Молдованың жікшіл Приднестровье аймағында болған бірнеше жарылыстан соң елден кетіп жатқандар көбейіп, "Ресей Украинадағы соғыс аясын кеңейткелі жатыр" деген үрей пайда болды.
Молдовада екі телерадио мұнарасында және Тираспольдағы мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің ғимаратында теракт болды. Киев бұған Мәскеуді кінәлады. 1990 жылдардың басында аз уақытқа созылған соғыстан кейін Тирасполь қаласы Молдовадан бөлінген жікшіл Приднестровье республикасының астанасы деп белгіленген еді.
Молдованың жауабы одан гөрі жұмсақ болды. 26 сәуірде қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымды тұлғаларымен кездескен соң Молдова президенті Майя Санду "соғысшыл фракциялар" Приднестровьедегі шиеленісті күшейтуге тырысты деді. Ресейшіл президенттің орнына келген ол Батыс елдерімен байланысты күшейту керек деп айтып жүр.
Кейінгі оқиғалар Ресей офицері соғыстың екінші кезеңінде Приднестровьеде дәліз салуды мақсат ететінін айтқан соң болды. Содан кейін Приднестровьеден Молдованың басқа аудандарына кетіп жатқан көлік көбейді. Мұнда ауданның өз әскерінен бөлек, екі мыңға жуық Ресей әскері бар. Кейінгі отыз жылда олар Украина шекарасынан екі шақырым жердегі Кобаснада орналасқан оқ-дәрі қоймасын күзетіп тұр.
Ресей генералы Рустам Миннекаев Мәскеу оңтүстік Украинаны, оның ішінде Одесса портты қаласын басып алуды жоспарлап отырғанын, бұл "Приднестровьеге тағы бір жол салатынын" айтты.
Украина президенті Владимир Зеленский Миннекаевтің мәлімдемесі Ресейдің "басқа елдерді де басып алғысы келетінін" білдіретінін, Украинаға шабуыл тек басы ғана екенін айтты.
Украинадағы әскерінің сәтсіздікке ұшырағанына қарамастан, Ресей президенті Владимир Путин бұдан да үлкен жерлерге көз салуы мүмкін дейді Бирмингем университетінің халықаралық қауіпсіздік жөніндегі профессоры Стефан Вулфф Азаттыққа жазған электронды хатында.
"Путин оңтүстік Украинаны басып алып, Приднестровьені мойындап, содан кейін Молдованың басқа жерлеріне, тіпті Гагаузияға да қиындық туғызуды қиялдайды" деді Вулфф Молдованың автономды облысын меңзеп. Гагаузияда негізінен түркі тілді православ христиандар тұрады.
Кей сарапшылар Миннекаев Ресей әскерінің жоғары жағындағылардың ойын айтып қалды дейді.
"Ресей әскерилері бастапқы мақсатпен шектелу үлкен қате болады деп ойлайды. Қазір олар Ресей Украинамен емес, НАТО-мен күресіп жатыр деп мәлімдеп отыр" деп жазды Андрей Солдатов пен Ирина Бороган Еуропа саясатын сараптау орталығына арнап жазған мақаласында.
"Сондықтан бас офицерлер Батыс альянсы (заманауи қару-жарақ жеткізу арқылы) бәрімен күресіп жатыр, ал өзінің күштері тек бейбіт уақытта қандай да бір жағдайда ғана, мысалы, Украинаның негізгі аудандарындағы инфрақұрылымдарға әуе шабуылын жасауға тайым салған кезде ғана әрекет етеді деген қорытындыға келген. Ұзын сөздің қысқасы, әскерилер енді жаппай соғысты, оның ішінде жұмылдыруды талап етіп отыр" деп жазады екеуі.
Стратегияның өзгергенін көрсету үшін 26 сәуірде Ресей зымырандары Украинаның Бессарабия ауданын Одессаның басқа аудандарын байланыстырып тұрған көпірге шабуыл жасады. Дегенмен, сол шабуылға қарамастан, әскери сарапшылар Ресей тағы бір басқыншылыққа барады дегенге күмәнмен қарайды.
"Бұл жуырда болуы мүмкін деп ойламаймын" деді Әскери-теңіз сараптау орталығында Ресейді зерттеу бағдарламасын басқаратын Майкл Кофман. Бұл коммерциялық емес ғылыми-сараптамалық ұйым Вирджиния штатындағы Арлингтон қаласында орналасқан.
"Көп шығын келіп, күштерінің әлсірегенін ескерсек, Ресей әскерінің мүмкіндігі төмендеді деп ойлаймын. Олар жәрдем ретінде резервте қалған нәрселерді алды. Бұл шығынның орнын толтыра алмайды" деп жазды Кофман 20 сәуірде Twitter-де.
Ресей соғыс басталғалы қанша адамнан айырылғаны жайлы тек екі рет ресми мәлімдеме жасады. Мәскеудің айтқаны Батыс пен Украина келтіріп жатқан деректерден анағұрлым аз.
2 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі 498 адамның қаза тапқанын айтса, 25 наурызда 1351 әскеридің өлгенін мәлімдеді. Украина шенеуніктері 27 сәуір күнгі мәлімет бойынша Ресей 21 мыңнан астам адамнан айырылған дейді.
Ресей Украинадағы соғыстың екі айында біршама әскери техникасынан да айырылды. Сарапшылар оны жаңа соғысқа дайындау үшін біршама жыл қажет дейді.
"Расымен, Мәскеудің бұған шамасы жетпейді. Олар Донбасста жетістікке әрең жетіп жатыр" деді Вулфф. "Олардың енді оккупациялаған жерлерді ұстап тұра алатыны да белгісіз. Жаңа жоспар бойынша олар Украина жерінің шамамен үштер бірін басып алғысы келіп отыр. Жергілікті жерде сенімді адамдары мен оккупацияға алған әскері бар болса да, олар Украина үкіметі мен НАТО-дан қалған дүниелер көмегімен өте ұзақ және қымбатқа түсетін қарсылыққа тап болар еді".
Польшаның қорғаныс жөніндегі сарапшысы Конрад Музыка Ресей жуық арада басқыншылық аясын кеңейтетініне күмәнданады. "Ресей қазір Донбасс пен солтүстік-шығыс Херсонға басымдық беріп отыр" деді Музыка Азаттыққа. Ол Украинаның оңтүстік-шығысында, Қырымның солтүстігінде орналасқан сепаратистік ауданды айтып отыр.
Музыканың және басқа да әскери сарапшылардың сөзінше, Украинаның оңтүстіктегі Николаев портты қаласындағы Ресей шабуылына төтеп беруі әскердің Қара теңіз жағасынан шығысқа қарай жылжуын тоқтата алады.
"Бәрі Украинаның Киевті қорғауы жайлы айтып жатыр, бірақ Николаевты қорғаудың маңызы да одан кем түспейді" деп түсіндірді Музыка. Ол өткен айда Ресей әскерінің Киев маңындағы аудандардан кері шегінгенін, бұл Кремльді әскери мақсаттарын азайтуға итермелегенін меңзеп отыр.
Мәскеу Приднестровьеге барса, дұрыс қаруланбаған әскерден жөнді қолдау ала алмайды деді Вильнюстегі Шығыс Еуропа зерттеулері орталығының қызметкері Дионис Ченуша Азаттыққа.
"Ресейдің Приднестровьедегі жедел тобында екі мың сарбаз бар. Мұндай жағдайда Ресейге жаңа шеп құрудың не қажеті бар?". Ченушаның сөзінше, 1500 әскери қызметкер Кобаснадағы оқ-дәрі қоймасын күзетіп тұр. Тағы бес жүз адамды Мәскеу бейбіт бітімгерлер деп атайды. Кишинев оларды елден шығару жайлы бұрыннан айтып жүр.
Сепаратистік Приднестровьенің де қарулы күштері бар. Олардың саны 4-7,5 мың шамасында екені белгілі, бірақ әскери потенциалы мен жабдықталуы жайлы дерек аз.
Приднестровьеге басқыншылық жасауға қазір басымдық аз болса да, Мәскеу Молдованы тұрақсыздандыруға тырысуы мүмкін. 2020 жылғы желтоқсанда Санду президент болып сайланғанда Кремль биліктегі негізгі жақтасынан айырылған еді. 2021 жылғы шілдеде парламент сайлауында да батысшыл партиялар басым түсті. Бұл да Кремльдің ықпалын бәсеңдетті.
Вулфф Приднестровьеде жуырда болған оқиғаларды осы мақтаспен Кремль ұйымдастырған болуы мүмкін дейді.
"Әлі де бұл оқиғаға Мәскеу жауапты деп ойлаймын, бірақ Кремльдің ақшасына бола жергілікті жедел қызметкерлер де орындаған болуы мүмкін. Оқиға орнындағы дереккөздер Тираспольдің де, Кишиневтің те Украинадағы соғысқа араласқаны үшін құты қашқанын және тұрақсыздықты болдырмауға тырысып жатқанын айтады" деді Вулфф.
Ресей арнайы күштері қазір Украинаның оңтүстік шекарадағы күштерін талқандап, елдегі еуропашыл көңіл-күйді басып, Батысқа Украинаны қолдаудың салдары қандай болатынын көрсету үшін Молдованы тұрақсыздандыруды талқылап жатқан болар деп жазды Джек Уотлинг пен Ник Рейнольдс Ұлыбританиядағы Royal United Services Institute жариялаған мақаласында.
7 сәуірде президент Санду Георгий лентасы мен Ресей басқыншылығы белгісіне айналған "Z" таңбасына тыйым салды.
Уотлинг пен Рейнольдс осы тыйымнан соң Украина барлауы Ресей федералды қауіпсіздік қызметі Молдовада наразылық қозғалысын ұйымдастыруды жоспарлап жатқаны жайлы хабарлама ала бастағанын жазады.
Саясаттанушы Кристиан Влас Молдовада мұндай жағдайдың болуы әбден мүмкін дейді. "Ресейшіл социалистер 9 мамырда Георгий лентасын пайдаланбай митинг өткізетінін жариялағанына қарамастан, Гагаузияда [және] солтүстіктегі Бельцы қаласында арандату оқиғалары болуы мүмкін" деді ол ресейшіл көңіл-күй басым ең ірі қалалардың бірін атап.
Ресей газының қымбаттауы Еуропадағы ең кедей елдердің бір Молдоваға қатты әсер еткендіктен, жағдай тұрақсызданып барады дейді Влас.
"Мұндай наразылық қозғалысы үлкен күшті қажет етпес еді, себебі [халықтың] көбі жоғары инфляция мен тұтыну тауарларының қымбаттағанына алаңдап отыр".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Батыс берген қару-жарақ Украинаға көмектесе ала ма? Сарапшымен сұхбат