23 қаңтарда Ресей қалаларында түрмеге жабылған оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальныйды қолдаушылардың митингі өтті. Архангельск облысында тұратын төрт баланың анасы Елена Калинина қаладағы шараларға жете алмай, өз "демонстрациясын" ауылында ұйымдастыруды ұйғарады.
Аязды күні азанда Зачачье ауылындағы үйінің маңына қар мүсіндер тұрғызған ол әр аққаланың мойнына қалған-құтқан картон қағаздан "Патша жойылсын!", "Бұл – біздің ел!", "Вова, бәрі бітті" деген ұран сөз жазып, іліп тастайды.
Аққалалардың суретіне "Зачачьедегі жаппай пикет" деп сипаттама берген ол мұнысын "ВКонтакте" әлеуметтік желісіне жариялайды. Жұрт суреттерге көп комментарий жазып, лайк басады.
Зачачье – облыс орталығы Архангельскіден 177 км жерде орналасқан шағын ауыл. Мұнда бар-жоғы 100 шақты адам тұрады.
Ертесіне Калининаның үйіне полиция келеді. Олар картондарды шешіп алып, экспертизаға жібереді, ал белсендінің өзін полиция бөлімшесі бар көрші ауылға сұрақ-жауапқа алып кетеді.
"Олардан "Бұл кімнің бастамасы? Ауылда біреулер қар мүсіндердің тұрғанына шағымданды ма?" деп сұрадым. Бұған полицейлер "жоғарыдан – Архангельскіден пәрмен болды" деп жауап берді" деді Калинина Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшісіне.
Артынша полицейлер оған еш айып тақпастан босатып жібереді. Тәртіп сақшылары белсендіге қандай кінә артарын білмесе керек.
Полиция Алексей Навальныйдың Мәскеудегі жақтастарының үй, кеңселерін тінтіп, 23 қаңтарда 80-ге тарта қалада наразылыққа шыққан адамдарға қысым жасап жатыр. Тіпті Калинина сияқты қарапайым қарсылық көрсеткендердің өздеріне шүйлігіп жатқандар бар.
Әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, 23 қаңтарда наразылық білдіргендерің 40 пайызы алғаш рет демонстрацияға шыққан. Сарапшылардың айтуынша, Кремльді бұл жағдай қатты ойландырған тәрізді. Билік бұл жағдай қайталанбауы үшін оның алдын алуға тырысып жатқан сыңайлы.
Your browser doesn’t support HTML5
Навальныйдың әріптесі Леонид Волковқа кәмелетке толмағандарды рұқсат етілмеген наразылық шарасына шақырды деген айып тағылды. Белсендінің өзі мұны жоққа шығарады. Мемлекеттік телеарналарда көрсетіліп жатқан оппозиция өкілдерін қаралайтын пропагандалық хабарларда "белсенділер балаларды да митингіге шақырып жатыр" деген ақпарат айтылады.
Калинина бұдан бұрын да елдегі жағдайға қарсылық білдірген. 44 жастағы тұрғын 2018 жылы "Поморье – не помойка" қозғалысын құрып, Архангельск аймағына танылған. Оған қатысқандар бұл маңда Мәскеуден әкелген қоқысты төгу жоспарына қарсылық білдірген.
Ол Архангельскіде өткен бірнеше наразылық шарасына қатысып, айыппұл да арқалаған.
"Менен "Навальныйды жақтап жүрген сен бе?" деп сұрайды. Мен "Путинге қарсымын!" деп жауап беремін" деп жазды Елена Калинина Алексей Навальный Германияда ұзақ емделіп, елге қайтқан 17 қаңтар күнгі постында. Былтыр тамызда "Новичок" уымен уланып, Германияға ес-түссіз жеткізілген оппозиционер өзін өлтірмек болды деп Кремльді айыптаған.
Құқық қорғау органдары белсенділерді қатты қудалап жатқанына қарамастан, Ресейдегі оппозицияшыл күштер 31 қаңтарда жаппай наразылық шарасын қайта өткізуге шақырып отыр.
Полицияға шақыртудан еш қаймықпаған Калинина болашақта да наразылық білдіре беремін дейді.
"Меніңше, жағдайды өзгертудің бірден-бір жолы – ойыңды айту, жеткізу, қорықпау. Ал қар мүсіндер әлі тұр, мүмкін тағы бірдеңе "ойлап табатын шығар" дейді Калинина.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Владивостоктан Мәскеуге дейін. Ресейде Навальныйды босатуды талап еткен митингілер өтті