алмайды" деп не ойлағанын білдіріп қойды. Авторитарлы елдерде медиа қаруды жасау азаматтарды ақпарат алу құқығынан айырып қана қоймай, халықаралық араздыққа да ықпал етеді, оны түбі соғыстың ең нашар түріне әкелуі ықтимал" дейді "Шекарасыз тілшілер" ұйымының бас хатшысы Кристоф Делоар.
"Шекарасыз тілшілер" – штаб-пәтері Парижде орналасқан халықаралық үкіметтік емес ұйым. 1985 жылы Монпелье қаласында құрылған. Беделді ұйым саналады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия Ресей пропагандасынан қалай қорғана алады?