Түркия президенті Ердоған Путинмен табыспақ

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Стамбулдағы кездесуі. 3 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Бірнеше ай ішінде таңғаларлық өзгерістер болуы мүмкін. Былтыр қарашада Сирия шекарасы маңында түркиялық ұшақ Ресейдің СУ-24 әскери ұшағын атып түсірген бетте қаһарына мінген Ресей президенті Владимир Путин «террористердің сыбайластары ту сыртымыздан соққы берді» деген еді.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да өрекпіп, сұқ саусағын шошайтып тұрып «Егер кешірім сұрайтын тарап болса, ол біз емес. Әуе кеңістігімізді бұзғандар кешірім сұрасын» деген еді.

Енді Ердоған ТАСС ақпараттық агенттігіне Мәскеуге сапар алдында берген сұхбатында Путинді «Менің досым Владимир» деп атап, «Бұл тарихи сапар, жаңа бастама болмақ» деп мәлімдеді.

«ТҮРКИЯ РЕСЕЙДІ ЖЕТЕ БАҒАЛАМАДЫ»

Анкара жақтан өкініш белгілері байқалған соң Кремль Ердоғанның алауыздықты тоқтатып, Қара теңіз жағасындағы көршілес екі елдің тұрақты сауда қарым-қатынасын қалпына келтіргісі келетініне көзі жетті. Путиннің сыртқы істер саясаты бойынша кеңесшісі Юрий Ушаков «Бұл түрік әріптестердің біздің елмен көп жақты байланысты дамытуға шынымен ынталы екенін білдіреді» деді. Ол Ресейдің де мұндай ұсынысқа қарсы емес екенін айтты.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, шиеленіс туындаған соң Түркия көп жапа шекті, бірқатар қарсы шаралармен бірге Ресей билігі тұрғындарын Түркияның Жерорта теңізі жағажайларына демалуға жібермей тастады.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресейдің ТАСС агенттігіне сұхбат беріп отыр.

Ресейліктер 2014 жылы Түркияға саяхаттап бару жағынан осы елге әкелген үш миллиард доллар пайдасымен немістерден кейін екінші орын алып тұрған еді. Еуропа қайта құру және даму банкі дерегі бойынша, ресейліктер бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 0,4 пайызын құрап, туризмді дамытуға зор үлес қосты.

Одан бөлек, Ресей Түркияның көптеген азық-түлік пен тұтыну тауарларына тыйым салып, бұл елден келетін жүк көліктерін шектеді, Еуропа қайта құру және даму банкі дерегінше, Ресейдің бұл шаралары Түркия экономикасын 0,3 пайызға төмендеткен.

Ал Ресейге Түркиямен араздықтың кесірі қатты тие қоймады. Стокгольмдік сарапшы Халил Каравели «Түркия басшылары өткен жылы Ресейді жете бағаламады» дейді.

Көптеген түрік бақылаушылары үшін Путин-Ердоған кездесуінде сыртқы саясат мәселелерінің қалай талқыланатыны маңызды, өткен айда Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған, бірақ Ердоғанның жақтастары басып-жаншыған бүлік көп нәрсеге ықпал етті. Енді Путин мен Ердоған бір-бірінің көмегімен өз мүдделерін іске асыруға тырысады.

Анталиядағы көтерме базарға Ресей тыйымынан кейін қайтып келген қызанақтарды түсіріп жатқан жұмысшы әйелдер. Түркия, 30 қараша 2015 жыл.

Вашингтон институтындағы Таяу Шығыс саясаты жөніндегі маман Анна Борщевская «Бұл жерде ешкімнің рөлі басым емес, екеуінің сөзі бір жерден шықты. Көтеріліске талпыныс жасағандар Ердоғанның билікті бір жерге шоғырландыруына мүмкіндік берді, мұнан бөлек ол Путинге жақындау арқылы Батысты бопсалап отыр, мұның бәрі Путиннің пайдасына шешіліп жатыр» дейді.

СИРИЯ МӘСЕЛЕСІ

Каравелидің айтуынша, Түркия Таяу Шығыс саясатына өзгеріс енгізуді ұсынбақ, әсіресе ол Сирияға қатысты. Ердоған Сирия президенті Башар Асадқа бұрыннан қарсы. Ал Ресей бес жылдан асқан азамат соғысында Асадты қолдап келеді. Ол 2015 жылдың қыркүйегінен бері бомбалау кампаниясын бастап, Асадты жеңіліп қалудан құтқарды.

Анкараның Асадты жақтырмауы мен Түркияның НАТО-ға мүше болуы бұл елдің АҚШ басқаратын соғысқа араласып, «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы соғысуына ықпал етті. Түркия Асадқа қарсы шыққан бүлікшілерді қолдады. Бірақ Ердоған мен қауіпсіздік саласындағы шенеуніктердің көбі күрд көтерілісшілерінің күшеюінен қорқады. Күрдтер Сирияда жаяу әскер ретінде соғысып жатыр.

Бірлі-жарымды күрд жасақтарына қолдау көрсетілсе, Кремль ренжи қоймайды, бірақ Мәскеуге көтерілісшілердің жеңіліп, Асад режимінің билік басында қалғаны керек. Ресейдің Асад әскерін күшейтіп, қолдау көрсеткені мұндағы Түркия ықпалының әлсіреуіне алып келді.

Төңкеріс жасауға жоспары іске аспай қалғаннан кейін бүлікшілерге қарсы шеруге шыққан жұрт. Стамбул, 7 августа 2016 года.

Тамыздың 8-і күні ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Ердоған «Ресейдің қатысуынсыз Сирия мәселесі шешілмейді» деді. Оған қоса, Ердоған тәрізді Асад та күрдтердің күшеюінен қорқады, олар күрдтерден Түркия, Ирак және Сирия аумағын бөлшектеп алуы мүмкін деп қауіптенеді.

Ал Ресей болмай қалған төңкерісті өз пайдасына қолданып, АҚШ-ты кіналай бастады. Астыртын әрекет жасаушыларды анықтау кезінде Ердоған үкіметінің кей мүшелері Түркияның Инжирлик әскери базасынан мыңдаған сарбазы мен ондаған ұшақтары орналасқан АҚШ-ты «көтеріліске араласты, төңкеріс кезінде Анкарадағы бірқанша орындарды бомбалаған F-16 жойғыш ұшағын жанармаймен қамтамасыз етті» деп айыптады.

Мәскеуге жағынам деп Ердоған шектен шыққан мәлімдеме жасап, «Ресейдің СУ-24 ұшағын атқандар - мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынғандар» деді.

Ел премьер-министрі Бинали Йылдырым да астыртын қастандық туралы теорияға өз пікірін қосты. Оның сөзінше, «американың ақшасы көтерілісшілерге ықпал еткен, солардың ішінде АҚШ-та тұратын діни тұлға да бар». Мұндай мәлімдемені Йылдырым тамыздың 4-і күні жасады.

АҚШ ПЕН ЕУРОПАҒА ҚЫР КӨРСЕТУ

АҚШ армиясының қолбасшысы «Түркиядағы әскерилерге жаппай қысым жасау Сириядағы кампанияны әлсіретуі мүмкін» деді, бұл сөзге түрік шенеуніктері ашуланды.

Басқа елдің дағдарысын пайдаланып, өз ұпайын түгендеп алуды саясаткерлер теріс көрмейтін сияқты. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров төңкеріс жасағысы келгендерге қарсы Ердоғанның әрекетін толық құптап, бұл ереуілді Украинадағы «Еуромайданмен» салыстырды. 2014 жылы «Еуромайдан» кезінде ел президенті Виктор Янукович қашып кеткен еді. Ол Кремльдің одақтасы болатын.

Түркиядағы НАТО-ның әскери ұшақтары.

Түркия Пенсильванияда тұратын дін насихатшысы Фетхуллах Гүленді «көтеріліске себепші» болды дейді. Түркия оны қанша рет сұраса да, АҚШ экстрадиция жасаудан бас тартып келеді. Ердоған үкіметімен қарым-қатынас нашарлайды деп алаңдаған АҚШ-тың әскери офицері, генерал Джозеф Данфорд тамыздың 1-і күні Түркияға барды.

«Путин мен Ердоған арасындағы кездесудің астары...» туралы Каравели «Олар Вашингтонға «Біз бір-бірімізбен сөйлесеміз, тек саған қарап отырған жоқпыз» дегенді көрсеткісі келеді» дейді.

Халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының сарапшысы, мәскеулік Лилия Шевцова олардың Еуропаға да осындай доқ көрсетіп жатқандарын айтады. Сириядағы соғыстан қашқан миллиондаған босқындар Еуропаға ағылды, оны тоқтату үшін Еуропа Түркияға 6,8 миллиард доллар төлейді.

Каравели Facebook парақшасына «Ердоған Батыстың өзіне тәуелді екенін, қарсыласа алмайтынын біледі. Америкаға Түркиядағы НАТО базалары қажет және бұл елдің одаққа мүше болып тұра бергенін қалайды. Миллиондаған босқыннан құтқаратын дуал тұрғызған Ердоғанға Еуропа тіпті тәуелді. Егер ол шекараны ашса, Еуропа түк те істей алмай қалады » деп жазды.

Майк Экельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.