Қапастағы 100 жыл

Үшінші Александр ескерткішін құлату. Мәскеу, 1918 жыл.

«Ресей презиенті Владимир Путиннің үкіметі 1917 жылғы төңкерістердің мәнін көпшіліктің түсінгенін қаламайды». «Ақпанға оралу» мақаласында ресейлік либерал саясаткер Григорий Явлинский осындай ой түйеді.

«Өткенді өлді дей алмаймыз, ол әлі аяқталған да жоқ» депті америкалық жазушы Уильям Фолкнер. Жүз жыл бұрын Ресейде екі революция болды, большевиктер патшаны тақтан құлатып, биліктерін орнатты.

Либерал саясаткер және «Яблоко» партиясы атынан 2018 жылғы президенттік сайлауға түсетін Григорий Явлинский 1917 жылғы аласапыранның мүмкіндіктері мен ескертулеріне назар аударады.

«1917 ЖЫЛДАН БЕРІ РЕСЕЙДЕ ЛЕГИТИМДІ БИЛІК ЖОҚ»

«Ақпанға оралу» атты мақаласында Григорий Явлинский 1917 жылы ақпанда Екінші Николай патшаны тақтан тайдырып, қазан айында большевиктер билікті қолға алғанға дейінгі аралықта Ресей «100 жылға созылған тығырыққа тірелді» дейді.

Оның айтуынша, қазан төңкерісі мен 1918 жылы болашақ үкіметтің сипатын анықтау үшін құрылған Құрылтай мәжілісін күшпен таратқан соң Ресей тарихының сабақтастығы үзіліп қалған. «Содан бері Ресейде заңды үкімет жоқ» дейді Явлинский.

«Яблоко» партиясының съезінде сөйлеп тұрған Григорий Явлинский.

Саясаткердің пікірінше, монархияның саяси модернизациядан бас тартқаны және бұрынғы басыбайлы шаруалар, жаңадан пайда болған буржуазия мен жұмысшы топтардың саяси реформалар жасауға ықпал ете алмауы қазан төңкерісіне себеп болды.

«Самодержавиенің құлауының негізгі себептерін жақсы білеміз – реформалардың кешігуі, биліктің өзгеріске дайын болмауы, биліктің мемлекеттің жаңаруына кедергі келтіруі. Ол билік саяси модернизациядан бас тартты да, тарихи дамудан артта қалды, солайша легитимділігін жоғалтты. Таныс жағдай ма?» деп жазады автор.

Самодержавие саяси модернизациядан бас тартты да, тарихи дамудан артта қалды.

Дағдарыс пен соғыстың қысымына қарамастан, 1917 жылдың жазында мемлекет басшылары тығырықтан шығар жолды тапқандай болды. Екінші Николай билікті інісі Михаил Александровичке беретінін айтты. Бірақ Михаил Құрылтай мәжілісінің келісімінсіз таққа отырудан бас тартты.

Сол кездегі саяси элитаның көбі сияқты Михаил Құрылтай мәжілісі жаңа конституция жазып, конституциялық монархия немесе басқарудың республикалық формасын таңдайды деп үміттенген еді. Явлинский «Ең бастысы - Құрылтай мәжілісі үкіметтің легитимділігін қамтамасыз етер еді» деп жазады.

«Құрылтай мәжілісі 1917 жылдың ақпанынан кейін елді тарихи даму жолына түсіретін басты құрал болар ма еді» деп жазады ол. Оның орнына большевиктер билікті қолға алып, Құрылтай мәжілісін таратып, заңсыз үкімет орнатып, Ресейді «қантөгіс пен соғыстан тұратын нәтижесіз жолға салып жіберді».

Екінші төңкерістің зардабы қандай болды? Мемлекеттің бөлінуі, азамат соғысы, саяси репрессия, миллиондаған адамдардың өлімі, оның ішінде ғылым, саясат, бизнес және шығармашылық саланың өкілдері жаппай қуғынға түсті.

Петроградтағы солдаттар демонстрациясы. 1917 жыл.

Мемлекет шығыны орасан болды. Большевиктер басқарған алғашқы 35 жылда (1917-53) 50 миллион адам қырылды, оның 26,6 миллионы 1941-46 жылғы Германия мен оның одақтастарына қарсы соғыста қаза тапты.

Явлинскийдің айтуынша, Владимир Путиннің үкіметі – осы заңсыз режимнің тікелей мұрагері, "қазіргі режим өтірік пен зорлық-зомбылыққа сүйенеді, советтік-большевиктік жүйемен "генетикалық" байланысы бар, елді бақылау үшін большевиктік құралдарды қолданады".

"Ресейде кейінгі ширек ғасырда қалыптасқан авторитарлық-корпоративтік үкімет большевизмге сүйенеді. Мемлекеттің шексіз өтірік айтуы, кәсіпкерлік пен меншік құқығына өшпенділік, арсыздық, адам өмірі мен тағдырына немкетті қарау содан пайда болды" дейді автор.

«ЗҰЛЫМДЫҚТЫ ӘШКЕРЕЛЕМЕУ – ОНЫ АҚТАУ»

Сондықтан да, 1917 жылғы Қазан төңкерісіне 100 жыл толуын және 1937 жылғы Иосиф Сталиннің репрессиясына 80 жыл болғанын еске алу қарсаңында үкімет ресейліктерді (Путиннің сөзімен айтқанда) «ұлттық сабыр мен мәміле» танытуға шақырады.

Явлинскийдің айтуынша, «зұлымдықты әшкерелемей үнсіздік сақтау – зұлымдықты ақтап алу, кез келген уақытта оны қайтадан қолдануға саналы түрде әзір болуды» білдіреді.

Ресейде кейінгі ширек ғасырда қалыптасқан авторитарлық-корпоративтік үкімет большевизмге сүйенеді. Мемлекеттің шексіз өтірік айтуы, кәсіпкерлік пен меншік құқығына өшпенділік, арсыздық, адам өмірі мен тағдырына немкетті қарау содан пайда болды.

Саясаткер «Қазіргі билік Ресей қоғамы авторитаризм мен революциялық хаостан басқа да бағыттар бар екенін түсінбеуі үшін бәрін істеп отыр. 1917 жылға нақты бағасын берсек, шындықты әшкелеуге болатын еді, бірақ үкімет жан-тәнімен одан қашады» дейді.

Явлинскийдің ойынша, «олар (билікті айтады – ред.) авторитарлық жүйе елді тығырақтан шығармайтынын, мемлекетке жаңа, қазіргі заманға сай әлеуметтік қатынастар керек екенін халық сезіп қоймаса дейді; шынайы, тарихи Ресейдің Владимир князь немесе Иван Грозный билеген әфсаналық мемлекет емес, өмір бойы демократиялық легитимділікті қалаған еуропалық қоғам екенін түсінбесе дейді».

Сталинге табынатындар Кремль қамалы түбіндегі оның зираты жанында тұр.

«Ресей советтік жүйенің мұрасына шынайы баға бермейінше, ары қарай жүруі қиын болмақ. Авторитарлықтан бас тартпау – жүйе мен биліктегі элитаның кері кеткенін көрсетеді, мемлекет пен халықтың арасы алшақтай бермек. Соның кесірінен, 1917 жылғы оқиға қайталануы мүмкін. Мемлекетті (билікті - ред.) радикалдар мен терроршылар басып алуы ықтимал, сосын тағы да өлшеусіз қан төгіліп, қасіретті тарих басталады» деп ескертеді Явлинский.

Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.