Наурыздың 2-сі күні сот залына келген 38 жастағы Гүлчехра Бобокулова журналистердің сауалына «маған Аллах бұйрық берді» деп жауап берген.
Бобокулова ақпанның 29-ы күні Мәскеу метро станциясы сыртында қара киім және хиджаб киіп, қолындағы баланың кесілген басын сермеп «Мен торроршымын» деп айғайлап жүрген жерінде видеоға түсіп қалған.
Тергеушілердің айтуынша, ол өзі бала бағушы болып жалданған үйдің кішкентай қызын өлтіріп, басын кесіп алған, пәтерді өртеп, қашып кеткен.
Бобокулова журналистерге «айыбын мойындайтынын» мәлімдеді. Мәскеудің аудандық соты оны екі айға қамауға алды, осы аптаның соңында оған «адам өлтірді» деген айып тағылуы мүмкін.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, прокурорлар сотқа Бобокулованы мұндай қылмысқа итермелеген адамдардың әлі еркіндікте жүргенін ескерткен. Ресей мемлекеттік РИА ақпараттық агенттігі аты-жөнін атамаған құқық қорғау мекемесіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Бобокулованың бұрынғы ерінен ажырасқанын айтады. Бұрынғы ерінен үш баласы бар әйел кейінгі кезде бір тәжік еркекпен бірге тұрған, ол Бобокулованы «әсіредіншіл идеялармен азғыруы мүмкін». РИА ақпаратын тексеру мүмкін болмады.
Мемлекеттік және Кремльге бағынышты телеарналар баланың жантүршігерлік қазасы мен күдіктінің қылмысы туралы айтпады. Солайша мемлекет ұлтшылдықтан туатын толқуларды, Орталық Азия (ОА) және Кавказдан келген мұсылман мигранттар мен орыс әсіреұлтшылдары арасындағы шиеленісті одан әрі өршітпеуді көздеген тәрізді.
Бірақ осы қылмыстан соң ұлтшылдар постсоветтік ОА елдерінен келетін мигранттарды қатаң қадағалауға шақырды.
Бобокулова сотқа келген кезде өзін еркін ұстап, күлімсіреп, басын жан-жаққа бұрып отырды. Қолына кісен салынған әйел басына орамал тақпаған, сот залындағы тордың ар жағынан журналистерге қолын бұлғап, «Мен - Аллахтың хабаршысымын. Бәріңе сәлем» деді.
Ресейлік БАҚ Бобокулованы танитын өзбекстандық адамдармен сөйлесіп, оның психикалық ауытқуы бар екенін және шизофрениядан емделгенін анықтаған.
Наурыздың 1-і күні Бобокулованы тұтқындаған «Октябрьское поле» метро станциясының қасына жүздеген адам жиналып, опат болған баланы еске алып, сол жерге ойыншық аюлар мен гүлдер қойды.
Тергеушілердің айтуынша, Бобокулова қызды ата-анасы мен үлкен ағасы пәтерден шығып кеткен соң өлтірген. Сол жердегі суреттерге қарасақ, әсіреұлтшыл хабарларды да көруге болады, олардың бірінде «Төзімділік адам өліміне әкеледі» деп жазылған.
Президент Владимир Путиннің үкіметі әсіреұлтшылдардың зорлық-зомбылықтары жиілеп кетуінен қауіптенеді, себебі басқа этникалық топтардың орыстарды өлтіруі әсіреұлтшылдар толқуын тудырған еді.
Наурыздың 1-і күні Путиннің баспасөз хатшысы оқиғаны теледидардан көрсету «шектен тыс жауыздық» болатын еді деп мәлімдеді, бірақ Кремльді сынаушылар «Билік бұл жаңалықты әдейі айтқызбады» дейді.
Алайда осы жағдайдан кейін мигранттарға қарсы көптеген үндеулер айтылды. Коммунистік партия ОА елдері тұрғындарын елге визалық режиммен ғана кіргізуді, басқа да шаралар қолдануды талап ету науқанын бастады. Оның сайтында қолына шабылған бас ұстаған хиджаб киген әйел суреті салынған.
Мәскеулік Всеволод Радченко да онлайн-петиция жариялап, елге келетін орталықазиялықтар үшін ережені қиындатайық деп үндеді. Ол да қара киім киген, пышақ пен адамның басын ұстаған әйелдің суретін ілген.
Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы әсіредіншілдер соңғы 20 жылда көптеген жарылыс жасады, бірақ дәл осындай жағдай болған емес. «Ислам мемлекеті» (ИМ – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) мен басқа да содырлар топтары қазір Ресейге қатер төндіріп тұр. ИМ жұмысының күшеюі орыстар мен Ресейге жұмыс іздеп келетін ОА және Кавказ елдері өкілдерінің арасындағы шиеленісті күшейтті.
Азаттық мақаласы ағылшын тілінен аударылды.