Отандас қырғыз қыздарын қорлаушылар өздерін «патриотпыз» дейді

Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы көрмедегі сурет. Киев, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейде кейбір қырғыз қыз-келіншектердің жүріс-тұрысына мін тағып, сол үшін қорлаған қырғыз жігіттерінің «Патриот» деген тобы пайда болды. Олардың «басқа ұлт жігіттерімен бірге жүрді» деп айыпталған қыздарды шешіндіріп, аяусыз ұрып-соққаны көрсетілген видеолар интернетте жарияланды.
Осындай бейнетаспалардың бірінде қырғыз жігіттері бір қырғыз қыздан оның басқа ұлт өкілімен қарым-қатынасы туралы сұраған. Видео авторлары әлгі қыздың намысы мен абыройына тиетін әртүрлі сауалдар қояды. Бұл жантүршігерлік бейнетаспада жігіттер қызды далада тыр жалаңаш шешіндіріп қойып, балағаттап, қорлайды. Олар әлгі келіншекті ұрып-соғып, Қырғызстан мен Ресейдегі мекен-жайын айтқызып, қатты сөйлеуге мәжбүрлейді.

ЖІГІТТЕРДІҢ «НАМЫСТАНУЫ»

Видеодағы жігіттер қызды “бір кафеде қырғыз емес ұлттың өкілімен кездесті” деп айыптап, “бұл әрекеттер қырғыз жігіттерінің намысына тиеді” дейді.

Бірақ бейнетаспадағы келіншек ешкімнің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірер ойы жоқ екенін түсіндіруге тырысады.

– Бұдан былай менің тәжіктермен жүргенімді ешқашан көрмейсіздер. Кешірім сұраймын. Олармен көңіл жарастырған жоқпын. Әр адамның жұмысына немесе

Кафеде отырған қырғыз мигрант қыздары. Мәскеу, 22 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

қызметіне байланысты қарым-қатынастары болады ғой. Сондықтан мұны дұрыс түсіну керек, – дейді қырғыз әйел.

– Онда сен неге біздің қолымызға түсіп қалдың? – деп сұрайды қырғыз жігіттері.

– Мен... Мен жай ғана олардың жанында жүрген едім. Кейін сендерді кездестірдім...

– Біз сенімен кездестік пе, әлде сені оқиға орнында ұстап алдық па?

Жауап алу кезінде жігіттер өздерін “Мәскеудегі қырғыз мигранттарының патриоттарымыз” деп атайды. Олар “әдепсіздік жасаған” қырғыз қыздарға байланысты наразылықтарын жасырмайды.

– Сен шетте отырсаң болар еді. Олардың арасында отыруға ұялмайсың ба? Біз әдейі осы бағытта жұмыс істейміз. Сен сияқты көбейіп бара жатқан қыздарды ұстаймыз. Сондықтан сені оп-оңай жібермейміз, – дейді видеодағы жігіттер.

Бейнетаспадағы қыздың кім екені, кімнің сұрақтарына жауап бергені, бұдан кейінгі тағдыры не болғаны, бұл бейнетаспаны кім түсіргені туралы мәлімет жоқ.

«ЖАУАПТЫЛАР ЖАЗАЛАНУЫ ТИІС»

Осындай мазмұндағы видеолар әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды.

“Замандас” қырғыз мигранттары бірлестігінің өкілі Бақыт Жұмағұлов бұл әрекеттерді

Қырғыз мигрант жігіттері. Мәскеу, 12 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

“варварлық” деп атап, “оған қатысы бар мигранттар Ресей заңдары бойынша жауапкершілікке тартылуы тиіс” дейді.

– Біз бұдан бұрын осындай топтар туралы еститінбіз. Интернеттегі видеоны көріп, оған көзіміз жетті. Бұл – айуандық әрекет. Оған жауаптылар жазалануы тиіс, - дейді Бақыт Жұмағұлов.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарлауынша, осы уақытқа дейін интернеттегі видеоларда қорланған қыздардың ешқайсысы құқық қорғау органдарына шағымданбаған.

Ресейде он мыңдаған қырғыз қыз-келіншектері жұмыс істейді. Олардың кейбіріне қатысты «басқа ұлттың жігіттерімен жүреді» деген болжам көп айтыла бастады. Осындай көріністерден кейін қырғыз парламентінде 22 жасқа толмаған қыздарды шетелге жалғыз шығармау туралы ұсыныс көтерілді.

Сарапшылар бұл әлеуметтік мәселе екенін, «мемлекет қыз-келіншектеріне жақсы жағдай жасамаса, оған жеткілікті түрде назар аудармаса, осындай оқиғаларды азайту қиын болатынын» айтады.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Қырғызстанның 600 мың азаматы Ресейде жұмыс істеп жүр. Кейінгі жылдары олардың арасында "Патриот" сияқты топтар құрыла бастаған. Ресейдегі құқық қорғау ұйымдарының дерегіне қарағанда, мұндай топтар әзірше Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург қалаларында ғана белсенді әрекет етеді.