2016 жылы маусымның 18-і күні Ресейдің Карелия аймағындағы балалар лагерінде болған апатты оқиғадан кем дегенде 13 бала қаза тапты.
Интернетке пікір жолдаған ата-аналардың бірі бірнеше жыл бұрын «Лагерьдің қалай ұйымдастырылғанына қарап отырып, апатты жағдайдан тек құдай сақтап келе жатқанын байқайсыз» деп жазған.
«БАЛАЛАР ҚАРАУСЫЗ ҚАЛАДЫ»
Маусымның 18-і күні кешке бұл лагерьдің төрт инструкторы мен 47 баласы екі қайық пен үрлемелі салға отырған. Сәлден соң дауыл көтеріліп, көл ортасында екі қайық төңкеріліп, 12-15 жас аралығындағы 13 бала суға кеткен. Жоғалып кеткен, әлі табылмай жатқандары да бар. Қалған балалар жақын маңдағы аралға жетіп, сонда түнеп шыққан.
Жергілікті билік парк-отель «Сямозеро» деп аталатын балалар лагерінен бұрын ешқандай тәртіп бұзушылықтарды байқамағандарын айтады. Бірақ соңғы үш жылда 7 және 17 жас аралығындағы балалар демалатын бұл лагерь туралы ата-аналар интернет форумдарда жиі жаза бастаған. Ата-аналар көбінесе лагерьдегі ұйымдастыру кемшіліктері мен тәртіптің нашарлығына шағымданған.
2015 жылы Mnogodetok.ru сайтында LuckyDad деген атпен тіркелген адам лагерьге сол кезде 600 бала келгенін айтады. Оның жазуынша, 50 баладан құралған әр топқа екі-үш нұсқаушы ғана болған. LuckyDad «кейбір балалардың Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі бұрын қолданған ескі шатырларда жатқанын» да жазады.
ВИДЕО: Карелиядағы қайғылы оқиға (орыс тілінде):
Your browser doesn’t support HTML5
2015 жылдың шілдесінде Otzovik.com форумына пікір қалдырған бір ана «Матрастар мен ұйықтайтын қаптар дымқыл, кір және сасық» деп жазған. Басқа ата-аналар балаларға шатыр ішінде темекі тартуға рұқсат етілгенін айтып шағымданған.
LuckyDad 2015 жылдың маусымында «түнде бір қыздың матрасы темекі тұқылынан өртенді (ресми түрде масаға қарсы шиыршықтан деп хабарлады)» деп жазды. Осы тақылеттес пікірлерге қарағанда, лагерьге барған балалар көбіне қараусыз қалады, өз беттерімен жүреді.
Бұл лагерь туралы аты-жөнін жасырған интернет пайдаланушы 2013 жылдың қыркүйегінде «балалар бес сағат бойы алаудың қасында отырып сорпаның піскенін күтеді» деп жазған. Пікір қалдырғандардың көбі балалардың шылым шегіп, ішімдік ішкенін, ақша салып карта ойнап, бір-біріне тамақ сатқанын айтады.
2015 жылдың шілдесінде интернетте осы лагерь туралы жазған тағы бір ана «тәртібі нашар жасөспірімдер қалған балаларға әлімжеттік жасап, ұрып-соғады, олар әсіресе лагерь инструкторларына шағым айтатындарды аямайды, мұндай бұзықтарды онда ешкім жазаламайды» деген.
«МЫНА ТОЗАҚТАН АЛЫП КЕТШІ»
Балаларының лагерьге баруына 470 доллар төлеген кейбір ата-аналар «мұнда экстримге шектен тыс әуестену бар» екенін жазып, алаңдаушылық білдірген. Олардың сөзіне қарағанда, бұдан әсіресе ересек топтағы балалар көп жапа шеккен. Бір ана баласының лагерьде болған кезінде төрт рет «табиғатқа шығып», үш-төрт күннен далаға қонғанын жазған.
Ол 2015 жылдың шілдесінде интернет-форумдардың біріне «Ауа-райына қарамастан, осылай көкке шыққан. Түнде ауа температурасы 6 градусқа дейін түседі, солтүстіктен жел соғады, жаңбыр жауады» деген пікір қалдырған,. Тағы бір баланың анасы «ұзақ уақыт жаяу жүрген балаларды үш сағат қана демалтып, Шуя өзеніне салмен жүзуге жіберді» дейді.
LuckyDad «Өзенге қайықпен түсер алдында балаларға қауіпсіздік ережесі түсіндірілмеді. Олар заттарын салды да, жүзіп кете барды» дейді.
Оның осы постына пікір жазған бір әйел «балалардың жақын маңдағы көлге үлкендердің қарауынсыз шомылатынын» айтады.
Ата-аналар лагерь инструкторларының (тәрбиешілерінің) тым жас екенін, олардың жасөспірімдермен қалай тіл табысуды біле бермейтінін де жазған. Баласын лагерьге берген бір ана «инструкторлардың балаларды ұратынын» хабарлаған. Ирина Минина атты әйел қызының тәрбиешіге барып, шағым айтуға қорыққанын баяндайды. «Қызым одан қатты қорыққан екен» дейді ол. Интернеттегі жазбаларға қарағанда, «инструкторлар ішімдік ішеді, олар кейде мұндай отырыстарына демалуға келген жастарды да қосып алады».
Интернеттегі аккаунтын ss111 деген атпен тіркеген ер адам «балаларды серуенге алып шыққан бір тәрбиешінің мас болғанын» жазған. Ол баласын лагерьден ерте алып кетуге өтініш түсіруге мәжбүр болғанын баяндап, «Балам жылап, мені мына тозақтан алып кетші деді» дейді.
Бұл лагерьдегі балаларға медициналық көмек жиі қажет болады, бірақ парк-отель «Сямозеро» дәрігерлер жәрдемін дұрыс ұйымдастыра алмаған. Аты-жөнін көрсетпеген бір азамат 2013 жылы «Балаңыз ауырып қалса, ары кетсе күніне бір рет мұрнына дәрі тамызады. Дәрігердің уақыты жоқ, бұл жерде музейдің кезегінде тұрғандай күтесіз » деп шағымданған.
2015 жылдың тамызында бір әйел баласының лагерьден пневмония (өкпенің қабынуы – ред.) сырқатымен оралғанын жазып, «ол ауруханада сол лагерьде болған баламен бірге жатыр» деп хабарлаған.
Ата-аналар форумына пікір жазғандардың ішінде кем дегенде алтауы Ресей бас прокуратурасы мен тұтынушылар құқығын қорғайтын федералдық мекемеге осы лагерь шағым түсіргендерін баяндаған.
Анна Шаманскаяның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.