Әйгілі биофизик Максим Франк-Каменецкий осыдан 21 жыл бұрын Ресейден АҚШ-қа көшіп кеткен. Бостон университеті биомедициналық инженерия профессоры Максим Франк-Каменецкий - ДНК топологиясы саласында аты шыққан ғалымдардың бірі. Өткен күзде ол сабақ беру мақсатымен төрт айға Мәскеуге келген.
Бұл сапары оған қатты әсер еткені сондай - ол ресейліктерге ашық хат жазды. Оның айтуынша, «Ресейде жалған патриотизм мен Путиннің жеке басына табыну қалыптасып, антиамерикалық көзқарас орныққан. Ал интеллигенция бұрын бар бостандығынан оп-оңай бас тартқан».
«Мұнда келгенімде жүрегім айныды, - деп жазды ол осы айдың басында интернетте жарық көрген, ел ішіне кең тарап кеткен ашық хатында. - Бұл елде Сталин заманынан бері мұндай орталықтандыру, биліктің бұлайша бір адамның қолына шоғырлануы болған емес».
«ҒЫЛЫМИ ОРТАДА ҚАРСЫЛАСУШЫЛАР ЖОҚ»
Ол президент Путинге «жаппай құлдық ұру» әрекетіне қатты таң қалғанын айтады.
«Бұл - бала кездегі бір адамға құлай берілу культі» деді ғалым Азаттыққа берген сұхбатында.
Мұндай халықты «оятатын» пікірлер Ресейде қазір сирек айтылатын болған. Батыс Кремльдің Украина дағдарысына қатысты әрекеттерін сынағалы бері халық күн өткен сайын оқшаулану саясатын жүргізіп келе жатқан үкіметті бұрынғыдан бетер қолдай бастаған.
Франк-Каменецкий хатында Сталин заманындағыдай қудалау мен террор жоқ болса да, халықтың үрейде отырғанын айтады.
«Шекара ашық, қудалау машинасы болғанымен, ол жай вегетариандық машина болып қалған. Соған қарамастан, интеллигенция есуастық мантрамен өздерінің Ресейге, орыс мәдениетіне, «орыс өркениетіне» деген шексіз әрі риясыз махаббатын қайталап айта береді. Бұл мантраны тоқтаусыз айта бермесе, оларды дуалға тақап [атып тастайтын] сияқты» дейді ол.
«Совет заманында ғылыми орта қарсыласуға қауқарлы болатын. Академик Сахаров, Сергей Ковалев сияқты ғалымдар Шереметьевоға келіп, шетелге кетіп қала алмаса да, режимге наразылық білдіре алған. Қазір ғылыми ортада мұндай қарсыласушыларды байқамай отырмын» дейді Франк-Каменецкий.
«ПОСТИМПЕРИАЛИСТІК ҚОРЫНУ»
Максим Франк-Каменецкий ресейліктер арасындағы антиамерикалық көзқарастың өршіп кеткеніне де қатты таңғалғанын айтады. Ғалымның айтуынша, «бұл – Совет Одағының құлауынан пайда болған постимпериалистік қорынудың белгісі».
Франк-Каменецкий Мәскеудің ең әйгілі көшелерінің бірі – Арбатта АҚШ президенті Барак Обаманы келемеждейтін нәсілшілдік мазмұндағы жейделер мен Путинді мадақтайтын «Ең күшті президент» деген жейделердің қатар сатылып жатқанын айтады: "Антиамериканизммен жұрттың бәрі әртүрлі деңгейде ауырады. Бір қызығы, тіпті Путиннің Украинада жасап жатқан әрекеттері шектен шығу екенін түсінгендердің өздері АҚШ әкімшілігінің қателіктерін – олардың Югославияны бомбалауын, Ауғанстан мен Иракқа басып кіргенін, тағы басқа мысалдарды айта келеді де, "Путиннің қателігі Америка жасаған қылмыстың қасында түк те емес" дейді".
Ашық хатында Франк-Каменецкий өткен жылғы наурызда Ресейдің Украинаға тиесілі Қырым түбегін басып алу әрекетін ресейліктердің басым көпшілігі, 73 пайызы қолдағанын ерекше атап өтеді.
Бұл аннексиялауды «қауіпті прецедент» деп атаған ол тіпті Адольф Гитлердің өзі немістер тұратын Судетенландты Чехословакиядан тартып алардың алдында Франциямен және Ұлыбританиямен келіссөз жүргізген дейді. «Калининград аймағы делінетін Кенисгберг пен Шығыс Пруссия ше? Бұл да Ресейдің жері ме? Әлде Германияның жері ме?» деп жазады автор әлгі ашық хатында.
«РЕСЕЙДІ БЕЛГІСІЗДІК ПЕН ҮРЕЙ ЖАЙЛАҒАН»
Бұрынғы отанына жиі келіп тұратын Франк-Каменецкий бұл жолы Ресейдің шекарасынан шыға бергенде ерекше жеңілдеп қалғанын айтады. Оның айтуынша, «белгісіздік пен үрей билеп алған Ресей біртіндеп Совет заманына сырғып барады».
"Бұлай қауіптенуге негіз бар, себебі келесі қадамның қандай болатынын ешкім білмейді. Барлығына бір адам жауапты. Бұл да - қатерлі нәрсе, себебі қазіргі болып жатқан оқиғалардың соң оның дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігі үлкен күмән туғызады" дейді америкалық ғалым.
Франк-Каменецкийдің айтуынша, қос азаматтығы бар ресейліктердің Ресей миграциялық полициясына келіп тіркеуге тұруын талап ететін жаңа заңның қабылдануы шетелде тұрып жатқан ел азаматтарын қатты шошытқан.
Ресейдің де, АҚШ-тың азаматтығын алған биофизик өз еркімен Ресей құқық қорғау органдарына барып тіркеуге тұрған.
Оның айтуынша, АҚШ-та тұратын ресейлік әріптестері мен достары енді отандарына бармауға бекініп отыр.
"Егер әлгі адам елге келген соң 60 күннің ішінде тіркеуге тұрмаса, онда ол әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Көп адамды осы талап қатты үрейлендірді" дейді ол.
Ресейде төрт ай тұрған Франк-Каменецкий бұл елдің болашағына күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, "рубль құнсызданып бара жатқанын ескерсек, Мәскеудің бұл оқшаулану саясаты ақыр соңында елді құрдымға кетіруі ықтимал".
Максим Франк-Каменецкий (1941 жылы туған) - совет ядролық қаруын жасаушылардың бірі, белгілі физик Давид Франк-Каменецкийдің (1910–1970) ұлы. Физика-математика ғылымының докторы. Ғылыми-танымдық "Ең басты молекула" кітабының авторы. Америкаға көшкенге дейін Мәскеу физика-техникалық университетінің молекулалық биофизика кафедрасын басқарған. 1993 жылдан бері Бостон университетінің профессоры.
Дмитрий Волчек пен Клэр Бигтің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.