Ресейде футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқанда түрлі бағыттағы саяси ойыншылар үкіметтің зейнет жасын ұлғайту жоспарына жұмыла қарсылық білдіруге тырысып жатыр.
Ресейді әлемдік футбол сайысы дүрліктіріп тұрған тұста үкіметтің зейнет жасын ұлғайту жоспарына қарсылар саяси ұстанымдары үшін күреске әзірленіп жатыр. Ұсынылған жоспарға наразылық шараларының біразы футбол матчтары өтетін уақыттармен қатар келеді.
Үкімет зейнетақы реформасы туралы заң жобасын өткен аптада жариялады. Ал бұл кезде Футболдан әлем чемпионатын өткізіп жатқан тұста Ресей қалаларында демонстрация өткізуге қатаң шектеу қою ережесі күшіне енген болатын. Доп додасы кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы жарлыққа Ресей президенті Владимир Путин былтыр қол қойған.
Жер-жаһандағы миллиондаған жанкүйер Ресейдегі футбол жарысына көз тігіп отырғанда полиция өзге пікірдегі халықтың наразылық шараларын күшпен басып тастауы мүмкін. Десе де, наразы жұрт футбол жарыстарына кесірін тигізбеуге барынша тырысып жатқан сияқты.
Маусымның 19-ында Ресейдегі оппозиция серкесі Алексей Навальный ұсынылған реформаға наразылықты шілденің 1-і күні елдің 20 қаласында ұйымдасқан түрде өткізуді ұсынды. Бұл қалалардың ешқайсысында футболдан әлем чемпионатының ойындары өтпейді. Навальный үкіметтің реформа жоспарын “ондаған миллион адамды тонау” деп сипаттады.
2012 жылдан бері Ресей демонстрацияға қатысты бірнеше заң қабылдады. Сыншылардың айтуынша, бұл заңдар наразы жұрттың жария түрде қарсылық білдіруіне шек қояды. Соңғы жылдар ішінде Навальный бастаған жемқорлыққа қарсы демонстрациялар кезінде полиция көп адамды қамауға алған.
Ал 2012 жылғы үкіметке қарсы демонстрация кезінде “жаппай тәртіпсіздік” ұйымдастырды деген айыппен сотталып, былтыр ғана түрмеден босап шыққан солшыл оппозицонер Сергей Удальцовтың қозғалысы 4 шілдеде Мәскеуде наразылық жиынын өткізуге рұқсат сұрады.
Федералдық заң шығару органында депутаты жоқ “Яблоко” либералдық партиясы да 3 шілдеде Мәскеуде наразылық шарасын ұйымдастыруды көздеп отыр. Бұған қоса, Ресей парламентінде ең көп өкілі бар, ресми түрде ең ірі оппозициялық партия саналатын коммунистер мен түрлі кәсіподақтар да алдағы апталарда бірнеше қалада шеру өткізбек.
Ұйымдастырушылар “жоспарланған зейнет реформасына наразы кез келген қозғалысты осы шараға қатысуға шақырамыз” дейді. Зейнетақы реформасы туралы заң алдымен парламентте қабылданып, президент Путиннің қол қоюына жіберілуі керек.
Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Удальцов: “Егер [билік] қоғамның пікірімен санасуға тырыспаса, онда наразылық ауқымы ұлғайып кетуі мүмкін. Оған либералдар да, солшылдар да, оңшылдар да – бүкіл саяси күштер қарсы болады. Жұмыла біріккен наразылық басталады”, – деді.
Навальныйдың негізгі адвокаты Иван Жданов бұл іске қатысы бар “басқа да саяси күштер мен кәсіподақтармен ақылдасу өте маңызды” деді.
- Жасырын әрекет етіп, бұл наразылықты тек Алексей Навальныйдың қолдаушылары қатысқан шара етіп көрсететін ойымыз жоқ, - деді Жданов.
Ресейдің саяси өміріндегі оппозициялық күштердің бұрыннан шашыраңқы екенін ескерсек, олардың бірлесе әрекет етуі қиын болмақ.
Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш өткен аптада “Ведомости” газетіне берген сұхбатында кәсіподақтармен және зейнетақы реформасына қарсы басқа да оппозициялық күштермен бірлесе әрекет ету жолдарын қарастыратынын айтқан.
Ресейдің РБК телеарнасы жариялаған хатқа сенсек, елдегі ең ірі кәсіподақ ұйымы – “Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы” ұсынылған реформаға қарсы пикеттер мен демонстрациялар ұйымдастыруға шақырған.
Дегенмен, хат авторы – Путиннің “Халық майданы” қозғалысының ардагер мүшесі Михаил Шмаковтың кезінде Навальныйды ешқандай айғақ-дәлелсіз “біздің жауымыздың қаржысына жұмыс істеп жүрген адам” деп айыптағаны есте. Кремльге жақын адамдар оппозиция серкесіне үнемі осындай айып тағып отырады.
Тағы бір қоғамдық ұйым – Еңбек конфедерациясы жазып, Change.org веб-сайтына жариялаған петицияны 20 маусымдағы мәлімет бойынша 2,2 миллион адам қолдаған.
Зейнетке шығу жасын ұлғайтуды көздейтін жоспар қалың жұртшылықтың наразылығын туғызды. Ал Кремль болса, Путинді бұл жоспардан аулақ әкетуге тырысып жатыр.
Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің бұл құжатты талқылауға қатыспағанын, сондықтан қазір оның бұл туралы пікірін сұрау ертерек екенін, оны ресми орындар мен сарапшылар әлі де қарастырып жатқанын айтты.
Саяси сарапшылардың айтуынша, құжат Путиннің алдына жеткенше біраз “жұмсаруы” мүмкін.
Тәуелсіз әлеуметтанулық зерттеу ұйымы – “Левада” орталығының басшысы Лев Гудков Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында: “Әзірге зейнет жасын ұлғайту ұсынысына наразылық қаншалық қарқынды болатыны белгісіз. Бұл асүйдегі өзара күңкіл болып қала ма, әлде оппозицияның қайта бірігуіне жол аша ма, ол жағы анық емес”, - деді.
Гудковтың айтуынша, Путин “үкімет ұсынған қатаң шараларды түзететін” “қамқор әке” рөлін ойнауы да мүмкін.
Кремльдің бұрынғы кеңесшісі Глеб Павловский Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында ұсынылған реформаларға көше наразылығының ықпалын тым ұлғайтып көрсетуге асықпау керек деді. Оның айтуынша, наразылық біраз ықпал еткенімен, реформаның бағытын көп өзгерте алмайды.
- Әзірге сақтықпен қараған болар едім. Алдымен [наразылық шараларының] қандай болатынын байқау керек. Білмеймін. Қазір жұрт саясаттан гөрі футболға көбірек алаңдап отыр”, – деді Павловский.
Бұған дейін Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев 2028 жылға дейін Ресейде ер адамдардың зейнетке шығу мерзімін 60 жастан 65 жасқа дейін, ал әйелдер үшін – 2034 жылға қарай 55 жастан 63 жасқа дейін біртіндеп көтеруді ұсынған. Медведев зейнетке шығу жасын ұлғайтуға 2019 жылдан бастап кірісу жоспарланып отырғанын айтқан.
Статистикалық мәлімет бойынша, Ресейде қазір ерлердің орташа өмір жасы – 68. Ресей үкіметінің болжамынша, 2024 жылға қарай елде ерлердің орташа өмір жасы – 70 жыл, әйелдердікі – 80 жыл болмақ.
(Азат Еуропа/ Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшісі Иван Ворониннің репортажы негізінде әзірленді).