"Империяны жаңғырту стратегиясы". Путин ұсынған "газ одағы" Өзбекстан мен Қазақстанның қолайына жаға ма?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Ташкент, Өзбекстан, 15 сәуір 2019 жыл.

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстан және Өзбекстанмен "одақ" құру идеясы екіжақты әріптестік туралы келісімге қол қоюға дайындалып отырған Астана мен Ташкентті қиын жағдайда қалдырды. Лондондағы Central Asia Due Diligence (CADD) талдау орталығы директоры Әлішер Илхамов осылай дейді. Азаттық саясаттанушымен сұхбат құрып, Өзбекстанның Кремль бастамасы туралы не ойлайтынын, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған қандай реакция білдіргенін, Мәскеудің Ташкентке "қысым" жасау жолдарын және Орталық Азияда Ресейсіз интеграция жүргізу ықтималдығын сұрады.

"ТӘУЕЛСІЗ ИНТЕГРАЦИЯҒА ЖОЛ БЕРГІСІ КЕЛМЕЙДІ"

Азаттық: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Мәскеуге сапары кезінде Владимир Путин газ мәселесін шешу үшін Ресей, Қазақстан мен Өзбекстан арасында үшжақты одақ құруды ұсынғанын айтты. Путинге мұндай одақ құрудың не қажеті бар?

Лондондағы Central Asia Due Diligence (CADD) талдау орталығы директоры Әлішер Илхамов.

Әлішер Илхамов: 27 қарашада (Путин мен Тоқаевтың кездесуінен бір күн бұрын – ред.) Қазақстан мен Өзбекстан арасында одақтастық туралы келісім жобасы жарияланды. Мазмұны мен мақсаты геосаяси сипатқа ие құжатта сыртқы күштер шабуылдаған жағдайда одақтас елдер бірін-бірі қорғайды деп жазылған.

Ертеңіне Путин мен Тоқаев кездесті. Ресей президенті үшжақты одақ құру идеясын ұсынды. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия интеграциясына негіз болатын одақ құрып жатыр деген жаңалыққа реакция болған сияқты. Кремльге бұл хабар жақпаған болуы мүмкін.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтың (Қазақстан мен Өзбекстанның бұрынғы президенттері) тұсында Орталық Азия елдері одағын құруға талпыныс жасалған. Мәскеу сахна сыртынан араласып, өңір мемлекеттерімен одақ құрып алды. Осылай Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы мен Еуразия экономика одағының көшбасшысына айналды. Яғни, Мәскеу өңірдегі кез келген интеграцияға өзі қатысуды және жетекшілік еткенді жөн көреді.

Бұл идея бірінші кезекте, Тоқаевқа ауыр тиді. Өйткені Путиннің ұсынысы алдын-ала келісілген мәселеге ұқсамайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Путиннің "газ одағы" пайда ма, қауіп пе?

Кремльдің мақсаты – Мәскеуден тәуелсіз интеграция құруға жол бермеу. Басында газ және басқа да мәселелерді шешуге арналған үшжақты одақ құру туралы айтылды. Екі-үш күннен кейін Тоқаев кеңсесі "газ одағы" ғана құрылады деп түсіндірді. Бұлай ақталуға Қазақстан мен Өзбекстандағы сын әсер етті.

Азаттық: Одақтың қандай мәселелермен айналысатыны туралы ақпарат неге өзгерді?

Әлішер Илхамов: Олар осылай қоғам наразылығын бастық деп ойлайды. Өйткені Қазақстан үшін елеулі өзгеріс бола қоймайды: Астана онсыз да Мәскеумен бір одаққа мүше. Газ мәселесін бұрын құрылған одақтар немесе екіжақты қарым-қатынастар аясында да шешуге болады.

Өзбекстанға газ одағынан пайда жоқ. Бұл керісінше, Ташкенттің балама сауда-көлік және газ жолдарын құру стратегиясына кедергі болады. Яғни, бұл бастама Өзбекстан мүддесіне қайшы келеді. Бірақ Ташкентке Мәскеудің ұсынысынан бас тарту қиын.

Азаттық: Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісім жобасында одаққа мүше елдердің біріне сырттан қауіп төнсе, тараптар шұғыл кеңес өткізіп, жағдайды бейбіт жолмен шешуге тырысады делінген. Мәскеу Ташкент пен Астана сыртқы қауіп ретінде Ресейді меңзеп отыр деп түсінді ме?

Әлішер Илхамов: Әрине. Мәскеу келісім идеясына да, ондағы қауіпсіздік туралы бөлімге де реакция білдіріп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақ маңызын тым жоғары бағалады.

Қазір екіжақты одақ идеясына сызат түсті. Өйткені Тоқаев Мәскеудің ықпалындағы адам, газ экспортына байланысты мәселелерін шешу үшін Өзбекстанмен қарым-қатынасын құрбандыққа шала салуы мүмкін деген күдік пайда болды.

Екіжақты қарым-қатынас туралы келісім жобасы жарияланған күні бұл идеяны көбі қолдады. Бір күннен кейін Тоқаев Мәскеудің үшжақты одақ құру бастамасына қолдау білдіргенде сенімсіздік туды. Екіжақты қарым-қатынас жалғаса берсе, бір күні Тоқаев Өзбекстанды Мәскеуге ұстап беруі мүмкін деген ой қылаң берді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың Мәскеуге сапары: Путин аймақтағы ықпалынан айырылмауға талпынып жатыр ма?

"ПУТИН РАЙЫНАН ҚАЙТПАЙДЫ"

Азаттық: Бұл газ одағы ма, саяси одақ па?

Әлішер Илхамов: Менің түсінгенім, әуелде көп тақырыппен бірге газ мәселесін де шешетін саяси одақ құру идеясы болған. Кейін одақтың жұмысын жеңілдеткен. Бірақ газ жүрген жерде басқа саяси мәселелер де шығуы мүмкін.

Азаттық: Путинге Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісім жобасы ұнамады дедіңіз. Неге?

Әлішер Илхамов: Өйткені Ресей үнемі қудалау, қоқан-лоқы көрсетумен айналысады. Әсіресе, бұл әдісті Қазақстанға қарсы көп қолданады. Территория тұтастығына қауіп төндіреді. Путиннің өзі айтпаса да, саяси элита тарапынан осындай белгі жиі беріледі. Мұндай мәлімдемелерді Мемлекеттік дума мүшелері сияқты адамдарға айтқызады. Солар арқылы "тыныш жүрмесеңдер, сыртқы саяси кеңістігімізден ұзап шыққыларың келсе, жеріңнің бір бөлігін тартып аламыз" деген емеурін танытады.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресей елшісінің сұхбаты Қазақстанда сынға ұшырады

Бұл қауіпке екі түрлі жауап беруге болады: не Кремльдің қуыршағына айналасың, не қарсы тұрасың. Орталық Азия елдері жеке дара қарсы шығып, мұндай қысымға шыдай алмайды. Мәскеудің ашуына төтеп берудің жалғыз жолы – интеграция жүргізіп, одақ құрып, ұжымдық қорғаныс, қауіпсіздік мәселесін қолға алу.

Азаттық: Өткен аптада Владимир Путин мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев телефонмен сөйлесті. Қос тараптың баспасөз қызметтері олардың әңгімесін, "газ одағы" туралы сөйлескен-сөйлеспегенін айтпады. Неге деп ойлайсыз?

Әлішер Илхамов: Мирзияев сақтық жасап, нақты жауап бермей отырған шығар. Тараптардың көңілінен шығатын нәтиже болмай, келіссөз қорытындысы жарияланбайды.

Путин осындай идея ұсынса, райынан қайтпайды: барынша қысым жасауға тырысады. Бұл екі жыл бұрын Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымында болған жағдайды еске салып отыр. Өзбекстанға Ресейдің сенат спикері Валентина Матвиенко келді. Ол билікке қысым жасаған болуы керек, артынша Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына қосылуға келісті деген хабар тарады. Бұл туралы Мирзияевтің өзі тіс жарған жоқ: не растамады, не жоққа шығармады. Келесі жылдың басында ғана Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына кірмейді, тек бақылаушы болады деген шешім қабылданды. Қазір де Өзбекстанды дегеніне көндіру үшін қысым көрсету тетіктерін, әлсіз тұстарын табуға тырысады.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Ташкент, Өзбекстан, 19 қазан 2018 жыл.

Азаттық: Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин осы айдың басында Самарқанға барды. Өзбекстан тарабы газ одағы туралы жақ ашпады. Ресми мәлімдеме болған жоқ. Бірақ басқа хабарларға қарағанда, Ресей Өзбекстанды Еуразия экономика одағына қосып алуға тырысқан. Бұл оған не үшін керек?

Әлішер Илхамов: Бұл оған өңір мемлекеттерінің ішкі және сыртқы саясаты мен экономикасын бақылауда ұстау үшін керек. Сонда басқа мәселелер бойынша да ықпалын жүргізе алады. Ресей Федерациясы үшін Өзбекстан экономикасы аса маңызды емес. Бірақ кейінгі кезде Батыс санкцияларын айналып өту үшін Өзбекстанның маңызы арта бастады. Қазір осы бағытта жұмыс істеп, Өзбекстанмен электроника, ұшақ пен көлік құрастыру салаларында келісімдер жасалып жатыр. Ташкент бұл салаларда мықты держава емес. Мәскеу жай ғана Өзбекстанда тіркелген фирмалар арқылы Ресейге сатылмайтын бөлшектерге қол жеткізуді көздейді.

Азаттық: Мишустинге дейін Өзбекстанға Ресей мемлекеттік думасы спикері Вячеслав Володин барды. Ол Өзбекстанды АҚШ-пен тығыз байланыс орнатудан аулақ болуға шақырды. Бұл нені білдіреді? Өзбекстан халқы бұл ескертуді қалай қабылдады?

Әлішер Илхамов: Мәскеу Өзбекстан мен Қазақстанның көпвекторлы саясатына қарсы, олардан өзіне адал болуды талап етіп отыр дегенді білдіреді. Бұл Мәскеудің империя мәртебесін жаңғырту стратегиясының бір бөлігі. Кремль бұрын Совет одағы құрамында болған мемлекеттердің сыртқы саясатын бақылауда ұстағысы келеді.

[Мәскеу] АҚШ пен Батыс елдерінің өңірдегі мүддесіне, әсіресе, әскери-стратегиялық қарым-қатынасына күмәнмен қарайды. Мысалы, Қырғызстанда әскери база ашу туралы ұсыныс Кремльге ауыр тиді. Ақыр соңында Бішкекті әскери базадан бас тартуға мәжбүрледі. Қазір Ресей мен Қытай Азия елдерін, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттерін Батысқа қарсы біріктіруге тырысып жатыр. Сондықтан аталған елдердің Батыспен әріптестігін кешіре алмайды.

ТОҚАЕВ НЕ ІСТЕМЕК?

Азаттық: Сарапшылар арасында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Орталық Азия елдері Мәскеуден алшақтай бастады деген пікір бар. Мәскеу шынымен өңірдегі ықпалынан айырыла бастады ма?

Әлішер Илхамов: Иә. Мәскеуден іргесін аулақ салуға тырысып жатқандар бар. Бірақ олардың талпынысы сәтсіз болды. Өйткені әр ел өз бетінше әрекет етіп, бірігудің сәті түспей жатыр. Мысалы, түркі елдері саммиті өтті. Бірақ олар негізінен экономика мәселелерін ғана талқылады. Саммитке қатысушы мемлекеттер мүддесіне кіретін негізгі тақырыптардың бірі қорғаныс саласы болғанымен, ол туралы мүлде сөз қозғаған жоқ. Өйткені бәрі қорғаныс саласында бірігуге келгенде Мәскеудің агрессивті реакциясынан қорқады.

Ресейдің қолында экономика, көші-қон және әскери саладағы ықпал ету тетіктері бар. Қазақстанның Ресеймен құрлықтағы шекарасы ұзын, көрші мемлекет кез келген уақытта басып кіруі немесе сепаратистік көңіл-күйге ықпал етуі мүмкін. Өңір мемлекеттері осыны түсініп, өзін әлсіз сезінеді. Бірігу, өңірлік деңгейдегі интеграция мәселесін өз бетінше шешуге бата алмайды. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық тәуелсіздігі қаншалық шектеулі екенін көрсетеді.

Азаттық: Ресей Украинамен соғысып жатқанда өңірдегі басқа ойыншылардың күшейгенін байқадыңыз ба?

Әлішер Илхамов: Әрине. Мықты ойыншылар туралы айтсақ, Қытай мен Түркияның рөлі күшейе бастады. Қытай біртіндеп Ресейдің орнын басуға тырысып жатыр. Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінен соны байқадық. Бұл Қытай басшысының Қазақстанға сапарынан да көрінді. Ол Пекин Қазақстанның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне кепіл болатынын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытай өңірдегі позициясын нығайтқысы келеді". Си Цзиньпин Қазақстанға не үшін келе жатыр?

Түркі мемлекеттерінің саммиті де қосымша дәлел бола алады. Бірақ әзірге Ресейді алаңнан шығарып тастап, орнын баса алған ешкім жоқ. Қытай алда келе жатыр, Түркияның нәтижесі нашарлау.

Азаттық: Айдың ортасында Тоқаев Өзбекстанға екіжақты одақтас қарым-қатынас туралы келісімге қол қоюға барады. Астана мен Ташкент келісімге келе ала ма?

Әлішер Илхамов: Белгілі бір салалардағы екіжақты әріптестік мақсаттар орындалады деп ойлаймын. Аталған келісімге келсек, әзірге нақты айту қиын. Осыған дейін айтқанымдай, Ташкент Тоқаевтың тығырыққа тірелген сәтте үшжақты одақты қолдай сөйлегенінен секем алып қалды. Енді бәрі Тоқаевқа байланысты: ол Мәскеудің ұсынысын мақұлдағаннан кейін екіжақты одақ идеясын жүзеге асыруға келісе ме, жоқ па, белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Каспийді соғысқа пайдаланып жатыр. Теңіз маңындағы елдер неге үнсіз?