Жаңа туған нәрестелер коронавирусты қалай өткереді? Балаға COVID-19 ауруы мен қатерлі ісік диагнозы қатар қойылса не істеу керек? Коронавирустан пайда болған Кавасакиге ұқсас қабыну жайлы не білу керек? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін оқырман назарына Настоящее время сайтының тілшісі Артем Лешконың Санкт-Петербургтегі педиатриялық университет емханасынан дайындаған репортажын ұсынамыз.
Бұл бөлім 2020 жылдың қарашасынан бастап коронавируспен ауырған балаларды емдеп жатыр. Ауру өршіген тұста мұндағы науқастар саны елуге дейін жеткен. Олардың ең кішісі – туғанына төрт күн толған сәби, ең үлкені 17 жастағы жасөспірім болған.
Ресейде коронавирус тағы да өршіп, рекордты көрсеткішке жетті. Елде ересектердің үштен бірі ғана толық вакцина салдырған. Коронавирустың ауыр формасы ересектерге қарағанда балалар арасында аз кездеседі. Соған қарамастан ауруханаға түскен балалар саны азаяр емес.
– Ата-аналардың көбі "Балалар ковидпен ауырмайды, ауырса да, жеңіл өткереді деп ойладық" дейді. Өкінішке қарай, барлық кезде олай бола бермейді. Бізде өкпесінің 75 пайызы қабынып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған науқастар да болды. Жасөспірімдер ересек адамдар сияқты ауырады: оларда да пневмония мен әртүрлі асқынулар болады. Коронавирустың әсерінен кей науқастардың қант диабеті асқынды. Бала бұл сырқатпен бұрыннан ауыруы мүмкін, бірақ осыған дейін мазаламай келген ауру инфекцияның әсерінен асқына бастайды. Коронавирусты кімнің ауыр, кімнің жеңіл өткеретінін білу мүмкін емес, – дейді Санкт-Петербург мемлекеттік педиатриялық медициналық университеті инфекциялық аурулар бөлімінің меңгерушісі Юлия Ордина.
Бір жасар София анасы Оксанамен бірге ауруханада жатыр. Басында аурухана әкімшілігі вирустың таралуына жол бермеу үшін анализінен коронавирусқа табылмаған ата-аналардың өзін ауруханаға жатқызуға рұқсат бермеген. Қазір вакцина салдырған не коронавируспен ауырып жазылған ересек адамдарға балаларының қасында қалуға мүмкіндік бар.
Оксана қызының дәрігерлерден қорқатынын, медициналық тексеру кезінде үнемі жылайтынын айтады.
Бөлім меңгерушісі Ординаның сөзінше, жасы үлкен балалар медициналық қызметкерлерге тез үйренеді, ал кішкентай балалар қорғаныш костюмін киген медбикелер мен дәрігерлерден қорқады.
– Сондықтан бөлім қызметкерлері медициналық тексерулер мен қан алу процесін ойынға айналдыруға тырысады. Балаларға қорғаныш костюмін скафандр деп таныстырып, жұмысымызды ойын түрінде жүргіземіз. Сатурацияны өлшегенде паровоз ойнаймыз: пульсоксиметрде қозғалатын шкала бар, баладан пойыздың қайда жеткенін айтуды сұраймыз, – дейді Ордина.
Дәрігерлер мен медбикелер жанында ата-анасы жоқ, жалғыз өзі жатқан балаларға ерекше көңіл бөлуге тырысады.
"Балаларды қатты жақсы көремін. Оларға бауыр басып қалу оңай" дейді медбике Полина Мацегор.
– Аурухана қызметкерлері балалардың оқуына да көмектеседі. "Біз сурет бояумен немесе мысал келтірумен айналысуға міндетті емеспіз, бірақ балаларды қараусыз қалдырса, олар өз бетінше ойнай бастайды. Бұл әлдеқайда қиын. Үйде інім мен екі қарындасым бар. Баланы қараусыз қалдырудың соңы гүл отырғызылған ыдыстарды сындырып, қабырғаларға сурет салумен аяқталатынын жақсы білемін, – дейді медқызметкер Владимир.
Балалардың көбі COVID-19 вирусын жеңіл өткеріп, ауру белгілерін байқамағанымен, кейде коронавирустан көпжүйелі қабыну синдромы немесе MIS-C дертінің ауыр түріне шалдығуы мүмкін.
Балалардың көбі COVID-19 вирусын жеңіл өткеріп, ауру белгілерін байқамағанымен, кейде коронавирустан көпжүйелі қабыну синдромы немесе MIS-C дертінің ауыр түріне шалдығуы мүмкін.
Пандемия басталғалы Санкт-Петербургтегі педиатрия бөлімінде осындай синдромы бар отыздай бала емделген, тағы 40 бала үйінде жатып дәргерлерден кеңес алған.
Бес жасар Машаның бауыры, өкпесі мен бүйрегі қабынған. Оны анасы Натальямен бірге Псковтан Петербургке жедел-жәрдем көлігімен жеткізген. Төрт адамдық палатада жатқан Наталья мен Машаның төсегінің жанында әлі киім-кешегі түгел алынбаған үлкен қара чемодан тұр.
– Қиын. Ол үш аптадан бері төсек тартып жатыр. Бауыры, өкпесі, бүйрегі – бәрі істен шыққан. Мультфильм көріп, ойнап, секіріп, жүгіріп, тып-тыныш өмір сүріп жатыр едік. Маша жақсы жүгіретін. Тұмаудан да қауіпті ауру екен. Бұл – біздің үшінші ауруханамыз, – дейді Наталья.
Тоғыз жасар Матвей Маньков та жүрегі мен өкпесін зақымдаған көпжүйелі қабыну синдромына шалдыққан. Оны ауруханаға жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.
Кавасакиге ұқсас синдроммен ауруханаға түскен балалардың 60 пайызы 3-5 күннен бірнеше аптаға дейін жансақтау бөлімінде жатқан. Вирусты салыстырмалы түрде жеңіл өткерген науқастар екі апта стационарда жатса, сырқаттың ауыр формасымен ауырған балалар бір айға дейін емделген.
– Ұлым көз алдымда әлсіреп бара жатты. Медбике сатурациясын өлшеді – 89. Жансақтау бөліміне ауыстырды. Жедел-жәрдем дәрігері Матвейді палатадан көтеріп алып шықты. Ұлым ауырғаннан айқайлап жатты. Қатты қорықтым. Ол бәрінің қолынан ұстап, "өлгім келмейді, дәрі салыңыздаршы" деп жалынды, – дейді Матвейдің анасы Наталья.
Ауырмай тұрып үстел теннисімен айналысып жүрген Матвей екі ай бойы кардиология бөлімінде емделді. Ол сырқаттың ауыр кезеңін артқа тастап, айыға бастағанымен, психологиялық денсаулығы бірден қалыпқа келе қоймаған.
– Өзін жайсыз сезінсе, бірден уайымдай бастайды. Дәрігер келетінін түсініп, "бәрі жақсы" дейді. Осылай бірнеше рет суық тигенін жасырды. Енді ауруханаға аттап басқысы келмейді, – дейді Наталья.
Балалар ревматологы Михаил Костик бұл синдромның көбіне бастапқы инфекция басылып не мүлде байқалмаған кезде пайда болатынын айтады. Дәрігер синдром белгілеріне улану, дененің бөртуі, жүректің, ауыз қуысы мен көздің шырышты қабатының зақымдануы, буындардың ауыруы жатады деп сипаттайды.
– Инфекциялық емес менингиттің күшеюіне, дененің құрысуы, бас ауруы сияқты неврологиялық симптомдарға куә болдық. Жүрекке байланысты асқынулар көп кездесті. Науқастарымыздың көбінде ковидтің клиникалық белгілері болмады. Балалардың 15 пайызында ғана коронавирус ПТР тестін алғанда анықталды. Қалған науқастардың ауырып жазылғаны туралы кейін, қандағы антиденелерге немесе отбасы мен мектепте науқас адаммен байланыста болғанына қарап білдік, – дейді дәрігер.
Костик көпжүйелі қабыну синдромының кейін де бала денсаулығына әсер етер-етпесіне қазір жауап беру қиын екенін айтады.
– Тәжірибеміз көп емес, аурудың салдары бір жылдан астам уақытқа созылады. Әр бала әртүрлі: кей науқастар кортикостероидты терапияны жақсы қабылдады. Олардың жағдайы дұрысталып, ары қарай науқастың халін бақылауда ұстау ғана қалды. "Жеңіл" сценариймен ауырып, қабыну болмаған балаларда болашақта дерт мазаламауы керек. Бірақ аурудан шынымен жапа шеккен балалар бар. Бірнеше бала эпилепсиямен ауырып, құрысу синдромы басталды. Олар құрысуға қарсы терапиядан өтті. Кей балаларда инсульттан кейінгі неврологиялық тапшылықпен қатар орталық жүйке жүйкесінің тромбоциттік зақымдануы болды. Бірақ бәрінен де жүректің зақымдануынан қорқамыз, – дейді ол.
Әртүрлі ауруы бар балалар Covid вирусын жұқтырғаннан кейін ауруханаға түседі. Асқыну қаупін туғызатын осындай факторлардың қатарына қант диабеті де жатады.
Кейбір балаларға Covid қолайсыз уақытта жұғуы мүмкін. Лейкемиямен ауыратын Семён Голодников 2020 жылы қарашада төрт жасар кезінде сүйек кемігінің трансплантациясынан кейін вирус жұқтырып алған. Оған дейін Семен үш жыл бойы лейкоздан емделген.
Онколог Глеб Кондратьев Covid вирусы жұққан онкологиялық ауруы бар бірнеше науқасты емдеген. Дәрігер иммунитеті әлсіз адамдар үшін вирус жұқтыру қауіпті екенін, онсыз да уақыт тапшы кезде коронавирустың әсерінен қатерлі ісікті емдеу кейінге қалатынын айтады.
Семёнға жасалған бірінші трансплантация сәтсіз аяқталған. Бұған коронавирус әсер еткені не ағзада басқа асқынулар болғаны белгісіз. Бірақ бірнеше айдан кейін Семённың ата-анасы екінші трансплантацияның сәтті өткенін, қазір балалары ремиссиядан өтіп жатқанын айтады.
Ал басқа балалардың ата-аналары олардың ауруынан айығып, жақындарының ортасына оралатын сәтін асыға күтіп жүр.