Ресейде өлкесіне автономия сұрағандар «экстремист» атанды

Кубаньды федерализациялау маршын ұйымдастырушылардың бірі Вячеслав Мартынов.

Кубань аймағына көбірек автономия сұраған ресейлік белсенділер қуғынға ұшырап жатыр. Олардың бірі «экстремистік әрекет жасады» деген айыппен тергеу абақтысына қамалды, екеуі Украинаға қашты.

Батыстың экономикалық санкциямен қыспаққа алғанына қарамастан Шығыс Украинадағы сепаратистердің «тәуелсіздікке ұмтылысын» қолдап отырған Ресей өз ішінде көбірек федеральдық құқық сұраған белсенділерді жақтыра қоймайды.

Ресейдің оңтүстігіндегі Кубань өңіріне көбірек автономия беруді талап ететін шеру өткізбек болған үш саяси белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Айыптары дәлелденген жағдайда олар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Үш белсенді наразылық шарасын ұйымдастырып үлгерген де жоқ. Полиция олардың бірін «бұзақылық» айыбымен дереу қамауға алып, бәрін терроршылардың қара тізіміне енгізіп, банктегі есепшоттарын бұғаттап үлгерді.

«Экстремизммен айналысты», «халықты экстремистік әрекеттерге шақырды» деп айыпталған белсенді Дарья Полюдова қазір тергеу изоляторында отыр. Ол айыбы дәлелденсе, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылмақ.

«АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ДАМЫП ЖАТҚАН ЕЛДЕ ӨМІР СҮРГІМ КЕЛЕДІ»

Өзге екі белсенді – Вячеслав Мартынов пен Петр Любченков ФСБ-дан (федералдық қауіпсіздік қызметі) шақырту қағаз ала салысымен Украинаға қашқан.

– Мұның барлығы қалай аяқталатынын жақсы білеміз. Мен қазір ФСБ-ның Дарья отырған тергеу абақтысында жатар едім. Құдай оңдап, Украинаға өтіп кетудің сәті түсті, – деді Харьков қаласында жүрген Вячеслав Мартынов Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.

Азаматтық белсенді Дарья Полюдова.

Қазанның 30-ында Ресейдің аса беделді адам құқықтарын қорғау ұйымы «Мемориал» Дарья Полюдованы «ар-ұждан тұтқыны» деп атады.

Ал Вячеслав Мартынов пен Петр Любченков Украина үкіметінен саяси баспана сұрады. Ол екеуіне де «экстремизммен айналысты» деген айып тағылған. Елдеріне оралса, олар да дереу тұтқындалады.

Любченковтың тағдыры әлі белгісіз, ал украин соты Мартыновтың саяси баспана беру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Қазір ол сот шешіміне қарсылық білдіретін апелляция жазып жатыр.

– Украиндарға жаным жақын. Мұндағы халықтың саясатпен белсенді айналысатыны қатты ұнады. Азаматтық қоғамы дамып жатқан елде өмір сүргім келеді, – дейді қазір Харьковтағы демократиялық қозғалыстарға белсене қатысып жүрген Вячеслав Мартынов.

Сот өтінішін кері қайтарғанына қарамастан, Украина билігі 21 жастағы белсендіні Ресейдің қуғынынан барынша қорғауға уәде берді. Харьковтің мемлекеттік миграция қызметінің басшысы Вячеслав Гусь қарашаның 4-інде журналистерге берген сұхбатында Украина Мартыновқа босқын мәртебесін беруге ниетті екенін айтты.

Сібірді федерализациялауды талап етіп тұрған белсенділер. Новосибирск, 17 тамыз 2014 жыл.

– Мұнда тұрған бәлендей өзгешелік жоқ. Ол біздің елде заңды түрде қалып, белсенді әрекетін жалғастыра алады, – деді Гусь.

Ресей басшылығы тіпті бөліну мәселесін қозғау былай тұрсын, Мәскеуден көбірек автономия сұраған қозғалыстардың барлығына үрейлене қарайды.

Тамыз айында Ресейдің үшінші ірі қаласы – Новосибирскіде өткізбек болған «Сібірді федерализациялау маршын» жергілікті билік басталмай жатып тоқтатып тастады.

Елдің интернетті бақылау мекемесі «Роскомнадзор» осы қозғалыс туралы ақпарат таратқан сайтты жауып, бірнеше сайттың қозғалыс белсенділерімен жасаған сұхбаттарын алғызып тастады.

Азаттық тілшілері Владимир Носков пен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.