Ресейде дүниеге келіп, бірнеше жыл тұрған Әли Феруз (Худоберди Нурматов) өзін елден депортациялайтын күнді күтіп, алты ай мигранттарды ұстау орталығында қамауда отырған. Ол сот ғимаратында өз-өзіне қол салуға да әрекеттеніп көрді. Ферузға бірнеше елдің журналистері мен құқық қорғаушылары араша түсіп, Мәскеу, Петербург, Нью-Йорк, Берлин, Вильнюс қалаларында оны қорғау акциялары өтті.
Қазір 30 жастағы Әли Феруз Германияның Геттинген қаласында тұрып жатыр.
Әли Феруздің анасы - Алтай өлкесінің тумасы. Ол Өзбекстанға 1966 жылы барып қалып қойған. Ташкенттегі жойқын жер сілкінісінен кейін қаланы қалпына келтіру үшін Совет одағының түкпір-түкпірінен адамдардың бірі Әлидің анасы болатын. Әлидің айтуынша, СССР ыдырағаннан кейін бұрынғы советтік республикаларда беймаза заман басталған - орыс мектептері жабылып, орыстардың көбі кете бастаған. Әлидің анасы ұлын алып Таулы-Алтайға оралуды ұйғарған. Алтайда жүріп Әли мектепке барған. Бірақ отбасының өз үйі болмаған, сондықтан достарының, туыстарының үйінде тұруға тура келген. Әлидің арасында Өзбекстанда тұратын өгей әкесіне кетіп қалған кезі де болған. Бірақ шешесі баспана сатып алғаннан кейін Ресейге оралған.
Әли Феруз 2008 жылға дейін Қазандағы Ресей ислам институтында оқыған. Әлидің сөзінше, араб тілін үйреніп, дінді зерттеумен айналысқан, шариғат нормаларын орындай бастаған. Қазанда жүргенде Қырғызстаннан келген бір қызбен танысып, екеуі үйленген. Сосын келіншегін ертіп Өзбекстанға қайтып барған. Онда өгей әкесіне көмектесіп базарда да жұмыс істеген.
Сол жылы Өзбекстан арнайы қызметі өкілдері Ферузды қамап, өздері үшін жұмыс істеуге икемдеп, "ынтымақтастықтан бас тартсаң, үстіңнен қылмыстық іс қозғап, 20 жылға түрмеге кетесің" деп қорқытқан. Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, Өзбекстанда мұндай кезде стандартты баптар – экстремизм, терроризм, конституцияға қарсы төңкеріс жасау әрекеті сияқты айыптар қолданылады. Бірнеше күнге созылған қорлап-кемсіту мен азаптаудан кейін Феруз олардың шарттарына келіскен. Бірақ орайы келген сәтте елден кетіп қалған. Бірнеше ай Қырғызстанда тұрған, сосын Қазақстанға өткен. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының журналистика факультетінде оқып, құқық қорғау жұмысымен айналыса бастаған.
Әлидің айтуынша, 2010 жылы Қазақстанда ішінде Феруз да бар, көптеген өзбекстандық босқынды ұстаған. Көбін "стандартты баптар" - экстремизм және терроризм баптары бойынша айыптап, түрмеге қамаған. Бірақ Әлидің жолы болып, оны босатқан. Сондықтан 2011 жылы Ресейге кетудің сәті түскен. Мәскеуге барғаннан кейін әуелгіде даяшы, аспаз, ыдыс жуушы болып жұмыс істеген. Кейін журналистикаға бет бұрған. Елде тұруға рұқсат беретін ықтияр хат алуға өтініш бермек болған. Бірақ 2012 жылғы ақпанда электричкада бүкіл құжатын – төлқұжатын, аттестатын, дипломдарын жоғалтып алған.
Азаттықтың Орыс қызметі тілшісіне берген сұхбатында ол өз өмірі мен абақтыдағы кездері жайлы айтып берді.
- Анаңыз да, туыстарыңыз да Ресей азаматтары. Сізге Ресей төлқұжатын неге бермей қойды?
- 11 сыныптың ортасына дейін Ресейде оқып, ЕГЭ-ге (мемлекеттік бірыңғай емтихан – ред.) дайындалып жүрдім. 2004 жылдың аяғына қарай анаммен ұрсысып қалдым да мені Өзбекстанға апарып таста деп қиғылық салдым. Жасөспірім шақтағы өтпелі кезең ғой, қиын бала болып өстім. Ол жаққа барған бетте паспорт беретін жерге барғаным есімде. Ол жерде маған «Шешең жағынан Ресей азаматтығын алуыңа болады, бірақ бұл үшін шешеңнен қарсы емеспін деген әлдебір анықтама керек. Егер ондай анықтама әкелмесең, бірер айдан кейін (дәл сол 2005 жылы 18-ге толғанмын) азаматтық береді» деп түсіндірді. 18 жасқа толуға екі ай қалғанда анаммен ұрсысып қалып, тағы да Өзбекстанға кетіп қалдым. Сонда жүріп бірден төлқұжат алдым.
2008 жылы қыркүйекте бір күні таңертең есікті полиция қағып, құжат тексеріп жүргендерін айтты. Полицейлер төлқұжат беретін жерге барып Өзбекстанда тұрғаны үшін "жұбайыма жауаптымын" деп арыз жазуды талап етті.
Өзбекстанда неше түрлі заңдар көп қой, сондықтан бұл да жаңадан шыққан әлдебір бұйрық шығар деп ойладым. Жарайды, барып, арыз жаза салайын деп ойладым. Бірақ көлік төлқұжат беретін жерге емес, басқа жаққа бұрылып, мені өзге қалаға алып барды. Мен сасқалақтап "не болып қалды?" деп сұрай бастадым. Олар "Не бүлдіріп едің? Ресейдің ислам институтында оқып па едің? " деп сұрақ жаудыра бастады. Әлгі жерде мені ұрып-соқты, сосын түн ортасына дейін тергеді.
- Олар неге дәл сізге назар аударды деп ойлайсыз?
- Соны өзім де жөнді түсінбеймін. Ол жақта адамдарды қилы сылтаулармен азғыратын кең тараған практика бар дегенді кейін естідім. Мүмкін, мұсылман болғандықтан, ислам университетінде оқығандықтан шығар.
- Олар сізді не деп азғырды, қандай шаруамен айналысуға иліктіргісі келді?
- Мен жергілікті мұсылмандардың сыртынан сөз тасуға тиісті болдым... Олар университет жайлы, Қазанда араласқан адамдар туралы, олардың кім екені туралы, іштерінде Өзбекстан азаматтары бар я жоғын ұзақ сұрады. Білгенімнің бәрін айтып бердім, "жаман ештеңе болған жоқ" дедім. Маған "жергілікті қауымға кіріп, олардың өз адамына айналасың" деді. Бұдан басқа да әлдебір өтініштерді орындайсың деп ескертті, бірақ қандай өтініштер екенін білмеймін. Негізі, Өзбекстанда ислам нормаларын ұстанатын адамдарды экстремизмге қатысты айыптап, ұзаққа қамайтын практика бар. Осындай амалмен 10-15 жылға сотталған адамдарды, журналистерді, құқық қорғаушыларды білемін. Олардың істері ойдан құрастырылған деп санаймын. Өзбекстанда біреуді таяққа жығып немесе бірдеңе ұрласаң, ақша беріп құтылуға болады. Ал "саяси" бапқа ілінсең, біттім дей бер, құтыла алмайсың.
2012 жылы өзімнің гомосексуал екенімді түсіндім. Алғашқы бірер жыл өзімді зерттеумен болдым. Шариғат талаптарын орындай алмайтынымды, Құдайға сенбейтінімді сол кезде ұқтым. Адамдарды гомосексуал болғаны үшін неге өлтіретінін ұқпаймын. Дін дегеніміз адамдарды басқару институты екенін түсіндім.
2014 жылы Әли «Азаматтық қолдау» құқық қорғау ұйымынан көмек сұрадым. Бұған қоса босқын мәртебесін беруді сұрап,билікке өтініш жаздым. Ресей федералдық көші-қон қызметі көпке дейін өтінішімді тіркемеді. Ақыры жеке басымды куәландыратын құжат беріп, Ресей аумағында еркін жүріп-тұра бастадым.
Анам – Ресей азаматы, Ресей – отаным. Ресейде туып-өстім, мәдени жағынан да жақын ел. Осы елде қалып, оқығым, жұмыс істегім келген, туыстарым, достарым - бәрі сол жақта.
- Босқын мәртебесін алу үшін үш жыл, ал сосын уақытша баспана беру шешімін күттіңіз, ол кезде ешқандай проблема туған жоқ. Жағдай неге былтыр аяқ асты ушығып кетті?
- Мен мұны журналистік қызметіммен байланыстырамын. 2016 жылдың аяғында Өзбекстанда президент сайлауы өтіп жатқан кезде мен "Рабы на день отработали на избирательных участках" ("Құлдар сайлау учаскелеріндегі бір күндерін өтеп болды") деп аталатын материал жаздым. Проблемаларым дәл осы материалға байланысты көбейді деп ойлаймын.
2017 жылғы тамыздың басында музыка сабағына бара жатқан кезімде полиция ұстады. Алдында музыкалық мектеп ғимараты жанында полиция көлігі тұрғанын көріп қалдым. Полицейлер әлдебір жүргіншінің құжаттарын тексеріп тұрып, мені көре сала "Әне, өзі!" деп қалған. Тексергенде құжаттарын көрсеттім. Соңынан кім екенімді анықтау үшін әуелі полиция бөлімшесіне, ал түнде сотқа апарған.
- Сот отырысы кезінде сіз өз-өзіңізге қол салуға әрекеттендіңіз. Сізді күзетшілер құтқарып қалды. Не себепті мұндай әрекетке бардыңыз?
- Бұл әрекетке сот мені Өзбекстанға беруді ұйғарған шешім қабылдаған кезде бардым. Өзбекстанға оралғанша, өлгенім жақсы деп ойладым. Азаптауға ұшырағанша жарты сағат қиналып, өле салған жақсы деп санаймын. Олар адамды әбден қинап, өлімші еткенге дейін азаптайды, сосын есін жинауға мұрсат береді де қайта азаптай бастайды. Осылай жалғаса беруі мүмкін.
ВИДЕО: Әли Ферузбен сұхбат.
Your browser doesn’t support HTML5
- Адвокатыңыздың айтуынша, сізді сот залынан шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығына күзетпен апара жатқанда ұрып-соғып, электрошокер қолданған, қорлап, кемсіткен көрінеді. Орталыққа барғаннан кейін сізге қалай қарады?
- Орталықта әуелгіде мұндай ештеңе болған жоқ.
- Ал кейін ше?
- Бұл жайлы айтуға әзірше дайын емеспін... Сәл жеңілдетілген режим дегені болмаса, орталық та тергеу абақтысы сияқты жер. Уақытша ұстау орталығында үш күнде бір телефон соғуға рұқсат береді, туыстарыңмен жолықтырып тұрады. Ондағы адамдар терезесі тор, есігі темір камераларда отырады... Мен отырған екі кісілік камерада екі қабатты кереует, әжетхана, қол жуғыш, үстел болды. Күніне үш рет "кормушка" - арнайы тесік арқылы тамақ әкеп береді. Күніне жарты сағат, 40 минут, бір сағатқа бір рет серуендеуге шығарады. Бұл да арнайы режимдегі нысан болып саналады. Камерадан өз еркіңмен шыға алмайсың, үнемі бақылауда боласың. Өзбекстандық, тәжікстандық, қырғызстандық жігіттермен камералас болдым. Олар күнкөріс үшін Ресейге жұмыс іздеп келген кәдімгі мигранттар екен. Біреулері патентсіз жұмыс істеген, біреулері төлқұжатын жоғалтқан, енді біреулері тіркеуге тұрмаған.
- Орталықта отырған кезде жыныстық бағдарыңыз үшін кемсітушілікке душар болған жоқсыз ба?
- Айып етпеңіз, бірақ бұл сұраққа жауап бергім келмейді... Бірақ тірі қалатыныма соңғы сәтке дейін көзім жеткен жоқ. Менде ешқандай кепілдік болған жоқ. Адвокатым болды, маған жаны ашып, араша түскен адамдар да көп болды. Мені журналист әріптестерім қатты қолдады, бірақ мұның бәрі ешқандай кепілдік бола алған жоқ. Анам көмек сұрап, Путинге жүгінді. Өзім құзырлы мекемелердің бәріне хат жаздым. Бірақ бәрі сәтті аяқталады деген сенім болған жоқ. Қоғамдық қолдау болады деп, әрине, күткен жоқпын. Адамдардың мен үшін күресіп жатқаны маған дем берді, өлсем, адамшылықпен жерлейді ғой әйтеуір деп ойладым...
Бойымдағы үрей-қорқыныш әлі кеткен жоқ. Бұрын маған мұндай қиындықтарға биліктің қитығына әбден тиген адамдар ғана тап болатындай көрінетін. Ал басымнан өткеннен кейін қауіпсіздік кепілі ешкімде жоқ екенін түсіндім. Әріптестерім үшін қатты алаңдаймын, белсенділер, журналистер үшін бүкіл адамдар үшін алаңдаймын... Мысалы, Кирилл Серебренниковтің жағдайы қалай болар екен деп қатты уайымдаймын. Әділетсіздікке тап болмасына ешкімде кепілдік жоғын түсінемін.
ВИДЕО: Әли Феруздің Ресейден кетуге болатыны жарияланған сот.
Your browser doesn’t support HTML5
Ресейде қарт анаңыз қалды. Зоя Васильевнамен жиі сөйлесіп тұрасыз ба? Ол кісі халіңізді біліп қайту үшін мына жаққа келем деп айтпай ма?
- Анаммен үнемі - күніне бірнеше мәрте хабарласып тұрамын. Ол кісіге виза жасатып бергім келеді. Оны қатты көргім келіп жүр.
- Бұрынғы жұбайыңыз тағдырыңыздың не болғанын сұрады ма?
- Менің жағдайым оған да әсер етті. Ол - Қырғызстан азаматы, қазір өзге елде тұрып жатыр. Екеуіміз ажырасқаннан кейін ол екі баламызды алып тұрмысқа шыққан. Қазір нәрестелі болды. Екеуміз хабарласып тұрамыз. Оның туыстарымен, балаларыммен де сөйлесіп тұрамын.
- Не себепті дәл Германия билігінің көмегіне жүгінуді ұйғардыңыз?
- Мәскеуде журналист болып жүргенде Геттинген университетінің көші-қон мәселелеріне қатысты түрлі зерттеулер жүргізген профессорларымен бірлесіп жұмыс істеген болатынмын... Босқындарға көмек көрсету бағдарламасы бар, ол университетпен байланысты. Олар маған Өзбекстанға депортациялау қаупі төнгенін естіп, Германияның сыртқы істер министрлігіне жүгініпті. Ақыры Германия билігі көмектесуге келісіп, менің ісімді қарап, құжаттар берді. Германияда қаламын, осы жақта оқып, журналистикамен айналысамын деп жоспарлап жүрмін. Сот шешіміне сәйкес, Ресейге кіруіме 10 жылға тыйым салынған. Біраз уақыт өтсін, сосын бұл шешімге қатысты шағымданамын.
- Мәскеуде жүргенде мигранттар туралы көп жаздыңыз, есіміңізді танытқан да осы тақырып. Бұл тақырыпты жалғастыруды жоспарлайсыз ба?
- Жалғастыратын шығармын. Өзім мигрант болғандықтан, мигранттардың жағдайын жақсы білемін. Бұған қоса, құқық қорғау тақырыптарына да жазғым келеді. Отбасымдай болып кеткен "Новая газета" редакциясымен де байланысым үзілмейді деп үміттенемін.
- Ресейде тұрып жатқанда өзіңізге бүркеншек есім алдыңыз. Не үшін?
- Негізі, аты-жөнімді баяғыдан өзгерткім келіп жүретін. Журналистикамен айналысамын деп ұйғарған кезде Худоберди Нурматов деген атпен жазу сәл қиындау болатынын түсіндім. Қысқа әрі құлаққа жағымды естілетін есімді таңдағым келді. Сондықтан Әли Феруз деген атты таңдадым. "Феруз" сөзі парсы тілінен «көгілдір» деп аударылады, бұл - менің сүйікті түсім.
- Шетелдіктерді уақытша ұстау орталығында қамауда отырған кезде кей үзінділері Театра.doc.спектакліне арқау болған күнделік жаздыңыз. Жазғандарыңызды баспадан шығаруды жоспарлап жүрсіз бе?
- Иә, кітап жарыққа шығып қойды, жуырда Мәскеуде презентациясы болады.
ВИДЕО: Әлиді қолдау акциясында оның күнделігі оқылды.
Your browser doesn’t support HTML5
Қоштасар кезде Әли маған әдемі суреттермен безендірілген әрі мұқабасы көгілдір түсті кітабын сыйға берді. Күнделік "Меніңше, көмекке мұқтаж адам өмірін құтқару үшін адамдардан көмегіне жүгінуден ұялмауы тиіс. Тірі қалуға көмектесіңіздерші! " деп аяқталады.
Оған көмектескен сияқты, бірақ Ресей емес...
(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Наталья Кондрашова алған сұхбат орысшадан аударылды)