"Енді жастарды жерлеуге көшетін шығармыз" Байкалдағы ауылда соғысқа соңғы наубайшы мен су тасушыны алып кеткен

Букачача – Байкал өңірінің солтүстігінде орман арасында орналасқан елді мекен. Жуырда ондағы ерлердің бәрі мобилизацияға ілініп, соғысқа кетті. Олардың арасында наубайшы мен су тасушы да бар. Содан бері Букачача тұрғындары ауыл шетіндегі құдықтан өздері су тасиды. Ал жалғыз наубайхана жабылып қалуы мүмкін. Жергілікті билік соғыстан табытпен оралатын адамдар үшін зираттан арнайы жер де бөліп қойған. Сибирь.Реалии ауыл тіршілігімен танысып қайтты.

«МАРИУПОЛЬДІ ҚАЙТА САЛАДЫ, АЛ БІЗ ҚИРАҒАН ЖЕРДЕ ҚАЛАМЫЗ»

Аптасына үш рет жүретін автобусқа үлгерген жағдайда, Чита қаласынан Букачачаға алты сағатта жетуге болады. Көбіне билет бірнеше күн бұрын сатылып кетеді.

Букачача ауылы. Байкал өлкесі.

Букачачада интернет жоқ, байланыс нашар. Сондықтан күтіп алуы тиіс адамдарға ертерек хабарласып, азық-түлікті де жолдан сатып алған жөн дейді автобус жүргізушісі Андрей Эпов.

Букачачаға баратын жолдағы дәмхана.

Жүргізуші «Мариупольде болғансыз ба?» деп сұрады. «Қазір көресіз. Букачача соғыс болғандай күйде. Тек Мариупольді қайта салса, біз осылай қираған жерде қала береміз» дейді ол.

– Билік Букачача туралы ұмытып, мобилизация кезінде ғана есіне алып жатыр. Жастардың жағдайы онсыз да нашар: жұмыс жоқ, бәрі вахтаға немесе басқа қалаларға кетеді. Мобилизация күні есімде: жаңа ғана келіп, дүкенге кірдім. Бір әйел жылап тұр екен: ол әскери комиссариат адамдары ұлын үйінен автобуспен Читаға алып кеткенін айтып жатты.

Букачача ауылының кіреберісі.

Елді мекенде қазір 1200 адам тұрады. Совет кезінде мұнда металл мен әк зауыттары, тігін фабрикасы жұмыс істеген. Жергілікті шахта 1998 жылға дейін елді көмірмен қамтамасыз еткен. Ғасыр басында кәсіпорындар жабылып, тек көмір өндірісі ғана қалған.

Букачача ауылы.

«ЖАСТАР МЕН ІШПЕЙТІНДЕРДІ МОБИЛИЗАЦИЯЛАДЫ»

– Қыркүйектің аяғында жұмысшылардың бәрі кетті. Жалғыз наубайшымыз, су тасушымыз Максим Чупинді мобилизациялады. Жалғызілікті жігіт, отбасы жоқ. Мобилизация алдындағы айда су да тасыды, карьерде де жұмыс істеді. Тек кен орнында қалғысы келетінін айтты, бірақ су таситын да адам жоқ екенін түсінді. Сосын мобилизация жариялады. Міне, енді су таситын да адам жоқ дейді Наталья. «Мобилизациядан кейін не зейнеткерлер, не ішкіштер қалды» дейді ол.

Жергілікті тұрғындардың бірі құдықтан су алып жатыр.

27 жастағы Гера жергілікті кен орнында жұмыс істеген. Оған шақырту 22 қыркүйекте келген.

– Басқалары секілді, оны да үйінен автобуспен алып кетті дейді анасы Ирина. Қазір ол Ростовта. Донбассқа қару-жарақ тасимын дейді. Соғысқа бейтарап, бірақ оған мобилизациядан қашуын сұрағанымда, бас тартты. Отаны шақырған екен, соғысатынын айтты. Райынан қайтаруға тырысқан жоқпын.

«МАҢЫЗДЫ ӘҢГІМЕ»

№10 орта мектеп аялдамасына "Z" және "V" таңбалары салынған.

– Қандай патриот екенімізді көрдіңіздер ме? дейді жергілікті тұрғын Галина. – Ал аялдаманың бір жылдам астам пайдаланылмай тұрғанында ешкімнің шаруасы жоқ. Бұрын ол мектеп автобусына арналған еді. Қазір жүргізушіміз жоқ.

Букачача мектебі маңындағы аялдама.

Қазір жергілікті мектепте 199 бала оқиды.

«Дене шынықтыру мұғалімі допты өзі сатып алады, компьютер сыныбындағы техникаға көзіңе жас алмай қарау мүмкін емес. Компьютерлердің көбі ескірген, істен шыққан. Интернет жоқ. Елді мекендегі мобильді байланыс та ұстамайды, интернет түнде ғана пайда болады, оның өзі үнемі емес. Әдістеме материалдарын да көшіріп алу мүмкін емес. «Арнайы операция» кезінде «маңызды әңгіме» жүргізу сабақтарын енгізді. Ол үшін апта сайын арнайы әдістеме көшіріп алу керек. Кейде көшіре аламыз, кейде жоқ дейді ол.

Букачача мектебіндегі компьютерлердің жартысы істемейді.

«Оқушылардың туыстарының көбін соғысқа алып кетті ме?» деген сұраққа Галина «Иә, жеткілікті. Алдымен 25 адамды алып кетті, сосын тоғызын қайтарып жіберді» деп жауап берді.

Ауылда мобильді интернет жоқ десе де болады.

«АУЫЛ НАНСЫЗ ҚАЛАДЫ»

Соғыстан қайтарылмағандардың арасында жергілікті наубайхана иесі де бар. Мемлекеттік наубайхана 90-жылдары өртеніп кеткен соң, үйіндісі әлі жиналмаған күйі жатыр.

Букачачадағы ескі наубайхана орны.

–Наубайхананы күйеуіміз екеуміз жиырма жыл бұрын ашқанбыз деп есіне алады Татьяна Ахмадулина. – Іс бірден жүріп кетті. Бірақ уақыт өте физикалық тұрғыда қиын болды да, наубайхананы басқаруды ұлым Владислав өз мойнына алды.

«Жуырда наубайхананы жабуға тура келетін секілді. Елді мекен нансыз қалатын шығар: маған физикалық тұрғыда қиын. Украинадан ұлымның оралатын-оралмайтыны да белгісіз».

Букачачадағы жеке наубайхана.

Владиславты қыркүйектің жиырмаларында мобилизациялаған. Қолына шақырту ұстатып, Читаға әскери дайындыққа жіберген. Қазір ол Украинада соғысып жатыр.

– Ол бұрын милицияда жұмыс істеген, сондықтан мобилизацияға ілінді. Бізді таң қалдырғаны: оны Чернышевскіден осында ұн алып келе жатқан жолда алып кетті дейді Татьяна. Ол жүкті елді мекенге жеткізіп тастағысы келген, бірақ рұқсат бермеген. Көлік іздеп, ұнды осында әкелуімізге тура келді.

«Бронь алудан бас тартты. Біріншіден, мұның мәнісі жоқ деді, екіншіден, қызмет ету оның борышы екенін айтты. Борыштан гөрі, бас тартса көршілер қалай қарайды деген қорқыныш шығар. Қазір оны тыңдағаныма өкінемін. Оны қайтаруға тырысып көремін, прокуратураға жазамын» дейді ол.

«БИЛІКТЕН КӨМЕК АЛА АЛМАЙСЫҢДАР ДЕДІ»

Надежда мен Николай Огарков Букачачада тұрады. Сонда туып-өскен, білім алып, жұмыс істеген. Метал өнімдері зауытында танысып, содан бері бірге келеді.

– Қазанның соңында отау құрғанымызға елу жыл болды дейді Надежда. Балаларымыз, немерелеріміз келді. Кенжеміз Саша ғана қасымызда болған жоқ дейді ол.

Николай мен Надежда Огарковтар.

24 жастағы Александр Огарков көмір өндіру кәсіпорнында жұмыс істеген.

«Жұмыс болмаған соң, Владивостокқа кеткен. Сол жақтан мобилизациялады. Дұрыс ештеңе түсіндірген жоқ. Бір рет хабарласып, Украинаға әкетіп жатқанын айтты. Бір апта дайындықта болды. Соғысқа кеткеніне бір ай болды. Мобилизацияға ілінгендердің отбасына көмір немесе ағаш береді. Бізге берілмейтінін айтты. Биліктен көмек ала алмайсыңдар, себебі Сашаны Владивосток әскери коммисариаты шақырған деді. Әкімшілікке «Ол Букачачада тіркелген ғой» дедік. Ештеңе естімегендей отыра берді».

Букачачадағы көп өндіріс ошақтарынан тек көмір өндіретін кәсіпорын ғана қалған.

«ЕНДІ ЖАСТАРДЫ ЖЕРЛЕУГЕ КӨШЕТІН ШЫҒАРМЫЗ»

Букачачада екі зират бар. Зейнет жасындағы Андрей солардың бірін көрсетті.

Зейнеткер Андрей

«Бұл жерде соғыссыз-ақ өліп жатырмыз. Енді Украинадан әкелетін жастарды жерлеуге көшетін шығармыз. Міне, арнайы жер де бөліп қойған» деді ол қар астындағы жерді нұсқап.

Жапон азаматы жерленген Букачачадағы қабірлердің бірі. Зират маңы.

«[Жер] жетпесе, тағы беретінін айтты» деді ол.